Сәкен ұнатқан екі ән
Белгілі қоғам қайраткері, қазақ халқының біртуар перзенті, атақты ақын, жазушы Сәкен Сейфуллин шығармалары көркемдігі ерекше кемел дүниелер екені белгілі. Бас-басына тоқталып жатпаймыз. Айтпағымыз – нақақтан атылып кеткеннен соңғы алмағайып кездердің өзінде қалың жұрттың оны мақтаныш санап, шығармашылығы, даңқына қанық болғаны, білгені, табынғаны, күндердің күнінде жауһар туындылары халқына қайтып оралатынына сенгені. Ақталған бойда жарыққа шыққан кітаптарын Сарыағаш ауданының орталығындағы дүкенге (Ташкенттен) барып сатып алғанымыз есте. Онда студентпіз. «Тар жол, тайғақ кешу», «Айша» т.б. Көп ұзамай – ол да айдауда болып оралған – Сәкеннің жерлесі, әдебиетші-ғалым Сейділ Талжановтың «Сейфолланың Сәкені» деген деректі повесі қолға тиді. Одан көп ұзамай Мәскеу қаласынан әдебиеттанушы, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің «ЖЗЛ» (Жизнь замечательных людей) сериясымен «Сәкен Сейфуллин» атты кітабы шықты. Бұлар руханият жетістігі, табысы, Сәкеннің аруағы асып, ғарышқа самғауының айғағы еді. Қалың қауым Сәкен шығармаларын тұшына, тамсана оқыды. Оқып қана қоймай, олар қаншама диссертация, монографиялық зерттеулерге арқау болғаны өзінше мәртебе-тін.
«Ер Төстігім бір төбе» дегендей, тұтас бір кезеңнің шежіресі деуге сыйымды «Тар жол, тайғақ кешудің» орны да, жөні де бөлек еді-ау, шіркін (қазір де солай). Өз басым кітапты сан рет қайталап оқығанда, автордың алғырлығы, тереңдігі, өз басына да киелі өнер қонған хас дарын, нәзік сезімді, сегіз қырлы, бір сырлының өзі екеніне зәредей шәк болмай: «Ой, бәрекелді! Болсаң осындай бол!» – демеске әдді жоқ-тын. Енді соған бір-екі дәйектеме келтірейік.
Ақын Сәкен, жазушы Сәкен, қайраткер Сәкеннің әнін де өзі шығаратын бесаспаптығынан бөлек, қазақ ән-күйлеріне іккәрлік, тіпті, ғашықтық десе де жарасқандай ынта-ықылас, ыстық сезім неткен ғажап еді десеңізші. Ойлы оқырман үшін оның шығармаларындағы әйел кейіпкерлер есімінің дені Мүслима, Жәмила боп келетіні де ғажап құбылыс болатын. Сондай-ақ…
Ес білгеннен сүйсіне тыңдап, санада сақталған халық әндерінің кейбірі «Тар жол, тайғақ кешуде» ілтипатпен аталады және ән тарихы – шама-шарқынша – талданады, сараланады, кім шығарып, кім орындағаны баяндалады. Әншінің аты-жөнін атап, мерейін көтереді. Бұл сөзімізге ел аралауға шыққанда Қабиба дейтін қыздан «Әупілдек» атты керемет ән тыңдап, әсерленгені, ол жөнінде хатқа түсіргені дәлел дер ек. Оқушының да «Әупілдекті» тыңдау құштарлығы оянады. Біз де сондай күйді бастан кешкенбіз.
Өткен ғасырдағы 60 жылдардың орта шенінде Целиноград (бұрынғы Ақмола) облысының аудандарын аралағанда жергілікті адамдардан Сәкеннің «Әупілдек» әні жөнінде «Қамысы Әупілдектің мүше-мүше, қанбадым осынау көлдің суын іше» дейтін өлең тармақтарына орай «осы жақта Әупілдек деген көл бар ма, қайда болуы мүмкін» деп сұрастыра жүретінбіз. Арқа өңірінде не көп, қайың, қарағайлы орман көп, көл көп, бірақ, Әупілдек туралы білетін ешкім болмай, «қайдам, бар болса бар шығар» деуден аспады. Бірақ, олар солай дегенмен, осынау байтақ өлкенің әйтеуір бір жерінде Әупілдек дейтін көл барына не болғанына сенім жоғалған жоқ, әрине. Болған. Ән де болған. Ән тарихын Сәкенге мөлдірете баяндап берген Қабиба есімді әнші қыз да болған. Оған күмән жоқ. Әйтпесе, Сәкен неге жазады? «Па, шіркін! «Әупілдек!» Тағы бір арман…
«Әупілдекті» өзге жұрт біле ме, орындайтын әнші бар ма? Болса, кім? «Әупілдек» ұмытылмауы тиіс қой. Иә, солай. Ұмытылмауы тиіс. Болжам расқа шықты. «Әупілдек» бар екен, ұмытылмапты. Бір жолы радиодан естідік. Сол ма деген күдік желге ұшты. Ән сөзінің бірінші тармағы «Қамысы Әупілдектің мүше-мүше» боп басталып, «Барар ем қалқатайға әлденеше» боп аяқталса, әрине, сол. Сәкен тыңдаған, Сәкен ұнатқан, Сәкен суреттеген «Әупілдек». Орындаушы кім? Ол енді қай-қай әнді де бабымен, мәнерімен, табиғатын сақтап, «шырқатып, шымырлатып, сорғалатып» (И.Крылов) шырқайтын дарабоз әнші, халық артисі Рәбиға Есімжанова! Жылдар өткенде Қазақ радиосы музыкалық редакциясының бас редакторы Илья Жақановтың тапсырмасымен музыкалық очерк жазған әйгілі әнші, атақты әнші, композитор Қосымжан Бабақовтың немере туысы Рәбиға Есімжанова! Рәбиғамен әңгіме барысында көп жайдың беті ашылып, бірінші күйеуі белгілі өнер жанашыры, қоғам қайраткері Орынбек Беков екені, Сәкенді көргені хақында сыр шертілді. Хабарда олар айтылмайды. Сол хабар радионың алтын қорында. Осы күнде де беріліп тұрады.
Рәбиғамен сөйлескенде Сәкен тамсана суреттейтін «Зұлқия» туралы да сұрап, «оны да орындайсыз ба?» дегеніме «жоқ» деп жауап бергені жадымда. «Зұлқия» күрделі ән, қолайыма келмейді» деген. «Онда ол әнді орындайтын кім бар?» дегеніме де «білмедім» деп сыпайы күлімсіреген-ді.
Бір өкініштісі, өз басым Сәкен соншалық ынтызарлықпен суреттеп, аспандата әспеттеген «Зұлқияны» орындаған әншіні осы күнге шейін естіген де, білген де емеспін. Бірақ, әуенін білемін. Естігенмін, тыңдағанмын. Патефонда. Пластинкадан. Халық артисі, қобызшы Гүлнәфис Баязитованың орындауында. Одан бөлек дерек білмеймін. Әлбетте, «Зұлқия» жоғалған жоқ. Тым болмаса, бір жерде нотасы бары анық. Зерттеуші, іздеушілер талпынса, табары хақ. Тауып кәдеге жаратса, ғибратты іс болмақ. Сәкеннің аруағы риза болары да сөзсіз.
«Әупілдек». «Зұлқия». Сәкен Сейфуллин ұнатқан екі ән. Біз екеу дегенмен, Сәкен ұнатқан әндердің аз емесі айтпаса да түсінікті. «Біздің жақта», «Тау ішінде» секілді өз әндері де олардан асып түспесе, кем емес. Бүгінде «Әупілдекті» де, «Зұлқияны» да біреу-міреу орындау былай тұрсын, естеріне де алмай ма деген күмән-күдік қою. Олар тұрмақ, осы күнде баспасөз беттерінде Сәкеннің «Тау ішінде» әнінің қалай, кімге арнап шығарылғаны жөнінде кереғар пікірлер жиі шаң беретіні өкінішті. Соны нақтылауға шамасы жетпейтіндерге пәлен деу қиынның қиыны. Әркім өз білігін тықпалайтын кеселден арылу одан да қиынға айналған қу тіршілік..
«Әупілдек». «Зұлқия». Сәкенше айтсақ, ән төресі. Екеуі де. «Беу, шіркін, «Әупілдек!» Пай-пай, «Зұлқия-ай!» «Зұлқияны» тыңдаған да, тыңдамаған да арманда!» (Сәкен).
Пах!
Сәбеңнің айтқаны
Қасиетті қазақ сахнасының қос абызы, кешегі өткен театр тарландарының көзіндей қос дарабоз – Сәбит Оразбаев пен Асанәлі Әшімов! Бүгінде екеуі де там-тұмдап рөл ойнап, том-томдап кітап жазып, бастан кешкен қилы жағдай, көрген-білгендерін ортаға салып, жастарға ақыл айтып, өнеге көрсетіп, аман-сау ортамызда жүргендеріне мың тәубе!
Кейде жандары ашығаннан әлденеге күйінетін кездері де болмай тұрмайды. Бірі жас әріптестерінің керенаулау, кеудемсоқтау, іздену-талпынуға құлықсыздау, айтқанды жүре тыңдайтынына налыса, бірі базбір әкімқаралардың өнер атты қасиетті ұғымның байыбына бармай, уәдеге жомарт, іске жоқтау екеніне ренжиді. Бұл пікірді таяуда халық артисі Сәбит Оразбаевтан естіген бір жағдаятқа орай келтіріп отырмыз. Сәбеңнің көңілі босқа қабармағанына, іште қатып жатқан дертін қозғайтынына көз жеткендіктен, оқырманмен бөлісуді жөн көрдік.
Қош! Сәбит Оразбаев не айтты дейсіз бе?
– Өзің айтып жүргендей, елу екі жыл – «Мәдениет және тұрмыс» журналында қызмет еткен сен қазақ өнері, оның ішінде театр, сахна саңлақтары жайлы бір кісідей білетін болсаң керек қой, ә! – деп бастады сөзінің бісмілләсін.
Олай болса, өнер жолын Ташкентте бастап, Алматыда жалғастырған Құрманбек Жандарбековты де білесің. Өйткені, сен де Ташкенттен келгенсің, солай ма?
– Солай, Сәбе! – дедім не дегісі келетінін сезе қойып. – Айта беріңіз, құлақ сізде!
Олай дейтінім, Ермек Серкебаев өзі туралы жазылған эссе-диалог кітапта қайран Құрекең, Құрманбек Жандарбековтың жылы сөздері, кәсіби білімі болмаса да, орасан білігінің арқасында опера әншісі – актер ғана емес, бас режиссер, профессор, қазақ өнерінің көшбасшысы, ұстаз, алыптардың алыбы, артында өшпес із қалдырған бірегей тұлға екені жөнінде айтқандары сарт еске түсе кетсін. Құрекеңнің Ермекті туған баласындай мәпелеп, қазақтың көне мақал-мәтелдері, қанатты сөз, күрделі ұғымдардың мән-мағынасын түсіндіріп, ашуы келгенде «мойныңды жұлып алайын ба» дейтініне шейін. Жалғыз Құрманбек емес, Қанабек, Манарбек, Әнуарбек, Ғарифолла, Күләш, Шабал, Кәукен, Ришат, Байғали – бәрі. Құрманбек елден ерек. «Опера театрының екі жағындағы аллеялардың бірінің бойынан сол алыптарға неге ескерткіш орнатпасқа?! Егер солай етсе, жұрт жаппай келіп, тағзым етпес пе еді? Ол тіпті де қиын шаруа емес қой. Осыны ескеретін ер табылар ма екен екен? Әй, табылмайтын шығар, сірә? Үйде елеусіз жатқан мендей есіл ерге тым болмаса, айында, аптасында телефон соғуға жарамайтындардан не үміт, не қайыр! Көзім тіріде солай, ертең бақиға озған соң қалай болмақ?» – дегендері көкейде.
– Диалектика заңы ғой, Ереке!
– Оны білемін! Ақылың өзіңе!..
Сәбең сөйлеп жатыр.
– Иә, иә, Сәбе, – деймін аяқ астынан иектей жөнелген ой көшкіндерін тежеп. – Дұрыс айтасыз.
– Дұрыс па, бұрыс па, әйтеуір, айтудай айтып келемін. Бәріне. Кейінгілерге де! Зауытбек Тұрысбеков Шымкент облысына әкім болған кезден бері. Құрекең біреу. Шымкенттің облыстық драма театрына Жұмат Шанинның атын беру үшін ойға-қырға шапқылап, жар құлағы жастыққа тимеген Құрманбек емес пе еді?! Облыста опера театры ашылғалы қашан. Соны Құрманбек Жандарбековтің атымен атауға неге болмайды? Сылтаулары Жетісай театры Құрманбек Жандарбековтің атымен аталады ғой, бізде ол уәж емес. Ауыстыра салуға болады. Шымкентте Құрманбек атында көше бар ма? Онда да, мен айтқан соң ба екен, қаланың шет жағынан бір көшеге атын берген дейді. Естуімше, ұзындығы төрт не бес жүз метрден аспайды-мыс. Бұл не? Мадақ па, мазақ па? – Осылай деген Сәбең сәл үнсіздіктен соң, сөзін қайта жалғады:
– Түсінікті ме? Әлде, менікі қате ме? – деп.
– Өте орынды, – деймін. – Сіз айтпасаңыз кім айтады? Мен бұл жөнінде ойламаған екенмін. Бірақ менің ойлаған-ойламағаным кімге дәрі. Бізді кім тыңдайды…
– Олай деме. Сені тыңдамаса, газеттерді тыңдайтын шығар. Жазбайсыңдар ма?
– Әйтсе де, Сәбе…
– Не әйтсе де…
– Бәрібір, сіздің дауыс көтергеніңіз дұрыс-ау деймін. Жыл басында Президент қабылдап, орден алдыңыз…
– Сонда айттың ба деймісің? Айтқан жоқпын. Бұйырса, алда көреміз. Мүмкін, Асанәлі екеуміз айтармыз. Шымкент облысының жаңа әкімі өнер, әдебиетке жақын деседі. Соның да құлағына салармыз. Бәлкім, бізсіз де өзі ескерер. Шымкент опера театрына атын беріп, ескерткіш тұрғызып, бір даңғылдың есімін Құрекеңе қиса, түк етпейді. Құрменбек солай етуге бек лайық. Ондай адам екі тумайды.
– Лайым, солай болғай!
– Менің де ойым сол. Жаңа әкімнен үміт үлкен.
– Құрманбек Жандарбековке ұзақ жылдардан бері жанашыр боп жүргеніңіз, жарасымды-ақ екен. Тек нәтиже шықпағаны демесе…
– Бәрін біліп отырсың.Солай, әрине! Сөзіміз ұзап кетті. Доғарайық. Сау бол!
– Сау болыңыз, Сәбе! Асанәлімен ақылдассаңыз тәуір болар еді.
Телефоннан Сәбиттің жұмсақ күлкісі естілді…
Қойылмаған сұрақ
Еліміз тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр болғанмен, СССР деп аталған алып державадан қалған, сақталып келе жатқан үлгі-өнеге, салт, айшықты із, атау, өзге де үрдістер аз емесі аян. Өткеннің бәрін мансұқтап, тосырқай беруге болмайтынын өмірдің өзі көрсетуде. Бір ғана әдебиет, мәдениет, өнер, ғылым саласын алсақ, Қазақ ССР, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Совет Одағының Батыры, Қазақ ССР, СССР Ғылым академиясының академигі, СССР халық артисі атағын иеленгендерді қазір басқаша емес, солай атап жүр емеспіз бе? Осынау мәнзаланы ұмытпаған жөн шығар деп отырған жай бар, ағайын. Әрі-беріден соң, бұлар мәнін жоймайтын, жойылмайтын мәртебе, мерей, тарихтың жарқын беттері десе де болғандай. Сол орайдан келгенде…
Бүгінде қатарымызда жүрген Социалистік Еңбек Ері, СССР халық артисі Бибігүл Төлегенова, СССР халық артисі Асанәлі Әшімов, Әлібек Дінішевтің қазақ қоғамындағы қадір-қасиетін кім білмейді, кім пір тұтпайды! Үшеуі де тұлға, ерекше жаратылыс, теберік!
Мен білетін Әлібек те солай, әрине. Мен білетін дейтінім, Отан соғысына қатысқан, республикаға танымал басшы-журналист болған әкесі Мұса Дінішевпен ұзақ жыл қызметтес болғанда, Әлібекті бала жасынан біліп, көз алдымызда өскенін меңзегендік. Анасы Кәмила апай да, оның егіз інісі, ағайынды Ришат, Мүсілім Абдуллиндер де дарабоз әнші болды. Ришат Абдуллин СССР халық артисі, Мүсілім Қазақ ССР Халық артисі атанды. Өз басым осындай ортадан шыққан Әлібектің консерваторияда әннен дәріс берген ұстазы Надия Шәріпованы білгенім, Тбилисиде өткен Чайковский атындағы Бүкілодақтық конкурсте бірінші орын алғанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің секретары Саттар Имашевтың (Әлібектің) әкесі Мұсекеңнің кабинетіне телефон соғып құттықтағаны, сондай-ақ, жас дарын иесінің Үкіметтік концертте тұңғыш рет сахнаға шығып, Абайдың («Айттым сәлем, қаламқас») әнін шырқағаны, жиыннан соң ұлының мәртебесін Мұсекеңмен бірге кафеде атағанымызды сағынышпен еске алатынымды да айта кету артық болмас деп үміттенемін (оған Әлібектің профессор ағасы Фархад куә).
Одан бері көп уақыт өтті. Әлібектің – маған да етене жақын – әкесі Мұсекеңнен бастап, біраз тума-туыстары бақилық (рухтары шат болсын). Еңбек жолын опера театрынан бастаған Әлібек арадан біраз жыл өткенде өз атында театр ашып, шығармашылық қызметін ұстаздықпен қоса атқаруға көшті. Анда-санда жүздескенде сұрамаймын, бірақ, әлі күнге солай болса керек.
Ер ортасы жастан асқан Әлібек қазір қазақтың қасиетті жері мен еліне кеңінен танымал, жұрт сахнадан тыңдауды асыға күтетін бірегей әнші. Алыс, жақын шетелдер, өз топырағымыздағы үлкен-кіші замандас, әріптестерінің жоғары бағалағаны, бағалайтынын көріп, біліп жүрміз, шүкір.
Бет бейне, кескін-келбеті әкесінен аумайтын Әлібекті көргенде Мұсекеңді көргендей күй кешіп, кәдімгідей толқитыным рас. Әлібек те солай-ау деп шамалаймын. Ағасы Фархадтың солай екеніне күмән жоқ. Жолыға қалғанда аңқылдай амандасып, арқа-жарқа болады. Жанарында мұң тұрады.
Таяуда Әлібекті көрдім. Опера театрында. Антракт кезінде. Астанадан келген – театрға өзім шақырған – белгілі ғалым Сағымбек Әлтаев екеуміз шеткерілеу бұрышта әңгімелесіп тұр едік, бір азамат жанымызға келіп, сәлем берді. Бетіне қарасам – Әлібек. Бірден танып, риза болып, аз-кем тілдестік. Оған қойсам деген – көкейде жүретін – бір сұрағым болушы еді, бірақ, қойған жоқпын. Қоймауға бекінген болатынмын. Өйткені, ол сұраққа бұдан он бір жыл бұрын Ермек Серкебаев жауап беріп қойған-ды. Сондықтан.
Әлібектің дарынын ерекше бағалап, ыстық ықыласпен қарайтын жасы үлкен әріптестерінің бірі Ерекең, Ермек Серкебаев екеніне сол шақтарда көзім жеткен. Ерекең жөнінде эссе-диалог кітап жазылған күндерде. Әңгіме барысында Ерекең сөз ретіне қарай Әлібектің жақсы қырларымен қоса, наз іспетті пікірлерін де жасырмай айтқан-ды. Сөзінің түйіні: «Әлібектің болашағы алда, үлкен үміт күтемін» болатын.
Айттық қой, Ерекеңмен бір жылдан аса ара суытпай әңгімелескенім он-он бір жылдай бұрын деп. Әне, сонда Ерекеңе: «Консерваторияда дәріс бересіз, профессорсыз. Өзіңіз секілді бір әнші тәрбиеледіңіз бе?» – дегеніме: «олай ету мүмкін емес, талантты әншіні табиғат жаратады, қолдан жасай алмайсың» деп шорт кескен. Мұнысы бек дұрыс екенін бұған дейін де шамалайтынмын, әлбетте.
Ертеректе Әлібектен театр жөнінде журнал үшін сұхбат алғанда оның «Нұрсұлтан Әбішұлы маған келешкте өзің сияқты бір әнші тәрбиелеп шығарсаң, сол жетеді, театр ашқан мақсатымыз орындалады деді» дегені есте жүретін. «Қалай, Әлібек, Президенттің өтініші орындалды ма, өзің секілді не өзіңнен асқан әнші шығардың ба?» – деуге қаншама оқталсам да, Ерекеңнің айтқаны еске түсіп, іркілетінмін. Бұл жолы да (театрда жолыққанда) іркілдім. Тіпті, сұраған күннің өзінде оның да: «Хас талантты табиғат жаратады, қолдан тәрбиелеу мүмкін емес, өзімнен асқан әнші шығарсам, алдақашан көріп, тыңдап, білмес пе едіңіздер», – демесіне кім кепіл. Сондықтан сұрамадым. Әлібек Дінішевке қойылмаған сұрақ мәнзаласы осылай. Сол жолы ол тағы да…
Менің жазған дүниелерімді оқып жүретінін айтты. Сеніммен, қадап айтты. Оның қазақ басылымдарына әрдайым құрметпен қарап, журналист әкесінің аруағын ардақтап, аялап жүретініне көзім жете түскендей болды. Талай рет, Мұсекеңнің туғанына жүз жыл толған салтанат үстінде де…
Театр ішінде қасыма әдейілеп кеп сәлем берген Әлібектің ілтипатына риза болғанымды несіне жасырайын.
«Папам туралы кітап жазылса жақсы болар еді», – деді қоштасарда.
– Ойланатын шаруа, – деуден бөлек сөз түспеді аузыма.
Олай дейтінім, Мұсекеңнің өмірден озғанына он бес жылдан ауып барады. Мен командировкада жүргенде өткен марқұмның жылдық асына қатысқан «Парасат» журналының бас редакторы Баққожа Мұқаевтың: «Естеліктер жинағын шығару керек. Мақалалар топталса, өзіміз қолға алып, барлық шығынды редакция көтереді дедім», – дегені есте. «Ешкім ештеңе деген жоқ» дегені де.
Содан бері сондай жинақ шықты ма, шықпады ма, қараңғы. Шыққан болса, нұр үстіне нұр. Шықпаса, әлі де кеш емес. Әлібекке «ойланатын шаруа» деуімнің бір ұштығы сонда жатқан-ды…
Қазақтың ғаламат әншісі Әлібекке жортқанда жолың болсын, жолдасың қыдыр болсын дей отырып, ұзақ ғұмыр, толағай табыстар тілейміз.
Алға, Әлібекжан! Бауырым!..
Зәкір АСАБАЕВ.
ПІКІРЛЕР1