Кәмшат Дөненбаева
Кәмшат Дөненбаева өзі өмір сүрген дәуірдің жаңа талабын қаймықпай меңгерген, күш талғамас еңбектің жемісі мен жеңісіне жеткен қазақ қызы еді. Оның өмірі замандастарына ғана емес, өзінен кейінгі ұрпаққа да «Еңбек түбі – зейнет» боларын дәлелдеген нанымды ғұмыр болды. Қазақстанның халық жазушысы Фариза Оңғарсынова «Қазақтың бір қызы бар Кәмшат деген» атты поэма жазып, Кәмшат Дөненбаева көзі тірісінде әдеби кейіпкерге айналып еді. 1976 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, екі рет Ленин орденімен, Құрмет белгісі орденімен марапатталған Кәмшат Дөненбаеваның еңбегі мен ерлігі күллі қазақ қызының еңсесін тіктеген ерек құбылыс болды. Мұны Фариза ақын:
«Қуанды қазақтағы қыз атаулы
өздері Еңбек Ері атанғандай», – деп жырға қосты. Бүтін бір дәуірдің ұрпағына бір ғұмыр иесі үлгі болса, оның мысалына Кәмшат Байғазықызының өмірі жарқын мысал. Қош! Дәуірдің көшін алға жылжытқан қайсар қыз…
«Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымы.
Ғибратты өмір сүрді
Аяулы сіңіліміз, атақты механизатор, тың игеруші, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаеваның бұл дүниеден көшуі орны толмас қаза. Кеңес кезінде қазақ қыздары ауылшаруашылық техникаларын игеріп, ер азаматтардан қалыспай күні-түні еңбек етті. Солардың бірі Кәмшат Дөненбаева еді. Ол ауыр жұмыс істеп жүрсе де ешқашан қабақ шытуды білмейтін, жүрегі нәзік, биязы адам еді. Анда-санда кездескенде жарасымды әзіл-қалжыңымен бәрімізді үйіріп әкететін. Үнемі бір-бірімізге сырттай тілектес болып жүрдік. Соңғы бір уақыттарда емханада бірге жаттық. Кәмшатпен әңгімелескенде бірге туған апалы-сіңілілердей бауырыңды елжіретіп жіберетін…
Кәмшат Дөненбаева өзінің еңбекқорлығының, өз ісіне тиянақтылығының арқасында халықтың құрметіне бөленді. Көптеген марапаттарға ие болды. Басшылық қызметтерді атқарды. Соған қарамастан әрдайым кішіпейіл, қарапайым қалпын жоғалтқан жоқ. Кәмшат Дөненбаеваның жарқын бейнесі, ғибраты мол өмірі бүкіл Қазақ халқының жадында мәңгілік сақталады.
Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болғай!
Ғайникен БИБАТЫРОВА.
Дүниеден өтті жақсы адам
Кәмшат Байғазықызы Дөненбаеваның дүниеден өткені туралы суық хабар ешкімді бей-жай қалдырмады. Себебі, ол болмысы бөлек адам еді. Мұндайда қазақ «өлім тұрмақ өкпеге қимайтын адам еді ғой» дейді. Шыны сол. Мен бірге өсіп, жақын араласып жүрген құрбысы емеспін. Одақ көлемінде, республикалық деңгейде өтетін ірі жиындарда, немесе әртүрлі салтанатты шараларда кездесіп жүрдік. Үлкен мінберлерден сөйлегенінің куәсі біздер тілектес болып отыратынбыз. Ол қарапайымдылығымен, сабырлы парасатымен, сыртқы сұлу сымбатымен, өте жоғары ішкі мәдениетімен көпшілік арасында дараланып тұратын. Кәмшат ұлтымыздың тарихында болған дана аналарымыздың тектілігін сақтаған айтулы тұлға еді. Күш-қайраты ер адамдармен таласа алмаса да, 19 жасында ауыр техниканы меңгеруді мақсат еткен Кәмшат өзінің еңбексүйгіштігімен, қайсарлығымен жетістіктерге жетіп, «Еңбек Ері» атанды. Кәмшат Байғазықызы ылғи да рухани өсу жолында болды да, қазақтың қайраткер қыздарының қатарынан көрінді. Ол сол кездегі Совет Одағы деп аталатын мемлекеттің және ҚССР-ның Жоғарғы Кеңестерінің депутаты ретінде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеруге, әлеуметтік мәселелерін шешуге аянбай еңбек етті. Сөз жоқ, Кәмшат Байғазықызы Қазақстанның жасампаздық қуатын арттыруға сүбелі үлес қосқан қазақ әйелдерінің алдыңғы шебінде болды. Сондықтан да оны халық үнемі құрметтеді. Оның дәлелі – осы жылдары дүниеге келген көптеген нәрестелерге Кәмшат есімі берілгені.
Кәмшат Байғазықызының отбасына, ел-жұртына қайғырып көңіл айтамын.
Шәмша БЕРКІМБАЕВА.
Қазақтың мақтанышы Кәмшат деген
Қазақтың атақты қызы, Социалистік еңбек ері Кәмшат Байғазықызы Дөненбаеваның қазасы барлық қазақ халқының қабырғасын қайыстырды. Кезінде қазақ қыздарының ауыл шаруашылық техникасын меңгеруіне үлгі болған Кәмшат апамыз Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің Құрмет дипломымен марапатталды. СОКП XXV съезінің делегаты, IX сайланған КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты, 1980-1985 жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесінің Ұлттар Кеңесі төрағасының орынбасары болды. 1976 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды. Бір сөзбен айтқанда, қоғамдық жұмысқа белсене араласты, елдің сөзін сөйледі. Кәмшат апамыз көзі тірісінде әдеби шығармалардың кейіпкеріне айналды. Ол туралы Фариза Оңғарсынова «Біздің Кәмшат» деген деректі поэма жазса, Ғафу Қайырбеков «Жұлдызды тағдырлар» поэмасының тұтас тарауын арнады.
Ардақты ана мұсылманның бес парызын орындап, қажылық сапарға да барып қайтты. Кейінгі жылдары басынан ақ орамалын тастаған жоқ, барлық болмысымен, іс-әрекетімен қазақтың қыз-келіншектеріне үлгі болды. Оның жарқын бейнесі ел жүрегінде сақталады.
Жатқан жері жайлы, жаны жәннатта болсын!
Ақылбек Шаяхмет.
Қостанай қаласы.
ТҰҢҒЫШ МЕХАНИЗАТОР ҚЫЗ
Кәмшат Дөненбаева – әлемдік деңгейде көрінген қазақтан шыққан тұңғыш механизатор қыз. Одақтық деңгейде танылған біздің қазақтың алғашқы тракторисі. Соғыстың кезінде тракторды қыз-келіншектер меңгерді ғой. Кәмшат Дөненбаева үлкен Маркова тракторын игерген қазақтың көзге түскен қызы. Социалистік Еңбек Ері, СОКП XXV съезінің делегаты, 1974 жылы IX сайланған КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болды. Оның соңынан ерген механизатор қыздар, мысалы, Қызылорда облысында Жадыра Таспамбетова деген механизатор қыз болды. Бір аяғын трактор жеп қойып, протез салдырып алып, кейіннен жеңіл жұмыс істе дегенге көнбей, ауылдың беделді механизаторы болған. Сол Жадыра Кәмшат Дөненбаеваға: «Мен сіздің жолыңызды қуып, тракторшы болғым келеді. Соған сіз араласыңызшы. Маған трактор беретін түрі жоқ», – деп хат жазады. Сосын Кәмшат Байғазықызы Қызылорда облысының басшыларына айтып, Жадыраға трактор бергіздіреді. Жадыра Таспамбетова жиырма бес жасында Социалистік Еңбек Ері, КПСС-тің делегаты болды. Ол туралы Хамит Ерғалиев «Қыз-хисса» деген поэма жазды. Алты бала тәрбиелеп өсірді. Сөйтіп, Кәмшаттың нағыз ізбасары боп өмірден өтті.
Кәмшат Дөненбаева туралы Фариза Оңғарсынованың «Біздің Кәмшат» атты поэмасы бар. Сол поэманы қайта басып шығарса Кәмшат Байғазықызымен жастар тереңірек танысар еді. Социализмнің кезінде КА-70 деген трактор келді ғой. Кәмшат – КА-70 механикалық алып темірлерді ұршыққа иірген қазақ қызы. Фариза Оңғарсынова поэмасында осыны ашып көрсетеді. Соғыстың кезіндегідей бұл нағыз еңбек майданының ері деп әдемі суреттейді.
Марқұмның жаны жәннатта, топырағы торқа болсын!
Қуандық ТҮМЕНБАЙ.