Алматыда «Тәуелсіздікке тарту» атты аламан айтыс өтті
2017 жылдың 29-30 желтоқсан күндері әзелгі әдеттері бойынша кейбір жұрт атпал Алатау мен тәкаппар Тянь-Шанның көкорай шыршаларын қиып әкеліп, әлеміштеп үйінің төріне орнатып, отшашуларын әзірлеп, Жаңа жылды қарсы алу қамына кірісіп жатқанда республиканың әр түкпірінен шақырылған аузынан сөз бораған, көзінен ұшқын шашқан от ауызды, орақ тілді сайыпқыран он сегіз айтыскер Алматыдағы қарт КазГУ-де жыр шашудың көкесін көрсетті.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті ақын, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі дүркін лауреаты Жүрсін Ерманның басқаруындағы Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің Халықаралық Одағы ұйымдастырған жылдың қорытынды айтысы – «Тәуелсіздікке тарту» деп аталды. Жыл бойы Қазақстанның әр түкпірінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық әкімдіктер мен тиісті құзырлы орындардың тікелей қолдауымен жүзеге асып, аса ірі бәйгелер тігілген 17 айтыс аламан айтыс өтіпті. Алматыдағы қорытынды айтыс – сол аймақтарда оза шауып бәйге алған дүлдүлдердің ақтық мәресі болатын. Бұл жолғы жылды қорытындылаған ақтық аламан айтыс өнер мен руханияттың, айтыстың үлкен жанашырлары, жеке демеушілердің тікелей қолдауымен жүзеге асты. Бұл жолғы айтыстың бас демеушісі болған – «АСТ-Аренда» АҚ-ның Бас директоры, Қазақстанның құрметті құрылысшысы, белгілі кәсіпкер Құсайын Уақбайұлы Омаров мырза және осы өнерді ұдайы қолдап жүретін меценат Өмірзақ Сәрсенов, сонымен қатар осы атамұра өнердің өркен жаюына соңғы жылдары қолұшын созып келе жатқан «Тас кредит» компаниясының басшысы Дулат Тастекеев.
Көшін Елбасы бастаған ел бірлігі мен ұлттық рухты, татулық пен қоғамдық өміріміздегі атқарылып жатқан жарқын істерді жырлаған екі күнге созылған аламан айтысқа жағынан сөз суырып, қазақтың құдіретті сөзімен ел мерейін тасытқан Айбек Қалиев, Серікзат Дүйсенғазин, Тілеген Әділов, Мұхтар Ниязов, Еркебұлан Қайназаров, Мақсат Аханов, Мейірбек Сұлтанхан, Аспанбек Шұғатаев, Иранғайып Күзембаев, Рүстем Қайыртайұлы, Әсем Ережеқызы, Жансая Мусина, Қалижан Білдәшов, Қазірет Бердіхан, Шалқарбай Ізбасаров, Ершат Қайболдин, Марат Ахметов, Аруна Керімбекова сынды оза шапқан 18 ақын жеребе бойынша сынға түсіп, қалың көпшіліктің қошеметіне бөленді. Жаңа жылға жаршы бола келген бұл жолғы айтыстың жаңалығы – Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің Халықаралық Одағының құрылтайшылары бас жүлдеге қойылған темір тұлпардан бөлек, «Айтыстың ақтаңгері» дейтін ендігі жерде дәстүрлі түрде беріліп тұратын жоғары дәрежелі қоғамдық сыйлық тағайындапты.
Айтыстың беташар сөзінде бар ғұмырын осы ұлы өнердің өркендеуіне ғұмырын арнап келе жатқан ел ағасы Жүрсін Ерман: «Бұл дүбірлі додаға еліміздің ең таңдаулы ақындары шақырылды. Олар тегіннен тегін шақырылып отырған жоқ, жыл бойы Қазақстанның әр аймағында ұйымдастырылған айтыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Қай-қайсысы да «сен тұр, мен атайын» жүйріктер. Біздің Тәуелсіздіктен артық қасиетіміз де, киеміз де жоқ. Бабалар аңсарын жүзеге асырған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы сол ұлы құндылықтың бағасына жетуді аға ұрпақтың да, жас ұрпақтың да санасында сәт жаңғыртып отыруды тегін айтпаса керек. Сол себепті біз бұл жолғы қорытынды айтысымызды – «Тәуелсіздікке тарту» деп атадық. Ал тұңғыш берілгелі отырған «Айтыстың ақтаңгері» атағы – киелі өнеріміздің жаңалығы. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан Халқы Ассамблеясының үлкен мінбесінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының алдында сөз сөйледім. Сонда Президент «Айтысты барынша қолдау керек, жыл соңына қарай не Алматы, не Астана қалаларының бірінде қорытынды айтыс өткізіңдер!», – деп тапсырма берді. Барша Алаш баласына ұран тастаған ел Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған ұлттық код дейтін ұғымға халқымыздың осы бір қайталанбас ұлық өнері айтыс та жатады. Сондықтан, театр өнерінің бүгінгі абызы Асекең (Асанәлі Әшімов) секілді біртуарлар осынау киелі өнерді шын жанашырлықпен әркез қолдап келеді. Әрине, тасада тұрып тас атып жататындар да жоқ емес, өнер кеңістігі дейтін ұлы майдан! Майдан даласы ұдайы жаймашуақ болып тұрады дегенді естіген де, көрген де емеспін. Сондықтан, бүгінгі жыр додасының негізгі қолдаушысы мына өздеріңіз секілді халық, одан кейін жекелеген қалталы азаматтар», – дей келе қара өлеңнің қаймағын қалқып ішкен ақындарды елге таныстырды.
Айтысқа баға берген қазылар алқасының төрағасы – ұлттық өнеріміздің даңқты тұлғасы, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, сондай-ақ қазылар құрамында – республикалық «Айқын» газетінің Бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы Жанарбек Әшімжан, танымал айтыс ақындары Серік Қалиев, Дәулеткерей Кәпұлы, Бауыржан Халиолла болды.
Аламанның алғашқы күнінде тоғыз жұп ел алдына шығып өз өнерлерін көрсетті. Бұл күні тісқаққан сақа ақындармен қатар, айтыс әліпбиін кейінірек меңгерген жастар да аянып қалған жоқ. Әрине, ел күткен Айбек Қалиев, Серікзат Дүйсенғазин, Мұхтар Ниязов, Мейірбек Сұлтанхан, Еркебұлан Қайназар, Тілеген Әділов, Аспанбек Шұғатаев, Мақсат Аханов, Жансая Мусина, Әсем Ережеқызы сынды дүлдүл ақындардың сөз барымтасы көпшілік көңілінен шықты. Ақындарымыздың аузынан төгілген төрт аяғын тең басқан шымыр ұйқасқа құрылған өлеңсазда ел бірлігінен бастап, ұлттық, рух, тіл мен ділдің, түрлі діни қайшылықтар мен қоғамдағы орын алып жатқан әрқилы орынды-орынсыз жағдайлар, тұлғалар ерлігі, Азат елдің болашағы, Тәуелсіздік алауын жаққан Желтоқсанның ызғары, Алматы қаласында ел көңілінен шығып жатқан ірілі-ұсақты жобалар, әлеуметтік тауқыметке шыланған тағдырларға дейін бейнелі түрде ғажап жырланды. Сонымен қатар, Мақсат пен Арунаның, Тілеген мен Әсемнің дәстүрлі қыз бен жігіт айтыстары біраз уақыт ел есінде жүретіні даусыз. Ал, аузынан жалын бүркіп, от шашқан Айбек, Мұхтар, Рүстем, Шалқарбай, Еркебұлан, Аспанбек, Мейірбектердің рухты сөздері тасқа басылып, тарихқа қатталып келешек ұрпақ үшін де әлі талай қазынаға айналары даусыз. Мысалы, Мұхтар Ниязовтың «Ырың-жырың асаба алға шығып, ғылым-білім тасада қалып жатыр» дегені талай жайттың бетін ашса керек. Еркебұлан Қайназардың әз Тәукенің әйгілі Жеті жарғысын бүгінгі дәуірмен жымдастырып отырып ел мен жердің тағдырын жеті баппен жырлауы тәмам елдің таңдайын қақтырып, құйқа теріні шымырлатпай қойған жоқ.
– Жарғының біріншісі – Жердің дауы,
Жер деген қазақ дейтін елдің жаны.
Шекараның шетіне найза қадап,
Шейіт боп кеткен талай ер ұлдары.
Жарғының тағы бірі – Шындық еді,
Мәселесі барында ұрлық еді.
Ешкімнің ала жібін аттамаған,
Қайран біздің бабалар дүлдүл еді.
Ұрлық қылған адамды ұстап алса,
Қолданылған шарасы сұмдық еді,
Ал бүгінде сөз емес ұрлық деген,
Ұрлығын түнде жасап, күн біледі.
Бір шелек көмір алған әйел көрсе,
Халық жауын көргендей дүрлігеді.
Жарғының тағы бірі – Ұлттың қамы,
Ұлттың қамы дегенің –
жұрттың қамы.
Үш жүзіміз ұлт үшін ұйысқанда,
Сескеніп қала берер, сырттың жауы.
Ал қазір ұлтын емес, құлқынды ойлар,
Көбейтіп алғандаймыз күрт тұлғаны.
Туысты да, досты да сата салар,
Мейірімсіз боп кетті жұрттың бәрі.
Көрінгеннің аузында кетіп жатыр,
Өзімізге бұйырмай ұлттың наны, – деген Еркебұлан ақынның жыры дәуір шындығы екеніне еріксіз иланасың.
Жансаяның жалынды сөздері кешегі майдан даласындағы Мәншүк Мәметованың ерлік-дастанын еске еріксіз түсірді. Иранғайып пен Шалқарбайдың әзілге құрылған ащы мысқылдары қоғамдағы кейбір жағдайлардың жанайқайы секілді әсер қалдырды. Киелі сөздің жалына қол салған Аруна сынды жасы да, Ақтангер атанған Айбек сынды хасы да жаңа жылмен әбігер болып жүрген елдің рухын бір серпілтті. Айтыскерлердің жырларын үзіп-жұлқып, мәнін кетірмей-ақ қоялық, таяуда бұл айтыс «Қазақстан» ұлттық арнасынан толық көрсетіледі, әлеумет сол кезде көзайым болады.
Қысқасы, барша ақын бәйгесіз қалған жоқ. Д.Тастекеев тағайындаған стипендия (1 800 000 теңге) астаналық Әсем Ережеқызына бұйырды. «Асанәлі Әшімов қорының» төрайымы Бағдат Әшімованың арнайы сыйлығы алматылық Рүстем Қайыртайұлына берілді. Үшінші орынды үш ақын: ақтөбелік Ершат Қайболдин, қарағандылық Тілеген Әділов, шымкенттік Қалижан Білдәшев иемденсе, екінші орынды астаналық қос жүйрік Мейірбек Сұлтанхан мен Еркебұлан Қайназаров бөлісті. Бірінші орынды Ақжайықтан келген Жансая Мусина қанжығасына байлады. Бас бәйге – темір тұлпар мен «Айтыстың ақтаңгері» атағын Ахаң мен Жахаңның елінен келген торғайлық дүлдүл:
«Атыңнан айналайын, Азаттығым!
Халыққа ұмыттырған азап-мұңын,
Ақырзаман болғанша, аман сақта!
Қазақтың азаттығын, ғажап күнін!» – деп жырлаған Айбек Қалиев жеңіп алды.
Ақтамберді САДЫҚАН.
Асанәлі ӘШІМОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі:
– Мен өзімнің бар ғұмырымды сарп еткен аса мәртебелі театр өнерінің ғана емес, осынау сан ғасырлық тарихы бар, қазақ халқының алдаспан өнері айтыстың ұзақ жылдардан бергі үлкен жанкүйері, көрерменімін. Бұл ұлы Сүйінбай, Жамбыл, Шашубай, Кенендерден мұра болып қалған ғажайып әлем. Кеңес заманында Көкен, Манап, Тәушен, Айтуған, Әселхандардың сахнадағы жырларына сан мәрте тамсанғанбыз. Осы бір киелі өнердің осы күнге үзілмей аман жетуіне өзінің күш-жігерін аямаған адамның бірі – Жүрсін інім. Сондықтан бұл айтыс тек Жүрсін Ерманға ғана емес, барша қазаққа керек өнер. Қазақ дәстүрі мен салтынан, әдет-ғұрпынан бас тарта алмайтыны секілді, төл өнерінен де шеттеп қала алмайды. Бүгінгі жылды қортындылау айтысы да өте жоғары деңгейде өтті. Екі адамның алдында суырылып сөз бастаудың өзі үлкен жауапкершілік, осы орайда күндіз-түні тынбай дайындалып, өздерін спортшы секілді бабында ұстап жүрген айтыс ақындарына мен ризамын! Сөз барымтасы, ой жарысы болған соң қоғамдық өмірімізде болып жатқан жетістіктермен қоса, кетеуі кеткен кемшіліктер де айтылмай қалмайды. Ол айтылуы да керек. Ел болған соң, қоғам болған соң бастан-аяқ мінсіз болу мүмкін емес. Айтыста кемшілікті айтады, сын айтылады. «Сын түзелмей, мін түзелмейді». Дарынды, талантты адамдар көнеді. Мінімізді бетке басып, сынайтын адамдар – нағыз айтыс ақындары. Айтыс болғаннан кейін, әзіл-қалжың, сын болуы шарт. Сондықтан бұл өнер – халықтық өнер. Бұл бүтін бір театр деп қарауға да болады, айтысты келешекте театр етіп ашылуы да ғажап емес. Кешелі-бері болған айтыстардың барлығын қазылар құрамы мұқият қарады, тыңдады, електен өткізді. Ақындарымыздың да әзірлігі көңіл қуантады. Дүниеде өнерді бағалаудан артық ауыр міндет жоқ. Бұл жариялық өнер болғандықтан қазылардың шешіміне белгілі мөлшерде халық та әсер етпей қоймайды. Біз, ұзақ талқыладық, ақыры қара қылды қақ жарып, әділ шешімді жасадық қой деп ойлаймын. Бұл шешім барша жұрттың көңілінен шықты.
Айбек Қалиев «Айтыстың ақтаңгері»
сыйлығының лауреаты, бас жүлдегер:
– Айтыстың атанғанда Ақтаңгері,
Қабырғалы қазақтың мақтанды елі.
Аллам өзі жеткізді дәрежеге,
Білмеймін баптан ба еді, бақтан ба еді.
Есенқұл, Ерікпенен Әзімбектей,
Марқұмның жайлы болсын, жатқан жері…
От ауызды Ораздай оғланымның,
Ор болып қалушы еді шапқан жері.
Міне, солар айтыстың Ақтангері!
Аманжол, Мэлс, Серік, Мұхамеджан,
Айтыстың қазыналы тапқан кені!
Балғынбек, Дәулеткерей, Бекарыстар,
Айтыстың жүлде бермес ақпан белі,
Міне, солар айтыстың Ақтангері!
Мен үшін ел көрсеткен ықыластың,
Болмайды патша отырған тақтан кемі!
Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗИН,
айтыскер ақын:
– «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы” ұйымдастырған “Тәуелсіздікке тарту” атты 2017 жылдың қорытынды айтысы да тариx қойнауына кетті. Ұлт мәдениетінің талбесігі болған Алматы қаласының өнерсүйер жұртшылығы ескі жылды шыршамен емес, алдаспан өнер айтыспен шығарып салды. Бұл да бір ұлт мәдениетінің жеңісі болды.
Хош, сонымен бұл айтыстың келешекте айта жүрер бір-екі жарқын тұсына тоқталмақпын. Алдымен, талай жыл елдің көкейінде жүрген жайт – Айбек Қалиевтің еңбегі еленіп, «Айтыстың ақтангері» екендігі ресми түрде мойындалып, куәлігі берілді. Бұл – әбден лайықты марапат деп білемін.
Екіншіден, айтыстағы ізбасарларымыздың алдыңғы буынға деген ілтипаты жүректі толқытты. Бірінші күнгі айтыста Еркебұлан Қайназардың ұстазы Айбекті аспандатып, жол бергеніне немесе Иранғайып Күзембаевтің маған деген шынайы құрметіне ел қошеметтеп қол соқты. Болар елдің ұлдары осылай болса керек.
Финалда Айбекпен айтысқан Рүстем Қайыртайұлының да інілік ірілігіне тәнті болдым. Ағасын алқалап Алатаудың өр биігіне шығарды.
Қарағандыдан қар боратып келген Тілеген Әділов замандасым Әсем Ережеқызы, Жансая Мусина қарындастарымен қандай жарасымды айтысты. Өз басым келер жылдан бастап домбыраны аздау тартып, қаламды көбірек ұстасам деп шештім. Айтыс саxнасынан көрінбей жатсам жазба өлеңнің жалынына шарпылып жүр деп есептерсіздер. Айтыс үшін қырық жыл арпалысқан алтынжал арыстаным Жүрсін ағам да аман болсын!
Бақыт ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
Қазақ радиосының Алматы филиалының басшысы, ақын:
– Айбек шын бағасын алды. Қазақы ғұрыпты дәріптеп, жөн мен жолдан жаңылмаған Еркебұлан мен Рүстем де өте сауатты айтыстың үлгісін көрсетті. Мейірбектің тапқырлығына дау жоқ. «Бір кем дүние…» дегендей айтыскерлер 90 жылдық мерейтойлары дүрілдеп өткен қазақ әдебиетінің қайталанбас құбылыстары – Зейноллла Қабдоловтың, Рахманқұл Бердібаевтың, осы айтыстың бірден бір жанашыры болған Тұрсынбек Кәкішевтің есімдері мен еңбектері бір ақынның аузынан айтылмады. Бұл айтыс ҚазҰУ қалашығында өтіп жатқандықтан алыптар жайлы бір ауыз сөз айтылғаны жөн еді.
Ал айтысты Алматыда қорытындылап, көрерменге жыр сыйлаған Айтыскерлер одағының еңбегін еселеп айтуымыз керек.
Жарқын СӘЛЕНҰЛЫ, журналист:
– Әр айтыстың өз ерекшелігі болады, көрермен талғамы мен деңгейіне сай ой түйеді. Бұл айтыстан менің түйгенім (қысқаша) мынау:
Біріншіден, алғаш рет «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық» одағының атынан «Айтыстың ақтаңгері» атағы, төсбелгісі мен куәлігі берілді. Әділетті түрде берілді. Негізі, халық өзі берген атақ пен марапаттың беделі мен салмағы зор болады. Демек, бүгінгі күн – айтыс тарихының жаңа бетін ашып, тың тарауын жазып, тарих қойнауына кетті.
Екіншіден, тұңғыш тағайындалған марапатты осы айтыстың бүгінгі ардагері Айбек Қалиевтің алуы – айтыссүйер әлеуметтің, халықтың тарапынан әділ бағасын алуы.
Үшіншіден, Еркебұлан Қайназаров пен Рүстем Қайыртайұлының айтыстары (бір-бірімен емес өзге ақындармен айтысы) мазмұндық, көркемдік жағынан деңгейі жоғары айтыс болды. Әсіресе, ішкі мәдениеті мен адамгершілігі мол азаматтардың Айбек сынды алдыңғы буын ағасын ардақтап, төрге шығуына «баспалдақ» болуы – былайғы көп ақынға үлгі-өнеге.
Төртіншіден, қазіргі айтыстың ақберені Мейірбек Сұлтанханның қарсыластарын қапыда сөзден ұстап, сүріндіре отырып түйреп тастауы – айтыс табиғатын керемет ашты.
Бесіншіден, бірқатар айтыскерлердің дайындығы мен ізденісінің аздығы, кітап оқымайтыны, газет-журнал ақтармайтыны аракідік сезіліп қалды.
Алтыншыдан, қайсыбір ақындар қайталауға ұрынып (бұрынғы айтқандарын қайта айту), әріптестерінің ойын барымталау (өзгенің айтқанын өзінікі етіп айту) көрініс тауып қалып жатты. Оны тіпті университеттің студенті де, қазылар алқасының мүшесі де біліп отыр. Ең қызығы, мен әлеуметтік желіге тікелей эфир таратып отырғанда ана ақын бастап өрген ойдың түйінін мына жақта отырған көрермен маған жазып үлгірді. Бұл, әрине, өте ыңғайсыз жағдай.
Қысқасы, әр айтысты жеке-жеке талдап, артықшылығын асырып, кемшілігін ашып айтып, сынды түземейінше, айтыстың осы деңгейін сақтап, одан ары дамыту мүмкін емес. Ол үшін әр айтысқа бір тұрақты әділқазы, сауатты да батыл сыншы керек. Ол әр айтысты бақылап отыруы тиіс. Алайда, әр айтыс сайын үн қатып, кемшіліктерін сәл сынға алсаң, «ер-тоқымын бауырына алып» сүлкіні түсіп, табанда дұшпан боп кететіндер де жоқ емес. Сондықтан, ішкі мәдениетімізге күзет қоя білген абзал…