НАЗАРБАЕВ ДАҢҒЫЛЫ
Алматы қаласы мәслихатының VI шақырылымындағы сессиясы барысында, мегаполис тұрғындарының көптеген ұсынысы бойынша, қалалық ономастикалық комиссия мен ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық ономастикалық комиссиямен келісімімен, Алматыдағы басты көшелердің біріне Қазақстан Республикасы Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев есімін беру туралы шешім шықты. Отырыс барысында, Алматы әкімі ономастикалық комиссияға қайталанатын 112 көшенің атауларын өзгерту туралы зиялы қауым өкілдерінен, ҮЕҰ-дан, қала тұрғындары мен әсіресе жастардан мегаполистің басты көшелерінің бірі Фурманов көшесіне Н.Назарбаев есімін беру жөнінде көптеген ұсыныс түскенін тілге тиек етті.
«Тарихтың өзі астананы көшіру туралы Елбасы шешімінің барынша көрегенді әрі дұрыс екенін дәлелдеді. Соның арқасында Еуразия орталығында жаңа заманауи қала пайда болып, еліміздің іскерлік орталығы ретінде Алматы жаңа серпінмен дами бастады. Тарихи маңызы зор шешім мен Президенттің экономикалық реформалары өзара ұштасып, жеке бастамаларды ынталандырды, кәсіпкерлік рухты дамытты. Бүгінгі күні «Алматы – өңірлік тартылыс күші, Орталық Азияның ірі мегаполисі», – деді қала әкімі Бауыржан Байбек.
Бауыржан Байбек: «Сондықтан Алматыда мұндай шешімнің қабылдануы өте орынды», – дей келе, Елбасының тұрақты қолдауы арқасында жүргізілген жүйелі реформалар барысында қала экономикасының 100 есе өскенін, шағын және орта бизнес қатарының 130 есе көбейгенін атап өтті.
Осылайша, Алматы қаласы мәслихаты депутаттарының бірауыздан қабылданған шешімімен Фурманов көшесі ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атындағы даңғыл деп аталды.