Мұхаңның мәрттігі
12.01.2018
1815
0

Көз алдыма елестетсем көктем шуағындай көңіліме нұр құятын екі ағам болды. Мен оларды бала күнімде көрдім, шығармалары жиі-жиі жарияланып, атақтары аспандап тұрған шағын да білем, өмірдің тарпаң жолында табандары тайып, жасыған шақтарына да куәмін. Олар мені іні тұтты, сондықтан сырларын да жасырған жоқ. Екеуі де әдебие­тімізде өзіндік орны бар, көрнекті тұлғалар еді.
Бірі – қазақ поэзиясында баллада жанрын орнықтырған ақын, әдебиет зерттеушісі, ұстаз, көптеген ірі қыз­мет­тер атқарған қайраткер – Қайне­кей Жармағанбетов болса, екіншісі – көсемсөз бен көркем прозаның шебері – Ғабдол Сланов болатын. Өмірлерінің қиын сәттерінде, екеуі де жұмыссыз қалып, бала-шағала­ры­нан ажырап, күйзеліп жүрсе де жасы­ма­ған сол ағаларымның қайсарлығына таңырқаймын. Қайнекей аға дом­быра­сын қағып-қағып жіберіп:
Асқанды да көргенбіз,
Тасығанды да көргенбіз.
Асып, тасып ақыры
Сасқанды да көргенбіз, –
деп, әлдекімге ызалана шырқайтын. Ал Ғабдол аға қайыспайтын қара нардай төзімді адам еді. Сәл жымиған күйі, барлық пен жоқтықтың бәріне шыдап жүре беретін.
– Уа, Абай рухының шырақшысы, әдебиетіміздің күзетшісі – Үлкен Сопақ (Кәмен Оразалин), аман­сыңдар ма?! – деп жан-жағын шуақ шашып, тығыршықтай толық денесі бұлтың-бұлтың етіп Қайнекей ағаның үйге кіріп келгені күні кеше­гідей. – Кіші Сопақ (Лиза жеңгем), ұсақ «сабакаводтар» барсыңдар ма?
Бұл кісінің жүрген жері – мереке. Балалармен – балаша, қарттармен – көпті көрген данаша, замандас­та­рымен – ежелгі құрдасынша әзіл­деседі. Туған інісінің үйінде жүргендей еркін. Жақсы көрген адамдарын «Сабакавод» деп, Кенже ағаны – Үл­кен Сопақ, жеңгемді – Кіші Сопақ деп еркелететін. Өмір бойы осылай өтті.
Мен Алматыда оқып жүрген жыл­дары елді сағынғанда Қайнекей ағаның үйіне жиі барушы едім.
– О, кіші «сабакавод» келіп қал­дың ба?! – дейді балаша қуанып.
– Ана, Үлкен Сопақтан хабар бар ма? Ол «сабакавод» хат жазуды қойды. Роман жазамын деп басы қатып жүр­ген шығар.
Қайнекей аға қазіргі Абай мен Абылайхан көшелерінің қиылысында төрт бөлмелі үлкен пәтердің екі бөлмесінде жалғыз тұрды. Ғайниса жеңгеймен айрылысып кетіпті. Қалған екі бөлме Хор капелласының көркемдік жетекшісі, дирижер Ана­толий Молодовқа тиесілі екен. Асхана ортақ. Мен келген сайын екі қабыр­ғасы кітап сөресіне толып тұратын кең залда отырған ағаның достарын, ақын-жазушы, ғалымдарды көре­тін­мін. Әсіресе, тарихшы ғалым Бек Сү­лейменов, ақын Хамит Ерғалиев, жазушы Ғабдол Сланов жиі келеді. Бас сүйегінің бір жағын айбалта шапқандай терең тыртығы бар Бек Сү­лейменов «Халық жауы» деген ай­даудан қайтқанына көп бола қоймап­ты. Жұмысқа да таяуда орналасқан сияқты. Жүдеу, пәс көңілде жүретін. Түрмеде көрген қорлығын айтқанда жаның түршігеді. Олар ұзақ-ұзақ сырласып, түн ортасына дейін тарқамайды. Кейде, оңаша қалғанда Қайнекей аға кітап сөрелерінің терең түкпіріне тығылған әлдебір қолжаз­баны немесе ескі кітапты алып маған береді.
– Таң атқанша оқып шық. Бітір­ген соң өз қолыма тапсыр, — дейді. – Сенің ұстаздарың бұндай шығар­маны білмейді, білсе де айтпайды. Тісіңнен шығарма.
Мен бұл үйден КГБ-ның түрме­сін­дегі сотта Сәкен Сейфуллиннің сөйлеген сөзін, аттарын атауға тыйым салынған Жүсіпбек Аймауытов пен Ахмет Байтұрсыновтың машинкаға басылған шығармаларын, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезовтың әлі жарық көрме­ген, бізге беймәлім туындыларын оқыдым. Кейде, көңілі түскенде, Қайнекей аға менің әдеби білімімді тексереді, жөн сілтеп, оқуға кітаптар берді. Л.Толстой мен Ф.Достоевский­дің бірнеше романын осы үйден алып оқыдым. Өзі қазақ, орыс ақында­ры­ның өлеңдерін жатқа айтушы еді. Әлем әдебиетінен де мол білімі бола­тын.
Бұл үй менің екінші білім ордама айналды. Жатақханама қайтқым келмей, ағаларымның талай-талай қызық әңгімелеріне куә болдым.
Ал, Ғабдол аға Қайнекейдің үйі­нен мені көрген бетте:
– О, Сұлтан, зіңгіттей жігіт бо­лып­­сың ғой, – деп құшағына басты. – Қаршадай бала едің, енді міне,
бо­йың да өсіп азамат болыпсың. Кәмен ағаң аман ба?
Ғабаңның Қайнекейден айырма­шылығы – өте биязы, қарапайым, жүрген-тұрғаны көп біліне қой­май­тын адам. Шыңғыстауға келісімен Кенже аға екеуі кешті таңға ұласты­рып, ұзақ-ұзақ әңгіме шертеді, ел жайлы, әде­биет туралы сырласады. Жол жүр­генді, ел аралағанды ай­рықша ұна­та­тын Ғабаңның Қазақ­станда табаны тимеген жер, сірәда, кездесе қоймас. Сондықтан айтары көп. Көңілі түс­кенде қолына домбыра алып, өзінің әде­мі, қоңыр даусымен, біздің елге беймәлім «Дөң асқан» деген әнді шырқайды. Өте балажанды адам ек­ен. Біз оған сүйкеніп, жаны­нан шық­пай­мыз. Қоңырқай жүзі албырап, мейрімді көздері күлімдеп, балаларды бауырына тартып тұрады. Бірер күн тыныққан соң ағамның сто­лына отырып алып, бас алмай жа­зу жазады. Ол кезде қасынан көш өтіп жатса да аңғармайды. Соңынан бір газеттің тапсырмасын орын­да­ғанына мәз болып, бойы жадырап, домбырасын безілдете шертіп, «Дөң асқанға» басады. Тынымсыз, дамыл таппай ел, жер аралағанды сүйетін, сырты момақан болса да, ішінде жа­нартау жатқандай қуаты байқала­тын.
– Сен бала, біздің тұрағымызды жа­зып ал, сол жерде сөйлесеміз, – де­ді. – Ана Қайнекей бір әңгіме бастағалы отыр, құлақ салайық.
Қайнекей әдетінше, жұрттың бетін өзіне аударып:
– Әуезовтің құдіретін, орыс жазу­шыларының арасындағы беделін білесіңдер ме? Әрине, жалпылама біле­сіңдер! Бірақ менің көргенімді көрсеңдер ғой, шіркін! Таңғаларлық! – деді тамсанып.
– Құдай-ау, қазақ баласында да осыншама айбын болады екен-ау!
– Жә, айтсаңшы, енді, табындыра бермей! Қарлығыңқы даусымен саңқ ете түскен Хамит Ерғалиев болатын. Ол сөнген темекісін қайта тұтатып, құшырлана сорып-сорып жіберді. Қай­некей орнынан тұрып, сөреден сырты қызыл, қалыңдығы бесіктей кітапты әкеліп алдына қойды.
– Мынау, өздерің білетін, Мәс­кеу­ден шыққан «Қазақ поэзиясының антологиясы», – деді көзілдірігін шешіп. – Осы кітаптағы өлеңдерді орыс тіліне аударту жұмысы қызу жүріп жатқан кез. Қазақстандағы орыс ақындарының аудармасы көңіл­ден шықпады. Сондықтан бұл жа­уапты іске Мәскеудегі орыстың атақ­­ты ақындарын тарту керек деген шешім болды. Оны қалай жүзеге асырамыз?! Мәскеулік біраз ақындар­ға телефон соғып көріп едік ат-тон­дарын ала қашты. Түрлі сылтаулар айтып, келісетін емес. Сондықтан Қазақстан Жазушылар одағы өлең­дердің жолма-жол аудармасын әзір­леп, ақындарға төленетін мол қара­жатты қолыма ұстатып, тәуекел деп мені Мәскеуге аттандырды. Көңілде күдік көп. Жалғыз-ақ үміт – Мұхаңа жүгіну. Ол кісі осы кітаптың алғысөзін жазып, сапалы шығуына жауапты адамның бірі. Қазір Мәскеуде, шы­ғар­машылық сапарда. Мен келгенде Мұхаң «Москва» қонақүйіндегі өзі үнемі тоқтайтын люкс бөлмесінде екен, сол жерден өзіме лайық орын тапқан соң Мұхаңа барып, жағдайды айттым. Мұхаң ойланып отырып қалды да:
– Сен осы залға, он адамға арнап дастархан әзірлет. Кешке қонақ ша­қы­рамыз. Өзім де дәм таттырғалы жүрген адамдар еді, қаражат жетеді, ештеңеден қысылма, ішім-жемің мол болсын, – деді. Кімдерді шақыра­ты­нын сұрауға батпадым. Мұхаң киініп, кешкі алтыға таман келетінін ескер­тіп, кетіп қалды. Мен қонақүйдің ресторанына барып, оның басшысына жолықтым. Қадірлі қонақтар келе­тінін айтып, ас мәзірін қарадық. Қа­ныш ағаның үйіне келген ғұламаларды қа­лай күтіп, дастарханды қалай әзір­легені көз алдымда. Ресто­рандағы жеңсік, қымбат, құнарлы тамақтар мен шетелдік ішімдіктерге тапсырыс бердім. Екі даяшы әйел қонақ келіп-кеткенше қызмет етуге келісті. Мұхаң келгенде столдың үсті жайнап тұр еді. Ол киімін шешпестен дастарханды жағалата қарап:
– Пәлі, Қайнекей, сен өзің биік мәдениетті адам екенсің ғой. Мына дастарханыңа көңілім тойды. Тіпті, сирек тағамдарды да тауыпсың. Ақ­сүйектердің жомарттығы да бұған тең келмес, – деп мәз болды. Көңілі кө­теріліп, мақтау сөздерді қарша бо­рат­ты. Көп ұзамай қонақтар да көрінді. Бұлар менің түсімде де қолым жет­пей­тін адамдар еді. Александр Фа­деев, Михаил Шолохов, Николай Тихонов, Всеволод Иванов, Илья Селвинский, «Художественная ли­тература» баспасының директоры және Зоя Кедрина жұбайымен келіп­ті. Тағы бір-екі аудармашы ақын бар. Мұхаң олардың әрқайсысын құшақ жая қарсы алып, бәйек болып жатыр. Дастарханның мәзірі қо­нақ­тардың да көңілін көтеріп жіберді.
– Қазіргі жастардың талғамы ғажап! – деді Мұхаң мені нұсқап. – Осы дастарханды әзірлеген қазақтың көрнекті ақыны, біздің Жазушылар одағы басшыларының бірі – Қай­не­кей Жармағанбетов деп көтермелей таныс­тырды. Қонақтар жапырлай бас изесті.
Кеш басталып кетті. Әзіл-қалжың көп айтылды. Михаил Шолохов қа­зақтар мен казактардың әдет-салтын сөз етсе, Николай Тихонов пен Все­волод Иванов жастық шақтарында ел кезген оқиғаларын айтып күлдірді. Мұхаңның інісі деп сөз арасында
ол­ар мені де қолпаштап қояды. Алек­сандр Фадеев аңқылдаған адам екен, Мұхаңды қайта-қайта құшақтап сүйе береді. Кештің орта тұсында Мұхаң сөз алып, менің келу себебімді түсін­дірді.
– Бұл жас адам өте жауапты мис­сиямен келіп отыр, – деді Мұхаң. – Мәскеуден шыққалы жатқан «Қазақ поэзиясының антологиясын» орыс­тың ең көрнекті ақындары аударса деген тілегі бар. Соған сіздердің кө­мек­теріңізді сұрайды.
Отырған жұрт Мұхаңның сөзін қоштап, дуылдап кетті. Осы жерде көптеген ақындардың аты аталып, оларға өздері сөйлесетін болды.
Кеш бойы Мұхаң ерекше шабыт­ты күйде отырды. Томағасы алынған түз қыранындай ештеңені қалт жібер­мейді. Сөйлегенде кең кеудесі нар қобыздай күмбірлеп жанындағы ұлы тұлғалардың өзін ұйытып, сергек ойларымен баурап алды. Бұл иықтас, терезесі тең адамдардың емен-жарқын отырған кеші еді.
Олар түн ортасында тарады. Машина шақыртып, бәрін шығарып салдым. Ресторанның адамдарымен есеп айрысып, Мұхаңа келсем,
М.Шо­лохов әлі қайтпапты. Қызып қалған екен. Машинамен тұратын жеріне әкеліп салған соң да мені жібермей, өзінің екі бөлмелі пәтеріне ертіп кірді. Мәскеуге келгенде түсетін үйі екен. Босағадан аттасымен жаңа ғана қызу көрінген жазушы бірден айығып, бойын ширатып алды да, екі бокалға арақ құйды.
– Кәне, екеуміз қазақ деген ұлы халық үшін ішейік, – деді ол. – Сенің Мұхтардай ұлы ағаң үшін де ішеміз, – деді Михаил Шолохов екінші бо­калды толтырып жатып…
Қайтып келсем, Мұхаң әлі ұйық­та­мапты. Менің қолыма бір бума ақша ұстатты:
– Ресторанға төлерсің.
– Мұха, әуре болмаңыз, бәрімен есеп айрыстым!
– Пәлі, ол қалай болғаны?! Сенің мы­науың, тіпті, мәрттік қой! Деген­мен керек болар, ақшаны ал!
Мен ақшадан бас тарттым. Мұхаң сабырмен жүзіме барлай қарады да рюмкасын көтеріп: – Кел, ендеше, қа­зақтың әдебиеті үшін көтеріп қоя­йық! – деді. – Ертең, ізін суытпай, аты аталған ақындардың бәріне жо­лық. Енді ісіміз оңға басар.
Сөйтіп бір түнде, Мұхаңның арқа­сында, қаншама ұлы адамдардың шапағатына бөлендім. Жұмысым да тез аяқталды. Көп ұзамай қолжазба баспаға тапсырылды…
Әңгіме аяқталысымен Ғабаң:
– Жүр, бала, біздің үйді көріп ал, – деп мені ертіп сыртқа шықты.
Шагабуддинов пен Шевченко көшелерінің қиылысындағы (қазір жоқ) бір қабатты ағаш үйдің шаты­рының астындағы мансардада тұрады екен. Жалпақ, үлкен үйдің ішкі аула жағындағы қабырғасына жапсыра салынған солқылдақ баспалдақпен көтеріліп, ауыз-төр деп аталатын екі бөлмеге кірдік. Үйде қолжуғыш бол­ғанымен дәретханасы сыртқы аулада. Төргі бөлмеде өзі жататын және қонағына арналған темір төсек­тер қарама-қарсы қабыр­ғаға жанастыра қойылыпты. Ортада жазу столы. Қабырғаның қалған бос жерінде тө­бені тіреп, кітап толған сөрелер тұр.
– Мынау емен ағашынан қиылған жиһазым, – деді Ғабаң мақтанышпен. – Ең қымбат мүлкім. Өзім жасаттым. Осы кітап шкафын көруге Мұхаң да (Әуезов) келген. Қатты ұнатты. «Жазу­шының кітапханасы осындай бе­рік ағаштан мәңгілікке жасалуы керек. Бізге кітаптан асыл дүние бар ма?» – деп еді.
Жазушының ауызғы бөлмесі асхананың міндетін атқарады екен. Үйдің бірінші қабатын тұтас әйелі, тұрмыстағы қызы аспирант күйеуі­мен, ер жеткен балалары жайлаған. Олар Ғабдолмен араласпайды. Жазу­шыға келген-кеткен адамдарға жарат­пай қарайды. Осы көрініс тұңғыш барған мені ерекше таңырқатты.
Тиянақты жұмысы жоқ, көбіне қаламақымен күн көретіндіктен Ғабаңның тұрмысы өте жұпыны, сондықтан сапарға жиі шығып, ел аралайды. «Жүргенге жөргем ілінеді» дегендей әр сапардан құлаш-құлаш очерктер жазады. Сол жылдары денсаулығының дімкәстігіне қара­мастан, Жетісудың ой-қырын шарлап «Айқайтас» романына деректер жинады.
Бірде кешқұрым үйіне барсам ағам жүдеп, көңілсіз қарсы алды. Жазу столының үсті ыбырсып, өзі көрпеге оранып төсегінде жатыр. Бұрын мен келгенде жүзі жайнап, сағынған адамын көргендей тамақ әзірлеуге кірісетін. «Кедейдің бір тойғаны шала байығаны, студенттер де кедейлер табына жатады ғой, сені бір тойдырып, сауабын алайын», — деп әзілдеп, бәйек болушы еді. Бұл жолы екі жағы солып, салғырт амандасты. Әңгімеден байқағаным, Ға­баң бірнеше күннен бері нәр сыз­баған. Нан алатын ақшасы болмай, қаламақы беретін күнді зарыға тосуда. Оған да әлі екі тәулік бар. Ешкімге сабағат салмай, шыдамақ. Атақты жазушының бұл күйіне жүрегім ауы­рып кетті. Үйден үнсіз шықтым да азық-түлік дүкеніне тарттым. Таяуда ғана шәкіртақы алғанбыз. Екі-үш күнге жетерлік ет, сүт, нан, шұжықпен қоса бір бөтелке шарап сатып алдым. Ғабаң балаша қуанып, мені жібермей қоналқаға алып қалды. Түнімен әңгіме айтты, ұзақ-ұзақ жыр оқыды. Бұрын естімеген ғажайып жырлар.
Сылдыр, сылдыр, сылдыр…
Қанымды қайнатты құрғыр.
Шық-шық жүрекке тиеді
Күлпара талқан боп сыңғыр!
Сылдыр, сылдыр, сылдыр…
Өзекті өртеді құрғыр.
Әдейі іргеден жүреді
Сұлу қыз санадан солғыр!
Сылдыр, сылдыр, сылдыр…
Жүректі жандырды құрғыр.
Кеудені кернеді жалын,
Сәулем, періштем, тез кір!
Сылдыр, сылдыр, сылдыр…
Есімнен аудырды құрғыр.
Лебізіңнен еріп барамын,
Жаным-ай, жақында, қол бер!
Сылдыр, сылдыр, сылдыр…
Талдым, қалды сүлдер.
Сыбырға айналды сылдыр,
Сылдыр, сылдыр, сылдыр…
Үй алакөлеңке. Жарық өшкен, тек терезеден түскен ай сәулесі ғана қарсы қабырғадағы төсекте өлең оқып жатқан Ғабаңның сұлбасын еміс-еміс көрсетеді. Шолпы таққан сұлу қыз осы бөлмеде көз алдымда көлбеңдеп жүргендей. Сылдыр, сыл­дыр… Құштарын тапқан періштенің үні құмығып, сылдыры сыбырға айналғанын естіп жатырмын. Сыбыр, сыбыр, сыбыр…
Ғабдол аға біраз үнсіз жатты да та­ғы бір жырды бастады. Қаны ой­нақшыған он тоғыз жасар жігіттің көңіл толқынын сезсе керек.
Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін
Патша тағы, бүкіл дүние малына.
Құшақтатып нәзік талдай беліңнен,
Сүйгіз, сәулем, тәтті балдай тіліңнен.
Бой шымырлап, талықсиды жүрегім,
Балқып денем, барам еріп деміңнен…
Ғабдол аға тоқтай қалды. Осы ға­жайып сурет пен сезімге өзі де елі­тіп кетті ме, әлде жарық дүниеге қуа­на қарайтын, жүрегіндегі асыл сезімдерін әлі ешкімге ашпаған, махаббат шырынын татып көрмеген жас қонағына үлкен сый тартпақ болды ма, басын көтеріп алып жырды шабыттана жалғастырды.
Кір қойныма, қыпша белің бұралып,
Тарқат шашың,
жатсын жібек оралып,
Жаным! Жаным!
Тезірек тисін төске төс,
Көз жұмулы, жиі ыстық дем алып.
Шашың – қара, денең ақ бұлт,
жүзің – Ай
Тісің – меруерт, көзің,
сәулем, құралай.
Ләззат, рахат,
бақыт – бәрі қойныңда,
Сұрамаймын енді ұжмақ –
жақсы жәй!
Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Жасағаннан бір-ақ нәрсе тілей­мін:
Өтпесе түн, атпаса екен таңы да!
– Паһ, паһ – деді Ғабдол аға өлең­ді оқып болған соң. – Неткен сезім, неткен құштарлық! «Шашың – қара, денең ақ бұлт, жүзің – Ай. Тісің – меруерт, көзің, сәулем, құра­лай». Бұндай сұлуды сүйіп, құш­паудың өзі күнә ғой, жігітім! «Сұлуды сүймектік – Пайғамбар сүннеті». Бұны Абай атаң айтқан. Ғабдол аға өз сөзіне өзі елтіп, ақындарша толғанып кетті.
– Бұны жазған қай ақын? – дей­мін ақырын ғана.
Ғабаң менің сұрағымды еститін емес. Соңғы күндердегі аштығы да, жоқшылығы да – бәрі ұмытылған. Қиялындағы сұлулық кемесіне мініп алып, беймәлім дүниеге жүзіп бара жатқандай. Ол бас жағында тұрған домбырасына қол созып, ақырын тыңқылдатып отырды да өзінің әсем, қоңыр даусымен түн тыныштығын бұзып әндете жөнелді. Әні таныс болса да сөзі бейтаныс, тосын.
… Кешкі ескен жібек жылы жел сұлу,
Хош иісті түрлі-түсті гүл сұлу.
Әлем аспан – төбедегі көк шатыр,
Асқар тауы, дариясымен жер сұлу.
Сылқ-сылқ күліп сылдыр қаққан су сұлу,
Көлге қонып қаңқылдаған қу сұлу.
Бейне айнадай жарқыраған айдыннан
Күн шығарда көтерілген бу сұлу…
…Толып жатыр түрлі сұлу дүниеде
Бәрінен де маған, сәулем, сен сұлу!
Екеуміз де төсектен тұрып кеттік. Бірақ шам жағылмады. Үй ішінің алакөлеңкесі бір тылсым сырды жасырғандай, шам жақсаң бәрін жоғалтып алатындай көрінді. Мен сұрағымды қайталадым.
– Аға, бұл қай ақынның жырла­ры?
Ғабаң жазу столының қасында отырған. Домбырасын әлі де тыңқылдатып, бір қайғылы саздың алғашқы әуенін қайталай береді.
– Сендер оны білмейсіңдер. Сендер, ұрпақтары, білмесін деп, жаңағы сұлу суреттерді сезінбесін деп ақынның өзін де, сөзін де қайтып келмес тұңғиыққа көмгенбіз! Иә, көмгенбіз! Бірақ алмас қанжар қап түбінде жата ма?! Асыл сөз сол тұңғиықты да жарып шығар бір күні! Өйткені оның жырлары мен сияқты талайдың жүрегінде жатталып қалған. Жүрегімізді суырып алмаса – басқаша көзін жоя алмас.
Ғабдол аға бұл жолы да менің сұра­ғыма жауап бермей басқа бір әңгімені шертіп кетті.
– Соғыстың екінші жылы бола­тын. Бауырым қатты ауырып, ауру­ханаға түстім. Халім өте ауыр. Екі кісі­лік палатаға жатқызды. Басымды әрең бұрып, жанымдағы адамға қарасам, тәңірім-ау, Мұхаң, Мұхтар Әуезов екен. Ол кісіге де ішінен ота жасапты. Амандастық. Жөн сұрастық. Келесі күні маған да ота жасады. Кітап оқуға шама жоқ. Екеуміз де шалқамыздан жатып әңгімелесеміз. Мұхаң менің «Дөң асқан» романымды оқыған екен. Басқа да жазғандарымды білетіні байқалды. «Дөң асқан» туралы жақсы пікір айта келіп, шикі жерлері де көп екен деді. «Жолым үй» дегенің қандай үй? Неше керегесі бар? – деп сұрады. Мен шамам келгенше жауап бердім. «Үлкен шы­ғарма жазуы үшін адам көп білуі, көп оқуы керек. Алдымен жазу мәдениетін игерген жөн. Роман деген қиын жанр. Оның үлгілері көп. Соларды зерттеп, білген соң ғана жазуға отыр­ған дұрыс». Ол менің қандай білімім барын сұрады. «Тоғыз сынып бітір­ген­мін», – дедім. Үндеген жоқ. Біраз­дан соң: «Екеуміз бос жатқанша мен саған дүние әдебиеті туралы қысқаша әңгімелер айтайын. Ауруханадан шығар кезде өзің ізденіп оқуың үшін жоспар құрып беремін», – деді. Мұхаң сөзінде тұрды. Мен сол жос­пар­­ды ұзақ жыл сақтап, пайдалан­дым.
Бірде науқастар ұйықтайтын мез­гіл еді. Шамымыз сөнген, палата іші алакөлеңке. Мұхаң: – Ғабдол, өлең оқышы, – деп өтініш айтты. Бұдан бұрын өзім жатқа білетін Қа­сым­ның, Әбділданың, Абдолланың өлеңдерін оқыған едім. Мұхаңа ұнады. «Жырдың сырын терең түсі­неді екенсің» – деп мақтап қойды.
Өлең оқи бастадым. Жаңағы өзің тыңдаған жырлар… Сол ақынның басқа да туындылары, поэмасынан үзінділер… Мен оның барша шығар­масын жатқа білетінмін. Мұхаң тым-тырыс, үнсіз жатыр. Жарты сағаттан соң ақырын басымды бұрып, көз қиығын салсам Мұхаңның екі көзінен жас парлап, бетін жуып кетіпті.
– Қайран, Мағжан-ай, қорлықта қаза таптың-ау, – деді өксікті үнмен. – Бақ жанып, жырыңа азаттық туа­тын күн келер ме екен?!
Бұдан әрі өлең оқу тиылды.
Мұх­аң бетін ары бұрып, үнсіз жатып қал­ды.
– Сонда бұл Мағжан Жұмабаев­тың жырлары ма? – дедім мен жаңа оянғандай таңырқап.
– Сен оның атын қайдан біле­сің?
– Қайнекей ағаның үйінде есті­дім.
– Ешкімнен де естіген жоқсың! Ұқтың ба?! Бұдан былай тісіңнен шықпасын! – деді әншейінде жуас Ғабдол аға даусын қатайтып. Келіс­тім.

Сұлтан ОРАЗАЛИНОВ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір