ОЛ ҚАРАМА-ҚАЙШЫ ИДЕЯЛАРМЕН КҮРЕСТІ
Лидия Шайкенова,
Қазақтың реформатор-заңгері
Нағашыбай Шайкеновтың жары
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары елдегі құқықтық реформаны жүзеге асыруда Нағашыбай Шайкеновтың еңбегі зор. Оны сол кезеңде мемлекеттік басқару ісіне араласқан азаматтар мен көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Біз бүгін Қазақтың реформатор-заңгері болған, тумысынан демократ, «Құқық – қоғам игерген бостандықтың өлшемі» деп айтып кеткен ғалым Нағашыбай Аманғалиұлының жары Лидия Шайкенованы әңгімеге тарттық.
– Нағашыбай Аманғалиұлының мемлекеттік қызметтегі атқарған ісі мен заңгерлер даярлаудағы еңбегін халық жақсы біледі. Ол кісі атқарған әр іске өзіңіз куәсіз…
– Мен оны Нағаш деп атайтынмын. Онымен бірге өмір сүрген жылдардағы әр сәттің мәнді, мағыналы болғаны сондай, уақыттың қалай өтіп жатқаны байқалмайтын. Тіпті, тұтас бір ғұмырды бірге кешкендейміз. Оның Қазақстандағы сегіз жыл ішінде атқарған еңбегі бір ғұмырға татиды, оны тіпті кейбіреулер тұтас ғұмырында да істей алмауы мүмкін… Нағаш сырт көзге арық, нәзік болып көрінгенімен, темірдей төзімді, болаттай берік болды. Уақыт өткен сайын ауруы дендеп, жанына қатты батса да жан баласына сездірмеді. Ерік-жігері мығым, батыл еді. «Алладан басқа ешкімнен қорықпаймын» деп айтып отыратын. Қолға алған ісін ешқашан атүсті, шала істеген емес, қай істі қолға алса да мінсіз атқаратын. Оның қолынан келмейтін нәрсе жоқ еді. Мұндай адамдарды көбіне перфекционист деп атайды.
Кеңес үкіметі тұсында Екатеринбург қаласында тұрдық, жас ғалымның табысы көп емес, жиһаз сатып алатын ақша жоқ. Сол кезде Нағашыбай үйдегі тартпа мен төсекті өз қолымен жасады. Тіпті, жас күнінде анасына халат, өзіне шалбар тігіп алады екен. «Бұл менің қолымнан келмейді» деп айтатын адамдарды еш түсінбейтін. «Білмейсің бе? Үйрен!» деген ұстанымда болды. Өзіне де, өзгеге де өте талапшыл, қатал, сөйте тұра өте мейірімді адам еді. «Мейірім тек сөзден ғана емес, істен де көрінуі керек», – деп жиі айтатын. Өзінің мейірімін үнемі іс-әрекетімен көрсететін. Өмірі ұдайы қайнап жатқан тіршілікпен өрілді. Өз тағдырына ғана емес, өзге адамдардың тағдырына әсер ете алатын зор күш-қуатқа ие болды. Аты жаман ауру іштей мүжіп жатса да, ішкі қуаты мол еді, білім қазынасы іспетті болды, ол білмейтін сала жоқ десем, артық айтпаймын.
– Оның барлығын қай уақытта меңгерді?
– Жастайынан өз уақытын тиімді пайдалануға дағдыланған. Соның нәтижесінде көп нәрсеге үлгерді. Өте көп оқитын, көп оқуға үлгеремін деп жылдам оқуға машықтанған.
Мемлекеттік қызметте төрт жыл ғана істеді. Өз жоспары бойынша мемлекеттік қызметке үш жылын арнамақшы екен. Ол суретші, ақын, философ, өз ісіне адал ұстаз болуы мүмкін, тек шенеунік бола алмайтын еді. Мемлекеттік қызмет оған білімін, қарым-қабілетін Отан үшін жұмсауға мүмкіндік берді.
Нағашыбай Аманғалиұлын кейбіреулер «тағдырлы тұлға еді, өз ойын жүзеге асыруда көп адаммен арпалысты» деп айтып жүр. Иә, ол өз ұстанымын берік сақтау жолында, ойы мен пікірін дәлелдеу барысында әріптестерімен жиі пікір таластырды. Бірақ, оның дұшпаны болған жоқ. Ол адамдармен емес, қарама-қайшы идеялармен күресті.
Бұрынғы Ішкі істер министрі Қайырбек Шошанұлы екеуінің арасында жұмыс барысында келіспеушілік болды. Ол туралы баспасөз бетінде шулы материалдар жарияланды. Шындығына келгенде, Нағашыбай Аманғалиұлы Қайырбек Шошанұлын құрметтейтін. Өмірінің соңғы күндері Санкт-Петербург қаласында емделіп жүргенде: «Қайырбек Шошанұлы екеуміздің арамызда түсініспеушілік болғанына ішім ашиды. Ол жақсы азамат, мықты адам. Өз еңбегімен көп нәтижеге жетті. Бұл түсініспеушілікті кейбір баспасөз өкілдері тым көпіртіп жіберді. Мен міндетті тұрде хат жазып, оның алдында кешірім сұраймын», – деп еді. Бірақ… Үлгере алмады…
Ол ұлы адам болды, сөйте тұра өте қарапайым, жып-жылы, өзінің кейбір кемшіліктерімен, кейбір әлсіздігімен қымбат еді. Барлық адам секілді өзіне тән мінез қайшылығы да болды. Бір уақытта қуатты әрі әділ сарапшы бола алса, күнделікті өмірде баладай аңғал, сенгіш болды. Ешқашан ешкімнен жымысқылық көрмейтін. Мемлекет ісін атқарып жүрген айтулы тұлға бола жүріп, табиғат аясына барғанда балаша қуанатын. Бір жолы студенттері көрнекті ақын Олжас Сүлейменовпен бірге тауға шақырды. Сондағы оның қолына батпырауық алып балаша мәз болып, бақытқа шомғанын көрсеңіз… Оны шетелден баламызға арнап алып келіп ем дейді, кітап сөресінің артына тығып қойыпты, өзіне әкелгенін айтуға ұялған болуы керек… Сол батпырауықты баласына бермей өзі ұшырды.
Екеуміз 25 жыл бірге өмір сүрдік. Күміс тойға бірнеше күн ғана жетпей қалды. Әрине, 25 жыл отбасылық өмірдің бар мезеті шуақты болды деп айта алмаймын. Келіспей қалған кездеріміз болды, пікіріміз қарама-қайшы келді. Бірақ, бір-біріміз үшін жаратылғанымызды терең сезіндік.
Перфекционист ретінде мені ылғи биікке жетеледі. Ешқашан тұқыртқан емес, керісінше, ылғи алға ұмтылғанымды, кәсіби тұрғыдан шыңдалғанымды қалады. Жан дүниесі демократ еді. Кейбір қолайсыз көріністер қылаң беріп қалған тұста да ол өзін нағыз демократ ретінде таныта білді.
– Қазақстанға келмес бұрын ол кісіні Қырғызстанның сол кездегі президенті Асқар Ақаев та шақырған екен…
– 1992 жылы 15 мамырда ол өзінің ұстазы, заң саласының білгір маманы Сергей Сергейұлы Алексеевтің кеңесімен Қазақстанның Ұлттық Ғылым академиясындағы мемлекет және құқық институтында докторлық диссертациясын үздік бағаға қорғады. Диссертациялық кеңесте қырғыз елінің азаматтары да болған екен. Ол кезде посткеңестік елдердің барлығы құқық саласындағы кәсіби маманға зәру еді. Диссертациялық жұмыспен танысқан олар құқықтық жүйе қалыптастыру жолында Нағашыбайдың қолынан көп іс келетінін бірден сезеді. 16 мамыр күні Нағашқа Қырғызстанның сол кездегі президенті Асқар Ақаевтан ұсыныс түскен еді. Қырғызстанда бауыры тұратын болған соң ол бірден келіскен. Бірақ, көп уақыт өтпей Нағаш Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Әбішұлынан шақырту алып, Қазақстанға келді. Нұрсұлтан Әбішұлы оны Экономикалық кеңесшілер кеңесі төрағасының орынбасары етіп тағайындады. Ол кезде Президент жанында экономикалық кеңесшілер кеңесі болған еді. Арада үш ай өткенде Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі кеңесшісі болып тағайындалды. Осы кезде Қазақстанның құқықтық реформалар жөніндегі бағдарламасын жазып шықты. Бағдарлама Республикалық заңгерлер съезінде талқыланды. Талқылау барысында көп сын айтылғанына қарап, Нағашыбай өз бағдарламасын қабылдай қоймас деп ойлаған екен. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы пікірлердің барлығын тыңдап болған соң: «Дауыс беруді бастайық, бұл бағдарламаны кім қолдайды?» – деп ең бірінші өзі қол көтерген екен…
Елбасының қолдауымен Нағашыбай Аманғалиұлы 1995 жылы ҚР Республикасының Конституциясын жазып, азаматтық, қылмыстық кодекстердің жасалуына, адвокатура және нотариат туралы заңдардың жасалуына, заңгерлер дайындайтын арнайы оқу орнының ашылуына, «Заң газеті» мен «Юридическая газета» басылымдарының, мамандандырылған «Жеті жарғы» баспасының ашылуына ықпал етті.
Өмірінің соңына дейін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына шексіз риза болды. Оның Президентке жазған жұмыстан шығу туралы өтінішін оқысаңыз, бұған көзіңіз жетеді. Еш мемлекетте, ешқандай мемлекеттік қызметкер мұндай жүрекжарды өтініш жазбаған шығар. Білімі мен кәсіби білігін жүзеге асыруға мүмкіндік беріп қана қоймай, мол сенім артқаны үшін Елбасына шексіз разы болды.
Нұрсұлтан Әбішұлының Шайкеновке деген құрметі байқаған адамға анық сезілетін. Президент ең алдымен оның білімі мен адамгершілігіне, тәрбиесіне сенді. Кей тұста пікірлері бір арнаға тоғыспаса да, кәсібилігін қадірледі.
– Нағашыбай Шайкенов мемлекеттік қызметтен кеткен уақытта оны көпшілік кейбір жағдайларға көңілі толмай кетті деп ойлады. Ол негізсіз болғаны ғой?..
– Біздің қоғамда ректор болудан министр болуды бағалы деп санайтын қызық түсінік бар. Нағаш мемлекеттік қызмет атқарған тұста өзінің қолынан келген, мүмкіндігі жеткен істің барлығын атқарды. Тіпті, кей тұста мүмкіншілігінен тыс еңбек етті. Атқарған ісі туралы көп айтылды, көп жазылды, еңбегі елеусіз қалған жоқ. Оның өмірінің ең бақытты кезеңі – ректор болып қызмет еткен жылдар еді. Жұмысын, студенттерін жақсы көргені сонша, күндіз-түні университетте жүрсе де шаршамайтын. Университеттегі ұжым мен студенттердің ыстық ықыласына шомып жүрді. Онда шығармашылық еркіндік болды. Университет оның студент-балаларға арнап жасап алған жарқын әлемі іспетті еді. Әрине, жұмыстың жауапкершілігін анық сезінді әрі құқыққа өзі қалай қараса, дәл сондай құрметпен қарайтын ұрпақ тәрбиелеудің маңызын терең ұғынды. Құқықты бағалап, құрметтеп қарайтын ұрпақ қана мемлекетті өркениеттің шыңына жеткізе алатынын түсінді.
Министр кезінде оған құлдық ұрған жандар ректорлыққа ауысқанда мүсіркеп қарайтын болды. Кейбірі бізбен қалай сөйлесерін білмей, жанарларын тайдырып, сасқалақтап қалатын. Шынымды айтсам, адамдардың сондай көзқарасын бақылау мен үшін кейде қызық болатын.
Оның жаны, тегі қазақ болғанмен адамдармен қарым-қатынасы орыс халқынан дарыған. Үйіне қонаққа шақырып, құрмет көрсеткісі келген адамдарға: «Мені үйіңе, мейрамханаға шақырма. Жақсы жұмыс істесең екеуміз жақсы дос боламыз», – деп ашық айтатын…
Оны көбіне тағдыры қиын тұлға деп айтып жататыны рас, бірақ ол қате. Бір жазбасында өз өміріне көз жүгіртіп, қорытынды жасаған еді. Сонда: «Мен бақытты адаммын. Жер бетінде Алланың берген міндетіне жүгініп өмір сүріп келемін. Жұмысымды жақсы көрем, жарымды да шын сүйдім. Қабілетім де дер кезінде байқалды, бағаланды», – деп жазды. Шындығында ол өте бақытты еді. Біз өмірдегі шынайы адами құндылықтарды бағаладық. Асқан байлығымыз болған жоқ және ол үшін ешқашан қынжылған емеспіз. Миллиондар мен ақшаңқан сарайлар адам баласының бақытына кепіл бола алмайды. Сыйластық, түсіністік, денсаулық адами құндылықтардың ең маңыздысы екенін шын ұғындық. Рас, денсаулығы өзге адамдар секілді мықты болған жоқ. Дегенмен, 1983 жылы жасалған отадан соң дәрігерлердің «үш ай ғана өмірі қалды» деген сөзінен кейін Алла оған 17 жыл ғұмыр берді. Оған дейін өте ұяң болған Нағаш отадан кейін ойын қаймықпай, кібіртіктемей тура айтатын болды, өзіне де, өзгеге де әлдеқайда турашыл, талапшыл, қатал бола бастады.
Тарихи тұрғыдан алғанда оның білімі, ойлау жүйесі, қарым-қабілеті дер уағында Отанының қажетіне жарады. Бұл, меніңше, өте үлкен әрі сирек бұйыратын бақыт. Ол өз білімі мен қабілетін толық жүзеге асырды және өзіне берілген мүмкіндікті анық сезінді. Өмірдің жарқын сәттерінен ләззат ала білді, жақсылыққа сүйініп, бақытты бағалап, қолына қонған құтқа қуанды.
– Ол кісі тәрбиелеген студенттерді көргенде үміті ақталғанын байқайсыз ба?
– Әрине! Бұдан төрт жыл бұрын «Шайкенов шәкірттерінің ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі құрылған еді. Сіз бұдан бұрын белгілі бір адамның шәкірттерінің қауымдастығы құрылды дегенді естіп пе едіңіз?.. Жыл сайын Астана қаласында Әділет министрлігі мен осы бірлестік, Алматыдағы Каспий қоғамдық университеті бірігіп, «Шайкенов оқуларын» өткізеді. Әрбір басқосуға мені шақырады.
Нағашыбай Аманғалиұлы ректор болып тұрған тұста өзінің студенттерімен балалар құқығы жөнінде қоғамдық бірлестік құрды. Қазақстандағы тұрғындардың құқықтық сауатының өте төмен екенін үнемі айтатын. Оны көтеру үшін құқықтық сауат негізін мектеп жасынан қалаған жөн, балалар өз құқықтарын біліп, дұрыс пайдалана алуы керек деп санайтын. Мен де нотариус ретінде тұрғындардың өз құқығын білмейтініне және сол үшін көп жапа шегетініне куә болып жүрмін. Нағашыбай студенттерін құқығын білетін жеке тұлға ретінде тәрбиелеп жатқанына сенімді болды. Балаларға мықты білім беру үшін университетке ең үздік заңгер педагогтарды, елдің әр түпкірінен талапты балаларды жинады. Балалардың оқуға таза біліммен ғана қабылдануына қатты көңіл бөлді.
– Университетте Нағашыбай Аманғалиұлы қалыптастырып кеткен тәртіп пен жүйе сақталды ма?
– Ол оқу орнын Нағашыбай қайтыс болған соң Мақсұт Нәрікбайұлы басқарды. Ол кісі де өмірден өтті, иманы саламат болсын. Қазір университетті Талғат Мақсұтұлы басқарады.
Меніңше, адамның көзі кеткен соң ол жасап кеткен жүйенің сақталуынан үміттену балаңдық секілді. Олай дейтінім, барлық жүйе сол жүйеге мүдделі тұлғамен тығыз байланысты, оны сақтау мүмкін емес. Әрине, қазіргі ұжым кейбір дәстүрлерді сақтауға күш салып жүр. Бірақ ол әр тұлғаның өзі жасағандай болмайды. Ол өмірдің заңы.
– Әке-шешесі қандай адамдар еді?
– Анамыз төрт кластық қана білім алса да ақылды, сабырлы, дана адам еді. Қазақша ән айтқанымды қатты жақсы көретін, кейде бірге ән салатынбыз. Қаладан жырақ, шалғай ауылда тұрса да ішкі мәдениеті жоғары, зиялы, дала мектебінің білгірлері болды. Бес бала – бір қыз, төрт ұл тәрбиелеп, барлығына жоғары білім берді. Әкеміз: «Бұл өмірде жетістікке тек білім арқылы ғана жетуге болады», – деп айтып отыратын. Көп жыл бойы разъезд басшысы болып қызмет атқарды. Жадының мықты болғаны сонша, пойыздардың жүру кестесін жатқа біледі екен.
Мен күз мезгілінде босаға аттадым. Үйге кіріп біраздан соң далаға шықсақ, әкеміз біздің аяқ киімдерімізді жуып қойыпты. Ыңғайсызданғаным сонша, келесі жолы атамнан бұрын аяқ киімдерді жуып қоюға тырысатынмын. Ол кісіге келіннің аяқ киімін жуу арланатын іс емес еді. Бау-бақшасы қандай еді десеңізші?! Бұрынғы заманда қазақтардың арасында бау-бақшамен айналысатындар жоқтың қасы еді ғой. Әкеміздің бақшасындағы қияр да, қызанақ та ең бірінші пісетін, сондықтан да оны ауыл-аймақ Мичурин деп атайтын. Ерекше балажан еді, балаларына білім беру ол кісі үшін ең басты міндет болды. Мініп жүрген көлігін сатып балаларын оқытты, балалары сол сенімді ақтады – еңбексүйгіш, тәрбиелі, мейірімді, абыройлы боп өсті.
– Сіздер Қазақстанға алғаш келген кездегі халықтың құқықтың сауаты мен қазіргі құқықтық сауатынан ілгерілеу байқайсыз ба?
– Айтарлықтай ілгерілеу бар деп айта алмаймын. Бұдан әрі де тұрғындардың құқықтық сауаты арта берсе екен деп тілеймін. Ол үшін құқықтық білім беру өрісін кеңейту керек деп ойлаймын. Ол Нағашыбай Амангелдіұлының арманы еді, оны әлі де жүзеге асыруға болады.
– Балаларыңыздың қайсысы әке жолын жалғады?
– Әкесінің рух еркіндігі екі перзентінің де бойында бар. Білімге құштарлық та әкелерінен келген. Немерелері де көп оқиды, әрине, бұдан да көп оқығанын қалайсың, бірақ қазіргі заманның балалары көп уақытын смартфонға қараумен өткізеді. Көп салаға қызығушылық та әкесінен келді-ау. Әсіресе, ұлымыз философия, психология, физика, химия секілді бар салаға қызығады. КИМЭП-те құқық негіздерінен дәріс береді, оны да студенттері жақсы көреді. Әрине, ол ұстаздықты енді ғана бастады, байқауымша, ұстаздық оның табиғатына жақын.
Қызымыз Мәскеуде тұрады. Аудармамен айналысады.
– Нағашыбай ағаның өлең жазғанынан көпшілік хабардар. Көбіне қай кезде жазушы еді?
– Иә. Ұлымыз да өлең жазады. Әкесі өз өлеңдерінің баласының өлеңдерінің жанында жіп есе алмайтынын айтып отыратын. Менің ойымды балам құптамауы мүмкін, дегенмен, менің ойымша, ұлым жақсы ақын. Қазір көп жазбайды, жас күніндегі өлеңдерінде лирикалық сарын басым болса, қазіргілері философияға толы. Қызым да әкесі мен ағасы сияқты өлең жазады.
Нағаш көбіне мұңайғанда жазатын. Бұл өлең жазатын адамдардың барлығына тән, жалпы талап деп ойлаймын. Адам қуанғанда қолына қалам алмайды.
– Әңгімеңізге рахмет!
P.S.: Сұхбат соңында Лидия апай маған жары Нағашыбай Шайкенов жайлы «Өмірі заңмен өрілген» атты екі томдық естелік кітапты табыс етті. ҚР Президентіне жазған жұмыстан шығу туралы өтініш басылған бетті көрсеткенде оны қайырып белгілейін деген әрекетіме қарап: «Олай белгілемеңіз, Нағашыбай Аманғалиұлы өйтіп белгілегенді ұнатпайтын», – деп кітап арасына салатын стикер ұсынды. Мен мұны азаматын ардақтаған қазақ келінінің адалдық үлгісіне баладым.
Назым ДҮТБАЕВА.