Қазақ халқының әйгілі сахна саңлағы Құман Тастабековтің дүниеден өткеніне де 40 күн өте шығыпты… Осындай абзал азаматымыздан айрылып қалғанымыз арқамызды аяздай қарып, қабырғамызды қайыстырып кетті. Сонау Ақтау қаласынан суық хабар жеткенде, жүрегіміз қан жылап, бауырымыз езілгендей күн кештік. Мен Құман Тастанбековпен бір институтта, бір курста оқып, төрт жыл бір бөлмеде тұрдым. Арамызда үш жас айырмашылық болғандықтан мен оны күні кешеге дейін «Құман аға!» деп кеттім. Екі жыл М.Әуезов атындағы драма таетрында қатар қызмет еттік. Едәуір рөлдерге қол жеткізіп, таетрдағы ұлы актерларымыздың тәлімін ала бастаған керемет бір кезең басталып жатқан шақ еді… мен күтпеген жерден қартаң тартқан әке-шешеме қарау үшін елге Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, бұрынғы «Южный», бүгінгі «Жаңатілек» ауылына бір-ақ кеттім.
Елде мұғалім болып еңбек еттім…
Мұратжан Мұқажанов, Құман Тастанбеков,
Әшірәлі Кенжеев. Алматы, 1968 жыл, қазан.
Сонау Кеңес дәуірінің 70 жылдары қазақ деген ұлт бар екенін әлем жұртшылығы біле бермейтін. Өйткені, кеңес үкіметінің көп республикасының бірі ғана болатынбыз. Қазақты әлемге қазақ ретінде танытқан – «Қыз Жібек» кинофильмі. Оның сценариін жазған көркем сөздің майталманы Ғабең (Ғабит Мүсірепов), қоюшы режиссер, Отан соғысының ардагері Сұлтан Қожықов, суретшісі Гүлфайруз Исмайылова, сазгері тұлабойы тұнған музыка Нұрғиса Тілендиев ағамыз. Осындай біртуар марқасқалардың қолынан шыққан дүние қалай классика болмасын?!. Басты кейіпкерлерді сомдаған Асанәлі Әшімов, Меруерт Өтекешова, Құман Тастанбеков бастаған атақты актерлерімізге, жалпы сол ұжымға бүкіл қазақ жұрты, кейінгі ұрпақ рахмет айтуға тиіс. 50 жылға тарта уақыт өтсе де әлі тұғырынан түспеген қазақ киносының алтын қорының Хан-Тәңірісі болған фильм әлемнің 80-нен астам елінде өзінің жоғары бағасын алған. Қазақ деген халықтың сұлулығын Меруертті көріп таңданса, Құманды көріп қазақ жігітінің серілігін, мырзалығына таңдай қақты. Құманның аттың құлағында ойнайтынын көріп, ешқандай дублерсіз шауып келе жатып, садақ тартысы қазақ жігіттерінің ерлігін мақтанышпен паш етті.
Оның жасаған образдары, сомдаған рөлдері кезінде өз бағасын алды. Ол театрда Еңлік-Кебекте Кебек болып бастап, абыз болып аяқтады.
1969 жылы Кебекті ойнағанда, Еңлікті – Гүлжан Әспетова, Жапалды – мен ойнап едім. Сахнада «жан бауырым Жапал!» деп бауырына қысушы еді. Сол бауырмалдық сезім өмірде де өз жалғасын тапты. Өмірінің ең ақырғы сәтіне дейін екеуміз телефонмен байланыста болдық. Қуанышына бірге қуанып, қайғысына бірге ортақтастым. Ал Құман ағамның абызы басқа актерлердің ойынына мүлдем ұқсамайтын ерекше бір образ еді. Оның «Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтып күн көрер?..» деп толғанғанда ішкі жандүниеміз астаң-кестең болып кететін. Себебі, оның диапазоны кең, бірнеше жоғарғы октаваларды алатын, күңіренген дауысымен дүйім жұртты дүр сілкіндіретін. Ол өмірде әнді жақсы айтатын, сауық-кештерде Мүсілім Магамаевтың әндерін орындағанда, баян тартқанын, сұңғақ бойы мен сұлулығын көргенде, ғашық болмаған қыздар қалмаушы еді. Бірақ, Құман ағам ешбіреуіне қарамай, өзінің Қыз Жібегі – Меруертімен өмірде де, өнерде де бірге болды. Мына бір студенттік өмірде есте қалған «10 сом» деген студенттік кезеңдегі қызық бір жағдайды қағазға түсіріп, көзі тірісінде Құман ағама телефонмен оқып бергенімде, ішек-сілесі қатып күліп: «Ой, жазушым-ай, осының барлығы қалай есіңде қалған? Мынау бір жып-жылы дүние екен, газетке берсеңші», – деп айтып еді. Сол өсиетін орындап, қалың оқырманға ұсынып отырмын.***
Хадиша Бөкеева шәкірттерімен,
1966 жыл.
Бірде жатақханамызда мынандай бір жағдай болды. Сол кездерде жатын бөлмелерімізге жапсарластырып бір корпус салынды. Онда студенттер сабақтан тыс уақытта музыканттар инструментерін алып, вокалистер өлеңдерін айтып, сол бөлмелерде ертеңгі сабақтарына дайындалып жатты. Бізде бір бөлме алып, актерлік шеберліктерімізді шыңдайық деп сахна тіліне дайындалып, дауысымызды шығарып, топтық этюдтер, әртүрлі трюктер жасап, қаратер болып дайындалып жүрдік. Артынан міндетті түрде төмендегі жертөледегі душқа түсетінбіз. Сондай бір кезекті дайындықтан кейін «Мұратжан кеттік душқа», – деді Құман ағам. Үш жас үлкен ағаның сөзін екі етпеймін, «мақұл» деп орамал, сабын, жөкемізді алып төменге түстік. Рахаттанып жуынып алып, енді киінетін жеріме келіп сүртінейін десем, аяғымның астында 10 сом ақша жатыр:
– Құман аға мына 10 сомды қара, – дедім. Ол жан-жағына қарады да:
– Түш, ешкімге айтпа, екеуміз бөліп аламыз, – деді. Трикомның артқы қалтасына салып, бөлмеге келе жаттық. Ойым сан-саққа жүгірді. Ол кезде ақшаның құны жоғары болатын. 50 тиынға тойып түскі ас ішетінсің, 5 сом тисе 10 күнге талшық болады ғой деп ойлап келем. Сол кезде Моңғолиядан Баян-Өлгей жерінен келген екі қандас бауырларымыз оқыды. Бірі хоровой да, екіншісі домбыра класында болатын. Ол мені бөлмеде асыға күтіп отыр екен. Қояр да қоймай шахмат ойнауға бөлмесіне алып кетті. Институттағы шахмат жарысында мен екінші орын алып, әжептәуір абырой-атақ жинап алғам. Жығылған күреске тоймайды деген жеңіліп қалса да, әйтеуір бір жеңем деп қыр соңымнан қалмай қойды. Екеуміз шахмат ойнап отырғанымызда, біраз уақыттан кейін бөлмеге курстасымыз Ерсайын Дүйсенбинов кіріп келді:
– Мұратжан сен жаңа 10 сом ақша тауып алған жоқсың ба, бір студент сұрап келді, – деді. Жүрегім «зырқ» ете түсті. Құманның ешкімге айтпа деген сөзі есіме түсіп кетті де:
– Жоқ, тауып алғам жоқ, – дедім.
– Онда жарайды, – деп кетіп қалды. Көңіліме біртүрлі қолайсыздық жағдай пайда болды. Енді біраз отыр едік, екінші курстасымыз Әшірәлі Кенжеев келді:
– Жаңа вокалист татар жігіт тағы да келіп кетті, «осы сендер жуынғансыңдар» деп отыр. Ертең деканатқа апарып әуре-сарсаң болмасын дегенім ғой.
Рас, шынында да сол жігіт бізбен бірге душқа түскен. Жүрегім аузыма тығылды. Шахмат та жайына қалды. Бауырыма:
– Ертең келейін, бүгін бір тығыз шаруам бар, – деп кетіп қалдым. Бөлмеге келіп, ертеңгі сабақ жайында конспектілерімді алып, дайындалып жатыр едім, әлгі әңгіме тағы да басталды.
Әшірбек
Сығай, Мұратжан Мұқажанов, Құман Тастанбеков, Ерсайын Дүйсенбинов, Әшірәлі Кенжеев,
Кремль,
1967, желтоқсан.
– Тауып алсаң Мұратжан айт, сенің көңілің ақ, біреуге бір зияндық ойламайсың. Әлі қаншама жыл бірге жүреміз, – дегенде, жүрегім жібіп кетіп:
– Жігіттер, – деп дауысым қатты шығып кетіп еді, Құман ағам жалт қарап көзін алайтқандай болды. Түсіне қойдым да жоқ тауып алғам жоқ дедім. Сол кезде тағы бір сабақтасымыз Әшірбек Сығай: «Сендер немене айта бересіңдер, тауып алмаған шығар, тапса Мұратжан айтады. Ол ондай-мұндай қуаяқ жігіт емес, таза жігіт», – деп бір-ақ қойды. Жүрегім атша тулап кетті…
Көзімнің қиығымен Құман ағама белгі бердім. Ол «коридорға шығып кет» дегендей емеурін танытты. Зып беріп дәлізге шықтым да: «Қалтамдағы 10 сом санымды күйдіріп бара жатыр, аға, мә, өзің алшы құрысын, айтайықшы. Қара нанды қақ бөліп жеп жүрген достарымыздан нені аяймыз десем:
– Аузыңды жап та, тығып қой қалтаңа. Шекеңді жарып бара ма, ертең бөліп аламыз, олардың бірі де білмейді. Әлгі ақшаны тағы да қинала-қинала қалтама салдым.
– Ендеше сіз бірінші кіріп кетіңіз, әйтпесе біліп қалар, – дедім. Ол кіргеннен кейін біраздан кейін әлгі әңгіме тағы да басталды:
– Мына жағдай ұстазымыз Хадиша апай Бөкееваға жетсе ұят болады ғой. Мұратжан сен шыншыл, әділ едің ғой. Бір жағдай болса бірге көреміз ғой, – дей ме?.. Қойшы әйтеуір, бірі мені мақтайды, бірі қорғайды, бірі жақтайды. Содан әбден басым қатқан соң:
– Жігіттер, – деп қаттырақ дауысым шығып кетті. «Рас, біз…» деп келе жатыр едім, Құман ағам терезе жаққа қарап, арқасы мен иығы селкілдеп тұрып, қарқ-қарқ күліп жатыр. Өзімнің де шыдамым таусылып, «біз екеуміз тауып алдық» деп айтайын деп тұрған едім, Құманнан кейін бәрі қарқылдап қыран топан болып күліп жатыр. Сөйтсек, бұл 10 сом Әшірәлінікі екен. Ол біздің артымыздан суға түскен кезде қалтасында жүрген ақшаны бөлмеге апара салшы десе, Құман ағам оны менің киінетін жеріме тастай салған ғой. Сонымен, бәрі келісіп алып, «мына Мұратжан қайтер екен?» деп істеген әзілдері екен. Міне, студенттік өмірдің қызықты күндерінің бірі осылай есте қалды…
Сондай жақсы ағамыздан айырылдық. Ал оның сомдаған образдары, ойнаған рөлдері кейінгі ұрпаққа өнеге, ұлттық өнеріміздің қайнар бұлағы болып қала бермек. Бақұл болыңыз, Аға! Біз Сізді ешқашан ұмытпаймыз.
Мұратжан МҰҚАЖАНОВ.