Жолдасбай Тұрлыбаев
Қазақ әдебиеті орны толмас қазаға душар болды. 76 жасқа қараған шағында жазушы Жолдасбай Тұрлыбаев қаза болды.
Жолдасбай Тұрлыбаев 1932 жылы 3 наурызда Алматы облысы, Кеген ауданының Жалаңаш ауылында туған. 1932-1956 жж. Шыңжаң өлкесінде тұрған. 1961 жылға дейін Алматыда құрылыста тас қалаушы болып істеді. 1966 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің филология факультетін бітірген. 1966-1967 жж. Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы «Тарғап» мектебінде директор болған. 1967-1978 жж. Қазақ радиосында редактор, аға редактор, әдеби-драмалық хабарлар редакциясында Бас редактордың орынбасары болып істеген. 1971-1973 жж. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жанындағы Жоғары партия мектебінде оқыған.
1970 жылдан проза саласында еңбектенді. «Алтын тамыр» атты балаларға арналған пьесасы Республикалық қуыршақ театрында қойылған.
«Ерке серке», «Балапандар», «Аңшының әңгімесі», «Телқоңыр», «Семсер», «Баламерген», «Тамыз таңы», «Райымбек батыр» кітаптары жарық көрген.
Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты. Қазақ әдебиетінен өзіндік орнын алған әріптесіміздің жарқын бейнесі оқырман қауым мен әріптестерінің жүрегінде сақталады.
Қазақстан Жазушылар одағы
Басқармасының секретариаты.
Толқып отыр, жыр-жаным
Жастық шақтың бірге шерткен сырларын,
Қатар өскен түлегі едік, Құлжаның.
Хабар естіп өзің жайлы қайғылы,
Торығып та,
Толқып отыр, жыр-жаным…
Атажұртқа жайып ыстық құшақты,
(Талайлардың арманын тағдыр тұсапты).
Талантыңды тасқа жанып шыңдадың,
Содан болар, жаздың қанша кітапты.
Бұл шақтары көкіректе уайым көп,
Жұрттан оны жасыратын жайым жоқ.
Елі үшін еңіреген хас батыр,
Романыңа арқау болды Райымбек.
Махаббатын, арнаған саған бар күшін,
Сүйген жарың, күйзеліп отыр Сарқытың.
Қош айтысты мынау жарық жалғанмен,
Қаламгер ер,
Тебіренген халқы үшін!..
Марфуға АЙТХОЖИНА.
Райымбек есімін ұлықтады
Жолдасбай Тұрлыбаев Қазақ Мемлекеттік университетін бітірді. Ол кісіні сол оқу орнында оқып жүрген кезінен танимын. Кейін ол екі кітаптан тұратын Райымбек батыр жөнінде роман жазды. Филология факультетінде оқыса да тарих саласына қызығатын. Қазақ тарихындағы деректерді жинақтап жүретін. Қуғын-сүргін жылдары әке-шешесі Қытайға ауып, ол кісі сонда оқып, білім алған. Қытайдағы тарихи аңыздарды көбірек зерттеді.
Райымбек батыр атына көше беріліп, жатқан жеріне күмбез орнату ісінің басы-қасында жүрді. Райымбек есімінің кейінгі ұрпаққа жетіп, лайықты деңгейде ұлықталуына көп еңбек сіңірген атпал азамат еді.
Иманы жолдас, жаны жәннатта болсын.
Оразақын АСҚАР.
БАҚҰЛ БОЛ, ИМАНДЫ БОЛ,
НАҒАШЫ АҒА!
Тілегенмен болсын деп Алаш аман,
Ажалға тұра алған ба араша адам?!
Сумаңдап суық хабар келді жетіп:
«Дүние салды, – деген, – нағашы ағаң…».
Дал болып, білмей сенер-сенбесімді…
Еріксіз жиып тұрмын енді есімді.
Сұм ажал жолыңнан-ақ алады екен,
Қолыңнан көзің қиып бермесіңді…
«Үйдің жақсы болмағы ағашынан,
Жігіт жақсы болмағы нағашыдан…».
Деп мені еркелетіп отырушы ең,
Бөлелердің бөлектеп арасынан.
Мен дағы қоймай-қоймай «серке…» деймін,
Жауабың: «Серкелерді… мен төлеймін».
Онсыз да жаны кетік пақыр едім,
Жөке аға, енді кімге еркелеймін?!.
Маңайды мандам қылық торласа да,
Кейбір інің ізетті болмаса да,
Жәңгірге* ертегі** айтып жүре тұрмай,
Апыр-ай, неге асықтың Жолдас аға?!
Еңбегің – ұлы ескерткіш артыңдағы,
(Ағайын білген де жоқ нарқыңды әлі…).
Өнерде «Райымбек»*** деп атқа қондың,
Қаламың ақ «Семсер»**** боп жарқылдады.
Жазмышпен пенде байқұс таласа ма?!
Бақұл бол, иманды бол, нағашы аға!
Жүрегінде Алаштың сен тірісің,
Аман болсын, ел-жұртың, бала-шағаң!
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ.
Жәңгір* – жазушының немересі.
Ертегі** – жазушының «Бала мерген», «Алтын сақа», т.б. ертегі кітаптары.
«Райымбек»*** – жазушының осы аттас роман-дилогиясы.
«Семсер»**** – жазушының М.Серікбаевтың өмірінен жазған тарихи романы.
Жақсы ағамыз еді
Бір кездері Жолдасбай аға, Ұлықман Асыл, Нұрқасым Қазыбек, Жұмаш Терлікбай, Нұргелді Уәли, Төкен Қаймолдин – бәріміз үй іштерімізге дейін араласып, жұп жазбай бірге жүруші едік. Ішіміздегі ең үлкеніміз Жолдасбай аға болатын. Бәріміз құрметтеп Жөке деп атайтынбыз. Қайсы үйде болсақ та, Жөкең төрден орын алатын. Дастарқанға батаны да Жөкең жасап, ақ тілекті де алдымен Жөкең айтатын.
Біз ол кісіні жасының үлкендігі үшін ғана емес, ақыл-парасаты мен жазушылық еңбегі үшін де ерекше құрметтейтінбіз. Сол кездің өзінде-ақ «Ерке серке», «Балапандар», «Аңшының әңгімесі», «Телқоңыр», «Семсер» атты кітаптары мен Райымбек батыр туралы «Тамыз таңы» (1 кітап), «Райымбек батыр» (2 кітап) романдары жарық көрген.
Мына суық хабарды естігенде қабырғамыз қайыса отырып, сыйлас, сырлас қайран ағамызды, бірге жүрген кездерімізді көз алдымыздан өткіздік. Ой, өмір-ай десеңші! Дастан баламыз бен қыздарымызға қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Арт жақсылығын берсін. Жолдасбай ағаның жатқан жері жайлы, жаны жәннатта болғай!
Тұрдақын ЖЕКСЕНБАЙ.
БАБА РУХЫН ҰЛЫҚТАҒАН ЖАН
Жолдасбай Тұрлыбаев қазақ халқының арғы-бергі тарихын жақсы білген адам. Біліп қана қоймай, тарихи тамырын терең тануға, танытуға саналығы ғұмырын сарыптаған асыл азамат. Райымбек бабасының тарихын зерттеуге өмірін арнаған жан. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Райымбек батыр жатқан жер жай ғана төмпешік болатын. Соны Алматыда қолға алып, елге насихаттап, бабасының басын көтеруге көп еңбек сіңірді. Тәуелсіздік алған кезде Елбасының өзі келіп, қазіргі үлкен күмбезді тұрғызып, ел зиярат ететін қасиетті орынға айналдырды. Осының бәріне Жолдасбай Тұрлыбаев үлкен еңбек сіңірген.
Жолдасбай Тұрлыбаев 1916 жылғы «Қарқара Албан» көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі – Серікбай болыстың жақын тұқымы. Арғы тегі осындай тектен тараған. Серікбайды М.Әуезов: «Халықтың тағдырын ойлайтын білікті-білімді жігіт екен», – деп айтқан екен. Жолдасбай Тұрлыбаев – осы кісінің бір әкеден тарайтын ұрпағы. Оның шығармашылық мұрасы жас ұрпақтың бойына батырлық пен ұлтжандылықтың өшпес өнегесін сіңіріп, халық жадында мәңгі қалары сөзсіз.
Тұрлыбек МӘМЕСЕЙІТ.