Туризм – инфрақұрылымға тәуелді
Туризм индустриясын тұрақты дамыту мақсатында, республиканың туристік саласын 2020 жылға дейінгі дамытудың тұжырымдамасы бекітілген еді. Сонымен қоса, мамандар аталмыш тұжырымдамамен шектеліп қалмай, Қазақстандағы туристік саланы дамытудың одан әрі қарайғы жұмыстары да жүргізіліп жатқанын тілге тиек етеді. Туризм – тек қана демалыс орындарының салынуымен шектелмейді. Дамыған елдер аталмыш саланы әлдеқашан мемлекетке мол табыс әкелетін бизнес көзіне айналдырып алған. Мәселен, қазіргі таңда түрлі демалыс бақтарын айтпағанның өзінде, бір ғана хайуанаттар бағы арқылы Сингапур, Австрия, АҚШ сынды елдер қаншама туристерді өздеріне тартып, қызығушылығын оятып отырғаны жасырын емес.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Рекреациялық география және туризм кафедрасының аға оқытушысы Азамат БЕЙСАХМЕТ Қазақстанның әсем табиғаты да көптеген туристерді баурап алатындығын айтады. Еліміздегі туристік саланың бірқатар түйткілді мәселелері бойынша жас маманмен әңгімелескен едік.
Азамат БЕЙСАХМЕТ,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Рекреациялық география және туризм кафедрасының аға оқытушысы
– Алматы облысындағы «Алтын-Емел» мен «Іле-Алатау ұлттық паркі», Павлодар облысындағы «Баянауыл», Ақмола облысындағы «Көкшетау» мен «Бурабай» еліміздегі ең танымал демалыс орындары саналады. Егер шетелмен салыстырсақ біздегі артықшылық неде деп айтар едіңіз? Жалпы, шетел азаматтары Қазақстанның табиғи демалыс орындарын көруге қаншалықты құштар?
– Сіз айтып отырған демалыс орындарының өз артықшылықтары мен ерекшеліктері бар. Бірақ, бұлардың түп негізі ұлттық саябақ болғандықтан, олардың ең басты мақсаты: ерекше қорғалатын,
әлемде сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді қорғау. Осындай аймақтарды туристік жағынан қарастыратын болсақ, қазіргі таңда аталған ұлттық парктерде арнайы туристерге арналған инфрақұрылым жетілу үстінде. Олар көбінесе экотуризм, медициналық және танымдық туризм бағыттарында. Бірақ, бізде АҚШ-тағыдай ұлттық бақтарға қатысты бағдарламалар немесе инфрақұрылымға келетін болсақ, Франциядағыдай арнайы ұлттық парктерде салынатын панда-қонақ үйлер, тіпті Жапониядағыдай ұлттық парктердегі қоқыстарды жою механизмі әлі де жақсы дамымаған. Дегенмен, әсем, экзотикалық, жабайы табиғатымыз шетелдіктерді өте қатты қызықтырады. Мысалы, «Алтын-Емел» ұлттық паркі археологиялық ескерткіштер мен ежелгі таңбалар және суреттер салынған үңгірлер мен тастарға бай. «Іле-Алатау» ұлттық паркі әсем флорасы мен фаунасы, оның құрамына енетін 4-Ақсай, Медеу, Талғар және Түрген орман шаруашылығы аумағындағы аласа, орташа және биік тау ландшафтары арқылы белгілі. «Баянауыл» ұлттық паркінде жиырмадан аса археологиялық ескерткіштер, қола дәуірінен қалған қорғандар, тастағы жазулар мен таңбалар, үңгірлер бар. «Бурабайға» жергілікті тұрғындар мен келуші туристер парк ландшафтының ғажайып табиғатына қарап, бұл алқапқа «Қазақстан Швейцариясы» деген теңеу береді. Мұнда үгілу мен желдің әсерінен ерекше тас мүсіндер қалыптасқан. Мысалы, «Оқжетпес», «Ұйқыдағы батыр», «Бүркіт», «Түйе», «Құдыр», «Сфинкс». Сонымен қатар, арнайы туристерге арнап ерекше жабдықталған «Көкшетау» ұлттық паркінде: «Шалқар» және «Зеренді» санаторийлерінде стационарлық (емдеу-сауықтыру), яхтада, атпен серуендеуге, спорттың тау-шаңғы түрлері, «Тұрпан», «Имантау», «Зеленый мыс», «Дубрава» демалыс базаларында қысқа мерзімдік (маусымдық) демалыс түрлері ұйымдастырылған.
– Отбасылық демалыс кезінде, әсіресе балалардың құштарлығы ерекше ауатын орындардың бірі – ол хайуанаттар бағы. Қазақстандағы хайуанаттар бағының қазіргі жай-күйі қалай?
– Хайуанаттар бағына бару – балалар, жасөспірімдер, тіпті үлкен адамдар үшін де ерекше сезім сыйлайтын саяхат деп ойлаймын. Жануарлармен суретке түсу, оларды ұстап көру – хайуанаттар бағына барудың негізгі мақсаты. Жалпы, еліміздегі хайуанттар бағы туралы айтар болсақ, олардың қазіргі жағдайы көз қуантпайды. Ондағы гигиеналық, эстетикалық тұстары кемшін. Дер кезінде әрбір жануар торын тазалап тұрудың өзі дұрыс жолға қойылмаған. Сондай салғырттықтың әсерінен көптеген жануар опат болған. Кейбір жануарлардың қасына да жақындай алмайсың, себебі айналасы дұрыс тазартылмаған. Гигиеналық жағдай былай тұрсын, адамдарға жануарлармен тіл табысу өте қиын. Тым көп қоршалған қоршаулар адамға жағымды әсер бермейді. Осындай жағдай бола тұра, хайуанаттар бағына кіру бағасы қымбат. Басқа аймақтарды білмеймін, бірақ Алматы қаласында 700 теңгеге билет сатып аласыз. Осындай жағымсыз факторларды түзесек, хайуанаттар бағы тұтынушыларды, туристерді өзіне тартар еді.
– Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының нақты қадамдары осы сала өкілдері тарапынан қалай іске асырылуда?
– Жалпы, Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы 3 кезеңді қамтиды: бірінші кезең – 2011-2013 жылдар; екінші кезең – 2014-2016 жылдар; үшінші кезең – 2017-2020 жылдар. Бағдарламаның жүзеге асырылуына орталық және жергілікті атқарушы органдар жауапты. Алайда, бұл тұжырымдама қазіргі таңда өзекті емес. Себебі, қазіргі кезде 2023, 2050 бағдарламалары бойынша жұмыстар атқарылуда.
Дегенмен, тұжырымдама халықаралық тәжірибені ескере отырып, Қазақстан Республикасы туристік саласының қазіргі жай-күйіне кешенді талдау жасау негізінде әзірленді және туризмді дамытудың стратегиялық дамуын, республиканың туристік саласын 2020 жылға дейінгі дамытудың негізгі қағидаттарын қамтиды. Осы саладағы мемлекеттік саясатты іске асырудың мақсаттарын, міндеттерін және кезеңдерін айқындайды. Тұжырымдама инфрақұрылым құру және жетілдіру, туристік бағыт ретінде оның тартымдылығын жоғарылату үшін Қазақстанның тартымдылығын арттыру үшін оның имиджін қалыптастыру жолымен туризм индустриясын тұрақты дамытуға бағытталған.
Осы тұжырымдама аясында Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстық 5 аймақтық кластерлер анықталды. Астана және Алматы қалалары бизнес-туризмнің даму орталықтарына жатады. Шығыс Қазақстан экологиялық туризм, ал Алматы қаласы – тау туризмінің даму орталықтары ретінде қарастырылады. Оңтүстік Қазақстан аймағы мәдени туризмді дамыту орталығы, ал Батыс Қазақстан аумағы – мәдени, «жағажай» демалыс ретінде анықталады.
Қазақстанның басқа аймақтарында негізінен ұзақ мерзімді туристік өнімдердің ішінен ішкі туризмді дамыту қарастырылған.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Нұрлайым БАТЫР.