Мұзафар Әлімбаев
Қазақстан жұртшылығы, қазақ әдебиеті мен руханияты орны толмас ауыр қазаға душар болды. 95 жасқа қараған шағында Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, классик ақын, көрнекті қоғам қайраткері Мұзафар Әлімбаев дүниеден озды.
Мұзафар Әлімбаев 1923 жылы 29 қазанда Павлодар облысы, Шарбақты ауданындағы Маралды ауылында туған. ҚазҰУ-ді бітірген. Тырнақалды өлеңі он бес жасында Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде жарық көрген. Соғыс жылдарында республикалық, облыстық және майдандық газеттерде басылып тұрды.
Армиядан оралған соң (1948), «Пионер» журналында поэзия бөлімін басқарады. 1956-1958 ж.ж. «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, Бас редактордың орынбасары қызметін атқарған. 1958 жылы «Балдырған» журналы ашылған күннен 1986 жылға дейін журналдың Бас редакторы болған.
Алғашқы кітабы – «Қарағанды жырлары» 1952 жылы басылып шыққан. Жүз сексен әнге өлең жазған. 70 төлтума және аударма кітаптардың авторы. Шығармалары 20 тілге аударылған. Көркем аударма саласында Сағдидың «Бостанын» («Жәннат» деген атпен), Петефи мен Тоқтағұлдың, Аполлинердің таңдамалы өлеңдер жинақтарын, Ю.Фучиктің «Дар алдындағы сөзін», Орбелианидің «Ғибратнамасын» және Пушкин, Лермонтов, Маяковский, Ғ.Тоқай, М.Жәлил, Фирдоуси, Х.Әлімжанның өлең-жырларын қазақ тіліне аударған.
1982 жылы «Аспандағы әпке» жинағы үшін республикалық Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды. ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1978), Қазақстанның Халық жазушысы, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері. Қазақстан Республикасының алғашқы Әнұраны авторларының бірі.
Отан соғысының бірінші және екінші дәрежелі ордендерімен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Отан» орденімен марапатталған.
«Қарағанды жырлары», «Жұмбақтар», «Лирика», «Алатау баурайында», «Менің Қазақстаным», «Таңдамалылар», «Шынықсаң, шымыр боласың», «Жолдар – жырлар», «Жүрек лүпілі», «Өрнекті сөз – ортақ қазына», «Көңіл күні», «Балдәурен шіркін, балалық», «Тәрбие туралы әңгімелер», «Ер еңбегі – айнасы», «Қалам қайраты», «Көңіл күнделігінен», «Маржан сөз», «Ақмаңдайлым», «Аянның алақаны», «Сүймеген жүрек семеді», «Өмір. Өнер. Өнерпаз», «Екі тақтай бір көпір», «Нақылдар кітабы», «Аулақ бол жаман әдеттен», «Хат», «Нақылнама», «Көп томдық шығармалар жинағы», «Балдәурен», т.б. кітаптары жарық көрген.
Мұзафар Әлімбаев Ел Тәуелсіздігін жан-жүрегімен жырлаған абыз ақсақалымыз. Ол қазақ әдебиетін жаңа биікке көтергендердің алдыңғы қатарында болды. Саналы ғұмырын халқымыздың бірлігі мен келісіміне, ұлт әдебиетінің әлемдік биікке көтерілуіне арнады.
Жетпіс жыл бойы Қазақстан жұрты мен қазақ халқының рухани өсіп-өнуіне аянбай еңбек еткен Алаш жұртының ардақтысы, еліміздің абыз ақсақалы Мұзафар Әлімбаевтың жарқын бейнесі халқымызбен бірге мәңгі жасай береді.
Қазақстан Республикасының
Мәдениет және спорт министрлігі,
Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникация министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі,
Павлодар облысының әкімдігі,
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының секретариаты.
Халықпен бірге жасай беретін қаламгер
Талант – тәңірдің сыйы, халықтың бағы. Талантты адамның өмірге келуі қаншалық қуаныш болса оның өмірден озуы соншалық ауыр қайғы.
Алла Тағала талант берген сол талант пен жанкешті еңбектің арқасында биік тұғырға көтерілген тұлғалар өмірден озғанда халыққа ауадай қажет біраз асыл қазынаны өзімен бірге о дүниеге ала кетеді. Ол алмастай асыл, алтындай аз асыл қазына оның әлі айтып үлгермеген халыққа ауадай қажет, үлбіреген мақтадай жеңіл, табыттай ауыр ойлары, жазып үлгермеген бұрынғы шығармаларынан да озық тың туындысы.
Мұзафар Әлімбаев балалар әдебиетінің басында тұрған классик, кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған қысылтаяң кезеңде «Менің Қазақстаным» атты поэма жазып, ұлттық рухты асқақтатқан айбарлы ақын! Қуатты қаламынан афоризмдер туындатып, қанатты сөздердің бағын ашқан, «Ақмаңдайлым» сынды сымбаты бөлек, сыңғыры ерек әйгілі әндердің мәтінін мінсіз жазған, Мұхтар Әуезовтің көзін көрген, оның дуалы аузына іліккен сан қырлы талант, санаулы саңылақтарымыздың бірі.
120 жылдығы елеусіздеу өтіп жатқан ұлттың ұлы ұстазы Мұхтар Әуезов еді-ау. Әуезов бастаған алыптар тобында Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин сынды кемел ойлы кемеңгерлер болды. Осы төрт ғұлама қазақ руханиятының төрт қабырғасын құлатпай ұстап тұрған төрт діңгек еді. Олардың сөздері де, істері де ірі, өздері халықтың пірі болатын.
Осы алыптар тобы өмірден озғанда Мұзағаң, Жұбан Молдағалиев, Әбділда Тәжібаев, Хамит Ерғалиев, Сырбай Мәуленов, Әзілхан Нұршайықов, Қалижан Бекхожин, Хамза Есенжанов, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев сынды өзінің қаламдас-тағдырлас достарымен бірге алыптар тобының өмірлік өнегелерін сақтап қалуы!
Әдебиет – ардың ісі. Ардың жүгі нардың жүгінен де ауыр. Сол ауыр жүкті алқынбай арқалау үшін талантпен бірге жан дүние байлығы да ауадай қажет. Жан дүниесі жұтаң адамның қаламынан жақсы шығарма тумайды. Мұзафар Әлімбаев қаламынан жақұт жырлардың құйма алтындай құйылып түсуінің бір сыры – оның халық алдында да, Алла алдында да арының жаңа жауған ақша қардай ақтығында.
Әдебиет атты әулиеге адал қызмет еткен Мұзағаң жастардың жанашыры еді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Мұзағаңның Абай даңғылы бойындағы үйіне Дүкенбай Досжанов екеуміздің барғанымыз әлі есте. Әдебиет әлеміне жас қана қадам басқан бізді Мұзағаң ағалық ақпейілмен аңқылдап қарсы алып еді. Сол сәттен бастап Дүкеш екеуміз Мұзағаңның жақсылығын көп көрдік. Мұзағаңның шарапатын көрген жалғыз біз ғана емеспіз.
Осыдан біраз уақыт бұрын президент ауруханасында жатқан Мұзағаңа сәлем беріп жаңа кітабымды ұсындым. Мұзағаң «Арманым көп, аз өмірім жетер ме?» деген өлең кітабыма көз жүгіртіп кеудесіне қойды.
– Ағаң сөйлей алмаса да оқи алады, – деді жеңгеміз күрсініп.
Өмір – Алла Тағаланың адамға берген сыйы ғана емес, тағдырдың ауыр сыны. Сол сында сынбаған терең ойлы тектілер ғана тұлға атты биік тұғырға көтеріледі. Өзінің терең ойлы текті талантымен ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетімізге үлкен олжа салған Мұзафар Әлімбаев халықпен бір жасай беретін қаламгер .
«Ұмытпа! Сен өмірдің тұрғыны емес, жолаушысы ғанасың», – деген Лев Толстой сөзі мен артында қалған мол мұрасы халыққа қызмет ете береді деп өзімді қанша жұбатсам да көңілім көшкен елдің жұртындай құлазып тұр…
Қош бол, қоштасуға қимайтын асыл аға, ақылман абыз Мұзаға!
Сәбит Досанов.
МӘҢГІЛІК ҰМЫТПАЙМЫЗ
Шығыс классигі Румидің: «Бақилық кеткендердің арасында тірілер бар, тірілердің арасында өлілер жүреді», – деген сөзі бар. Мұзафар Әлімбаев үлкен ғұлама, данышпан, кемеңгер жазушы. Өзім өте қадірлейтін, халық сүйетін осы бір үлкен, өзінің данышпандығымен халыққа өте жақын бола білген ағамыздың жазғандары тек қана бір ұлттың емес, күллі әлем халықтарының, оқырмандарының рухани қазынасы деп есептеймін. Көзі тірі кезінде Мұзафар Әлімбаевпен сырласып, мұңдасқанбыз. Ардақты жан: «Балалар әдебиеті жайлы жазбасаң,біздің отанымыздың келешегі жайында да әңгіме болмайды», – деуші еді. Мен оның осындай тазалығына қуанатын едім. Ол тек қазақ әдебиетін ғана емес, біздің ұйғыр әдебиетімізді де жақсы білетін. «Түркі әдебиетінің бір саласы ғой ұйғыр әдебиеті», – деп отыратын. Хизмет Абдуллин, Қадыр Хасанов, Зия Самади сынды ағаларымды өте жақсы сыйлайтын. Мұзафар Әлімбаев түркі халықтарының, соның ішінде ұйғыр халқының мақал-мәтелдерін жинаған адам. Өте көп білетін. Мысалы, біздің ұйғыр жазушылары да онша біле бермейді. Ал Мұзафар Әлімбаев болса халықтың ертеден келе жатқан мақал-мәтелдерін терең білетін еді. Мен сондықтан да оны «қамус энциклопедист» деп айтқым келеді. Біз кезінде бір-екі рет сапарға бірге шыққанбыз. Қазір соны сағынатын болдық. «Ондай сапарлар неге болмайды?», – деп ылғи ойлайтын шығармын. Бірақ сол бір кездегі біздің қырғыз еліне әдебиет күндерінде бірге барғанда оның: «Ай, Ахметжан бауырым!», – деп маңдайымнан сүйгенін осы күнге дейін ұмытпаймын.
Біздің әдебиет үшін де, жалпы түркі халықтарының әдебиеті үшін де үлкен жоғалту болды. Ағамызды енді сағынамыз. Үй ішіне, отбасына үлкен сабырлылық тілеймін. Ол Алланың берген өмірін абыроймен сүрген жан. Ұрпақтары, ел-жұрты әрқашан оны еске алатынына сенемін. Мұзафар Әлімбаевтың өмірін, шығармаларын мәңгілік ұмытпаймыз. Ұйғыр жазушыларының, зиялыларының, өнер адамдарының, сондай-ақ Қуддус Қожамияров атындағы академиялық ұйғыр театрының атынан ақынның туған-туысқандарына, қазақ халқына қайғырып көңіл айтамыз.
Ахметжан АШИРИ.
ҚҰЙМАНЫҢ ҚҰНТТЫ ИЕСІ ЕДІ
9 жасқа толмай жатып әкесінен айрылып, 14 жасында шешесі көз жұмып, ағыл-тегіл жылаған, жетімдіктің тақсіретіне сол кезгі жоқшылықтың азабы қосылған Мұзағаңның берідегі тағдырына ең әуелі бақытты балаларға қызмет ету нәсіп етіліпті.
Жас дәурені майдан даласының өртіне шарпылып, сұр шинелін 1948 жылы ғана шешкен Мұзағаңның таланына беріде 28 жыл бойы ең «бейбіт» журнал — «Балдырғанға» Бас редактор болу жазылыпты.
Балалық шағы ашаршылыққа тап келіп, шай ішіп отырғанда 250 грамм нанның өзіне тиесілі үштен бір бөлігін бірден шайнамай, тіске үйкелеп, дәмін алып барып қана жұтатын Мұзағаңа беріде Қазақстанның халық жазушысы атағы беріліпті, балаларға арналған туындылары үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығын алған алғашқы лауреат атаныпты.
Мұзафар ағамыз кеше ғана көз алдымыздан өтіп кеткен тұтас бір әдеби дәуірдің куәгері, жай ғана куәгері емес, белсенді өкілі еді, құнтты өкілі еді. Кезінде, 1969 жылғы әдеби жыл қорытындысында: «Поэзияны, жалпы әдебиетті Мұзафардай бағалап, оны құдіреттің құдіреті деп ұғынатын адамды, ақынды қаламдас ағайындардың арасынан мен әлі кездестіре қойғаным жоқ», — деген Мұқағали Мақатаевтың сөзіне шек келтірген ешкім болмаған да шығар.
Ал Мұзағаң тәрбиелеген, шарапатын төккен балалар қаламгерлері қаншама?! Алматыдағылар өз алдына ғой, мына жақта, Ақтөбеде жүріп, мен өзім дәмдес болып көрмеген Мұзағаңның қаншама сырттай жылы ықыласына бөлендім. Әлдебір сұхбаттарынан өз есімімді кездестіріп қалғанымда, менің балаларға арналған дүниелерімді үйінде демалыста отырған ағамның қалайша қадағалап үлгеретініне таң қалатынмын.
Өзі соншама еңбек ете жүріп (кезінде қабатынан 7-8 сағат, тіпті 13 сағат тырп етпей отырып жазатынын айтқаны да бар), сонысына қоса өзгені де ұмытпайтын, көкірегі алтын құймаға толы ардақты ағамыз да, міне, бақилық сапарға аттанды. Мұзағаңа келгенде жасты есептеудің де, жылды санаудың да қажеті жоқтай. Себебі Мұзағаңның есімі, әріні қоя тұрып, берісін ғана айтқанда, радио мен теледидардан шырқалатын әндер мен әсіресе мектеп оқулықтарындағы өлеңдері арқылы ересектердің де, балалардың да жадынан өшпейтіні даусыз.
Аяулы ағамыздың жаны жәннатта, ел-жұрты есендікте болғай.
Ертай АШЫҚБАЕВ,
Ақтөбе қаласы.
Мың жасаған Мұзағаң
Әдетте дәм-тұзы таусылып, дүниеден озған кі-сілерге «Пайғамбар жасынан асты. 80-ге келді, 90-ға келді!», – деп салауат айтып, сабыр сақтап жатамыз. Сонда да болса пендеміз ғой. «Қап, енді бес-алты жыл тұра тұрғанда ғой…», – деп о дүниеге опынып аттандырамыз. Ұзақ ғұмыр кешкен бір кәрияға:
– Шөбере, шөпшек сүйіп, көп нәрсені көрдіңіз, ата. Жүз жасадыңыз. Бұл да болса Құдайдың берген бағы! – деп ризашылық білдірсе, ол ақсақалымыз:
– Ой, тәйірі-ай, жүз жасыңның өзі сұлу қызға сұқтанып бір қарағандай-ақ дүние екен ғой! – деп азырқанса керек.
Әдебиет, оның ішінде поэзия – сұлулық символы болса, ұрпағына ұлағатты із қалдырған Мұзағаң сұлулыққа сұқтана қарап өткен қарымды қаламгер. Елін сүйді, жерін сүйді. Отанын одаға қосты. Балаларды бағбандай мәпеледі. «Жақсылықтың жоқ сәулем, ерте-кеші, жадырашы, назданшы, еркелеші» деп «Ақ маңдайлымын» айналды, «Ақ сұңқарын» аялады. «О, Маралдым, Маралдым, сенің үшін жаралдым!» деп туған елін әспеттеп, әнге қосты. Әр халықтың «Маржан сөздерін» махаббатындай бағалап, ата-бабадан қалған алтындай сөздерді алқа ғып ұсынды.
Ежелгі Мысыр елінде адамды жасаған жасымен емес, көрген қызығымен бағалайтын салт бар. Лұқпан Хакімнің «Мың жасадым!» дегенінде үлкен мән болса керек. Ол ғұлама хакім әрбір көрген қызығын бір жасқа есептеген. Міне, таным! Міне, тағылым! Бұл тұрғыдан келгенде, ұстазым менің, ұстазым Мұзафар Әлімбай мың жасаған бақытты ақын. «Балдырған» арқылы қаншама балалардың бағын ашты. Тәлім берді. Тәрбиеледі. Бұдан асқан бақ бар ма? Мың жасаған Мұзағамның жатқан жері жарық болғай.
Көпен ӘМІРБЕК.
«БӘРІНІҢ БІРЖАН БОЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ…» ДЕУШІ ЕДІ
Өнегелі өмірінен үлгі аларлық асыл жандар көп қой. Ал ел-жұрт, қалың оқырман қауым солардың ішінен өздері қатты құрметтеп, сыйлайтындарының есімдеріне «Аға» сөзін қосып айтып әспеттейтіні бар. Мысалы, «Сыр-Аға» (Сырбай Мәуленов), «Қал-Аға» (Қалтай Мұхамеджанов), «Шер-Аға» (Шерхан Мұртаза) деген сияқты. Сондай құрметті ағалардың бірі «Мұз-Аға» (Мұзафар Әлімбаев) еді. Қырық жылдай балалар әдебиетінің бас бағбаны болған «Мұз-Ағаның» өмірден өткені қабырғамызды қайыстырып кетті. Балалар әдебиеті бас бағбанынан айрылып, жетімсіреп қалды.
«Мұз-Ағамен» бірнеше рет кездескен едім. Соның біреуіне ғана тоқталайын. Өзім өз болып жүріп бір жолы «Ауылға сәлем» деген өлең жазғаным бар. Оны ұнатқан композитор Әшірхан Телғозиев ән шығарған. Кезінде бұл әнді Сұлушаш Нұрмағамбетова, Әсия Беркенова, Баян Сағымбаева, Ермек Әбілдаев сынды әншілер радио мен теледидардан талай рет орындаған болатын. Әрбір жаңа әнді, оның мәтінін қалт жібермей қадағалап отыратын «Мұз-Ағаға» әннің мәтіні ұнаса керек. «Қазақ әдебиеті» газетіне жазған мақаласында өзіне ұнаған 5-6 ән мәтіндерінің ішіне қосып жіберіпті. Төбем көкке жеткендей болып рахметімді жаудырдым. Сонда Мұз-Аға:
– Осы күні бәрінің Біржан болғысы келеді. Әнін де шығарады, сөзін де өзі жазады және онымен қоймай даусының бар-жоғына қарамастан өзі орындайтынын қайтерсің, – деп кіжінгені бар. Мұз-Ағаның бұл сөзінен ұққаным: дара дарын, тума таланттар Біржан, Ақан, Кенендердің жөні бөлек қой, ал қазіргілерге не жорық?! – деген ой болды.
Қайран Мұз-Аға! Иманыңыз саламат болсын. Пейіште нұрыңыз шалқысын.
Ғазизбек ТӘШІМБАЙ.
Мұзағаммен қоштасу
Ұстаз еді баулыған өнерге елді,
Жаңбырынан жас өркен кенелген-ді.
Желе жортып жыраққа кеткен кие
Қайта айналып Ертіске келер ме енді?..
Ақындар көп биікке барам деген,
Ол – құзартта,
Біздерге қалар белең…
Мұзағамды аңсаумен сыңсиды әлі
Маралды көл, Маралды ән, Маралды өлең!
Тоқсан төрт жыл ел-жұртын аралап кеп,
Ол тоқтады «Осыған қанағат», – деп.
Сонсын, жүген, ноқтаны төріне ілді,
«Жыр пырағым – қазаққа аманат!» – деп.
Желге ұрынып сарыала жапырағым,
Жүрегімді жұлмалап жатыр ағын!
Келіп тұрмын Кеңсайға
Маралдының
Түйіп алып бір уыс топырағын…
Біз – пендеміз, ол рух боп алыстады,
Біз – жердеміз, нұр енді ол ғарыштағы.
Кеңсайда осы
Келгенше Ақырзаман
Аманат боп қалсыншы абыз тәні!..
Арман ҚАНИ.
ТОЛҒАНЫСҚА ТОЛЫ ҒҰМЫР
Қазақ балалар әдебиетін ақын Мұзафар Әлімбаевсыз көз алдыңа елестету мүмкін емес. Оны дамытуға барын да, жанын да салды, шарқ ұра ізденді. Сол арқылы жанрын байытты, көкжиегін кеңейтті, өрісін өрелі биікке шығарды. Формалық жағынан түрлендіріп, мазмұнын тереңдетуге үлес қосты. Балалар әдебиетінің өткен ғасырдағы көрнекті өкілдері Б.Соқпақбаев, Қ.Мырза-Әлі, Ш.Смақов, Ә.Дүйсенбиев, Т.Молдағалиев, т.б. қаламгерлер «Балдырғанға» – Мұзағаңның айналасына топтасты. Өз шығармасының ғана емес, қаламдастарының да кемел туындылар тудыруына ұйытқы болды. Балалар әдебиетінің қазіргі беталысын, бағыт-бағдарын жанашырлықпен бақылап отыруды соңғы демі біткенше өзіне парыз санады. «Балдырғанның», «Ұланның», «Ақ желкеннің» әр санын қалт жібермей оқып, қадағалап отыратын дағдысы бар еді.
Ересектер поэзиясына да елеулі еңбек сіңірді. Асау ойдың, асқақ жырдың иесі өнерсізді өренге санамаған, дарыны барды дәріптеп өткен тұлға еді. Өндіре жазды, өршелене жазды. Өлеңмен ғана тұйықталып қалмады. Нені жазса да зерттеп, зерделеп жазды. Қалам қайратымен көңіл күнделіктерін жайып салды. Мақал сөздердің мәйегіне үңілді. Өзі де қанатты сөздер туындатты. Әлем халықтарының мақал-мәтелдері жинақталған «Маржан сөз» кітабы оның керемет аудармашы ақын екенін айғақтады. Мұзағаңнан қай шығармасын оқысаң да мәйекті сөзге, дәйекті ойға құнарлылығымен баурап алатын. Ән әлемінде де жұлдызы жоғары болды.
Оқырманнан оқ бойы озық болуға ұмтылған Мұзағаң әрдайым қаламын нық ұстады. Тоқсанға таянған шағында да том-том кітаптарды айналасына үйіп қойып, шұқшия ізденіп отырғанының куәсі болдым. Сол еңбектің қайтарымы деген жөн шығар, Мұзағаң миллиондаған мектеп жасына дейінгі, мектеп жасындағы балалардың басты ұстазына айналды. М.Әлімбаевтың өлеңінен тәлім алмаған, оны жаттамаған шәкірт жоқ.
Маған аракідік қоңырау шалып, «Балдырғанға» шыққан топтама өлеңдерің жақсы екен! – деп демеп, қолдап қоятын бір абыз қария кеміді. Қанша ұзақ ғұмыр кешті десек те, бесік пен табыттың арасы таяқ тастам-ақ жер екен ғой… Кеше бар, бүгін жоқ. Өкінішті-ақ! Енді оның өнегелі сөзі, өлеңмен өрілген өресі биік туындылары болашақ ұрпақпен бірге өмір сүретін болады. Жаныңыз жаннатта болып, жырларыңыз жүректерде ғұмырын жалғай берсін, Мұзаға!
Болат ҮСЕНБАЕВ.
МҰЗ-АҒА
Арысым, Атам, асқарым,
Бұлттанды бүгін аспаным.
Тоқсан бес жасқа келсең де,
Өтпелі өмір қас-қағым.
Мұз-ағам қайтты деген де,
Батырып мұңға тастады.
Есіме түсті елжіреп,
Нұр-шуақ бізге шашқаны.
Ортаға әлі енбеген,
Халімді көріп «Кел!» – деген.
Жабырқау менің жанымды,
Жылуын беріп емдеген.
Бәйгеге қостың бапкерім,
Шешіп ап мені кермеден.
Сол күннен бастап ұлың боп,
Жүректі шаттық кернеген.
«Күнәсіз мекен» тұрғыны,
Бақиға бізден сырғыды.
Арадан алып жөнелді,
Ажалдың келіп шынжыры.
Бір ғасыр көшіп барады,
Артында қалып шын – Жыры.
Жаратқан Алла, рақым ет,
Тағдырдың сенде шылбыры.
Шежіре шертер «Балдырған»,
Баланың тілін бал қылған.
Ұрпаққа еткен еңбегің,
Сауап боп шықсын алдыңнан.
Бұлақтың көзін ашқасың,
Талайдың шамын жандырған.
«Бақиың жарық болсын!» – деп,
Оқимыз Құран әр қырдан!..
Дәулетбек Байтұрсынұлы.