Жанғали НАБИУЛЛИН
Қазақ әдебиеті ауыр қазаға душар болды. 79 жасқа қараған шағында көрнекті ақын Жанғали Набиуллин өмірден озды.
Ж.Набиуллин 1936 жылдың 13 желтоқсанында Жаңақала ауданының (қазіргі Бөкей ордасы) аумағында дүниеге келген. 1960 жылы Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институттың тарих-филология факультетін тәмамдаған соң еңбек жолын Фурманов аудандық «Коммунист» газетінде тілшіліктен бастады. Бұдан соң «Орал өңірі» облыстық газетінде тілші және Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесінде әдеби кеңесші болып қызмет істеді.
Ақынның алғашқы өлеңдері 1961 жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан шыққан «Жас дәурен» атты ұжымдық жинақта жарияланды. Ал ең таңдаулы өлеңдері 1977 жылы оқырманға жол тартқан «Қазақ совет поэзиясының антологиясына» енді. Ж.Набиуллиннің «Ақ жаңбыр», «Таныс әуендер», «Ақ сөйле, жүрегім», «Қас қағым», «Жырлайды жылдар», «Жоғарғы кернеу», т.б. жыр жинақтары, «Тіл ұшындағы тікенектер» афоризмдері және «Жетінші перне» атты бес томдық таңдамалысы жарық көрді.
Ол атақ-мансап қумай, дәулет жимай, бар өмірін өлең үшін сарп етті. «Өлең үшін мен өтірік сөйлемеуді өзіме қатаң тәртіп етіп қойдым. Адамның өтірік айтқаны жаман, ал өлеңнің өтірік сөйлегені – қасірет», – деп жазды ол. Осы сөзді өмірлік қағида еткен ол тек жақсы жыр ғана жазды. Оның туындыларына тән басты ерекшелік өткір шешендік, кесіп айтар тура мінезділік, терең ойлылық әрбір өлеңінен мен мұндалап тұратын. Ол үнемі оқып, ізденіп, шеберлігін шыңдап отырды.
Ж.Набиуллин Жаңақала, Бөкей ордасы аудандарының және Орал қаласының Құрметті азаматы атанды, Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Өлеңге адалдығымен, қайталанбас даралығымен өзгеге үлгі бола білген ақын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады.
Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы.
Ауылда жүрген аға еді
Ақжайық атырабында қалам тербеп жүрген ақын-жазушылардың қай-қайсысы да Жанғали Набиуллинді өзінің ұстазы деп есептейді. Себебі, осыдан 40-50 жыл бұрын Орал өңірінде бірден-бір ақын Жанғали Набиуллин болатын. Сондықтан да қолына қалам алған әрбір талапкер жазғандарын сол кісіге көрсетіп барып, ақыл-кеңестерін тыңдап барып баспасөз беттеріне ұсынатын. Соның бірі мына мен едім. Әскер қатарында қызмет етіп жүрген кезімде арнайы хат жазып, менің өлеңдерімді сұратып алдырып, облыстық «Орал өңірі» газетіне жариялатқан еді. Сол себепті белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Мұқадес Исламғалиевтің де алғашқы әңгімелерін оқып, талдап, кітап етіп шығуына жол ашқан болатын. Қазіргі ақын Ғайсағали Сейтаққа да ұстаздық тәрбиесін беріп, алғашқы өлеңдерінің баспасөз беттерінде және ұжымдық жинақтарда жарық көруіне септігін тигізген болатын. Сондықтан да ақын Жанғали Набиуллиннің қазасы Ақжайық атырабының барлық тұрғындарына, соның ішінде қалам ұстаған қауымға қатты батып отыр. Ақынның соңында кітап болып шыққан он томға жуық шығармалары қалды. Ол егемен елдің болашақ жастарына қызмет ете беретін болады.
Айтқали Нәріков.