Махамбеттің мұңы
03.11.2017
3430
0

Мақым Қисамединов. «Махамбет сериясынан» линогравюра.

Жаралғалы бері аласапыран арпалыспен өтіп келе жатқан адамзат ғұмырындағы қазақтай тағдыры күрделі елің туралы толғанатын сәттер жиі. Сондайда халықты өрге сүйреген сайыпқыран серкелер елестейді. Бірақ солардың болмысына терең бойлай қоймайтының да еске түседі. Кезінде: «…Осындайда толарсақтан саз кешкен небір алмағайып кезеңдерде кеудесін оққа төсеп, көш басынан көрінген анау Асан қайғы, Ақтанберді, Қазтуған, Шалкиіз, Доспанбет, Сыпыра, Бұқар жыраулар… Махамбет кескіндері елес беріп өтеді. Бұл тұлғаларды да бұлыңғырлау бейнеде, көбіне абстрактілі кескінде қабылдайтынымызды ойлайсың. Яғни, адамдық тағдыры болмағандай, мәселен, жар сүймегендей, ұрпақ тәрбиелемегендей көреміз. Тек ел қамын жеп, от ауыз, орақ тіліне сүйеніп, ұрандаумен өткен секілді» деп жазған да екенмін. («Қазақ әдебиеті». 27.12.2013).


Ертеректе мұндай «түйткілдің» жауа­бының бір нұсқасын Әнуар Әлім­жановтың «Махамбеттің же­бе­сі» романынан тапқандай елең­деп қалғанымыз бар. Мәселен, ақын мен оған сыйға тартылған Хиуа сұлуы екеуінің аралығындағы диалогқа көз жүгіртсек: « – Сен Ота­ныңа қайтпақшысың ба? – деп сұ­рады кәнизәк. – Иә, – деп жауап қатты бұл. – Мені өзіңмен бір­ге ала кетесің бе? – Жоқ. – Осын­да қалдырасың ба? – Жоқ. – Падишахқа қайтармақсың ба сонда? – Жоқ, жоқ, жоқ!.. – Кешір мені, мырзам, – деді жас әйел, – Еркін жүріп-тұрып, тең дәрежеде сөйлесуге үйреткен өзіңсің. Мені күң емессің деп өзің айттың ғой… Әйелдің қадірі тек сұлулықта емес, ме­нің ауылымның қыздары жүз­дері ашық жүреді, дауласа қалса ер­лерге есе жібермейді деп өзің айт­тың ғой. Мен сенің жаныңда қал­ғым келеді… Білем, – деді одан соң аптығыңқырап, – Білемін, қо­жайыным. Бұрын қалай ойыма кел­меген! Сен өлтіресің мені. Өйт­кені, сүйесің! Мен бақыттымын, мыр­зам. Даярмын бәріне… Аллаға шү­кір. Өзіңе адал, таза күйімде қалуым үшін, екеуіміз Алла-таға­ла­ның гүлзар бағында жолығу үшін өлтіріп кетесің. Сенің қо­лың­нан ажал табуымның өзі бір бақыт. Қабылдаймын соны…» – де­ген жолдарды оқимыз. (Орыс ті­лінен аударған автор).
Мөлшерлеп көрсек, Махамбет Хиуада жүргенінде отыз төрт жас ша­масында екен. Жоғарыдағы үзін­ді ертегі емес; нақты дерек­тер­ден өзек алатын шығармада көр­кем­дік шындық жатыр. Автор та­рихи романын, бір қарағанда, осы­лайша мән-мағынасы «өте саяз, жеңіл» көріністен бастай­тын­дай. Ал қазақтың жыр семсері бұл сәтте іштей қатты ширығып, жа­ралы көкжалдай өз жанын өзі жұ­лып жеп, патшалық билік пен жергілікті ханның озбырлығына қарсы күрес қамымен жүрген еді. Бі­рақ жазушы осынау қым-қуыт тартысты салған беттен атойлат­пай, бірден дауылдата жөнелмей, буыр­қанған алапат рух сырын Ма­хамбеттің нәзік жан әлемі қал­та­рыс­тары арқылы тым тереңнен, шы­мырлата, сыздықтата суырт­пақ­тайды.
Ақын шығармашылығын ке­зінде керемет талдаған Мұхтар Әуе­зов: «Махамбетте жалтартпа, тұс­пал сөз, ой көмбесі жоқ, нақты, тура сөз. Оның… жыры екпінді, келте, кесек бір қимыл жыры. От шаш­қан, іші-тысы бірдей тұтас жыр. Бұл жыр – көтеріліске үн­де­ген жыр» – депті. Махаң атамыз өзі де бір өлеңінде:
– Әй, Шонты би, Шонты би!
Домбыра тартсам, келер күй.
Шын ажалың жетпесе,
Ажалдан бұрын өлмессің,
Жалаңаш бар да жауға ти!
Ажалдан бұрын өлмессің,
Тілесем – тілек бермессің,
Жыласам – көзімнің жасын көрмессің.
Алақандай Нарында
Мүкәммалым шашылды,
Жүр десем оған жүрмессің.
Құр әңгімеден басқа
Еш нәрсені білмессің! –
деп төпелетеді.
Осы жерде біз ақынның «Дом­бы­ра тартсам, келер күй» деген сө­зіне жармаса кеткіміз келіп тұр. Өйткені, бұл айтқымыз келген не­гізгі тақырыбымыз үшін қажет. Жә­не дауылпаз ақынның қияпат кек сарыны, лықсыған жігерлі ой толқынымен қатар әлгіндей «ин­тим­дік» жағдайларға қатысты көңіл ауанын, негізінен, «өсекші» өлеңге емес, сол домбыра шана­ғы­нан төгілетін күйлеріне сый­ғызғанын жеткізуге тырысамыз.
Иә, Махамбет бабамыздың же­ті күйі бар екен. Оларды алғаш 1958 жылы Атырау өлкесінен Ал­ма­тыға арнайы келген Оразғали Сүйін­беков деген ақсақал Ахмет Жұ­бановқа орындап берген кө­рі­не­ді. Оны Ахаң магнитофонға жа­зып алады. Мұны бізге сонау 1980 жылдар басында философ, этнограф Мұстафа Ысмағұловпен бірге осы жағдайға тікелей куә бол­­ған ұстазымыз, көрнекті тарих­шы ғалым Нәумет Көшекбаев ағайымыз әңгімелеп берген-ді. (Сөз орайында айта кетейік, Нә­кең, тіпті, студент аудиторияларын­да осы жолдардың авторына Ма­хам­бет күйлеріне қатысты түрлі иллюс­трация салғызғаны да бар). Бі­рақ Ахаң қайтыс болғаннан кейін жазылған дыбысты ретке кел­тіру ісі бір кезең аяқсыз қал­ған­дай болады. Композитор тас­паны консерваторияның фонетека қорына сақтауға берген екен. Мұ­ны 1979 жылы жоғарыда атал­ған қос ғалым күйші Қаршыға Ахме­дия­­­ровтың қолына әкеліп тап­сы­рады. Ал Қаршекең осыларды қай­та «тірілтіп», нотаға түсіріп, «Ша­шақты найза, шалқар күй» де­ген атпен жеке жинаққа кіргізеді, күйтабақ шығарып, халыққа жа­риялайды…
Аталған музыка тұсауын кескен Қар­шыға Ахмедиярұлының ай­туын­ша, қағыстары күрделі күйлер екі домбырашының бірі игере қоя­тындай оңай дүние емес; ырғақтық өр­нектері алдырмас асудай, шоқ­тығы биік шығармалар. Әлбетте, әрқайсына тән сыр-сипаты бар. Айталық, Қаршекең құрастырған «Махамбет күйлерін орындаушы­ларға көмек» деген еңбекте: «Қай­ран Нарын» – орташа, салмақты, ойлана; «Жұмыр, Қылыш» пен «Жау­ға шапқан», «Өкініш» – ек­пінді, жүрдек, нығыздап, күреп қа­ға; «Исатайдың Ақтабаны» – жеңіл ойнақы; «Шілтерлі перде» – орташа, «Жайық асу» – орташа, сал­мақты дегендей «мінездеме» бе­ріліпті. Мұхтар Әуезовтің Ма­хам­бет Өтемісұлы жырларына қа­тысты тағы да: «Бір жерінде қат-қа­баттап кетіп, өзге бір жерінде шан­жау-шанжау түсіп, тырағайлап отыратын ұйқас; сөз қыздырмаға айналған сайын аяқтағы ұйқас айнығыш; қазақтың ертеректегі ауыз­ша жырында екпін-тасқын аяқ­тағы ұйқастан шықпайды; сөз-сөз­дің басында келетін дыбыстар күйімен, үндесетін орайынан шы­ғады… бұрынғыша тізбек сурет­терді… іштей байланыстырып, не қар­сы қоюмен, не үйлестірумен бай­ланыстыра отырып, алғашқы бір­беткей ереуіл-қарсылық шаб­уыл сарынымен бітіреді» деп ке­летін уәжін, бәлкім, наркескен ақынның күйлеріне қатысты да ай­туға болар ма еді…
Әйтеуір, ел азаттығы жолында­ғы арпалыста жиырма бес жасынан бастап бірнеше мәрте түрмеге де түскен намысы асқақ ақынды то­рықтырған, жабықтырған, жүрегін ауыртқан, күйіндірген немесе сүйін­дірген жан тебіренісінің бә­рін осынау дүниелер арқылы аңға­ра­тынымыз анық.
Махаң қырық екі жасында мерт болыпты. Жазушы Тәкен Әлім­құловтың дәл сол күнді су­реттейтін әйгілі «Қараой» әңгімесі ойға оралады. Онда да: «Махам­бет­тің есіне Әуестің баяғы кезі түс­ті. Талшыбықтай солқылдаған ақ­­­құба қыз осы. Қалыңдық ойнауға мас болған балаң жігіт Махамбет сыр алып, сыр түйіскен ыстық күн­дер лаулап өтіп кетіпті. Ағайын-аймақтың өсек-аяңы, кү­діктің көңіл қажауы, қызғаныштың күйдіруі, кірбеңдік, қырғиқа­бақ­тық түп-түгел ұмыт болыпты… Бұл күнде байын айналшықтаған баянды бәйбішеден басқа қызық, бөтен ермек қалмағандай. Ма­хам­бет ішінен: «Өмір шіркін қалайша тез өтіп кеткен!» деп бір қойды» – деген сөйлемдер бар. Қарап отыр­сақ, бұл да бір сонау түп өзек­тен күңірене егілетін қоңыр әуен іспеттес тұңғиық шығарма екен…
Әрине, Махамбет күйлері әшейін ермек деңгейінен зәу биік­те екені түсінікті. Кейде самал жел­дей лекілдеп басталып, біртін­деп мыңдаған ат тұяғы дүбіріне ұласатын сұрапыл рух екпіні… кей­де ақ жауындай сыбдырға көше қалып, одан найзағай отына суар­ған алмас қылыштай қайта жар­қыл­дайтын еркіндік жаршысындай көңіл өрекпітер күрескер ақын жа­нының мұңы мен сырындай си­­қыр­лы әуен, расында да, әуес­кер­лік деген ұғым аясына сый­май­ды. Бұлар мағынасы, тіпті, жалын­ды жырдан да терең, мәңгілік дү­ниелер….

Құлтөлеу МҰҚАШ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір