«ӨРІМТАЛМЫН, БИІКТЕРГЕ БЕТТЕГЕН»
Атырау облысында тұңғыш рет ұйымдастырылған, жас тілшілер фестивалі «Өрімтал» деп аталды. «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі ұйымдастырған, айтулы шара өңірдегі барлық аудандар мен қаладағы журналист болуды армандаған, жас жеткіншектердің басын қосты.
Мектеп оқушылары арасында «Ғажайып өлке» атты Атырау облыстық шығармалар байқауы өткізіліп, 314 талапкер өз бақтарын сынаған еді. Болашақта тілші атанғысы келетін, осы талапкерлердің арасынан аудандар бойынша 28, қала көлемінде 12, барлығы 40 жеңімпаз анықталып, олар мұнайлы өңірде тұңғыш рет өткізіліп отырған «Өрімтал» жас тілшілер фестиваліне жолдама алды. Үш күнге созылған шараның алғашқы күні медиахолдингтің баспасөз орталығында фестивальдің салтанатты түрде тұсауы кесіліп, оған қатысушылар облыстық «Атырау» және «Прикаспийская коммуна» газеттерінің бас редакторлары Исатай Балмағамбетов және Нәсіп Шалабаева бастаған журналистермен кездесіп, көкейлерінде жүрген көптеген сауалдарға жауап алды. Содан соң Батыс өңіріндегі ең ірі медиахолдинг саналатын «Атырау-Ақпарат» серіктестігінің тыныс-тіршілігімен танысты, Медиа мектептің қызметіне куә болды. «Атырау» телеарнасында қонақта болып, жас тілшілер топ-топқа бөлініп, өздері де түрлі бағдарламалар дайындау жұмысына атсалысты. Жас қаламгерлер Х.Досмұхамедов атындағы атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Абзал Ахатұлының қабылдауында болып, «Журналистика» кафедрасы туралы жан-жақты мағлұмат алып, тарих ғылымының кандидаты Қылышбай Сүндетұлының дәрісін тыңдады.
Болашақ жас тілшілер бос уақыттарында Поэзия патшайымы Фариза Оңғарсынованың, Қазақстан Республикасы Гимні авторларының бірі, қазақтың ұлы ақыны Жұмекен Нәжімеденовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, фестивальдің құрметті қонағы Ақұштап Бақтыгереева «Қазақ әдебиеті» газетінің Мұқағали Мақатаев атындағы арнайы жүлдесін Мақат ауданындағы С.Шарипов атындағы мектеп-интернатының 8-сынып оқушысы Айкөркем Жәнібекқызына, Оралхан Бөкей атындағы жүлдені Атырау қаласындағы №35 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Арайлым Махмутоваға, Тәкен Әлімқұлов атындағы жүлдені Исатай ауданындағы Ю.Гагарин атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Ақерке Қалекеске, Сағат Әшімбаев атындағы жүлдені
Н.Тілендиев атындағы Атырау облыстық «Кіші өнер академиясының» 10-сынып оқушысы Жанерке Жанболатоваға, Сәкен Жүнісов атындағы арнайы жүлдені Махамбет ауданындағы Шонаев атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Ақмарал Есенжановаға және Сәтімжан Санбаев атындағы жүлдені Индер ауданындағы «Көктем» қазақ орта мектебінің 8-сынып оқушысы Гүлназ Өмірзақоваға табыс етті. Барлық жеңімпаздарға мектеп сөмкелері мен кітаптар сыйға берілді.
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
журналист.
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.
АТЫРАУ.