Шалдар
19.01.2018
2115
0

Төлеміс Меңдіғали


«Пайдасыз өмір сүру –
мезгілсіз өлгенмен бірдей».
И.Гете.

Жалпы, «шал» деген сөз жағым­ды мағынада айтылады. Тіпті, қы­рықтың үстіндегі қырқылжыңдар бір-біріне «әй, шал» деп қалжың­да­са­ды.
Бүгінде көптеген ғалымдар пла­нета, яғни, адамзат баласы қартайып ба­рады деп заржақ болуда. Олай бол­са сол шалдар дегеніміз кімдер, олар­дың қоғамда рөлі бар ма, олар не айтады бүгіндері деген сияқты сауал­дар әркімді де қызықтырады ғой деп ойлаймын.
Осы бір сауалдар мені де біраз ой­ға қалдырған. Сосын зерттей бас­тадым. Қызықты деректерге тап бол­дым. Солардың бірер парасы осы жазылымда.

Екі мектептің аралығы

Үйімнің іргесінде, он аттам жер­де атауы жоқ тұйық көше бар. Бұ­рындары бұл жерге ешкім кел­мейтін. Өйткені, көше күтімсіз қа­лып, сонау жетпісінші жылдардың ор­тасында төселген асфальт жа­бын­дысы әбден ескіріп, ойдым-ой­дым шұқыр пайда болған-ды: жүр­гіншілердің жүріп-тұруына қиын­дық туғызады.
Биыл, жаз ортасынан бастап осы көшеге жан біте бастады; үсте­рі­не сары жилет киген адамдар, әр­түрлі техникалар келіп, көшені ойран-топыр етті; асфальт төселе бастады, жас көшеттер отыр­ғы­зыл­ды, отырғыштар қойылды.
Солардың іс-әрекеттеріне қа­рап, үн-түнсіз отырғанмын.
– Ассалаумағалейкум, отыруға бола ма ?
Сөз саптасы ширақ, ашаң жүзді, арықтау келген шал әлгі сөзді айтты да менің жауап беруімді күтпестен жаныма кеп жайғаса берді.
– Апыр-ай, мына көшені қал­пы­на келтіріп, отырғыштар қойғаны біз сияқты шалдарға жақсы болды-ау, бір сәт аяқ суытып, тынығып ала­сың.
Мен үндей қоймадым. Шал бір сәт тыныстап алды да, әңгімесін әрі жал­ғады.
– Бәрі адамға байланысты ғой. Мы­на әкім келді де қаланың бол­сын, даланың болсын – барлық істі өз қолына алды. Өзі бір тыным тап­пайтын әкім екен, – деп тағы бір қой­ды.
– Қай әкімді айтасыз? Бүгінде әкім дегенің көп қой, – дедім мен шал­дан сыр тартпақ болып.
– Облыс әкімін айтамын да… Осы көше қанша жыл қараусыз, бақылаусыз қалды десеңізші. Азып-тозды. Енді, міне…
Шал кенет қопарыла бұрылып оң жаққа көз тастады.
– Мен бұл жаққа анда-санда ке­ле­­мін. Онда да «Алтай» базарына шаруам түскенде ғана… Анау екі мек­теп қой баяғыда салынды.Бү­гін­де олардың нөмірі қандай екенін де білмеймін. Сен білесің бе?
– Мына – оң жағыңдағы, қыр ар­қадағы №39, қарсы алдымыздағы №17 мектеп. Баяғыда Кеңес кезінде сол екі мектептің бірі – аралас, екін­шісі – таза орыс тілді мектеп бо­латын. Қазір бәрі оңалды ғой, – де­дім.
– Әй, бәрекелді!
Шалым осы сөзді айтты да оқыс орнынан көтеріліп көше ортасында тал-шыбыққа су құйып жүрген ма­шинаға қарай беттеді. Су құйылған шұң­қырларға үңіле қарайды. Мен де сол шалдың соңынан ердім.
– Ай, мыналар шұңқырды тол­тыр­май, бетін ғана шылап кетіпті ғой, – деп су құйып жүрген машина иелеріне айқай салды: – Неге шұң­қырды толтыра су құймайсыңдар?
Мына шал тегін болмады. «Қап, аты-жөнін сұрамағанымды қара­шы», – деп, ширақ та мығым жүріс­пен ке­тіп бара жатқан шалдың со­ңынан ай­қай салдым. «Оу, замандас, аты-жө­ніңізді айтпадыңыз ғой. Бұрын кім болып жұмыс істеп еді­ңіз?», – деп сұрадым.
– Кім болып жұмыс істегенімнің сіз­ге қаншалықты қажеті бар! Ал, есі­мім – Омар.
Иә, шынында, оның кім болып қыз­мет атқарғанының қажеті жоқ шы­ғар. Маңыздысы – ол шалдың мы­на өмірге, тіршілікке көзқарасы, ұстанымы болса керек. Ал ол шал­дың ұстанымы – мына қоғамның кем-кетігін, жетістігін үнемі бақы­лап жүру. Олай болса, ол бүгінгі за­ман­ның қоғамдық бақылау­шы­сы.
***
Біраз отырып қалыппын. Күн ең­кейіп барады. Қайдан тап бол­ғанын білмеймін, бір ақ мысық ке­ліп жүрелеп отырып маған қара­ды. Сірә, келді-кетті біреулер тағам тас­тап үйреткен болар, мысық ау­зы­ма қарайды. Міз бақпай мен де мы­сыққа қарап отырмын. Әрі бері­ден соң мысық отырғышқа қарғып мініп, маған сүйкенді. Пыр-пыр етіп жанымда жатты. Әлеуметтік же­­ліден Мәскеуде болған бір оқи­ғаны көрсеткені есіме түсті. Бір топ жастар көшеде кетіп бара жат­қан мысықты ұстап алып, дабырласа мысықпен «ойнап», әрі-беріден соң бұтын бұт қып айырып, онымен қой­май қабырғаға ұрып басының мыл­жа-мылжасын шығарып, лақ­тырып тастады.
Сол көріністі көріп отырып ой­ға қалдым: «апыр-ай, біз пәленбай ға­сыр бойы кіммен «дос» болғанбыз де­гендей ой келді маған. Тым қаты­гез, аяушылықты білмейтін мей­рім­сіз ұлт екен ғой. Қалай аман қалдық, қа­лай өз қолымыз өз аузымызға же­тіп, ел болдық?..
Осындай оймен көңілім жа­быр­қап үйге оралдым.

Екі дәуір таразышылары

Тамыз айы туғанмен күн әлі ыстық. Басқа көлеңке болар тал-терегі отырғышқа иіле еңкейген орындық іздеп, ақыры таптым. Дабырласа әңгімелесіп келе жатқан екі шал жаныма кеп жайғасты. Бірін бұрыннан танитынмын–зейнеткерлікке шыққан дәрігер. Екіншісін танымадым. Толық денелі келген біреу. Екеуі де менімен қол алысып амандасты да , әлгі бір әзірде үзіліп қалған әңгімелерін жалғастыра берді.
– Осындай да заман болады екен ғой. Бәрі сатулы, бәрін сатып ала­­сың, – деді толықша келген шал.
– Иә, бәрі өзгерді. Баяғыда осы Ақ­төбеде құс сүті деген конфет шы­ғарылатын еді, көзін құртты …
Ойым шарлап әр саққа жүгірді. «Мына екі шал конфет туралы әң­гіме айтады… Былтыр бір үйде қо_нақта отырғанымызда онда да шал­­дар қайдағы-жайдағыны айтып, «Біз­дің елімізде ештеңе шығарыл­майды, машинаны былай қоялық, ең аяғы мына қызанақты да сырт­тан – Өзбекстаннан тасымалдай­мыз», – деп еді дастархан үстіндегі салатты көрсетіп. Енді мыналар да сондай бір ескі жырды қопсытып отыр…
Қолдарын беліне салған тағы екі шал келді. Әлгілерді жақсы та­ни­тын болса керек, үй ішін, тіпті ба­лаларының аты-жөндерін айтып амандасып жатыр.
– Төке, мына екі шалды тани­сың ба? Бұлар – бірі совхозда парт­ком хатшысы, екіншісі – осындағы бір заводта бас инженер болған, – деп таныстырды маған дәрігер.
Үндей қоймадым. Бәрі де жо­ғар­ғы білімді шалдар болғанымен, әң­гіменің жөн-жобасы маған жа­рас­пайтынын білдім. Сөйткенше бол­ған жоқ, әлгі екі шалдың бірі:
– Бұрын ақылы оқу, ақылы ме­ди­циналық қызмет дегендерді біл­мей­тін едік, қазір бәріне ақша тө­леуің керек.
Шыдай алмадым:
– Оу, замандастар, сендер қате­ле­сіп тұрсыңдар, ақысыз мемле­кет­тік оқу, ақысыз медициналық қыз­мет көрсету бар емес пе? Неге соған бар­майсыңдар? Осы сіздердің ауыз­дарыңыздан «Тәуелсіз ел болдық» де­ген бір сөз шықпайды, ол нелік­тен? Осы Ақтөбедегі барлық кәсі­по­рында – Ферроқорытпа, «Ақ­тө­берентген», «Актюбинсксельмаш» сияқ­ты зауыттардың директорлары қай ұлттан еді? Директор болып жұ­мыс істеген бірде-бір қазақты өз ба­сым сол жылдары көрген емес­пін.
Төрт шал үнсіз қалды. Біреуіне жан бітті білем:
– Ей, мынауың кім? – деп сұра­ды дәрігерден.
– Бұл – журналист. Өмір бойы га­зет­те жұмыс істеген, – деді дәрі­гер.
Шалдар үн жоқ, түн жоқ бұры­лып кете барды. Мен жалғыз қал­дым.

***
Екі жолақты тұйық көшенің ма­ған қараған қарсы бетіне бірі – қыз, екіншісі – ұл келіп отырды. Бет әлпетіне қарасаң екеуі де қазақ. Әрі-беріден соң жігіт қызды алдына өңгеріп алып, аузы-бетінен сыл­пыл­датып сүйе бастады.
Ой, ұят-ай! Жоқ, мен бұл сөзді ішім­нен ғана айттым. Осыларды ғой біз – шалдар тәрбиеледік. Сон­да біздің өзіміз де оңып тұрмаған бол­дық қой. Орыстанған, батыс­тан­ған шалдармыз. Олай болса бү­гінгінің шалдары, дәлірек айтсақ қарт­тар деп кімдерді айтамыз?

Жаутаң кезең

Қартаяды, қажиды ғой түбі адам,
Ақырында маған да, мынаған,
Жаутаңдаған жаман шал боп қа­ласың, –
деп ақын Есенқұл Жа­қыпбек айт­қан­дай, кейінгі­лер­ге (балалары­мызға) керегіміз бар ма, жоқ па, оны кім білген. Әйтеуір, әр­кімге жаутаңдаған шал болып қа­ларымыз анық. Сонда қай кезден бастап жаутаңдаған шал боламыз?
Ғалымдар қарттық кезеңді 61-73 жас аралығы дейді және осы ке­­зеңдегі шалдардың психикасында бо­латын өзгерістерді де зерттепті. Бай­қасақ, бұл кезеңдегі шалдарды атам қазақ «жігіт ағасы» дейді екен. Шынында, ол рас болса керек. Өйт­кені, осындай жастағы шалдардың әлі қажыр-қайраты қайта қой­ма­ғанын, тіпті өзі баяғыдан бері күтіп, бап­тап ұстап келе жатқан саяба­ғын­да ертеңді – кеш жүретінін талай көр­генбіз. Десе дағы, мұндай жас­тағы «жігіт ағалары» тым ақыл­гөй­сіп, кейінгілерге (балаларына) әр нәрсені айтып, бастарын қатыратын көрінеді. Бірақ олар өздерінің «кем­шілігін» сезіп, бара-бара өз бала­ла­рынан көңілі қалып, кейде жасқан­шақ­тап, барлық ыстық ықыласын не­мерелеріне төгеді екен. Алайда, бәрі­бір, көңілінде бір нәрсе тұрары анық. Сосын далаға бір шығып, үйге бір кіріп, беймаза тірлік кешеді. Сонда олар не іздейді, нені аңсайды? Жұмыс қой баяғы, жұмыс!
Ұлы бабамыз Абай: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деп осы кезеңді меңзеді ме екен, кім білген, әйтеуір осы кезең олар үшін тым ауыр, тым азапты шақ болса керек. Өйткені, олар өмір бойы еңбек еткен жұмыс орнын аңсайды, сондағы балаларымен жүздесіп, әңгіме-дүкен құрғысы келеді. Со­сын дағы бұрынғы жұмыс орына барады. Ондағылармен көрісіп аман­­дасады. Әй, бірақ сол балалары жылы қабақ танытса жақсы ғой. Көп жерде ондай жоқ. Суық қабақ, кіржің мінез танытады олар. Жас­тарға да ренжуге болмайды – қоғам тым салқын тартып кетті және ба­лалардың өз жұмыстары да бар. Сон­дықтан да бұрынғылар: «Адам азабы – заман азабы» депті ғой. Біз­дің әңгіме етіп отырғанымыз – 61-73 жас аралығындағы шалдар. Ал, одан да ұзағырақ, мәселен, 73-85 жас аралығындағы шалдар мінезі, тірлігі, ой-сана өрісі қандай? Бұл сауалдарға да ғалымдар жауап бе­ріпті. Айталық, бұл жастағылардың мінезі аса сабырлы, аз сөйлеп, көп ойланады. Ондайды қазақ тұйық мі­нез дейді. Сөйтсе де, егер сөйлей қал­са бұрынғы ақылгөйлігі біртін­деп көсемдікке ауысып кетеді. Мі­нез-құлқында да өзгерістер болады. Кез келген қалжың сөзді басқаша түсініп, ауыр алады. Яғни, эмоция­лы (сезімтал) болып келеді.Сөйтіп сезімталдық бара-бара өкпешілдікке ауысады екен. Осы жастағылар, тіпті 70-тен асқандарда да менің бір бай­қағаным – өзі өмір сүріп отыр­ған қоғамның – нарықтық қоғам­ның қыр-сырын білмегендіктен болар, жоғарыда айтып кетке­німіздей, бү­гінгі қоғамға кереғар пікірде жүреді. Бәрі ана заманды – КСРО-ны аң­сайды.
«Апыр-ай!» деймін мен өзіме-өзім. Сонда олар кеше өздері бастан кешкен социализмнің әкімшілік-әміршілдік басқаруымен сонау 1921-1923 жылдары қолдан жасал­ған ашар­шылықты, ұлт қаймағы – зиялыларды бірінен соң бірін (1937-1953 ж.ж.) түрмеге тоғытып (Алаш зиялылары), көзін құртқандарын, тіпті беріде де сол қанқасап әдетті қоймай: «Қазақ деген ұлт жоқ, сіз­дерге тек мал бақтыру керек» де­гендерін ұмытып, естен шығарып ал­ғандары ма сонда?!
Ұмытпаған да шығар. Бірақ қа­лай болғанда да нарықтық эко­но­мика дегенді, дәлірек айтсақ ка­пи­тализмді (Елбасымыз Н.Назарбаев осы сөзді талай рет қайталады) қа­былдамайды. Ал, шын мәніне кел­генде капитализм дегеніміз қандай қоғам, ол адамзат баласының, яғни қоғамның дамуына қаншалықты әсер етті? Оның теориялық бағыт­тары бар ма?
Бар! Ол теорияның атауы – Да­ра­лық, яғни «Мен». Оның баста­уында философ Шопенгауэр тұрды. (Шын­дығында, «Мен» – сонау ежел­гі Римнен басталады). Сосын оны «Заратустра осылай деген» ең­бегінің авторы Ф.Ницше әрі қарай дамытты. Ф.Ницше «Менді» адам­ның өз бойынан, болмысынан із­деді. Бақсақ, бұл дүниеде «Менсіз» ештеңе болмайды екен. Жаңалық ашып, оны адамзат баласы мүд­десіне жарату – тек «Мен» арқылы ға­на жүзеге асады. Технологиясы да­мып кеткен Батыс елдері бүгіндері сол «Менмен» өмір сүреді. Бұл – әр адам­ның құқы, өз еркі бар деген сөз!
Шындығын айтсақ, бұл ұстаным қа­зақ қоғамына сәйкес келмейді, тіп­ті кереғар десек те болады. Бұл жа­ғынан келгенде, социализм біз­дің тіршілік-тынысымызға үйл­е­сімді болатын.Сондықтан да болса керек, қоғамның озық ойлы аза­мат­тары «Нарықтық экономика ру­ха­ниятты әлсіретті» дейді… Қа­зақ­стан­да «Мен» дейтін жаңа, кейпі бө­лек, бірақ «Мен» деп істі қопара ат­қарып жатқан, баюға бет бұрған жаңа тұрпаттағы тұлғалар пайда болды. Мемлекет те оларды қолдап отыр…
Ал ғалымдар, жазушылар «ру­ха­ни құндылықтар жоғалып барады» деп зар салуда. Осыны байқаған, аң­­даған Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты болашаққа бағдар боларлық мақала жариялады. Оны бір-екі ауыз сөзбен айтсақ, біз – қа­зақ бұрынғы бірегейлігімізге, яғни дәстүр-салтымызға қайта оралып, оны әрі қарай жаңа қырынан да­мытуға тиістіміз. Бүгінде сол ба­ғыт­та орасан зор жұмыстар жүргізіліп жатыр.

***
Сол қарттар өздерінің көзқарас­тары, түсінік-білігі, ұстанымы тұр­ғысынан жіктеледі екен. Кеңес дәуірі кезеңінде әр мекеме, ұжымды би­леп қалған басшылар және орын­даушылар болып жіктеледі. Қай жерге барма, қандай топта немесе іс-шараларда, әсіресе, жиналыс­тар­да, той-томалақтарда болма, ж­асы кіші болса да әлгі «бастықтар» бірден төрге озады. Бүгінгілер сол төрді ұсынады. Және ұзақ жыл бастық болғандар төрде сұрланып оты­рып, қайсы бірі күрдиіп, енді біреулері «ішімдегіні біл» дегендей, бұлданып, сіресіп отырады. Олар, шын мәнінде, авторитарлық қоғам­ның өкілдері еді. Басқару стилінде ақырып-жекіру, «жұмыстан шыға­ра­мын» деп тек қорқыту ғана болды. Басқарудың басқа механизмін ойлап таба алмады… Ал бағыныш­ты­лар оларға қызмет көрсетуге тиіс сияқты. «Адам біткенді менсінбейтін бейбақ өзін-өзі ұлы санайды», – деп­ті француз ойшылы Люк де Во­венард (1715-1747ж.ж). Рас-ау деймін. Психолог-ғалымдар мұны әлдеқашан байқапты. Мәселен, сен жай ғана орындаушы болсаң бас­тыққа дастархан үстіндегі тағамнан алып беруің керек, қасықты да қо­лына ұстатуың керек.
Жалпы, шалдар топшылдыққа, бөлінушілікке үйір болып келеді екен. Осы жаз Қазақстан журна­лис­тер одағы облыстық бөлім­ше­сінің төрағасын сайлау қажет бо­лып, жиналысқа жиналдық. Екі шал бірінен соң бірі көтеріліп ма­мандығы журналист бір қыз баланы төрағалыққа қайта-қайта ұсынумен болды. Екінші біреулер қолында азды-көпті билігі бар және беделді бір мекемені басқарып отырған ор­та жастағы жігіт ағасын ұсынды. Жур­налистер одағы деген – қоғам­дық ұйым, мемлекеттен бір тиын алмайды. Анда-санда іс-шаралар өткізер болса, жас журналистерді ма­рапаттағысы келсе оған тиын-те­бенді қайдан табады? Әрине, кә­сіп­орындар – қуатты ұжымдардан жәр­дем беруін сұрайды. Ондайға шы­нашақтай қыздың қауқары жете ме, беделі жүре ме? Әй, жоқ. Әлгі екі шал­дың онымен шаруасы жоқ, өз­дері ұсынған кандидаттың өтуін қа­лайды. Олардың бар ұстанымы осы ғана. Енді мұны топшылдық де­мей не дейміз?!
Елімізде қоғамдық ұйым «Ар­да­герлер» ұйымы деген бар ғой. Өз­дері жұмыс істеген бұрынғы ұйым­дардан күдер үзген шалдар сол «Ар­дагерлер» ұйымынан да бір ке­зек үміт күтеді. Әрине, ақша емес, ес­керіп, елесе екен дейді. «Арда­гер­лер» ұйымында ондай ыждаһатты­лық жоқ бүгінде: тек кім өлді, кім тірі жүр – соларды есепке алып отыру, бар бітірер шаруасы осы ғана. Сон­да дейміз ғой баяғы – атын «Ар­да­гер­лер ұйымы» деп атап, дардай етіп жүретініміз неліктен?..
***
Планета қартайып бара жатыр дедік. Ол рас! Бүгінде бір ғана Жа­понияда 75-тен асқан 10 млн. астам қарт тұрады. БҰҰ-ның мәлімет­тері­не сүйенсек, ХХІ ғасырдың орта­сы­на таман қарттардың саны бала­лар­дан артып кететін көрінеді. 2050 жы­лы адамзат тарихында тұңғыш рет 60-тан асқандардың саны 15-ке жетпеген жасөспірімдердің санынан асып түседі.
Сосын не болады? Әлемдік ден­саулық сақтау ұйымы (осыдан 4-5 жыл бұрын) 35,6 млн. адам деменция ауруына шалдыққан деп мәлімдеді. Құдай-ау, бұл не деген ауру? Оны рес­ми жазбаларда «қарттық алжасу» дейді екен. Оның бара-бара өрши тү­сетіні (шындығында, ұзақ ғұмыр кеш­кендіктен ғой) соншалық, сон­дай ауруға шалдыққан шалдардың саны 2030 жылы 65,7 млн., 2050 жы­лы 115,4 млн.-ға жетеді екен. Құ­дай сақтасын, басқаларды біл­мей­мін, өз басым оған жеткізбей-ақ қой­сын дегім келеді. Өйткені, он­дай ауруға шалдыққан шалдардың ақылы кеміп, танымдығы (талпы­ныс­тары) азаяды екен. Бұрын жи­нақтаған білім-білігі, тәжірибелері жоғала бастайды. Оның басты бел­гісі – ұмытшақтық. Ол да ештеңе емес екен, балаларына, жақында­ры­на, тіпті таныс біреулерге агрес­сиялық мінез көрсететін көрінеді. Бұл аурудың әзірге емі табылмапты.Кей­бір деректерге қарағанда бір бо­кал шампанды тартып жіберсе, кө­зі шайдай ашылып, өзінің қай ор­тада, қай кеңістікте жүргенін се­зінеді екен. Әй, кім білген, сену қиын.
***
Тұйық көше.Бүгін тым жүдеулеу болып көрінді маған: келім-кетті адам­дар жоқ. Мана бір, әзірде бір шал келіп еді, әңгімесі ұнамады. «Мұ­ғалімдер балаларға сабақ оқы­туды қойған. Немерем жөнді ештеңе біл­мейді. Басшылар қайда, үкімет қай­да?», – деп таусылып отырды. Қызық, ә? Бәріне мемлекет, үкімет кінәлі. Бұлғ меніңше, кеңес үкіметі тұсындағы мемлекетке деген иек артудан қалған ескі түсінік-ау дей­мін. Мұны тіл білімінің маманы (сірә, ғалым болса керек) А.Фа­зыл­жан «Патерналисттік сезім» деп атап­ты. Дұрыс-ақ…Жуықта теле­ди­дардан АҚШ-та бір жігіттің көше­дегі темекі қалдықтарын жинап, оны пресске салып сығымдап, тақ­тай жасап шығарғанын көрсетіп еді. Міне, «Мен» деген осы. Біреуге иек арт­пай, бәрін өзіміз істеуіміз, жаңа­лық ашуымыз керек қой… Осы­лай­ша ойланып отырып, әңгіме ба­сын­дағы басты кейіпкерім – Омарды есі­ме алдым. Бірақ ол кеше де, бүгін де келмеді. Әлде бұдан гөрі сәндірек, тал-терегі мол көше тапты ма екен?! Тап­қан да шығар. Мына әкім, әй­теуір тыным таппай жүр ғой. Осы оймен үйге беттедім.

Ақтөбе қаласы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір