Ой қуу мен Той қуу
Ойы, парасаты бар адам әр уақытта уайымшыл. Уайым-қайғы дегенде, қайғы категориясының өзі әртүрлі. «Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы» дейді қазақ.
Алтай Тайжанов,
философ
Әр адам өз төңірегіне, өз дүниетанымына байланысты уайымдайды, қайғы шегеді. Өз парасат-пайымы жеткен шекке дейін тәубесіне келеді. Осы күні, ауызекі түсінікте уайым-қайғыны қуаныш пен шаттыққа қарсы қойып алдық та, уайым мен қайғыны жаманға шығарып жүргендер көп. Сөйтіп, қуаныш көп болсын дейміз де, той тойлай береміз. Басқалар ой бағып жүргенде, біздің той бағып жүргеніміз қынжылтады. Ара-тұра табиғи және басқа катаклизмдер бола қалса, есімізден танып, тәубеміз еске түсе қалады. Бізден асқан Құдайшыл халық жоқтай, Алланы ауызға ала бастаймыз. Әйтпегенде қазір тәубешілдікті қойдық.
Қазақ қана емес, жалпы мұсылман баласы тәубешіл болуы керек еді ғой. Тәубе – тағдырға ризалық білдіріп, шүкіршілік ету, кешірім сұрау, жіберген қатесіне қынжылу, оны түзеуге Алланың алдында уәде беру.
Біреу жарлы, біреу бай, біреу ауру, біреу сау. Осының барлығын тағдыр деп түсінетін болсақ, көп нәрсе өзінің дұрыс шешімін табар еді. Жарлы мен бай адамшылығынан танбаса, тәубесі жанында жүрсе, біздің қоғамның біраз кетеуі түзелер ме еді. Қазір бізде тәубешілдер азайып барады. Өйткені, қоғам кішкене бұзылып келеді. Рухани құндылықтар құлдырады.
Ал біз, уайым мен қайғыны шаттық пен қуанышқа қарсы қойып алып, соңғысын таңдап, ой қуудың орнына той қуып әуреміз.