Адалдан жиған мал…
20.08.2015
2423
0

айтбайКеңес ыдырап, кеңшар тараған кез. Сәрсенкүл кемпірдің жалғызы, төрт ұл-қыздың әкесі, жасы қырықтан асқан механизатор Айбектің «ненің қай жерін жусаң да, мал тауып, өз күніңді өзің көру» сынды алабөтен мәселеге бас қатырып жүргеніне бір жарым жыл өткен. Бұрыннан тұрмыстық жағы жетісіп тұрмаған кейіпкеріміздің бары – қам қыштан салынған төрт бөлмелі үй мен бұдан жиырма жыл бұрын, бидай орақта бірінші орын алғанда марапат ретінде мінгізілген, әбден тозығы жеткен, бірінші моделдегі «Жигули» еді. Ал мал жағына келсек, неге екені белгісіз, қоразы жоқ, сегіз тауық қана болыпты. Алдымен әлгі жабағы «Жигулиімен» жетпіс шақырым аудан орталығына қатынап, жолаушылар тасып жүргенінде, түн мезгілінде көлігін жалдаған бұзақылар елсіз жерге келгенде өзін сабап, «Жигулиін» тартып мініп кетеді. Кейінірек көлік бір сайдан табылыпты. Бұл оқиғадан кейін таксистікпен қоштасқан Айбек әрі ойланып, бері ойланып, ауылға базардан азықтық заттар әкеліп сатпақ болады. Сондағысы кәмпит-күлше «Сникерс», «Марс» сияқты тәттілер. Тоқ етерін айтсақ, онысынан да пайда таппайды. «Жазып қой… кейін төлеймін» дегендерге тәттілерін тегін тарата берген. Алғандарын өңештен өткізіп алған ауылдастарының арасында қайтармақ түгілі, қарызын әлдеқашан ұмытқандардың қарасы көбейіп кеткесін, қаражатын қайтару үшін біраз дау-дамайға барып, ол шаруасын да жиыстырады. Ақша табу оңай емес. Біреудің әмиянындағы ақшаны өзінікіне көшіру үшін кейбіреулер атыс-шабыс­қа да барып жатқан уақыт. «Биз­нестің – соғыс» екеніне көзін жет­кізе бастаған Айбек тағы бір іске ұрынып көрді.

…Соңғы екі-үш айда үйіндегі жа­рық түн жарымына дейін сөнбейтінді шығарып, Ай­бектің арақ шығаратын «мини цехы» жұмысын қызу қарқын­мен атқарып жатты. Бір түнде орташа норма – жүз жартылық. Өндірген зат­ты өткізу өзекті мәселе екенін ұғынып қал­ған Ай­бек жан-жақтан телефонмен қа­жет­ті мағлұматтар жинап, «заказ» қабылдайтын менеджерлік міндетті әйеліне тапсырады. Сауданың көрігі – жарнама екенін де ұмытпайды. Оны жазуға мектепте оқып жүргенінде қабырға газетіне редактор болған кластасы Зәкірді тартып, «Арағымның аяғы жерге тимейтіндей етіп мақтап берші», деп өтініпті. Кластасы түсінік­сіз­деу, «Шизик» деуге қимасаң да, одан бір нәрсенің «салқыны» сезілетін. Екі ауыз сөз айтып, пікірін сұрасаң, бәді­гін сапыра тоқтаусыз қуып кетіп, миың­ды шағып, қолыңа ұстататын кө­бік ауыздың өзі еді. Сол Зәкір шыға­рылатын «өнім» туралы аз-кем ма­ғлұ­мат алған соң, бүй депті: «Әлемдік деңгейдегі классикалық технология бойын­ша «Мимырт» ауылында дайын­дал­ған Айбектің «Айрықша арағына» сипаттама», – дей келе астын екі рет сызып қойып, ары қарай ойға шомып, басына келгенді ақ қағазға аударғаны «Япыр-ай!.. ауылда қалып, танылмай жүрген талант па?!», – дегізерліктей болатын. Ол былайша толғанады: «О, спирт! Этилдің баласы. C2H5OH! Сен құдіретсің! Оған еш шүбә жоқ. Сенсіз мына дүниені мұң басып, адамдар қайғыға қарсыласа алмай, қарадай қаңғып кетер ме еді. Әсіресе, мына өзгерісті уақытта өмір сүріп, күйзеліп жатқан жамағатты жебеп жіберуге Айбектің «Айрықша арағы» атанып жетіп келгенің, өзіңді бұрыннан арқа тұтып жүрген ағайынды рас мерейлен­діріп жіберді. О, спирт! Сен – мидың азығысың. Оны аңдысып отыратын өзінің шаңырағына бағынбайтын етіп, төменгі тетіктерін істен шығарып, қу тіршіліктің алдамшы әурешілігінен құтқаратының, ғылымда айшықты мысалдармен дәлелденгені көзіқа­рақты өзіңді ішетіндерге, екі жердегі екі – төрт болатынындай белгілі. Мик­роб, вирустармен жауығуыңнан, сені ішкендерге инфекцияның жоламайтыны өз алдына жөні бөлек әңгіме. Бүгінгі қаптап кеткен депрессия, психо­астения сынды дерттерге бір­ден-бір дауа екендігіңді Денсаулық сақтау министрлігі дабылдата жылма-жыл айтып келе жатқанымен, кей­біреу­лер­дің оған құлақ аспай, төрдегі орныңды бермей, өзіңді мойындамай отырғаны ашу-ызамызды келтіреді. Бір-ақ біз­дің «Мимыртта» ондай әді­летсіз­дік­ке жол жоқ! Орның – үйі­міздің төрінде, ішіп алсақ – көңілі­міз­дің көгінде. Әрдайым сенің Спирттік бейнеңнің алдында басын иетіндердің саны күн санап артып келе жатқаны көңілге қуаныш сезімін ұялатып, бо­лашақтың жарқын екендігіне сендіре түседі. Кейін жерге қайыру қиынның қиыны болса да, адамдарды қанат­тандырып, хош иісіңмен санасын сандалтып ақ бұлттардың ар жағына көтере бер. Тек оралмастай етіп, ға­рышқа алып кетпесең болғаны», – деп бір тыныс­пен-ақ Спиртекеңнің «құді­реттілігін» дәлелдей шиіріп тас­таған Зәкір арақ құрамындағы минералды суға кезек береді.

«Ерекше бапталған Айбектің ара­ғының құрамындағы арасанның адам ағзасына пайдасын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оны тек ішкенде ғана білесің. Араның ашылып, асқа тоймайтын боласың. Дозасын көбей­те берсең, не істеп, не қойғаныңды біл­мей­тін халге жетесің. Энергетика­лық құндылығына келсек, тау қо­пару­ға дайынсың. Этилдің баласы мен сұлу қыз – минералды судың қосылуы­нан үйлесім тауып, дүниеге келген, жұғым­ды, жұмсақ дәмді «Айрықшаны арақ» десек артық айтқандық болар. Ол арақ емес!.. дәрі! Мұны Денсаулық сақтау министрлігі де мақұлдап, дәрі­ханаларға шығаруды жоспарлап отырғанын және пайдалану көрсет­кіш­терін де анықтағанын жасыра алмай, жайып тастап отырмыз. Гаст­рит­тердің, колиттердің, гепатиттердің түр-түріне ем іздесеңіз, заманалы, озық технологияларды қолдана дайын­далған «Мимырт та» өткен Халы­қаралық конкурстың алтын медалін жеңіп алған «Айрықшаға» жүгініңіз». Жарнама дайын болғасын әйелі оқып көріп: «Денсаулық сақтау министрлігі шатақ шығарып жүрмей ме?! Оны қоспай- ақ қойсақ қайтеді», – дегеніне отағасы сенімді үнмен: «Ол министрліктің біздің «Айрықшаның» жарнамасынан басқа шаруасы жоқ дейсің бе?! «Ит егесін танымайтын» уақытта министрліктің «шатақ шығара­тын» өкілдері «Мимыртқа» жеткенше, біз де біраз жерге ұзап кетерміз», – деп тыныштандырыпты. Кластасы жазған жарнама жоғарыдағыша өрілгенде, «өнімді» қалай өндірді екен?», – деген сұрақ оқырманды ма­за­лауы мүмкін екенін ескеріп, енді сол жағына ойысайық. Үйдің кіребе­рісіндегі үлкен бөлмедегі көрініс мынадай. Текемет үстіне дастархан іспеттес жайылған ақ жайманы айнала Сәрсен­күл кемпірден бас­қа отбасы мүшелері түгел жай­ғасқан… Төр жақ­та мол­да­со­қынып отырған отаға­сының жа­нындағы, әр­қайсы­сын­­да жиырма ұясы бар бес жәшікте жуылып-шайылған бос бөтелкелер. Есік­ке та­ман тағы бес жәшік тұр. Бі­рақ ішін­де бөтелке жоқ, бос. Осы бос жә­шік­терге төрдегі жүз бөтелке, ішіне «Ай­рықша арақ» құйылған соң қоныс аударуы керек.
Сонымен, атқарылып жатқан істің «озық» технологиясы мен алгоритміне тоқталсақ, отағасы 200 миллилитр 95% спиртке 300 мл. минералды суды қосып, өлшеуіш белгілері бар шөміш­пен бөтелкеге құйып, оң жағында отырған отанасына ысырады. Оны­сының функциясы – бөтелкенің аузын жабу. Ары қарай үлкен қызы бөтел­кенің бүйіріне «этикеткасын» жапсырып, екіншісі мойнына Зәкір жазған жарнамасын байлайды. Үшінші қызы бөтелкені айналдыра сүртіп, «товарный видке» келтірген соң, бес жасар ұлы дайын жартылықты жәшікке апарып салады. Міне, бар «процесс». Одан әрі ауылдарда күз айларында көп болатын, бес жүз адамнан кем қонақ шақырылмайтын той-томалақ­тарға қарай, рөліне Айбектің өзі қон­жиған жабағы «Жигулимен» жол тартып кете береді. Арақ өндіру ша­руа­сына ауыл-аймақтан ешкім қарсы емес тәрізді. Тек анасы болмаса. Сол кісі ғана түн сайын тысқа шыққанда, арақ дайындаушыларды жанай өтіп бара жатып, реніш біл­діреді. Міне, түндік норманы орындау аяғына тақа­ғанда ішкі бөл­меден шық­қан Сәрсен­күл кемпірдің қарлығыңқы үні естілді.
– Мыналардың үйді арақ сасыт­уын-ай… Молданың қызы едім… қор еттіңдер-ау. Арақтан жиған мал – арам… Маған да, сендерге де жақ­пай­ды және жұқпайды… шайтанның суынан тапқандарың. Басқа істі ай­нал­дыруға миың жетпеді ме, балам?! Неге араққа жабысып қалдың? – деп кейіді шүйкедей, ақ шашты кейуана.

– Ой, апа! «Адал, арам» деп, аштан өлеміз бе? Ауылда жұмыс жоқ. Не істе дейсіз?
– Жер ем! Мал бақ!

– Оларды алу үшін қаражат керек емес пе?!
– «Үкімет өлтірмейді» деп жүре бермей, баяғыдан әрекет еткеніңде, бұн­дай күйге түспес едің. Өзіме де обал жоқ. «Жалғыз бала» деп бетің­мен жібергенімнің жемісі осы бол­ғаны да… – деп, соңында өзін күрсіне кінәлаған кемпір кебісін тауып киіп, тысқа шығып кетті.
…Енді соза бермей, әңгіменің «куль­минациясына» көшейін. Айбектің шынымен жағдайы түзеліп, киім-кешектен, ішім-жемнен артылған ақша­ға, анасының «Мал бақ!» дегенін бас­шылыққа алып, екі бұзаулы сиыр сатып алады. «Мини цехтың» жұмысын тоқтатады. Көп ұзамай анасының «бізге жұқпайды» дегені келіп, екі сиыр бұзауларымен аусылдан өледі. Ертемен Айбек әйелімен ветеринария қызметкерлерінің талабына сай, өлген сиырларды көмуге трактормен сүйретіп әкеткенде спирттің микроб пен вирустарды жоятынын Зәкірдің жарнамасынан білетін үлкен қызы аусыл тауықтарға да жұғып қал­мауы­ның алдын алу мақсатында үйде арақ дайындаудан қалған бір «баклажка» спирттен әр тауықтың құлқынына шприцпен аямай-ақ құяды. Оған қоса, тауықтар су ішетін ыдысына да бірер стақанын араластырып болған соң мектепке сабаққа кетіп қалады. Бірер сағаттан кейің Сәрсенкүл кем­пір сыртқа шыққанда әр жерде сұлап жатқан сегіз тауықты көреді. Әрірек­тен қораздық міндетін атқаруға күн суытпай келіп тұратын көршінің әтеші, жүріс ырғағы бұзыла, сүрініп-жығы­лып, үй аралық шарбақтағы өзі ары- бері өтіп жүрген қуысқа қарай асыға бет алғанын байқайды. Жүріс ырға­ғының бұзылуы қос үйдің тауықтары­ның «шаруасын» тындыру жолындағы тығыз «жұмыс» ритіміне төтеп беру үшін ыдыстағы спирт қосылған судан аздап «ұрттағанынан» болуы керек. Кемпір «Аусыл тауықтарды да жалма­ған екен» деп ойлайды. Ойлайды да «Адал мал едің… Ең болмаса, жүнің мен қауырсындарыңды «құс жас­тыққа» алып қалайын…», – деп өзіне-өзі күбірлеген кемпір көп ұзамай ала­шаның үстінде тауықтардың жүнін бұрқырата жұлып отырады. Ұқыпты, пысық кемпір тауықтардың дымын қалдырмай жұлып болған соң, тыри­ған «тыржалаңаш» қалпында қапқа салып, үйден екі жүз метрдей жердегі күл-қоқыс төгілетін жерге апарып, ау­дарып тастайды. Түс ауа кемпір тапшанда шай ішіп отырғанында есік­тен кіріп келе жатқан, күн астында үш-төрт сағат қыздырылғаннан қыз­ғыштау денесі «грильге» айналуға сәл-ақ қалып, шиқандай қызарған та­уықты көріп: «Елес пе, не пәле?», – деп көзін сүрткілеп, қайта-қайта қарайды. Соңынан ашамай-ашамай, жүнсіз ырсиған денесі қып-қызыл болып екіншісі келе жатады… Үшін­шісі… Төртіншісі… Бұлар мастығы тарап, біртіндеп үйге оралып жатқан тауықтар еді. Сегіз тауық түгел жинал­ған­да барып әлгінде өзі жүнін жұлып алған тауықтары екеніне көзі жетіп: «…жалғызымның адал малы… …ана дүниеден аман-сау оралғанын айтсам, ешкім сенбейді-ау…», – деп кү­­­бі­р­­лепті, тауықтардың «тіріліп» кеткеніне қуанған кемпір.
…Зуылдақ уақыт бір орнында тұр­сын ба?! Осы оқиғадан кейін де жиырма екі жыл шапқылап өте шығыпты. Ұзынқұлаққа сеніп, эпилог ретінде айтсақ, баяғы жүні жұлынған сегіз мас тауықтың иесі Айбек бұл күндері агробизнестің жілігін шағып, майын ішкен, пәленбай гектарға астық егіп, өрісі малға толып, өңірдегі «атышулы Айбек байға» айналған деседі.

Айтбай Тәсілов.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір