Өзіңсіз талай тойлар өтер әлі
Ақселеудің рухымен сырласу
Сен де жетпіс бес дейтін белеске жеттің. Зайыбың Орал, ұл-қыздарың – Ернар, Салтанат, Перизат, Зерелер осынау мерейлі жасыңды өзіңмен жаны өзектес, мақсат-мүдделері мұраттас жолдас-жораңды, алыс-жақын ағайыныңды жинап атап өтті. Бұл жиынды «мерейтой» деп атауға ауыз бармайды. Өйткені, ортамызда өзің жоқсың, арадан уақыт көшінің сегіз жылы жылжып өтсе де, әсіресе, өзім үшін сенің жоқтығыңды, тарихтың тереңінен толғайтын әңгімелеріңді, жарасымды әзіл-қалжыңыңды, жазып бітірген еңбегіңнің несімен құнды екенін жүзің нұрлана отырып баяндайтыныңды, тіпті қара домбыраңды шаршаған кезіңде кеудеңе қысып бабалардан қалған күйлермен сырласатыныңды естіп, көре алмайтыныма көндіге алар емеспін. Содан ба екен, өзің бас болып, Оралхан, Кәрібай, Серік сынды жан достар түсіме жиі кіресіңдер. Тура күні кешегі тай-құлындай тебісіп, тәтті тіршіліктің қызық-шыжығын бірге көріп жүргендей түсімде болса да мәз болып қалатыным бар. Жуырда ғана тау жаққа серуендеп қайтуға шақырады екенсің деймін. Бір шаруамды айтып, бармай қалыппын. Әттең, тәтті тіршілік-ай десейші, шала ұйқы болып жатып, өз түсімді өзім жорып, серуендеуге ілеспегеніме қуанайын. Сол ұйқылы-ояу жатып: «Әй, Ақантай-ау, мені неге шақырасың? Бала-шағамның қызығын көре тұрайын. Әлде жаныңдағы үш досың аз болып жүр ме? Тіпті «ішің пісіп» жүрсе, «төрт қолдарың» түгел ғой. Картаны қатты қағаздан жасап алыңдар да, преферанс ойнаңдар» деп, тіршіліктегі түгел күйіміздей әзіл айтамын. Оянғаннан соң рухтарыңа арнап, құран дұғаларын бағыштаймын. Жарық дүниеде жүргендердің қолынан басқа не келер?..
Балалардан ұят болса да айтайын. Осы өткен түні тағы да түс көрейін. Баяғы сәркілдеген жігіт кезіміз екен деймін. ҚазМУ-дің жатақханасы-ау шамасы. Тура аңыз-ертегілердегідей бір аруға ғашық болып қалыппын. Бірақ құдай ұрғанда, қызға сөз айтуға жүрегім дауаламай, мұңымды саған айтыппын, Ақантай. Сол күні-ақ қыз бен мені оңаша бір баққа ертіп апарып, екеуімізге өмір жайлы, сезім жайлы майдалап сайрайды екенсің. Мен туралы, оған менің тым бұйығы ықылас-пейілім туралы толғайсың. Не керек, сенің арқаңда сұлуыммен қол ұстасып қайтыппыз. «Түрікмен қожа түсінде байиды» (біздің ауылымызда ғана осы мәтел жиі айтылушы еді) дегеннің кебі келді. Жастық шақтың қайта оралған елесінде де жақсылығыңды көріп жүр екенмін.
Сенің, Ақантай (бозбала шақтан бір-бірімізді «Кәріаға, Ораш, Ақантай, Секентай, Қуаға деп еркелете атаушы едік қой), халқыңның алдындағы азаматтық парызыңды қалай орындағаның – өзің ортамыздан аттанған уақыт ұзаған сайын айқындала түскендей. Сонау студенттік жылдарда-ақ «Уақыт теперіші азғындатып-тозғындатумен келе жатқан жұртымның өз тағдырымызды ешкімге жалтақтамай, ешкімнен қорқып-үрікпей өзіміз шешеміз дейтін азат күн туар ма екен!» деп запар шегуші едің. Газет-журналдарда қызмет істеп жүрген кезіңде әр мақала-очерктеріңде осы ойыңды сөз арасында болса да айта кетуді ұмытпас едің. Тіпті халқымыздың салт-санасы, әдет-ғұрпы, тіршілік-тынысы туралы этнографиялық танымдық еңбектеріңде біз тіршілік етіп отырған социалистік өмір салтынан «феодалдық» деп ат қойып, айдар таққан халық тарихымен бірге жасаса, біте қайнасқан бұрынғы кезеңнің артықшылығын айтып жазуыңда аңғартып жүрдің. Халық әлі жадынан жоғалтпаған кең сахарасында мыңдаған жыл өмір сүрген көшпелі өмір-салтының шет-жағасын көре қалғандықтан соны ұмытпай жаңғыртуға барыңды салып бақтың. Әрине, социалистік жүйеге көңілі толмай жүретін өзің сияқты «әсіре ұлтшылдар» ел тыныштығына жауапты қырағы көздердің назарынан қалай тыс қалсын. «Артыңа шала» байлап, «Сары ізіңе шөп салушылар» табылды. «Білім және еңбек» журналында бас редактор болып отырып, қоғамға барынша зиянды «топты ұйымдастырушылардың бірі» болыпсың. Тіпті, атақты 1986-дағы көтерілістің орын алуына сендер себепші болыпсыңдар. Мәскеудің тікелей бұйрығымен «Дат» дейтін қос тілде әзірленген фельетон партиялық аға газеттерге жарияланар алдында сенің ұлтың үшін отқа күйер қадіріңді бағалаған тағы бір ұлтжанды ағаңның бәйгеге басын тігіп, арашалап қалғаны да есте ғой, Ақантай. Егер ол фельетон басылса бар ма, басыңның кетері сөзсіз еді. Қызметіңнен қуылдың. Бала-шағаңды аш қалдырмау үшін Ш. Елеукенов сынды ағаларың әдебиет және өнер институтына тұяғыңды іліктіру үшін «еден сыпырушы» қызметіне қабылдаған болып, қатер бұлты сейіле бастағанда білім-білігіңе қарай жедел өсіргендері де ұмытылған жоқ.
Шертпе күйлердің шерін шығара біраз бебеулетіп алып, өз өнеріңе әбден көңілің толғандай: «Досым-ау, күйдің мұң-зарын, қуаныштан шалқыған сәттерін дөп басып ұстайтын мына саусақтарым да топырақ астында қалар ма екен?» дер едің. Менің саусақтарымнан бір жарым есе, Қуанышбай досымыздың саусақтарынан екі еседей салалы саусақтарыңның топырақ астына түскен кезде қалам ұстаудан жауыр болғандай еді. Журналистік қызметте жүргенде де одан кейінгі әртүрлі қызметтте жүргенде де оқумен, одан қалса жазумен ғұмырың өтіпті. Өзің де: «Осы бір жұмысты бітірсем жазуды тоқтатып, уақытымды оқу мен демалуға ғана арнаймын. Әйтпесе, саусақтарым жауыр болды» дер едің. Қайда-а, досым? Басыңа лықа толып, сыртқа шығармасаң қауашағыңды жарып кетердей соны ойларыңды қағаз бетіне түсірмесең тұра алмайтын күйге жетіп едің…
Сонау, өткен ғасырдың 60-жылдардың соңын ала қазір «жеті жетім» (үнемі бірге жүретін, әкелерін соғыс жалмаған шын жетімдер мен демеуші, сүйеушілері жоқ, өздерін өздері сүйреп жүрген рухани жетімдерді Оралхан марқұм осылай атап еді) деп жоғарыда есімдері аталғандарға қоса Бексұлтан, Қуанышбай және осы рухыңмен сырласушы біз бар, журналистиканың иін қандырмай жатып, көркем әдебиеттің ауылын торуылдай бастадық. Ойлап отырсам, дәл сол тұстағы «Лениншіл жастың» бізден басқа да Әнес Сараев, Тұтқабай Иманбеков, Қалдарбек Найманбаев, Оразбек Сәрсенбаев, Ахат Жақсыбаев, Эрнест Төреханов, Төлен Қаупынбаев, Болат Бодаубаев, Мағира Қожахметова (бас редакторымыз Шерхан Мұртаза мен Сейдахмет Бердіқұловтарды айтпағанда) құдай-ау, бізден кейінгі Жарасхан, Кеңшілік, Әшірбек Көпіш, Жарылқап Бейсенбай сынды жас толқындардың бәрі-бәрі де әдебиетіміздің сенімді сарбаздары болып шыққан екен-ау. Сенің сол кезде жазған «Тауға біткен жалбыз», «Тәтті тіршілік», «Рамазан мерген» сияқты кестелі тіл мен келісті ой айтумен ерекшелетін әңгімелеріңе бәріміз де «бәрекелді» дескенбіз. Қарағанды, Жезқазған маңында газеттердің меншікті тілшісі бола жүріп, алдымен «Бір атым насыбайыңды», онан соң «Күзеуде» хикаяттарыңды әкеп оқыттың. Шығармаларыңның жілігін шағып, майын ішпесем де көбіміз ұмыта алмай жүретін, бабаларымыздың, аталарымыздың тіршілік еткен мамырстан заманын аңсау, соларша сөйлеп, соларша іс-әрекет ететін кейіпкерлерді сомдау – бәрі-бәрі де жоғарыда айтып кеткетініміздей, көшпелі өмір салтының халықтың жан-дүниесіне тереңдеп сіңіп кеткен ерекшелігін дәріптеу екені айқын көрінер еді. Одан кейін едел-жедел жазылған «Ақиық», «Аққыз», «Атамекен» «Қыз ұзатқан» хикаяттарың мен «Қақпаншы», «Зерде», «Көңіл шіркін» әңгімелерің, белгілі әдебиет сыншылары оқиғаны құнарлы қазақы тілмен байыппен, бабымен оқырманына жеткізе білетін қарымды қаламгердің,
М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов мектептерінің ісін жалғастырушы салмақты прозашының дүниеге келгенін қуана жазған еді.
Студенттік жылдардың өзінде-ақ Ә.Марғұлан, Е.Букетов, М.Ғабдуллин, Л.Н.Гумилев, С.Қирабаев, бурят халқының біртуар перзенті Д.А.Бальбуров сынды ғұламаларға барғыштап, хат жазысып жүруші едің. Г.К.Бельгер, М.Әуезов, М.Тәтімов сынды жас зерттеушілермен аралас-құраласыңды көбейтіп едің, ақыры көркем әдебиеттен біржола кетіп, ғылымға толайым ден қойып едің. Оны өзің: «Әдебиет тұспалдап айтса, ғылым бұлтартпайтын турасын айтады. Қазір ұйқылы-ояу жүрген халқымыз үшін тұспалдан гөрі тура сөз керегірек» деп ақталар едің. Дегеніңе жеттің. Менің көруге құмарлығым аздау болса да, Қарқаралыдағы Шолақбұлақ, Балқаштың солтүстігіндегі Бектауата, Ұлытау төңірегіндегі Аманның үңгірі, Шыңғыстаудағы Қоңыр әулие үңгірлерін көрсетіп, тарихын, қайсысы табиғи, қайсысы адам қолымен жасалғанын және оларда қандай атақты адамдардың болғанын тәптіштегенің әлі есте. Қаракеңгір, Сарыкеңгір өзендері бойындағы Алашахан, Жошыхан мазарлары мен Домбауыл дыңы сынды тарихи ескерткіштерді аралатып, ерінбей тас қашап, қалай салынғанын әңгімелер едің. Сөйтсем жазатын еңбектеріңе даярлық, біраз деректерді жадыңда жаңғыртып жүреді екенсің ғой. Отыра қалғанда көнекөз қарияларды әңгімеге тартып, жер тарихы, ел тарихынан дерек жинаушы едің. Қойын дәптеріңе көрген-білгеніңді, естігеніңді түртіп алып, өзің де әр ән, әр күй тарихы туралы әңгіме қозғап, ол туралы білетіндердің сөздерін суырып алғандай болып отырушы едің.
Не дейін, Ақантай, арасында аудармаларыныңды да жасай жүріп, (Гомердің «Иллиадасы» мен «Одиссейін», И.Можейконың «7 және 37 кереметін», т.б.), «Кеніш», «Серпер», «Қазақтың әйгілі күйшілері», «Ойтолғақ»», «Сонар», «Мың бір маржан», 2 кітаптық «Күй шежірең», т.б. әр тақырып, әр салаға арналған көптеген кітаптарың түтін үзбей бірінен кейін бірі жарық көріп жатты. Шыны керек, сенің қазақтың төл тарихына, мәдени болмысына, фольклорлық мол қазынасына ешбір этносқа ұқсамайтын бірегей этнографиясына қисынды ғылыми деректермен көпшілікке ұсынған орасан маңызды еңбек болған «Қазақ әлемі» кітабыңды жұрт қуана қарсы алды. Қазақтың этногенезі мен этномәдени болмысының шежірелік айғақ, деректерде жатқанын «Қазақтың ауызша тарихы» атты көлемді монографияңда халқымыздың этнологиясына пайымды тұжырымдар айта білдің. Біздің рулық-тайпалық жүйеміз шежірелерді негізге ала отырып, сараланды. Мен де осы кітаптардан соң сенің ғылымға толайымыңмен ден қойғаныңның дұрыстығын тұңғыш рет мойындағандаймын. Елің де, жұртың да мойындады. Орден, медальдарды айтпағанда, ең жоғарғы атақтарға да ие болдың.
«Ән болмас «Көгаршындай» қайда барсаң» деп Жаяу Мұса айтқандай, «Дәурен-ай», «Сарыарқа» сияқты бес-алты әндеріңді Жәнібек, Бекболаттардан кейін көп әнші жүректері дауалап, айта бермейді. Өйткені ол әндерің арқылы қазақтың дәстүрлі ән өнерінің қандай болатынының үлгісі етіп шығарып едің.
* * *
Өзің жиі айтар едің: «Бұл қазақ – өлі жанмен ойнап, өлім-өмірді философиялық тұрғыдан біртұтас ұғым ретінде қабылдап өткен соншалықты оптимист халық» деуші едің. Мысал ретінде атақты актер Елубай Өмірзақов өмірден озғанда жан досы, әріптесі Серке Қожамқұлов оның мәйітін суға алып тұрғанда: «Қайын жұртыңа ұрын бара жатқандай неғып сіресіп қалдың?» деп әзілдескенін жиі айтар едің. Мен сенімен қазір әзілдесетін ойым жоқ. Алайда, ақарлы-шақарлы күндердегі кей сәттерді еске алып, кәрілік атты ауылға бет алған шақтағы жабырқау көңілді қайтадан бір қунатқым келеді де…
Журналистика факультетіне түсуге талапкер көп, орын аз. Емтихандардан тәп-тәуір балл жинаған үміткерлер қабылдайтын 25 орыннан екі есе көп. Қоржынымда жинағаным 13 балл – бір үштік, екі бестік. Екі жыл бұрын дәл осы баллмен түсе алмай, ауылға қайтқанмын. Күдік басым. Ал сен, Ақантай, 15 балл – кілең бестік баға алған адам ретінде тым маңғаз тұрдың. Сол сәтте, бәлкім, қызғаныш болар, «Сорайып алып, мынаның пәлесін қарашы» деп, барынша ұнатпағаным рас. Құдай оңдап, мен де 24-ші болып па, әйтеуір іліндім-ау. Сол кезде өзіңді қанша ұнатпасам да студенттік жылдарда бір бөлмеде табыстырған тағдырға ризамын. Бір кеңседегі қызмет, тіпті өзің Қарағандыдан көшіп келгенде екі отбасымыздың үш бөлмелі бір пәтерде ағайынды адамдардай, тіпті ұл-қыздарымыз еш-шәй деспей, тату-тәтті тұрғанымыз да есте. Тіпті, сен жарық жалғаннан көшкенше бір-бірімізге әзіл-қалжыңнан басқа «мұның қалай?» деп көрмеппіз. Өз пікіріңді дәлелдеген кезде ешкімнің пікірін мойындамай кететініңді білгендіктен, қарсы келе бермейтінмін. Тек соңында ғана: «Сен солай десең солай екенінде дау бар ма?!» дер едім сөзіме көп мағына беріп.
– Өй, оңбайтын сол, – дер едің дауға түспегеніме өкінгендей.
Тәуелсіздікке Алла жеткізген кездегі қуанышымыз кемерінен асып-тасып жатқан күндер. Бір-бірімізді құттықтап, мәре-сәреміз. «Енді өліп кетсем де арман жоқ» деп, балаша шаттанғаның-ай сонда. «Өліп кетудің мүлде қажеті жоқ. Тәуелсіз заманның рақатын көру керек» деймін оған.
Бұрынғы Дзержинский көшесімен келе жатқанбыз. Феликстің сұсты ескерткішінің жанына өте бергенде, сен:
– Алдымен мына қаныпезердің ескерткішін қопарып тастау керек, – дедің.
– Жоқ, Ақантай, оған мен қарсымын.
– Өй, сен де! – деп бетіме ожырая қарадың. – Халқыңның сорпа бетіне шығарларының көзін жойған сұмға неге бүйрегің бұра қалды?
– Жоқ, оған бүйрегім бұрып тұрған жоқ. Өзің дұрыстап қарашы. Шоқша сақалы, шаш қойысы – бәрі сенен айнымайды. Халқыңа бірқыдыру еңбек сіңірдің ғой сен де. Сондықтан артық шығындалмай үстіндегі шекпенін шешіп, тұғыр тасқа «Ақселеу Сейдімбек» деп жаза салса болды.
– Өй, бір жөні түзу әңгіме айтады екен десем. – Дегенмен жаңағы ашуың қайтып еді.
Иә, сені ел-жұртыңның қалай қадірлейтінін өзіңді соңғы сапарға шығарып салғанда көз жеткіздік. Өзіңмен қоштасуға келген қарағұрым жұрт университеттің іші-сыртына сыймай кетті. Елбасының өзі бас болып, барша билік өкілдері құрметті қарауылға тұрды. Халқыңмен қоштасу, туған жеріңе апарып жерлеу, басқа да рәсімді жұмылған жұмырықтай ғып өткізудегі Иманғали Тасмағамбетов ініңнің іскерлігіне қамқорлығына жұрт риза болды. Туған бауырдың қолынан келе бермес бүл қызметі рухани аға бола білген өз қадір-қасиетіңнің арқасы екені сөзсіз. Өзің дәріс оқыған Астанадағы Гумилев атындағы университеттегі бір аудиторияға есімің берілді. Осы қалада «Ақселеу» көшесі бар. Басқа да өзіңе арналған іс-шаралар жыл сайын өтіп тұрады.
Айтпақшы, жуырда ғана Алматының тау етегіндегі шағын аудандағы біз тұрып жатқан бір көшеге сенің есіміңді беру жөніндегі шешім шыққаны туралы хабарды естіп, қатты қуандым. «Ақселеу Сейдімбек» атындағы көшенің пәленбайыншы үйінде тұрамын» деудің өзі-ақ атыңды ұмыттырмайтынын айтпағанның өзінде, есіміңді елің қадірлеп жатуы мақтаныш әрі мәртебе емес пе?!
Өзің қатыса алмағаныңмен 80-ге, 90-ға, 100-ге, одан әрмен жасың небір дөңгелек сандарды толтырар. Өйткені, сен мәңгілік дейтін ұғыммен ұштасып кеткенсің. Халқын төбесіне көтерген өзің сияқты азаматын халқың да төбесіне көтере беруден жалықпас. Тек ел аман, жұрт тыныш болсын дейікші.
Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
ПІКІРЛЕР1