Есіл ер еді Өзекең…
03.11.2017
1977
0

Институтты бітіріп, Шымкенттің қорғасын заводына жақын орналасқан №26 Жамбыл атындағы мектепте 5-10 кластарға орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беріп жүргеніме бір жылдан асқан еді.

1960 жылдың желтоқсан айының аяғы болатын. Бір күні мені Облыс­тық комсомол комитетінің бірінші секретары Өзбекәлі Жәнібеков шықыртып жатыр деген хабар ал­дым. Ұйымдастыру бөлімінің бір қыз­мет­кері қарсы алып, Өзекеңнің кабинетіне ертіп барды. Өзекең – орта бойлы, ашаң жүзді, сәл еңкіш­теу, көркем жігіт екен. Екеуміз-ақ отырмыз. Өзекең хал-жағдай сұра­сып болған соң: «Сізді обкомның ұйымдастыру-комсомол жұмысы бө­ліміне жұмысқа шақырғалы отыр­мын. Есіттім: екі тілді жақсы біледі екен­сіз, институттағы комсомол ұйы­мында да белсенді болыпсыз. Егер мақұл деп келісім берсеңіз, жа­ңа жыл мерекесінен кейін – 3 қаң­тардан жұмысқа кірісесіз», – деді. Келісім бердім. Өзекең: «Көп­босын, пионерлер сарайында Жаңа жылды қарсы алу кеші болады. Со­ған келіңіз. Коллектив мүшелерімен танысасыз. Оған дейін арызыңызды жазып, документтеріңізді дайын­даңыз», – деп, менімен қоштасты. Екі күн ішінде мені ұйымдастыру бөліміне қызметке қабылдау туралы бюроның қаулысы шығып үлгерді. Сонымен жаңа жылдық кешке бардым. Бір таңданғаным – Өзекең әмбебап екен: тек салауатты ұйым­дастырушы емес, жақсы әнші, әрі биші болып шықты. Сол кезде жа­ңа-жаңа тарай тарай бастаған твист, чарльстон билерін билегенде жиыл­ғандарды тамсандырды. Халық әндері мен комсомолға арналған әндерді де орындауда өзі жетекші бола білді. Дастархан басына отыр­ғанда да бәрімізді жұ­мыс­қа шабыт­тандырып, жігерлендіріп, келелі сөздер айтты.
Үшінші қаңтарда жұмысқа кел­сем, Өзекең іздеп жатыр екен. Ка­би­нетіне кіріп амандасқан соң, Өзекең сөз бастады: «Көпбосын, ертең Шәуілдір ауданына іссапарға шығасың. «Отырар» бөлімшесінің бастауыш комсомол ұйымының есеп беру сайлау жиналысына уәкіл болып қатысасың. Мұқият дайындал. Это тебе первое боевое крещение. Соған лайық бол».
Шәуілдірге аттандым. Комсомол жиналысын қалай өткізу тәртібін ойластырып барған едім. Комсомол жастардан басқа, олардың ата-ана­ла­ры мен ауыл ақсақалдарын ша­қыр­т­тым. Ол кезде халықаралық жағдай шиеленісіп жатқан болатын: Конгода, Кубада, т.б. мемлекеттерде империалистік тіміскулер күшейіп, қан төгістер орын алып жатты. Жи­на­лыс алдында халықаралық жағдай туралы 2 сағатқа жуық лекция оқы­дым. Сонан соң есепті баяндама тың­далды. Жарыссөз басталып, сұ­рақ­тар қойылды. Жастармен қатар ата-аналар да белсенділік танытты. Мейлінше қызық өтті.
Кейін білгенімдей, Өзекең күнде телефон соғып, бәрін біліп отырып­ты. Қайтып келгенімде бюрода: «Мо­лодежный областной мозг, бу­дущий секретарь» деп, мақтап қойды. Рахметімді айттым. Міне, Өзекең комсомол қызметкерлерін осылай қанаттандырып отыратын.
Енді Өзекеңнің жұмыс стилі жөнінде бір-екі ауыз сөз.
Ағамыз қарапайым киінетін. Көп жағдайда қызыл водолазканың үстінен бір сұр плащын тастамайтын. Өзі өте талапшыл еді. Конференция, пленумдарға дайындалған кезде барлық қажет материалдарды бөлім­дер мен хатшылардан жинап алып, баяндаманы өзі жазатын. Жазғанда қандай, шикі материалдар­дың ба­сын қосып, әр сөйлемді өз орнына қоя білетін! Осы қасиетінен Алма­тыға келіп, ірі-ірі лауазымдар атқар­ған уақыттарда да бір жаңылған емес.
ҚЛКЖО Орталық Комитетінің бірінші секретары, Торғай облыстық партия комитетінің идеология жө­нін­дегі секретары, Қазақстан Ком­пар­тиясы Орталық Комитетінің ха­лықаралық қатынастар бөлімінің мең­герушісі, секретары, Алматы облыстық атқару комитеті председа­телінің орынбасары, Қазақ ССР Мәдениет министрінің орынбасары, министрдің өзі болып істегенде де аракідік ағамызбен жолығып қа­ла­тынмын. Соның бірі – 1970 жылдар­дың басында Торғайда кездесуім. Торғай облысы жаңа құрылған кез болатын. Бірінші май мерекесіне арнап Өзекең мазмұнды баяндама жасады. Қалада жалғыз кинотеатр бар екен. Салтанатты жиналыс сонда өтті. Алдында облыстық пар­тия комитеті мен облыстық атқару комитеті басшыларына кіріп шық­қан едім. Кабинеттерінен көргенім: кирзовой етіктер мен қарапайым жұмыс киімдері. Өйткені қаланың барлық ұйым мүшелері облыс бас­шылары бас болып түске дейін ка­бинеттерінде еңбектенсе, ал түстен кейін күрек, кетпен, сыпырғы алып алаңдар мен тротуарларды, қора-қопсыларды тазартуға қара жұмысқа шығады екен. Облыс басшылары Құсайынов, Трофимов, Голубен­колармен бірге Өзекең осындай игі істердің бел ортасында жүрді. Амангелді, Жангелдин аудандарын аралағанда естігенім: Өзекеңнің өнерге деген қамқорлығы. Үрпек ауылында Амангелді Имановтың музейін мәдениет бөлімінің жанынан ұйымдастырыпты. Торғай педаго­гикалық институтына барғанымда тағы да Өзекеңнің басшылығымен жасақталған Ыбырай Алтынсариннің музейін көріп, сырттай ол кісіге рахметімді айтып қайттым. Отызын­шы жылдары қуғын-сүргінге ұшыра­ғандарды ақтауға, Наурыз мейрамын жыл сайын тойлауға күш-жігерін аямай жұмасаған есіл ерді қалай ұмытарсың! Оған Ықлас атындағы ұлт аспаптары музейін, өзі құрған бірнеше музыкалық ансамбльді қосыңыз.
Ағамен соңғы рет тосыннан кез­дес­тім. «Рауан» (қазіргі «Мектеп») бас­па­сына барсам, сол сұр плащы мен басына киіз телпек киген Өзекең бір редактордың алдында отыр екен. Қарасам, жүдеу, жүзі солғын. «Өзеке, денсаулығыңыз қалай?», – дегенімде: «Ентікпе (астма) деген пәле біраздан бері айналдырып алды, қайдам не боларын» деп жауап берді. Онан кейін баспаға дайындаған бір кітабын әкелгенін баян етті. Қош­тасып мен кеттім. Араға біраз уақыт салып, Әуезов атындағы театрда Өзекеңді ақтық сапарға шығарып салуға арналған қаралы жиынға бардық… Амал нешік, Өзекеңнің денесін артқан көш-керуенді Арыс­тан бапқа шығарып салдық.
… Қазіргі кезде ол кісіні Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаровтармен қатар атап жүр ғой. Өзбекәлі Және­беков есімі үлкен кісілермен қатар аталатын үлкен тұлға еді…

Көпбосын ПАНЗАБЕКОВ,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір