Қалекең мен Зайдекең
20.10.2017
1040
0

?????????????

(Зайдаханның 80 жасқа толған мерейтойына)

Зайдахан
Таппан деуші ең мені жерге ексең де,
О, Қалекем, келіп қалдым сексенге.
Түтініңді түтетумен келемін,
Өшпейді отың сен мәңгіге кетсең де.

Есіңде ме шуағы дер жазыңның,
Сағынушы ең «Тәттімбеттің жазығын».
Саумал көлдің қамыстарын сырнай ғып,
Өскем деуші ең естіп аққу, қаз үнін.

О, Қалеке, мен де сені сағындым,
Ой-көзіммен өз қасыңнан табылдым.
Көрмегелі он жеті жыл болыпты-ау,
Тағдырымның тәлкегіне бағындым.

Жетектеген ер жетті ғой Ерланың,
Елбасының қасында ойлар Ел қамын.
Мирасың да естен бір де шығармас,
Аяулы ана атанған ол ардағың.

Келеді өсіп көз алдымда немерең,
Баршамызды өз рухың жебеген.
Берекелі Бекхожиндер әулеті,
Шаңырағың биік, мықты керегең!

Қалекең
«Тереземді бүркемеші, Зайдахан,
Күлімдеген жұрттың көзін көрейін.
Тыңдап бақтан бұлбұл үнін сайраған,
Бәйтеректей көтерілсін мерейің.

Әйнегімді бүркемеші, Зайдахан,
Батар күннің шырайына қарайын.
Найзағайдың бұлтты қуып ойнаған,
Жанарыма түсірейін арайын».

Зайдахан
Әйнектерді түнде ғана жасырам,
Күн шығарда перде ашуға асығамын.
Кеңсай жаққа қарағыштай беремін,
Қиялыммен шақырамын қасыма.

Он жеті жыл асыл бейнең кеткелі,
Жесір деген жат сөз маған жеткелі.
О, Қалекем, бір өзіңді еске алған,
Он жеті жыл көзден моншақ төккелі.

«Жылама!» дер құлындарың мейірлі,
Оқырманың қастерлейді зейінді.
Бұл фәниге қонақ болып кетсең де,
Мәңгі өлмес ұрпақтарың кейінгі.

Қалекең
О, Зайдахан, құтты болсын сексенің,
Маған, сірә, шығар өкпең жоқ сенің.
Мен жұмақтың қақ төрінде жатсам да,
Рухым бірге болсын деп тек көкседім!

Мыңбай РӘШ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір