АҚ ӘТЕШ
Тауықтан да батыр шығады
Ақ әтеш есейгелі Зиба апаға да, бізге де, көршілерге де тыныштық жоқ. Ұрыншақ бәле көршілердің ауласына жиі барып, тауықтарын шулатып жүргені. Зиба апа ақ әтештің ұрыншақтығына ашуланғанда оның көзін сол сәтте-ақ құртып жібергісі келеді де:
– Қой, тимейінші Ксения, қыздың маған берген сыйлығы ғой, – деп райынан тез қайтатын.
Осыдан екі жыл бұрын біздің ауылдың 7 жылдық мектебіне орыс тілінен сабақ беруге келген Ксения атты швед қызы өзімен бірге ала келген екі ақ балапанды Зиба апаға сыйлаған еді. Зиба апа әкемнің туған қарындасы. Күйеуі қайтқалы бес-алты жылдан бері қызы Қарашаш екеуі бір аулада бізбен көрші тұрады. Балапандарының, екеуі де еркек екен. Есейе келе екеуі де сұлу болып өсті. Біздің ауылдың қарашұбар тықыр айдарлы жатаған әтештеріндей емес, мүлде бөлек. Олар өскен сайын сирақтары ұзарып, қызыл гүлдей желкілдеген әсем айдарлары аппақ түстеріне ерекше әрлендіре түскендей. Өздері өте батыл, өжет-ақ. Есейген сайын итке де, құсқа да, адамға да айбат шегетін болды. Үй маңына келген бұралқы иттерді тырқырата қуып тастайды. Әттең, сол батылдықтың, төбелескіштіктің кесірінен біреуі итке таланып, ерте өлді. Енді жалғыз қалған әтешті өзімнен екі жас үлкен ағам Жомарт екеуміз ит-құсқа тигізбей, қызғыштай қорғап жүреміз. Қанша қорғасақ та, төбелесқұмар пәле аула маңына ештеңе жолатпайды. Ақ әтештің сұлу тұлғасы да, өжеттігі де ауыл балаларына қатты ұнады. Ақ әтеш есейгелі балалар оның күшін сынау үшін Өмірбектің қара шомбал атанған ірі сақа әтешімен айқастырғанша асығуда. Ауыл әтештерінің ішінде қара шомбалға тең келетін әтеш жоқ. Оның бұқаға ұқсас қысқа мойынымен бірыңғай бұлшық етті сом тұлғасын көргенде еріксіз сүйсінесің. Қара шомбал десе, қара шомбалдың нағыз өзі. Жазғы демалыс басталысымен-ақ ауыл балалары Өмірбекті де, мені де қоярда-қоймай үгіттеумен жүріп, ақыры жексенбі күні ауыл сыртындағы алаңға сағат онда жиналдық. Ауылдың жетіжылдық мектебіндегі балалар түгел келіпті. Олардың арасында үлкендер де жүр. Өмірбек екеуміз әтештерімізді алып келе жатқанда дөңгелене жиналған жұрт қол соғып, шуласа даурығып қарсы алды. Ауыл жұрты осынша қошеметпен қарсы алып жатқанда әтешім жеңсе екен деп, Алладан тілек тілеумен келдім. Айқас басталар алдында әтешімнің күшін сақтап, бір күн бұрын далаға қаңғыртпай, қамап ұстадым. Егер әтешім осы жолы жеңіске жетсе, онда екеуміз де ауыл балаларының алдында үлкен беделге ие болар едік. Бірінші Жаратушыға, екінші әтешімнің өжеттігіне сенемін. Дөңгелене жиналған жұрт орталарынан төреші де дайындап қойған екен. Денешынықтырудан сабақ беретін Мақсұт ағайды сайлапты. Ол кісі бізге:
– Ал, кәнекей, әтештеріңді бір-біріне қаратып ұстаңдар да, мен берген командамен жіберіңдер, – деді. Айтқанын орындадық.
Бұған дейін екі әтештің де мықтылығын жер-көкке сыйғызбай мақтап жүрген балалар айқас басталысымен-ақ: «Әй-да, соқ! Әй-да соқ», – деп шуласып кетті. Екі әтеш те жанкүйерлердің көңілінен шыққысы келгендей бір-біріне гүрс-гүрс атылып, айқас бірден қызды. Қарашомбал ақ әтешке қарағанда аласалау, мойны да, аяғы да қысқа. Бірақ сомдалған тығыршық денесі ірі. Тура ежик шашты бұқа палуандарға ұқсайды. Ал ақ әтеш оған қарағанда сидам. Бойы биік, аяғы ұзын, дене тұрпаты жеңілдеу. Қарашомбал оны тығыршық денесімен екілене соққанда анау шалқалай құлайды да, іле қайта тұрып, қайта атылады. Тегеуріні мықты қарашомбал ақ әтешті бірнеше домалатып түсіргенде оның күшіне риза болған балалар: «Әй-да соқ, әй-да соқ, жаса қара шомбал! Жаса Қарашомбал!», – деп шуласа айқайлап кетті. Екі әтештің де айқасы әбден қызды. Қара шомбалдың екпіні өте қатты. Қанша дегенмен, сақа әтеш жас әтешті кеуделей соғып, шыдатар емес. Әтешінің басымдылығына риза болған Өмірбек қалай екен дегендей Жомарт екеумізге кезек қарап қояды. Аракідік әтешін қолпаштап: «Үй, Қарашомбалым, үй қара тарланым, әй-да соқ, әй-да соқ, аямай соқ», – деп мақтана айқайлайды. Уақыт өткен сайын екеуінің де екпіні басыла бастады ма, аракідік жер шоқығансып, бір-біріне айбат шеккен болады да қайта атылады. Кейде тістесіп қалғанда бір-бірінің айдарын шоқып та үлгереді. Ақ әтештің айдарынан аққан қан аппақ денесінен айқын көрініп жүр. Ал Қарашомбалдың тықыр айдарынан қан байқалмайды. Ақ әтеш қанша қансырап жүрсе де, шабуылын бірінші бастап, қарашомбалға өршелене атылады. Өжет мінез қайсарын, қарсыласының екпіні бәсеңдеген сайын, жиі атылып енді оған ес жиғызар емес. Қарашомбалдың шабуылы бәсеңдеп барады. Оның шаршағаны аңғарыла бастады. Аузы ашылып кеткен. Жайылып кеткен қанатын да жия алмай, алқына дем алады. Осы кезде Өмірбекке көзім түсіп кетіп еді, ол бұрынғыдай емес, әтешінің мүшкіл халін көріп, жыларман болып отыр екен. Ақыр соңында ақ әтештің жиі шабуылына төтеп бере алмаған Қарашомбал бас сауғалап қаша жөнелгенде Өмірбек жүгіріп келіп, әтешін көтеріп алды да:
– Кеше жемді көп беріп қойыппыз, – деген сылтаумен әтешін құшақтаған бойда тайып тұрды. Ақ әтештің ерлігіне риза болған жұрт орындарынан шуласа тұрып, «жаса, жарайсың ақ әтеш!», – деп стадионды бастарына көтерді. Осы айқастан кейін ақ әтештің атағы бүкіл ауыл балаларының мақтанышына айналды. Бәрінің де айтары ақ әтеш. Қарашомбалды жеңіп, атаққа ие болған ақ әтешті бұрынғыдай көршілер де қумай, қайта оның келгеніне қуанып, өзі жиі жұмыртқалайтын тұқымнан екен, тұқым алайық дейтін болды. Бұрын ұрыншақ мінезімен көршілердің тауықтарына қырғидай тиіп, талай қуғын-сүргінді көріп, бірнеше ажалдан қалған ақ әтеш еркіндік алғалы қай көршіге барса да, қоразсымақтарын қуып шығып, тауықтарын емін-еркін иеленетін болды.
Мәртебесі өскен ақ әтеш көршілердің ауласынан кейде кеш оралса, кейде келмей де қалатынды шығарды. Келмей қалғанда Зиба апай тағы да біреудің қорасында жатқан шығар деп бұрынғыдай іздемейтін де болды. Ақ әтештің далада қонып қалуы жиілегенде Зиба апай Жомарт екеумізге ұрысқандай боп, оған да ренішін аңғартатын.
– Қаңғыбас-ай, әбден қаңғитын болып алдың-ау. Бір күні басың далада қалмаса жарар еді, – дейді бұрқырап.
Ақ әтештің бір күні қызық оқиғасына тап болдық. Астанадан ақын ағамыз келіп, аула ішінде Жомарт үшеуміз отыр едік, әдеттегідей кештете оралған ақ әтеш аула қақпасына қонды. Зиба апа осының алдында ғана тауықтарға жем салған болатын. Ол жем жеп жатқан тауықтарына биіктен біраз қарап тұрды да, ауланың шетіне қарай ұшып барып, тас түйіршігін шоқыған болып, қайта-қайта қыт-қыттай бастағанда жем жеп жатқан тауықтар әтештің даусын естісімен, оған қарай жапа-тармағай жүгірді. Осы сәтте келіп өзін қоршаған тауықтардың ішінен ақ әтеш көңіліне қалағанын басып қалғанда, мұны көрген ақын аға қайран қалып:
– Туһ, не деген айлакер! Мұндай да айлакер болады екен-ау. Көп тауықты қуып әуре болмай-ақ, оларды айламен өзіне шақырып алып, көңіліне ұнағанына оп-оңай ие болып қалады.
– Апырым-ай, әр жаратылыстың өз құпиясы болады екен-ау, – деп ақ әтештің ісіне таңырқай қарайды.
Әкем ертең өзен жағасынан құрғақ тал жинап алып келіңдер деген соң, Жомарт екеуміз ерте жаттық. Жазғы уақытта көбіне аула ішінде ұйықтайтынбыз. Қатты ұйқыда жатыр екенмін, баж етіп кеудеме қонған тауықтың дауысынан шошып ояндым. Көзімді аша салып, неде болса ақ әтеш шығар деймін. Дәл өзі. «Қоқ-қо-қақ», – деп қашып жүрген әтешті Зиба апай қолына таяқ алып, қуып жүр. Әтеш пен апайдың айқайына көршінің иттері қосылғанда, азғантай ауыл әп-сәтте у-шу болды да қалды. Зиба апаның ақ әтешті неге осынша өшіге қуып жүргенін кейін білдік. Шай қоймақшы болып, құдықтан су алып, шелекті жиегіне қоя бергенде, шөлдеген ақ әтеш шелекке қонып, аударып кетеді. Су толы шелек апайдың тура аяғына құлайды. Ұрыншақ әтешке әбден ашуы келген апай жарақат алған аяғын сылти басып, оны қоярда-қоймай қуып жүр. Біздің оянғанымызды көре салып:
– Маратжан-ау ана бәлені маған тірідей ұстап беріңдерші. Басын жұлып, сорпасын ішейін деп кіжінеді.
– Соның көзін баяғыда құрту керек еді, – дейді ұйқысы қанбай қалған Жомарт.
– Әй, болмаса сол бәлені тал шабуға барғанда ала кетіңдерші. Далада ішкен ас тәтті болады. Кастроль берейін, – деп апай бізді қызықтырған болады. Апайдың осы сөзінен кейін ақ әтешті көршінің ауласынан үйге қайта қуып келдік. Көршінің балалары қосылып, жабыла қаумалап ұстамақшымыз. Бірақ ақ әтеш бізге оңайлықпен ұстатар емес. Біресе қораның төбесіне, біресе қақпаның үстіне қонып, жерге түспей қойды. Құр қуғаннан ештеңе шықпайтын болған соң, апай енді айлаға көшті. Табаққа жем салды да, тауықтарды қыт-қыттап қораға қарай шақырды. Қашан да қыт-қыттап шақырғанға үйренген тауықтар апайдың соңынан лап қойды. Енді ақ әтеш қайтер екен деп, біз үнсіз бақылап отырмыз. Ақ әтеш жан-жағына сақтана қарап, кішкене тұрды да, қораға қарай ұшып, бірден ашық есікке қойып кетті. Бізде соңынан тез барып, есікті жаба қойдық. Есік жабылысымен қора іші, әп-сәтте опыр-топыр у-шу болып кетті. Жанұшыра бажылдаған тауықтардың даусымен қоса, апайдың ырс-ырс алқынған үні де естіледі. Қоқ-қо-қақ деген ақ әтештің дауысы естілісімен, біз де ұсталды-ау деп қуанғаннан есікті аша қойдық. Қолында әтеш, қас жауын жайратып шыққан батырдай Зиба апа сыртқа шыққанда айналадағы балалар қуана шулап қоя бердік. Апайдың басындағы орамалы иығына түсіп, шашы жалбырап кеткен. Жаратылысында толық ірі адамның шаң мен терге айғыздалған ақ-сары жүзі күреңітіп, алқына дем алады. Қолындағы ақ әтешке кіжіне сөйлеп:
– Сорпаң ішілгір-ай, бүгін қайтсеңде сорпаң ішілер, бәлем, – деді де Жомарт ұстап тұрған қапшыққа сүңгітіп жіберді.
Әкем тор биені арбаға жегіп, сыртта күтіп тұрған еді. Біз жүре бергенде әлі де ақ әтешке өші кетіп бара жатқан апай:
– Сол бәленің сорпасын маған да ала келіңдерші, – дегенде әкем кеңкілдей күліп:
– Құдай-ау, күнде ит қырғында жүрген сол бәледе қандай сорпа болушы еді. Одан да тез жұмыстырыңды істеңдер де, тез үйге қайтыңдар, – деді. Өзенге келісімен Жомарт кастрольге су толтырып алып келді де:
– Ертерек кастрольді отқа қойсақ, ет те пісіп үлегереді, – деп есі шығап жүр. Қолына балтаны ұстап алған:
– Тез бол, басын балтамен бір-ақ шауып, жүнін жұлайық, – дейді.
Мен балапан кезден қолда өскен әтешімді қимай, сылтауға көштім.
– Жә, балтамен шабуға болмайды. Еті харам болады, пышақпен бауыздау керек, – дедім.
– Қап, пышақ алуды ұмытып кетіппіз ғой. Басы шабылып, қан шыққан соң бәрібір емес пе?, – дейді Жомарт дегбірсізденіп.
Мен де сылтау айтып, болмай қойдым.
– Болмаса «Бісмілләні» айтып, тамағын шынымен іреп, қан шығарайық, сосын балтамен шаба бер, – дегенімде:
– Мұның да дұрыс екен, – деді де бірден шыны іздеуге жөнелді.
Әтешімді алдыма алып, ұзақ отырдым. Сірә, бұл маңайдан шыны табу да оңай емес шығар. Жомарт кеткелі біраз уақыт өтті. Ақыры әтешімді союға қимай, ол келгенше қалың жыныстың арасына қоя бердім. Мен босатысымен ақ әтеш тұра қаша ма деп ойлаған едім, ол кішкене ұзай берді де, артына қарап тұрып қалды. Қанша дегенмен, қолда өскендіктен шығар, бірдеңені сезгендей маған қарап біраз тұрды да, қалыңға қарай ақырын басып кете берді. Осы кезде қайдасың деп айқайлаған Жомарттың даусы ести сала арбаға келдім. Ол шыны сынықтарын жинап әкеліпті, мені көре сала:
–Өй, әтеш қайда? – деп дүрсе қоя берді.
– Қолымнан байқаусызда шығып кетті, – деп едім:
– Туһ, шірік-ай. Бір тауыққа ие бола алмағаның ба? – деді де мен келген жаққа қарай жүгіре жөнеліп, қайта оралды да:
– Мейлі, кетсе-кетсін. Қолда өскен әтешіміздің етін жемегеніміз де дұрыс шығар. Қар түскенге дейін біраз уақыт бар. Тірі жүрсін. Бірақ оның аппақ түсі, жыртқыштардың көзіне бірден шалынады-ау. Ең болмағанда, сыныптас досым Серікке бере салу керек еді. Ол ылғи да әтешіңді екі-үш күнге біздің тауық қораға жібере тұр, тұқым алайық дейтін. Қап, әттеген-ай, Серікке де бұйырмады-ау. Қой, қалайда оны іздеп тауып алайық, – деп қалың жынысқа кіре бергенімізде төбемізден құлдилай төмендеп келе жатқан дәу қарақұс ағынымен қалыңға қойып кетіп еді, ақ әтештің үні бірден естілді. Ол қайта көтерілгенде уысында әтеш төбемізден баяу ұшып, биіктей берді. Біз де соңынан айқайлай жүгіріп, қолымызға не түссе соны лақтырып:
– Таста-таста, – деп қуып бердік.
Ол біздің айқайымызға елең етпестен, ауылға қарай ұзай берді. Ақ әтештен көзбе-көз айырылып қалғанымызға қатты өкіндік.
– Сірә, ауыл сыртындағы бөгет басына ұя салған қара құс осы шығар, – дейді Жомарт өкінішпен.
– Иә, дәл соның өзі, – деймін мен де өкінішімді жасыра алмай.
– Қа-ап, ақ әтеш ақыры қара құсқа жем болдың-ау!..
Қураған талдарды арбаға тиеп болып, суға түсіп біраз дем алдық, ақ әтеш ойымыздан кетер емес. Қара құс оны балапандарына апарып, боршасын шығарып, бөлшектеп жатқандай елестейді. Қайтейік, енді ақ әтеш бізге жоқ. Ауылға кештетіп оралдық. Жол бойы үнсіз келеміз. Екеуміздің де оймыз ақ әтеш екені белгілі. Ауылға жақындай бергенімізде Серік алдымыздан шыға келді. Астында көк құнаны ол бізге жанаса беріп, қарқылдай күліп алды да:
– Әй, сүйіншімді бересіңдер ме?, – дегенде екеуміз де елең ете қалдық.
– Иә, берейік. Қандай сүйінші? – дейміз қосарлана елеңдесіп.
– Сүйіншімді шын бересіңдер ме?
– Иә, береміз.
– Алдымен ақ әтештен қалай айырылып қалғандарыңды айтыңдаршы, екеуің бірдей жүріп, – деп, тағы да қарқылдай күледі.
– Ей, мынау не деп тұр? Оны қайдан білдің? – десек, «ақ
әтештің өзінен білдім», – деп әңгімесін бастай жөнелді.
– Бөгеттің арғы бетінен ауылға бет ала бергенімде қыр жақтан жылқышы Мақсұт ағай келе жатыр екен. Ол кісінің қашан да мылтығы жанында жүретіні белгілі. Біздер бөгеттің үстіне енді шыға бергенде сол маңға ұя салған қара құс бізге қарай ұшып келе жатыр екен. Жақындаған сайын оның уысындағы ақ әтеш айқын көрінді. Мақсұт ағай мылтығын дайындап жатып:
– Мына бәле жұрттың тауығын ұрлап әдеттенген-ау, сірә, – деп атуға ыңғайлана бергенде:
– Басынан асыра атыңыз, балапандары бар ғой, – дедім.
– Мылтық гүрс ете түскенде шошына үріккен қара құс жемтігін тастай ұшты. Ол ұядағы екі балапанына соқпастан, мидай далаға бет алды. Ақ әтеш жалпылдай ұшып, бөгеттің жиегіндегі құмға қонды. Сірә, қорқып, есіп шығып қалған болу керек, мен аттан түсіп, көтеріп алғанша, былқ етпеді. Ақ әтешті Зиба апайға табыс еткенімізде, ол кісінің қуанышында шек болсайшы, ашумен айырылып қала жаздағанына өкініп, үйрек-тауығымның сақшысы еді деп, әтешті құшақтап мәз болды. Серіктің әңгімесін естігеннен кейін, үйге жеткенше асықтық. Ақ әтеш көп тауықтың ішінде ештеңе болмағандай, емін-еркін жүр екен. Оның тірі қалғанын өз көзімізбен көргенімізде, біз де Зиба апайдан кем қуанғанымыз жоқ.
Биылғы жаз біздер үшін тез өткендей болды. Ауылдың – жетіжылдық мектебін аяқтаған балалар, енді аудан орталығындағы мектепке оқуға бармақшымыз. Ауданда тұратын әкемнің інісі Әділ аға біздерді алып кетуге келген екен. Жомарт болса екі жылдан бері сол үйде жатып оқитын. Енді мен де барамын. Таң елең-алаңда тұрып, жолға жиналып жатқанымызда басқа тауықтармен бірге аула ішінде жүрген ақ әтештің үйге қалай кіріп кеткенін байқамаппыз. Нақ жүрер кезде курткамды алмақ болып келсем, үлкен бөлмеден біреу бірдеңе қаққан сияқты дүркін-дүркін дыбыс шығарады. Не екенін білейін деп келсем, гарнитурдың айнасына қайта-қайта атылып жатқан ақ әтешті көріп, қайран қалдым. Өзі әбден шаршаған. Сірә, бөлмеге кіріп кеткеніне көп уақыт өткен-ау. Аузы ашылып, қанаты да жайылып кеткен. Айнадағы ақ әтешті жеңе алмай, әбден қалжырапты. Ақыр соңында тәлтіректей басып, айнадағы әтешке атыла берді де, жатып қалды, өмір
бойы жекпе-жекте жеңіліп көрмеген әтешімнің қазіргі халін көріп, аяп кеттім де бірден далаға алып шықтым. Оның шаршағаны сонша, кеудесі солқ-солқ етеді. Шыққан бойда таңның салқын желіне қаратып, қақпа биігіне қондырдым. Сыртта балаларын шығарып салуға келген жұрт, ақ әтешпен мені көре салып:
– Әй, ақ әтешіңмен әлі қоштасып жүрсің бе, – дейді.
Әкем де оларға қосылып:
– Әтешіңді қимасаң өзіңмен бірге оқуға ала кетпейсін бе? – дегенде, жұрт ду күлді. Осы сәтте әбден қалжыраған ақ әтеш өші қалған жауына ақтық рет сес көрсеткендей қанатын бір-екі қақты да, қашанғы зор даусымен шақыра беріп биіктен құлап түсті. Ой, мынаған не болды деп жұрт аң-таң болды. Мен оларға болған оқиғаны айтып едім, бәрі де қайран қалып:
– Ой, ерім-ай. Ақыры жеңісімен бірге кетті-ау, шіркін ақ әтеш, – дейді.
Екі қанаты жайылып, шалқасынан өліп жатқан ақ әтеш бейне ұрыс даласында қалқанымен қоса құлап жатқан ертедегі батырларды көз алдыға елестеткендей еді. Шіркін, ақ әтеш, ақыр жеңіспен ажал құшты. Біз қозғала бергенде, таңмен оянған жас қораздар үні әр жерден естіліп жатқанда, Серік мені түртіп:
– Марат, ақ әтешің өлген жоқ. Осы шуласа шақырып жатқан қораздар соның ұрпақтары, – деп көңілімді жұбатқандай болды.
Иә, ақ әтешім өлген жоқ. Оның артында өзіндей болып ұрпақтары қалды.