Сергелдең
10.11.2017
1579
0

Данияр САЛАМАТ,
режиссер, драматург


Жандос Құсайынов «Сергелдең» деген фильм түсіріпті. Мен оны режиссерлығынан бұрын кинотанушы ретінде танып қалған едім. «Jaqsy.kz» сайтында «Жақсы кино» рубрикасын жүргізді, әуелі. Сосын әлеуметтік желідегі жеке каналы арқылы жақсы киноларды екшеп, елеп, талдап-тануға талпынды. Өзіндік орамды тілімен, орайлы ойымен иіріп алатын еді. «Кино туралы Жандос не деп жатыр?» екен деп интернет жүйесіне енсек, «Жақсы киноға» да бір соға кететінбіз. Кейінгі сәт Жандос қызықты талдауын сиреткен. Кейін тіпті доғарғандай. Әсілі, кино талдаудың емес, кино түсірудің машақатты, қиын ұйығына батып кетсе керек.

«Сергелдеңді» «Асыл арнада» түсіріпті, Жан­дос.
Марқұм ақын-зерттеуші Әмірхан Бал­қы­бек бауырым айтатын еді: «Есейген са­йын көркем өмірден – шынайы өмірге ауып бара жатқандаймын» деп. Ондағысы – көркем әдебиеттен гөрі эсселер, ғұмыр­на­малар оқу қы­зығы артып бара жатқанын меңзегені еді. Мен де сондай күйді кешетін едім. Ғұ­мырна­малық дүниелерді іздеп жүріп Ресейдің «Время» арнасынан тамашалайтынмын. Өзім ұстаз тұтатын режиссер А.Тар­­­ковскийдің сөзі жадымда: «Өмірде бол­ған нәрседен ешбір қиялдан туған нәрсе оза алмайды» деген. Оған әбден көзім жеткен. Сан тұлғалардың басынан өткен сан оқиға­лар – шынайы оқиғалар ерекше елі­тіп, соны шығарманың соқпағына түсіріп жіберетін. Дегенмен, «Времяда» есімі ел кезген тұлғалар жайлы сөз қозғалып, болмысы кейіптелетін. «Асыл арна» негізінен кішкентай адамдар­дың ғұмырын зерттейтін бағытты таңдапты. Бұл – менің тақырыбым. Мені қызықтыра­тын дүние. «Берекелі шаңырақ», «Шуақты аналар» бағдарлама­сының кейіпкерлері жұрт назарындағы тұлғалар емес-тін, бірақ тұтас өрілген мына қоғамның бүйірін жап­қан бір-бір кірпіш-тін. Зертесеңіз, сан бат­пан салмақты қайыспай көтеріп, қаймықпай алға қараған дара жандар екенін таныр едіңіз. Ғұмыр жолына үңілсеңіз, үлкен шы­ғарманың мазмұнды кейіпкерін ажыратар едіңіз.
Қош. Әңгіме Жандостың түсірген киносы жайында. «Асыл арнаның» Бас директоры, әйгілі айтыскер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхамеджан Тазабектің идеясы желісі бойынша түсірген «Сергел­дең» фильмі турасында. Фильм – бүгінгі таңдағы өте өзекті, шамның шынысындай нәзік тақырыпты қозғапты. Дін туралы. Дін туралы болғанда, «асыра сілтеп, ашамай арт­қан» адасқан ағым – радикалды діни көзқа­рас­тағы жандар жайлы. Дәстүрімізді, дәс­түр­ге сай дінімізді реформаламақ болып тыраштанған, «менікі – дұрыс, сенікі – бұ­рыс, менікі – ақ, ал, сендерді еліктіріп жүр­ген­дер ақымақ» деп жөнге жүгініп, санаға салып, ақылға артудан қалған адасқандар турасында фильм. Әрине, айрандай ұйыған қоғамда әлгіндей сыңарезу адамдардың соңынан ерген адамдар іріткі тудырары хақ. Тіпті, әлгіндей ойларымен қасиетті діні­міз­дің шырайына селкеу салып, жұртшылық көңіліне «исламафобия» түсінігін түзіп жі­беруі де мүмкін.
«Кино түсіру – көлденең сырық ұстап, керілген арқан үстімен жүрумен бірдей» дейтін ұстазымыз Сатыбалды Нарымбетов. Иә, солай-ау. Әрі кетсең – асып кетесің, бері толқысаң – жетпей қаласың. Былай аусаң – примитивтің ауласына кете­сің, былай аусаң – әсіре көм­керу­ге ұшырайсың. Ал дінге қатысты фильм түсіру – мың есе қиын. Өте қиын. Сіз арқан бойымен емес, қылдың үстімен жүруіңізге тура келеді. Сан толқисыз. Сан шайқала­сыз – ары асып, бері кету­іңіз­ге құқыңыз жоқ. Қақ маңдайдағы шолпандай жарқырап тұрған хақ дін­ге – хас ақи­қатқа жету­ге тиістісіз. Бағытыңыз – айқын, қадамыңыз сенімді болуы керек.
Бұл жолда фильм авторы адаспапты. Басты жетіс­тігі – оқиға желісінің шымыр­лы­­ғында. Тұтастығында. Бір эпи­зод­тың құйрығы келесі эпизодтың басын басып жатады. Шебер жымдасқан. Тығыз өрілген. Бір оқиға – екінші оқиғаға жетелеп, бір дүниеден – екінші дүние суырыла шығып, жалт етіп қашып, бел асып ұзап та кетпей, көз ұшында сумаңдап, саумалдай тартып сізді еліктіріп, желіктіріп отырады. Зерік­тір­мейді. Ритмі – ретті, қалыбы тұтас. Оған себеп: фильм жанры күңіренген трагедия да емес, егілген мелодрама да емес. Фильм – комедиялық элементтерді көбірек пайдаланып, комедиялық ситуацияларды кірік­тіре отырып, мазмұнын байытқан. Мазмұ­нын байытып қана қоймай, сол ситуациялар арқылы кейіпкерлердің мінезін ашып, жанын зерттеуге талпынған.
Фильмнің кей эпизодтары тұтас бір миниатюралық мазмұнымен ерекшеленіп тұр. Мысалға, мына бір оқиғаны алайық. Бас кейіпкер асыра діншіл Бейсенбайдың жары жабық, жабығыңқы өмір сүреді. Бейсенбай оған тіпті далаға жалғыз шығуға да тыйым салған. Жас келіншек жүкті. Қыс ортасында құлпынайға аңсары ауады. Жерік болады нақтырақ айтсақ. Оның бұл халі Бейсенбайды ойландырмайды. Бұл айтып көрген, жолдасы: «Біз тақуаларша өмір сүреміз деп айтпап па едік, сен құл­пынай дейсің» – деп зекіп тастаған. Бұл оның ендеше неге тәтті сусынға құмарлығын тыймайтынын сұрайды. Күйеуі енді мұндай күпір сөйлегенін қоймаса, «талақ» беретінін айтып, доқ көрсетеді. Келіншек үнсіз қалады. Жас келіншек құлпынай аңсап қиналады. Құлпынайдың суретін салады отырған жерінде. Құлпынай бейнелі салпыншақ та тағып алған пәтер есігінің кілтіне. Құмарланып оны иіскеп қояды. Ақыры аңсары жеңіп, келіншек дүкенге келеді. Сөреде мұздатылған құлпынайды көргенде көзі шырадай жанады. Дереу бір қорапша мұздатылған құлпынайды сатып алып үйіне асығады. Үйіне жетуге шыдамы жетпей, аулаға ене қорапшаны асыға ашып, бір құлпынайды таңдайына тастап жіберіп, рахаттана талмайды. Сол кезде үйіне бір жәшік сүйікті тәтті сусынын көтеріп келе жатқан күйеуін көріп шошып кетеді де… қолындағы құлпынай толы қорабын қоқыс жәшігіне тастай салады. Сонымен бірге алданышын, үмітін де қоқыс жәшігіне то­ғыт­қандай болады келіншек. Өз пәтеріне қарай құстай ұшады. Қайтсе де күйеуі­нен бұрын жетуі керек, болмаса, рұқсатсыз шыққаны үшін жазаланбақ…
Болмаса, фильмнің басындағы бас кейіп­керлердің бірі – Асқар журналистің қыз­метім өседі деген сеніммен барып, өзі­нің «бет бояушыдан өсірген» әкімші қыздың бұл үміт етіп отырған бас редак­тор­лыққа та­ғайындалып кетуі оқиғасын алайық. Бұл да етегін тұйықтап жіберсе, бір шағын шы­ғар­маға жүк. Бұлар менің есіме О/Генридің шы­мыр әңгімелері сюжеті мен Италия ки­нод­раматургі Тониньо Гуэраның ми­ниа­тюраларының оқиғасын еске салады.
Фильмде кемшілік те жоқ емес. Кейіп­керлерді сомдауға еліміздің белді театрларына еңбек етіп жатқан, біраз кинотуындыларда, сериалдарда жарқ етіп көрініп жүрген тәжиірбелі актерлар шоғырланыпты. Астана «Жастар театрының» ең сақа актері – Бейбіт Құсанбаев, тәжірибелі актер, кезіндегі «Бауыржан-шоу» сауық театры арқылы көрерменге таныс – Алмат Сақатов, Белді театр және кино актеры – Сафуан Шаймерден, Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар және балалар театрының актері – Мақсат Сәбитов, осылардың бәрі фильмдегі жүкті жұмыла көтеріп жүр. Дегенмен, шатқаяқтап кететін тұстары да жетерлік. Актерлердің ойын мәнері театрға тән пафос пен кино әртісіне тән байыптылық шекарасында қалып қойған. Қос бағыттың да шегіне жете алмағандықтан, ойындарында шынайы­лық­тан гөрі шарттылық көбірек. Әсіре дін­шіл Бейсенбайды сомдаған актер кейіп­ке­рін ішін назардан тыс қалдырып, бір­жақты сыртқы бейнесін – ұрдажық қалпын кейіп­теген. Бұл тұлғаның бәсі кемуіне әкеп соқ­тырған. Оның ойынына сұмдық пен қу­лық­ты басшы етіп алғанда тұлғасы жұмырлана түсер еді. Бас кейіпкер (антипод) күшей­генде, екінші басты образ – Асқар журналист те тұлғалана түсер еді… Бұл біздің ойы­­мыз, әрине. Автордың өз уәжі бары анық. «Ат құлағынан ақсамайды» дейді хал­қымыз. Біз алдыға тартқан кемшін тұстар шы­ғарманың өн бойы қуатына нұқсан кел­тіре алмақ емес.
Бастысы, фильм – ақ пен қараны ажыратып көрсетер сүбелі дүние. Толқын төң­керген дауылды күні бағыт нұсқар бағ­дар­шам іспетті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір