О’ГЕНРИ
Дмитрий УРНОВ
1936 жылы Мәскеуде туған орыс әдебиеттанушысы. Шекспиртанушы, филология ғылымының докторы, профессор, Ресей Жазушылар одағының мүшесі, ағылшын және Америка әдебиетінің сан-салалы жанрын зерттеуші. Әдеби, ғылыми ізденісін 1958 жылы бастаған. Урновтың елеулі еңбегінің санатына 1960 жылы «Пушкин және Шекспир» атты тырнақалды ғылыми туындысымен бастаған шекспиртану саласындағы ізденісін қосуға болады.
«Нью-Йорктің әдеби өмірі» деп аталатын кітап бар.
Егер оны оқып шықсаңыз, бұл қалада, шынын айтқанда, ешқандай әдеби өмірдің болмағанына көзіңіз жетеді. Жазушылар әлгі шаһарға көбіне-көп өзінің әлдеқайдағы провинцияда жатып жазған шығармаларын әкелетін болған. Ішінара, әрине, бұл санатқа қосылмайтындар да кездесіп қалатын.
Солардың бірі – О’Генри (1862-1910) еді. Рас, ол оңтүстікте дүниеге келіп, Нью-Йоркке барып, тұрақтап, қоныс тепкенінше өз еркімен де, еріксіз де талай жерді көріп, басын тауға да, тасқа да соққан. Мәселен, «Оңтүстік Америка мен Гондурасқа сапар шекті» дегеннен гөрі «қашып барды» дегеніміз дұрысырақ секілді. Ал, Орталық Батыстағы Огайо штатына ол күзетпен әкелінген-ді. Жасы қырыққа толғанда ғана О’Генри тұңғыш рет Нью-Йоркті көрді. Алайда, содан кейін басқа ешқайда аттап шыққан жоқ. Ол бұнда небәрі сегіз-ақ жыл өмір сүрді, бірақ осы аз ғана мерзім ішінде бұл қаланы әдеби айналымға мықтап енгізіп үлгерді, олай ету қаламгерге дейін бірде-бір американ жазушысының қолынан келмеген еді.
Дос-жарандары О’Генридің қыдырып келгендерге Нью-Йоркті аралатып көрсетуге мейлінше құштар болғандығын еске алысатын. Бірақ, сонымен бірге оның мінез-құлқындағы бір ерекше жайды да айтпай тұра алмас еді. Мысалы, ол мейрамханаға кірген заматта айналасына сақтана қарайтын-ды. «Өзін жәбірлеген әлдекімді іздей ме немесе біреуден қауіптене ме?» деп ойлаған жолдастарының бірі қажет кезде қаламгер тапаншасының бар-жоғын тексеріп те көреді. Алайда, О’Генридің ешқандай қаруы жоқ боп шыққан. Ол өткен күндерінің куәгерін, яғни өзінің ешқандай да О’Генри емес, мүлде басқа бір кісі екенін білетін әлдекімді аяқастынан жолықтырып қаламын ба деп қорқатынға ұқсайды. Шынтуайтына келгенде, оның аты-жөні – Уильям Сидни Портер-тын. Шыққан тегі – дәрігер отбасы. Анасынан жастайынан айырылған соң, апасының қолында тәрбиеленеді. Мектептегі оқуымен қатар, дәріхана қызметкері болып та жұмыс істейді. Кейіндеу бұл да пайдаға асады. Новеллист әдебиетпен тұрақты түрде он жыл көлемінде ғана айналысқанымен, жазуды ерте бастап, шығармалары баспасөз бетінде жарияланып та жүрді…
О’Генри – қос бірдей аса көрнекті новеллашы-жазушылардың – Мопассан мен Чеховтың замандасы. Бірақ әрқайсысының қаншалықты дарынды екенін айтпағанның өзінде, айырмашылықтары – ап-айқын. О’Генри америкалық, ал бұның өзі француз әрі орыс жазушыларымен салыстырғанда, оның әртүрлі сословиелік кедергілер формалды түрде болсын алынып тасталынған елде тұрғандығын аңғартса керек. Бұл елде ақсүйектер мен мещандар жоқ, бірыңғай «қарапайым американдықтар» ғана тұрады деген түсінік бар еді. Күтпеген жерден төрт жүз және төрт миллион боп бөліну әдеті қайдан шыққан және неге бұлай болды, екен?.. Міне, О’Генри осыған үңіледі. Ол буржуазиялық теңдіктің жалғандығы мен «баршаның бақыты» жөніндегі қиялдың бұлдыр сағым ғана екенін тамаша көрсете білді. Рас, Алонсо Эл Дженнингс сияқты біржақты оқушылар онымен барлық мәселеде бірдей келісе бермейтін. Ол: «О’Генри өткір-өткір қайшылықтарды жұмсартып, сылап-сипап көрсетеді, барлығын жеріне жеткізе, қайғылы қалпында, кейде тіпті аса қорқынышты, ал мүлде үміт үзетін жағдайда өз оқырманын жұбата бастайды», – деп санаған.
Ол өзі суреттеп отырған және шығармаларын адамдарға (ал, бұл манағы миллиондар болатын) жарық сәуле қалдырған жөн, тіпті солай болуы неғайбыл жағдайдың өзінде де оқырман көңілінде үміт отын тұтату қажет деп санаған. Өз әңгімелеріне тақырыпты О’Генри көше, дүкен, универмаг, бар, мейрамхана, теміржол, болмаса жерасты жолы деп аталатын атамзаманғы метро вагондарынан-ақ таба алатын. Сондай-ақ, ол өзінің есінде қалғандарын материал ретінде пайдаланатын, ал оның өз елін ерікті және еріксіз арлы-берлі андыздаған уақытта көрген-түйгендері аз емес-тін. Ол ковбойлар өлкесі – Батыс Американы білетін және «Батыстың жүрегі» атты жинағын жарыққа шығарды; қоғамнан қысым көрген санда бар, санатта жоқ талай адамның өмірін білетін, біз ол туралы «Мейірімді ұры» жинағына енген, ел сүйсініп оқитын әңгімелерінен-ақ біле аламыз. Дегенмен, ол О’Генри есімімен өмір сүрген және жазушылықпен айналысқан сегіз жыл ішінде ең әуелі «қала үніне» (тағы бір жинағының атауы) құлақ түре білді, яғни Нью-Йорк жөнінде жазудан еш шаршамады.
Аударған
Болат БОДАУБАЕВ.