Адамшылықтың өліеттенуі
19.08.2015
1130
0

1Есіме өткен күндер түсіп отыр… Ауылдағы күйген нанның иісі қанша уақыт өтсе де танауымнан кетпейді. Піскен нанның тәтті иісі емес, қоңырсыған, түтін мен ыс аралас ащылау дәм, алғашқыда ауылдағылардың бәрі тандыр соғып алып, нан пісіруге кіріскен бе деп қалғам. Олай емес екен. Бұрын колхоз кезінде мал өсірумен, егін егумен айналысатын шаруашылық жекешелендіру басталғанда ру, кірме-жерлік, өз сөздерімен айтқанда «ақ, қызыл» болып бөлініп-жарылып, төбе-төбе, ойдым-ойдым жерді иеленіп алған. Бір ауылдың ішіндегі бірнеше топтың арасындағы дау-дамай, келіспеушілік анау-мынау соғыстан кем болмады. Атқа таласты, баққа таласты, соттасты, оттасты, басын жарды, қолын шығарды. Екі ортада өтірік жынды болып жәрдемақы алғандар да болды. Отбасы, ошақ қасында болатын бәсеке-бақастықтың, өлермендіктің қанша түрлі айласы болса, ауыл соны басынан өткерді. Сәл ес жиғандай болып, шамалы тірнектеп тіршілік ету керектігін ұғынғандары жер еміп, бардан-жоқтан құрастырып, «нанымыз болсын» деп бидай, «малымызға жем болсын» деп арпа, бұршақ егіпті. Ауылдағы тіршілік оянып, жұрт көңілінде сәл-пәл үміт орнаған. Шаруаның мұрагеріне құдайдың қарасқаны болар, егін бітік шықты. Ниет түзелген соң сөз де дұрысталып, ауылдағы дау-дамай саябырсып, жұрт жұмысқа жұмылып, «бүгін-ертең егін орамыз» деп отырғанда ескі дауды қоздырған бір топтың адамдары екінші топтың егініне от қойып жіберген. Күздің желімен қоса желіккен от лезде-ақ 200 гектар жердің астығын тып-типыл етіп, орнына күйеден қара дақ қалдырып жойып жіберіпті. Сол күні ауыл түгел жылапты. Бәдін деген әйелдің аузына сөз түспей, белінен шойырылып, бүгіліп қалыпты. 

Ділдәр МАМЫРБАЕВА,
жазушы

Менің нанның иісі дегенім осы екен. Естігенде жаныма біліп болмайтын бір нәрсенің қатты батқанын сездім.
Нан – қасиет. Қасиетке қарайлап өскен ауыл баласы едік. Аш қасқырдай жалақтаған қаскөйлік ниет қасиеттің қадіріне оқ атыпты. Көңілім қираған үй сияқтанып қалды. Егінге өрт қойған адам табылды. Ауылдың атан жіліктей жігіті екен. Бірақ ешкім келіп бетіне түкірмеді, сотқа да бермеді. «Құдайдан жетсін!» деген де қойған. Қолдарында өскен баланы қиянатқа қимаған. «Кәпірістан мінез ғой» дескен. Кәпірістан.
«Комсомольская правда» газеті өз баласын өзі мүгедек қылуға әрекеттенген Ресейде тұратын Ғузалия Хаиматова деген өзбек әйелі туралы жазды. Ол бес жасар баласына фенобарбитал деген дәріні жиі-жиі беріп, есінен тандырып отырған. Оны мөлшерінен артық қолданғанда өлтірмесе де жағдайыңды өлі мен тірінің арасына апарып қоятын көрінеді. Осындай әсеріне бола дәріні мемлекеттік тізімге енгізіп, сатуға қатаң тыйым салған. Сатқан, сақтаған адам қылмыстық жазаға тартылады. Осы бір анашаға теңестірілген дәріні анасы баласына не үшін берген дейсіздер ғой. Мүгедектігіне берілетін ай сайынғы 200 рубль жәрдемақы үшін… Ірі-ірі мафиялық топтың небір қанқұйлы қылмысын қолдарынан өткізіп жүрген заң қызметкерлерінің өзі мұны естігенде абдырап қалған көрінеді.
Айгүл жалғыз інісін соңғы кезде қатты сағынып, күнде түсінде көріп жүргенін жұмыста айтады да отырады. «Шешем «арпа ішінде бір бидай» деп, біздерден гөрі жалғыз ұлын сондай жақсы көруші еді, сөйткен бауырым әке-шешесінің басына шыбық қадауға шамасы келмеді, әйелінің соңынан Татарстанға кетіп еді, содан хабарсыз, өлі-тірісін де білмейміз» дейді де, мұңайып қалады. Содан кейін: «Бір жағынан көрме­генім де жақсы, – деп әңгімесін одан әрі жалғастырады. – Шешем байғұс өмірінің соңында жынданып кетті ғой. Даңғарадай үйдің есік-терезесін бұзып, тауықхананың бұрышында бүрісіп отыратын да қоятын. Әкем ауруханада жатып қайтыс болды. Қайтыс боларының алдында « бәріне мен кінәлімін, шешелерің мені кешірсін» деді. Бірақ біз оның ешнәрсеге кінәлі еместігін айтып, жұбаттық. «Біз ел не кисе соны кидік, соны жедік. Соның бәрін жасаған әкем. Шешем жұмыс істеп көрген кісі емес… Сөйтсек… біздің әкеміз келінімен әуейі болып жүріпті. Біз оны кейін, кейін барып білдік қой…».
Айгүл булығып барып үнсіз қалды. Мынандай оқиға қазақы құлаққа тым-тым азғындық болып естіледі екен.
– Інім әйелін үйге 3 жасар баласымен кіргізді. Әрине, алға­шында бәріміз бұған қарсы болдық. Әсіресе, шешем азар да безер болған. Келін үйге келген соң, райымыздан қайттық. Тек шешем ғана жібімей-ақ қойды. Біз енді бауырымыздың жағына шығып, шешемізді түсінбейтін халге жеттік.
Айгүл оқиға дәл қазір өтіп жатқандай тағы да булығып барып, басылды.
– Келін артынан еріп келген бала әкемнің баласы екен. Ол сырды әкем мен шешем ғана білетін болып шықты. Күні бүгінге дейін мен шешемді соншалықты ақылды, сабырлы адам деп ойлап көрмеппін. Үйдің береке-бірлігін бұзып, әкемнің балаларының алдында беделін түсірмеуі үшін өзі іштей қанша рет қорланды, қанша рет жан азабын шекті десеңші…
Ол тағы да біраз үнсіз қалды.
– Әке-шешемнің басына Құран оқуға бардым. Екеуі бір-бірінің арасына тоғыз ай салып барып қайтыс болды. Анамның қабірінің басы тап-таза, күні кеше келіп біреу тазалап кеткен секілді. Әкемнің қабірін тікен басып кетіпті. Құдай өзі кешірсін, сол кезде: «Шешемнің жүрегіне қадалған тікендер өз денеңді басып тұр ма?» деген арам ой сап ете түскені, – деп тағы солқылдады.
Бұл әңгімелер жай, жайбарақат күндері Жаратқанды есімізден шығарып, басымызға қауіп-қатер, қиналыс, ауыртпалық төнгенде ғана жалбарынатынымыз неліктен деген сұрақтан туындап отыр ғой. Қоғам денесіндегі «онкология» – иман­сыз­дық, құдайсыздық, арамдық, безбүйректік, адамшылықтың өліеттенуі біздің қоғамға ғана тән емес-ау. Құранда: «Сендер теңізде жүргенде кемелерді толқын қозғалтса мені естеріңе аласыңдар, жағаға шыққанда мені ұмытасыңдар» деген аят бар. Жайлаған жара, меңдеген ауру Адам-Атадан бері келе жатқан секілді. Дегенмен, әу бастағы тазалық пен иманға беріктікті қазіргімен салыстыруға келмес. Жүрегіміз қорқақ, көңіліміз айнымалы, буынымыз бос. Жаратылыс таразысының тепе-теңдігін «Құдай болсам» деген имансыздар бұзып отыр. Ол тіптен ошақ басынан Отан аясына дейін жайылып бара жатқан сыңайлы. Осындай «қырық қатердің» үстінде отырып, онымен күресу оңай емес. Қиын деп қарап отыруға да болмас. Ол үшін адамның санасы, ниеті, пейілі түзелуі тиіс.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір