«Айтарым да өз мұңым, жазарым да…»
10.11.2017
1927
0

Ай жердің серігі. Ол жерді айналып жүреді, жер шары бастаған тоғыз планета күнді айнала қозғалады (бұл адамдар тарапынан қазірше анық­талғаны), күн жүйесі күллі планеталарымен құс жолын айналып жүреді. Ал жалпы аспан денелерінің барлығы нені, кімді айналып қозғалады? Сол секілді ақындар Мұқағали­ды айналып жүреді, Мұқағали өзіне ілескен бар ақынды ертіп алып Абайды айналып жүр. Абай барша қазақ ақындарын топтастырып, ақиқат деген ұлы әлемді айналып жүр. Оны тапқандар, танығандар, тартылыс күшіне байланып әлі айналып келеді… Таппағандар жарыл­ды, шашырады, ағып түсіп түпсіз тұңғиыққа батты. Алғашқы қозғалыс Физика, соңғы қозғалыс Лирика. Екеуінің де заңдылығы біреу – орталыққа (центр) тартқыш күш үйіріп «байлап» тұрады.

Қазақта екі шумақ өлең шы­ғар­майтын адам кемде-кем, бі­рақ, оның бәрі ақын емес. Ар­ғы­­сын айтпағанда жадыға жа­­­зылып ауыздан ауызға жеткен, хатқа түсіп тасқа басылған ақын-жы­рау­­лардың өлеңдерін сарапқа сал­сақ орталыққа тар­тылған, ұлы руханиятқа жал­ғасқан өлең­дер өшпей келе жатыр екен де, Өзі жұлдыз болғысы келген, такаппарсынып әлем жасап әлек болғандар өртеніп күлі тозып, күні бітіпті. Яғни «Ал­ланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз еш қа­шан да жал­ған бол­мас» деген Абай уақыт өткен сайын айшықталып ағарып, нұрланып жарқырайды, «Бәрі рас айтқанының ақ Алла­ның, Құм­менен топырақтан жарал­ғамын» деп тереңінен толғаған Мұхаметқали (Мұқа­ға­ли) қазақ өлеңінің туы, жүрек төрінің қо­на­ғы, сезім пернесінің күйі болып өсіп келеді, ғасыр­лар­ға кө­шіп келеді. Менің бұл айт­­­­қа­нымды әдебиеттің елі, өс­іп келе жатқан талапкер ұр­па­ғы басқадан бұрын аңғаруға тиіс.
Құдайдың құдіретіне Шүкір етеміз!.. Зар-заман ақындары­ның соңғы тізімінде тұрған Ал­бан Асан, сынақ тауқыметінің сан түрлі алапатын басынан кешірген Әбді-Рахым (Көдек) Бай­шыған­ұлы, қазақ жерін қа­қы­рата бөлген шекара деген шер­­менденің біресе арғы жағы­на өтіп, біресе бергі жағына өтіп қақпақылға түскен Шарғын Ал­ға­зыұлы, бейбітшілік пен ты­ныш­­тықтың өліара сәтінде өзе­гін текпілеп өмірге келген Мұ­­­қа­ғали Мақатаев, халықтың еркесі, ауылда тұрып табанын тамырдан айырмаған таңға­жа­йып ақын Еркін Ібітанов құнар­лы даланың, бабалардың өршіл рухы тау мен тасына, өзені мен көліне сіңген, даналардың кө­кіре­гі­нен бұлқынған бұлақ болып аққан атамекеннің қиясы­нан қиналмай қанат қаққан Түлек­тері. Қасқайған Хантәңірді Мұ­қа­ғали шыңы десек, оның батысы мен шығысында қанша­ма биік­тер бар… түйенің өрке­шін­дей ирек-ирек шоқылар тұ­та­сып, иін тіресіп жалғасып жа­тыр. Сол қа­тардан Мұқатай Жылқайдарды, Хасен Саматыровты, Мінуар Әкімхановты, Батық Мәжитті, Оразбай Бай­бақ­ты, Оразәлі Досбосынды, Даубай Әбдісаевты… көруге болар еді. Аспан шайдай ашық күні Сарыжаздан асып Қайнар­дың желкесіне жеткенде ал­дың­нан найзадай көкке бой созған әйгілі Хантәңірі мен­мұнда­лай­ды. Әне сол күнге шағылысқан жарқ-жұрқ еткен ақ күміс заңғар кристалдардың біз сөз еткелі отыр­ған әйбәт ақын Серікжан Қа­жи­дың шабытына оттық болғаны даусыз.
«Жалғыз қалып жабырқап
жүргенің де,
Жаратқан мен сенерің Абай ғана» –
деп жыр толғаған ақын сол қа­тар­да тұруға қақылы. Республи­ка­лық басылым беттерінен, өзі­нің мінезді кітаптары арқылы өл­еңі оқырманына жеткен ақын­­ды саналы оқырман жақсы біледі. Шоу-думаннан алыс, ай­ғай-шудан қалыс жүретін ақын сәлиқалы, сарабдал жырларымен ақырындап жылжып келеді. Әуел баста ақын болып туып ли­ри­калық ғұмырын бастаған, сонсоң білім алып мамандығын иеленіп физикалық тірлігін жал­­ғас­тырған, онан келіп кеу­десі көріктей желпініп, қан тамырын керіп өлең жазып лири­ка­лық өміріне тоғытылып тол­ға­­нып өткен Серікжан аға, таби­­ғаты таза ақын, азамат! Өзім таныған осы жылдар ішін­де Секеңмен бірге қызметтес бола жүріп талай сырластық, талай мұңдастық. Қарапайым қажырлы тірлігі, алқын-жұл­қы­ны жоқ алғаусыздығы, тек қа­на өлеңге ғашық, өмірге құш­тар көңілі өзіне жарасып тұрады. Лириканың физикаға, физика­ның лирикаға айналып кететін тұстары өте көп (бұл сипат өзіме де тән болғандықтан жақсы түсінемін).
1979 жылы Университетті бі­тір­ген аға ортасының назарын аударып, жорға жырларын жазудан жалыққан емес. «Фариза, Фа­ризажан, Фариза қыз!» деп бас­талатын аңыз-дастанды өздеріңіз жақсы білесіздер. Шамасы осыдан қырық жыл бұрын қазақтың адуынды ақыны, айбынды азаматшасы Фариза Оң­ғарсын ақ тілегін айтып Серік­жан Қажиге «сәт сапар» тілеп бір топ өлеңін «Жетісу» газетіне ұсыныпты. Кейін 1998 жылы ақынның «Мен даланың ұлы­мын» жинағына алғысөз жазды. Ана қырандай тірнегінің аяқ қылын қиып, алып жартастан тастап жіберіп ұшырған екен. Алғашында сәл төмендеп барып, қанатын қомдаған түлек қайшысын қағып-қағып жібе­ріп, қайқайып көк сеңгір аспан­ға көтеріліпті. Содан бері ұшып келеді, Алатау мен Қаратаудың арасында еркін самғап жүр.
Жоғарыда айтқанымдай, ол Еркінге еріп, Мұқағалидан шөлін басып, айналып келіп Абай­ға байланған ақын. Фи­зика­лық заң­дылыққа бағынып өз орбитасында доға бойлап, тректория­сын сызып бара жат­қан элемент.
«Айтарым да өз мұңым,
жазарым да өз мұңым,
Дүниені шолады көңілдегі
көз күнім» –
деп айтқаны «ақын өзін жазады, өзі арқылы өмірді көрсетеді» деген сөзді ойға оралтады.
– Айтарым да өз мұңым,
жазарым да өз мұңым,
Өн бойымда өрілер артықшылық
өз мінім.
Қорқыныш бар аздаған,
алмасам деп түсіріп,
Абайдан соң қалам ап,
періште өлең сөз құнын, –
деген екен. Кезінде Мұхтар Әуе­зов мұқым жұртқа жариялап, ақын­дығын, алғырлығын жо­ға­ры бағалап болашаққа жететін талант екенін тап басқан Мағ­жан Жұмабай «Қазақ үшін ақын­ға да, ақылға да Абайдың жететіндігін» анық айтқан. Сөй­те тұра Өзі де өлең жазған, Мұ­қағали да оны білгендей тұ­рып жыр жазған, Серікжан да шүбәсіз Абайға сенімді, десе де дегбірсіздене, байыз таппай поэ­зияға соға береді. Соның ішінде Абайға маталады.
Дүбір жолы дүниеде дамыл жоқ,
Бірде суып, бірде өртенем
жалын боп.
Дана Абайдай мұң сіміріп, у ішіп,
Бар адамды құшқым келер
бауыр деп!
«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» – жар салған Абай шын адамның, нақ мұсылман­ның сипатын рамкаға салып іліп қойған екен, оны жалғаған Секең:
– Мен Абайға бет бұрдым
Абай маған,
Ойларынан таң көрем арайлаған.
Тереңінен терсем деп
маржан сөздің,
Көз жіберіп таңырқап
тағы ойланам…
Оянса ғой ұйқыдан, өзін танып,
Абайдайын мәңгілік Ар-айнадан!

Өмір деген шетсіз-шексіз тұман-ой,
Адаспай да жүрсем
дейміз құламай.
Кір шалдырмай
өту үшін жалғаннан,
Жүрегіңде жүру керек ұлы Абай, – деген Серікжан Қажи ақын, та­ғы да Абайға соғады. Баяғы сол Мағжан ақын айтқандай, Мұ­қағали жалғағандай, інісі құл-Керім ақын құнттағандай құлаққа құяды.
– Қалған ғұмыр ұзақ па,
шамалы ма?
Жұтылғанша ажалдың аранына.
Сия етіп қанымды қаламыма,
Сөзімді айтып қалайын заманыма! – деп төгіледі, қабырғасынан сө­гі­леді. Ал, біздің көкжиегімізде мың құбылған ақ жарықтың спектрі өріледі.
Нарынқол-Кеген таулы өлке, асуы көп асқары биік. Сулары сарқырап ағады, орманы сырлы әнге басады. Қара сөзден дес бер­меген қаламгерлердің ұста­ха­насының шебері Әлнұр ата Мейірбеков, Баққожа Мұқай, Сағат Әшімбай, Тұрлыбек Мәмесейіт, Тұрсынжан Шапай, Болат Үсенбаев, Сағатбек Медеубек, Кәдірбек Құныпиялар шыққан, сабақтасып, салаласып жатқан тарихы терең тағлы­мы мол «Қарқара көтерілісі» Әуезов қаламынан «Қилы заман» болып қиюласқан тағдыр­лы дала. Сол топтың жуан ортасында майда қоңыр үнімен, маң-маң басқан сабырлы қал­пы­мен көзәйнегін көтеріп қо­йып ақын Серікжан Қажи да келе жатыр. Сандаған шәкірт­терді баулып, мыңдаған мұз­ба­лақтарды ұшырған Сарыжаз ауылы, алтын ұя мектебі Серік­жан Қажилармен, алмас қы­лыш­тай өткір Алтынбек Сәр­сенбайұлымен мақтанады!..
«Мен Абайға бет бұрдым, Абай маған» деген шумақтары Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) айтқан хадисті еске салады. Біз Аллаға беттесек, Алла бізге беттейді. Біз Аллаға қарай жүрсек, Алла бізге қарай жү­гі­реді. Осылайша ұлы досымызбен қауышады екенбіз. Міне, өлең төркіні ақиқатқа адымда­ған ақынның арлы үні. Алпыс­тың асқарына бет алған аяулы ақын жайлы жылы сөздің кезек­ті сөресіне осылай бір ат шал­дыр­дық. Қалам-қуатыңыз өріс­тей берсін!

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,
ақын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір