СӘБЕҢ мен ҒАБАҢНЫҢ БАТАСЫ
29.12.2017
2338
1

Сұлтан Оразалинов


– Қарақтарым, бұл дүниеде өлім болжаусыз, содан кейін қонақ болжаусыз, – деп отырушы еді атам жарықтық,
– Өлім келсе де, қонақ келсе де барыңды шашасың. Бұл – қазақтың әлімсақтан бергі дәстүрі. Өлім түптің түбінде бір келмей қой­майды. Ал қонақ ұзақ жолда не амалсыздан түседі немесе, түсуге лайық үй деп таңдап келеді. Осының екеуі де – сын.
Бірде аулада доп теуіп жүр едім, есік алдына су жаңа «Победа» келіп тоқтады. Ішінен толық денелі, бетінің секпілі бар, ақ сары кісі түсті.
– Кәмен Оразалиннің үйі осы ма?
– Осы.
Ол тақиясын алып басын етектей мол орамалымен асықпай сүртіп қайта киді.
– Ендеше баста.
Біз есікке таяп қалған кезде іштен шық­қан Кенже ағам қонақтарды көріп:
– Япырау, Сәбит ағасыз ба? Апырау, қайдан жүрсіз? – деп сасқалақтап, қуан­ға­нынан екі алақанын жая берді.
Сәбеңнің жүзі жадырап:
– Сені үйінде бар ма, жоқ па деп келе жатыр едік. Жақсы болды ғой, келші, – деп кең құшағын ашты.
– Әке-шешең, бала-шағаң аман ба?
Біздің үйге Сәбит Мұқановтың келгені Қарауыл жұртына тез тарады. Аудан басшыларынан бастап, үлкен-кіші түгелдей «Сә­лем береміз» деп жиналыпты. Жұрт бір-бірлеп ішке кіріп, Сәбеңнің қолын алып, қайта шықты. Төргі бөлмеде қонақ­тармен бірге атам, Әрхам, Исраил, Балта­қай сияқты ел ақсақалдары отырды. Сә­бең өте әңгімешіл адам екен. Өзінің осы са­парда бүкіл Сарыарқаны аралап шық­қа­­нын, сон­­да көргендерін қызықтыра әңгі­ме­леді.
– Мұхтар, біздің тобықтының шалдары шетінен шежіре, шешен, әңгімешіл деп мақтана беруші еді. Сіздерді де бір көрейінші деп бұрылдым, – деді Сәбең қа­тарында отырған қарттарға жағалата сынай қарап.
– Е, Мұхтар айтса біліп айтады, көң­і­лің­дегіні сұрай бер, тарқататын адам та­былады, – деді Әрхам Сәбеңнің сөзі қитығына тисе де сабыр сақтап.
– Олай болса айтыңызшы, осы Мұхтар бұрын тобықтымын деп жазып та, айтып та жүруші еді, кейін сол сөзінен айныған сияқты. Мен соны түсінбедім. Тобықты­ның шежіресі не дейді? Мұхтардың Абай­ға қатынасы қандай? Абай ортасы Мұх­тар­ды қалай көреді?
Сәбең сұрағының астарында ауыр зіл жатқанын жазбай түсінген ақсақалдар бір-біріне үнсіз қарасты да Әрхам сабырмен сөз бастады. Сәбең алға ұмсына түсіп, барлық зейінімен тыңдап қалыпты.
Сәбең сұрағын сыртта тұрғандар да естіп:
– Е, бұл Сәбит Мұхтармен бақкүндес деу­ші еді. Сол жегі-құрты тағы оянған ғой, – десіп жаратпай талқыға салды.
– Шамасы келсе Мұхтар сияқты
«Аб­ай­­дай» кітап жазып алсын, әуелі.
Әрхам Шыңғыстау елінің шежіресін қа­дым замандардан бастап көсіле жөнелді. Жаугершілік жылдар, тобықтының Шың­­ғыстауға келуі, ру-тайпа қоныстары, ел қорғаған батырларды, әрбір тарихи оқиғаларды жаңылмай айтып, жер-су, өзен-көлдеріне дейін шебер суреттегенде, тіпті, осы ауылдың өз адамдары ауызын ашып қалыпты. Сәбең үнсіз тыңдап, қо­лын­дағы блокнотына естігенін ұзақ-ұзақ жазып отырды. Әңгіме Құнанбай, Абайға келіп тірелгенде Әрхам тыныс алып, сөзге Исраил араласты. Ол алдымен Абайдың бірнеше әндерін домбырамен толғана шыр­қады. Содан кейін ежелгі жырау­лар­дың әдетінше Әрхамның соңғы сөзін іліп әкетіп Құнанбайды, оның замандастары Бердіқожа, Әуездерді, тобықты рулары­ның ара-қатынасын, Абай дәуірін, онымен достық-қастықта болған адамдарды, өз­дерінің Мұхтармен бірге өткізген жас­тық шақтарын, Мұхтардың ата-тегін, Абай аулының туыстыққа берік ыстық се­зім­дерін тебірене толғады. Исраилдің әңгімесіне Оразалы мен Балтақай да ара-тұра сөз қосып, Абай жырларын жатқа ай­тып, әрбір сөзінің мәнін ашып, түрлі оқи­ғалармен түйіндеді. Бұл адамдардың елін, жерін, атамекенін, өткен тарихты зерделерінде берік сақтап, шешен де шебер айтқан әңгімелеріне Сәбеңнің көңілі толып:
– Бәсе, Мұхтар шешендікті қайдан үй­ренді десем бүкіл тобықты сайрап тұр ғой, – деді әзілдеп.
– Ол өз басынан еш­те­ңе шығармай-ақ сендердің айтқанда­рың­ды көшіріп берсе де тәп-тәуір жазушы болады екен.
Сыртта тұрған кейбір желөкпе жігіттер намыстанып:
– Мұхтар сияқты жазса қаламын кім тартып алыпты. Бірақ оған бойы жетпес, – десті.
Сәбеңнің әзіліне үйдегі үлкендер тегіс күлді.
– Әзілдерің жарасқан замандас адам­дарсың. Біз үшін екеуің де биік тұлға­сың­дар, – деді Әрхам. – Сенің «Ботагөзің» мен «Сұлушашың», Мұхтардың «Абайы» қолымыздан түспейді. Халқымыздың сөзін ұстаған кемеңгер азаматсыңдар, аман-сау жүріңдер.
Үлкен ас әзір болып отырғандар қол жууға кірісті. Мен өз міндетімді жақсы бі­ле­мін, сондықтан леген мен шәугімді күні бұрын әзірлеп қойғам, ақ орамалды иығыма салып Сәбеңнің алдына бардым. Сәбең қолын мұқият жуып, ақ орамалды алған соң бетіме қарап:
– Бақытты бол, балам, – деді. Қолын сүрткен орамалды иығыма қайта ілді де басымнан сипады.
– Жолың болсын! Мен қуаныштан есім шығып далаға жүгіріп шықтым. Ол жазған «Ботагөзді» өткен қыста Сағадағы үйде ауыл адамдарына дауыстап оқып бер­генім есімде. Сондай тамаша кітап жаз­ған адамның батасын алу керемет емес пе?
Қонақтар бір түнеп, ертеңінде жолға шықты. Кетерінде Кәменнің қолын алып тұрып:
– Сенің тырнақалды «Жексеніңді» оқып, үлкен үмітпен пікір жазғаным есіңде шығар, Кәмен. Мынандай ортада нашар жазу күнә. Ал еліңнің жақсылары­мен жолықтырғаныңа көп рахмет! Жаңа шығармаңды тосамыз, – деді Сәбең.
… Ер жеткен шағымда Сәбеңмен сан рет жолықтым. Әдебиет, мәдениет, өмір туралы ұлағатты сөздерін тыңдадым. Ба­ладай аңғал, ақкөңіл ағаның «менің өзім де бір қумын» деп алып айтқан күл­дір­гі әңгімелерін, жаңа 1968 жылдың қарса­ңын­дағы «Шұғыла» атты телехабарда (ті­ке­лей эфир) тоқтамай сөйлеп, абыржы­ған мені миллиондардың көзінше (31 жел­тоқсан, түнгі сағат 11-де) жұбатып, «уа­қытты жеп қойдың деп біреу-міреу кө­зін алайтса, өзіме айт» деген қамқор кө­ңілін қалай ұмытарсың.
Әсіресе, 1970 жылы, 21 сәуірде В.И.­Ле­н­ин­нің туғанына жүз жыл толған күнгі оқи­ға естен кетер емес. Қазақ телевизиясы осы мерекеге «Үнің кетпес құлақтан» деген бір жарым сағаттық әдеби хабарды жоспарлап, оның авторы әрі жүргізушісі ретінде мені бекіткен. Бұл кезекті дүние ем­ес, бүкіл Қазақстан халқы, оның басшылары түгел көңіл бөліп, бақылауына алған, көсемнің тұлғасына сай, жауапкер­ші­лігі зор туынды болуға тиіс еді. Ол кез­­де жазып алу техникасы жоқ, хабар ті­келей эфирден жүреді. Хабарға Сәбит Мұқанов бастаған қазақ мәдениетінің ең көрнекті қайраткерлері шақырылды. Өкінішке қарай, хабар басталардан бір күн бұрын Сәбең науқастанып ауруханаға түсіпті. Бір жақсысы, жатқан бөлмесінде телефон бар екен, жедел хабарласып ден­сау­лығын сұрағанымда, кешегіден тәуір­ленгенін айтты.
– Сәбе, Ленин туралы хабар бүгін көр­сетіледі, енді не істейміз? – дедім абыржып.
– Өзім де білмей отырмын. Дәрігер қыздар аңдып, далаға да шығармайды. Бір пәле болды, әй, бара алмаймын-ау!
Бұл, әрине, мен үшін оңай соққы емес. Үнсіздік ұзаққа созылды. Сәбең де телефонын тастамай тұр. Үстелімнің үстінде ақынның «Сырласу» атты өлеңі жатыр еді, есіме қалай түскенін білмеймін, соны оқи бастадым.
– Сәбе, Дейтұғын Сәбитпін мен, емен басқа,
Егерде «емессің» деп жала жапса,
Менің оған айтарым: «Не демексің,
Өзге емес, осы атты Ленин тақса!».
– Әй, бала, бұл менің өлеңім ғой!
– Бесіктен-ақ маған тап белгі таққан,
Таптты шаққан – бесікте мені шақ­қан.
Сап-сары ала, сап-сасық жөргекте де,
«Іңгә» орнына уілдеп «тап» деп жат­қам.
– Сәбе, бұл да сіздің өлеңіңіз.
– Сен өзің тақылдап, не айтайын деп отырсың?! Шырағым-ау, менің еркім өзімде болып тұр ма?! Сәбең даусынан сәл босаңсығандық байқалды.
– Жан сырым, халқым, маған сенсең егер,
Борышым шашымнан көп саған берер.
Желкеме шор түсер деп аямай сал,
Мен сенің өгізіңмін өрге жегер.
– Сәбе, халқыңызға хабарлап қойдық, бізде лаж қалмай тұр. Ленин туралы бірін­ші сөзді сіз бастайсыз… Хабардың кілті сізде.
– Әй, бала, – деді Сәбеңнің даусы жарықшақтанып.
– Абылайдың асында… дегендей, Лениннің тойында шаппағанда… дейсің ғой енді тақылдап… Жарайды, таптым! – деді ол кенет қуанып.
– Сен Мә­кен шешеңе хабар бер. Кешкі уколды ертерек алайын, машинамен менің кос­тюм-шалбарымды терезенің түбіне көрсет­пей алып келсін. Қашамын! Бірақ көп бөгемейсің. Әйтпесе, дәрігерлер сазайымды береді.
– Құп, Сәбе!
Сол кештегі шабытты айтылған Сәбең сөзі онымен тізелес отырған он бес шақты өнер тарландарының бойына от тастаған­дай әсер етіп, бұл хабарды Қазақ теледи­да­­ры­ның ең бір жарқын бетіне айналдыр­ған еді. Ұмытпасам, бұл Сәбеңнің те­­ле­ди­дарда сөйлеген соңғы сөздерінің бірі болатын…
Ал Ғабиден ағаның ұзақ жолдан қа­жып, үсті-басы шаң-шаң болып, машинадан түсіп жатқаны жадымда жатталып қалыпты. Оны бірден таныдым. Шашын бір жағына қисайта тарап, сабырлы жүзбен қарап тұрған суретін оқулықтан күніне көретінбіз. Олар жөн сұрағанша мен үйге жүгіріп кіріп, Ғабиден Мұстафин келгенін хабарлап, қайтадан шықтым:
– Әй, бала, бізді тоспай, неге қашып кеттің, – деді.
– Мен сізді таныдым ғой.
– Ә, солай ма? Ғабаңның жүзі жадырап, кеңк-кеңк күлді. – Жол бойында мені таныған сен екінші баласың.
Бұл жолы да Сәбең келгендегідей жұрт көп жиналды. Ел тарихы, жер тарихы, Құнанбай, Абай өмірі туралы әңгімелер айтылды. Исраил ата ән салды. Ғабаң әң­гі­меге сирек араласып, көбіне тыңдаумен болды. Әсіресе, Мұхтар Әуезов туралы ел­дің елжіреген көңілін сезген Ғабаң кү­лім­деп, өзінің де Мұхаңа деген ыстық ықыласын жасырған жоқ.
– Мына кісі қорғасын құйылған са­қадай салмақты, сабырлы адам екен, – десті тобықтының шалдары оңашада. Кел­ген-кеткен ақын-жазушының бәріне сын көзімен қарайтын, жазған-сызған­дарын, мінез-құлықтарын Абай биігімен өлшейтін оларға кісі жағу қиын еді.
– Е, тәйірі, қатардағы бір шобыр екен, – дейтін кейбірін.
– Өзіміздің Жүмәкілбайдың тыр­нағы­на тұрмайды.
Жүмәкілбай – қарапайым колхозшы бол­са да көкірегі даңғыл, аса тапқыр сөй­лейтін, шежіре адам. Абай сөздерін жатқа айтады. Соғыстан соңғы бар мен жоқтың арасында күн көріп жатқан, мұңы мен қуанышы егіз елді күлдіргі әңгімелерімен, өткір әзіл-ажуаларымен, бұрынғы-соңғы ақын­дардың нақыл жырларымен жұбата­тын оны бәрі сыйлайтын. Сондықтан Шыңғыстауға анда-санда бір соққан мерекелерге арнап өлең жазатын «арқалы» ақын­сымақтардан Жүмәкілбай ел үшін әлдеқайда қадірлі.
Осы отырыста оның талай қызғылықты істері айтылып, қонақ та, жұрт та жадырап қалды.
Ғабаң қонақтарды фотоға түсіріп жүр­ген аудандық газеттің тілшісіне бір қарап қойып, өз жәйіне көшті. Мінезі қандай сабырлы болса, ойы да салмақты, нәрлі екен. Әр сөзін баппен айтады. Осы сапарда Сарыарқаны көктей өтіп, енді ғана ес жиып, етек жаба бастаған халықтың тұр­мысын көріпті. Көп адамдармен сырласып­ты. Қуанғаны: соңғы жиырма жылда азап пен тозақтың талайын кешіп, соғыстың өртіне шалынып, селдіреп қалса да халық­тың сағы сынбапты, рухы жасымапты, жа­ралы жүрегін еңбекпен емдеп жатқан елді көріпті. Көңілін күпті еткен күдігі: тың көтереміз деген партия саясатын жан-тәнімен қолдайтынын, бірақ бос жатқан даламызға қара нөпірдей ағылып келетін әр нәсілдің арасында шөкімдей қазақ шашырап, тілі мен мәдениетінен айрылып қалмай ма деген ой. Осы жағы толған­ды­рады. Астанаға барған соң сол күдігін ел басшыларына жеткізбек. «Үй артында кісі бар» дегендей, Ғабаң жан-жағына бір қа­рап, сөзін басқа арнаға бұрды.
– Өздеріңіз білесіздер, мен советтік өмірді, бүгінгі күнді көп жазып, ауыл тір­ші­лігін суреттеуді мұрат еткен жазушымын. «Шығанақ» пен «Миллионерде» халқым, азаматтарым осындай болса деп арман еттім. Соны суреттеп көрсетуге ты­рыс­тым. Қазір өмірдің жалғастығын, ұр­пақ­ сабақтастығын, үкілі үміттің үзілмей­тіндігін тұғыр еткен жаңа роман жазу үстіндемін. Атын «Дауылдан кейін» деп қойдым. Сондықтан жыл сайын елімді аралап, халықтың көңіл әуенін аулаймын. Бүгін сіздердің ортаңызға келіп, бір жасап қалдым. Мұхтар әр отырыста туған жерін асқақтата мақтап, аузынан тастамаушы еді, оның сырын да түсінгендеймін. Көр­кем ой, көсем сөзге кемел екенсіздер.
Ғабаң күлімдеп, қасында отырған Абай ұрпақтарына мейірлене қарады. Содан соң маған көзі түсті.
– Мен осы сапарда екі балаға риза бол­дым, – деді. Жұрт еңсеріліп Ғабаңа таңыр­қай қарады.
– Осыдан екі күн бұрын Балқаш пен Ақтоғайдың арасындағы кең алқапта әңгіменің қызығымен отырып, байқамай жолдан адастық. Бір-біріне ұқсас жоталар, қалың көдесі ұйысқан ту даланың бір белінен екіншісіне шығып, шарлап келеміз. Кеш батуға таянды. Түнде жол таба алмайтынымызды біліп, ең болмаса қоналқыға бұлақ кездессе деп тілейміз. Шөлден тарығып, көңіліміз күпті боп ал­дағы қырға шыға келгенімізде сайда үр­кер­дей боп үш-төрт адам көрінді. Үйлерінің жұрты ғана жатыр. Жүктерін буып-түйіп қойыпты.
– Қазір машина келеді, жаңа қонысқа көшеміз, – деді шопан жігіт. – Малымызды кеше айдап әкеткен, бізді тосып отыр. Өрепкіген көңіліміз басылып, лажсыздан тосылып қалдық. Сол кезде шопанның жа­нындағы жасөспірім қыз қуанышты дауыспен:
– Әке, бұл кісі жазушы Ғабиден Мұста­фин ғой, – деді. Бізге жоламай, қашықтау тұрған қарт адам – шопанның әкесі екен, қыздың сөзіне селт етіп, емпеңдей басып жанымызға келді. Немересі тағы қайталап жатыр.
– Шын айтам, ата, оқулықта суреті бар, Мұстафин деген жазушы осы кісі.
– Апырай, Құдай айдап келген болар. «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген, мынау ен далада, жапан түзде сіздей адамды жолық­тыру қандай қуаныш. Балалар, теңді ше­шің­дер, үйді қайта тігіңдер. Бүгін көш­пейміз, – деді. Қымыз келді, мал сойылды. Көкірегі ояу қарт екен, түнімен әңгіменің тиегін ағытты. Менің романдарымды жаңағы немере қызы оқып беріпті, кейбір сөздерімді жатқа айтады. Не керек, түні­мен көңіліміз толқып, ұйқысыз таң атыр­дық. Кетерде қуаныштан жүзі бал-бұл жанған қызға батамды бердім. Екінші бала – мына тұрған, атың кім, қарағым? – деді Ғабаң мені нұсқап.
– Сұлтан.
– Жолдан қажып, шаршап, Кәменнің үйі осы ма, жоқ па деген күдікпен тоқта­ға­нымызда мені жазбай танып, сүйінші сұрап жүгірген осы Сұлтан емес пе? Жо­лың болсын, балам! Тілегіңе жет!
Ғабаңмен бірге жұрт жыпырлай бетін сипады.
– Жазушының бақыты – оның туындыларын халқы іздеп оқып, ғибрат алуында, ал шығармашылық ғұмыры – әр ұр­пақ­тың өзінше танып, біліп, ұмытпай жа­­дында сақтауында ғой деймін. Мына балалар менің жазушылық ғұмырымды ұзартып, таным-түйсігімен көңілімді мар­қайтты. Қиян далада осындай балғын оқу­шыларымның болғаны мерейімді өсірді.
Жылдар өтті. Ғабаңмен алпысыншы жылдардың аяғында өз үйінде жолықтым. Таныстырған Сапарғали Бегалин еді. Жа­ды берік адам екен, Қарауылдағы оқи­ғаны ұмытпапты. Сол кезден бастап, Ға­баң өмір­ден өткенше қатынасымыз үзілген жоқ. Мен ол кісі туралы эссе, мақала, сце­нар­ийлер жаздым, бейнефильмдер түсір­дім. «Сұхбат» сериясын тұңғыш рет Ғабаң­нан бастадым. Жазушы туралы «Куәгердің көзімен» атты бейнефильмім Орталық Телевизия арқылы бүкіл Совет Одағына бірнеше мәрте көрсетіліп, Кишинев қа­ласында өткен Бүкілодақтық телефестивальда жүлдегер атанды. Ғабаңмен жұ­мыс істеу жеңіл еді. Сабырлы, соншама қа­ра­пайым, ықыласы түскен адамына мейірімі мол, пікірінен айнымайтын адам болатын. Ол кісінің замандасы Әлжаппар Әбішев:
– Мен Ғабиденді білгелі жарты ғасыр өтті. Осы уақытта Алматыда жер екеш жер­дің өзі алты-жеті рет сілкінді, ал Ғаби­деннің әлденеге ашу шақырып, қозғал­ғанын көрген емеспін, – деген. Бұл – ақиқат мі­не­з­деме. Сол Ғабаң бірде телефон соқты.
– Сұлтан, мен жаңа Жоғарғы Кеңестің төрағасы Саттар Имашевпен сөйлестім. Өзі хабарласты. Саған таяуда «Қазақс­тан­ның мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер» атағы беріледі, – деді.
– Ойбай-ау, Ғаба, ол кісі мені қайдан біледі?
– Бір жолыққанда мен айтып едім. Азамат екен, уәдесінде тұрды. Жаңа өнер­дің басында жүрсің, еңбегің атаққа лайық. Қысылма! Өздері де сені бағалап, біліп отыр. Ал енді құтты болсын!
Бұл атақ ол кезде кемеліне келген, елу-алпысты алқымдаған, жоғары қызметте жүрген адамдарға ғана берілетін. Ал мен болсам әлі қырыққа да толмаған едім. «Жақсыдан – шарапат» деген осы.

ПІКІРЛЕР1
Ертісбай 17.01.2018 | 10:09

Жақсы әңгімелер екен, бірақ Сәбеңнің алдында көсілген қарттардың не айтқанын өзінің фантазиясымен құрастырғаны көрініп тұр. Ол кездегі қарттар бұлай сөйлемейді, ситуацияға байланысты ағытылады. Сұлтекең саясатқа бұрыпты… Мұхтардың қожа екенін аттап кетіпті, ал олар қандай қожа екенін, Тобықтыға қалай келгеніне дейін қолмен қойғандай айтып берсе керек еді…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір