Қарпық ҚҰСАЙЫНОВ
Көрнекті ғалым, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қарпық Құсайынұлы Құсайынов 87 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Саналы ғұмырын мал шаруашылығын дамытуға, жаңалықтар енгізуге арнаған қайраткер тұлғаның осы саладағы 250-ге жуық ғылыми еңбектері, 7 монография және 20 кітапшасы жарық көрді. Оның ғылыми зерттеулерінен туған ұсыныстар өндіріске кеңінен енгізілді, әрі Қазақ ССР-ның халық шаруашылығы жетістіктерінің тақырыптық көрмелерінде ғалымның экспонаттары бірнеше рет қойылды.
1954 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын үздік бітірген ол, осы институттың аспирантурасын тәмамдап 6 лаборатория меңгерушісі болып еңбек етті. Ал 1977-2000 жылдар аралығында Қазақ ғылыми-зерттеу технологиялық мал шаруашылығы институтында мал азықтандыру бөлімінің меңгерушісі қызметін жемісті атқарды. Осы сала маманы ретінде қашанда ғылыми жаңалықтар енгізіп, абырой биігіне көтеріле білді.
Қарпық Құсайынұлы бірнеше мемлекеттік марапаттарға да ие болды.
Ол рухани әлемнің, тіл мен ділдің, әдебиеттің жанашыры еді. Қазақтың сұңқар ақыны Сәкен Сейфуллиннің немере қызы Рымжан Сейфуллина екеуі ордалы шаңырақтың түтінін түтетті. Сәкен әруағына қалтқысыз қызмет етті. Сәкен қорын құруға, оның есімін ел жадында қалдыруға бағытталған үлкен шаралардың көш басында болды. Сәкеннің өмірі мен шығармашылығы, айналасы туралы бірнеше мақалалары жарық көрді.
Әдебиеттің жанашыры, көрнекті ғалым, елгезек азамат Қарпық Құсайынұлының жарқын бейнесі оны білетіндердің жүрегінде ұзақ сақталады.
Қазақстан Жазушылар одағы
басқармасының секретариаты.