Сәбеңнің сөзұстар інісі
20.10.2017
865
0

(академик-жазушы Сәбит Мұқановтың жары
Мәриям апамен сұхбаттан үзінді)

– Тұрсынбек Кәкішев – Сәбең жақсы көр­ген інілерінің бірі. Бүгінде үлкен ға­лым, ұлағатты ұстаз, ұлт жана­шыры, қай­­раткер тұлға…
– Тұрсынбек сендерге аға болса, ма­­ған бала ғой. Сәбит екеуміздің тұң­ғы­шымыз – Арыстанмен жасты. Тұр­сынбекті білмегенде, басқа кімді біледі дейсің? Елу жылға жақын аралас-құраласпыз. Сәбиттің тірісінде біздің маңайымызда адам көп болды. Үлкені де, кішісі де «Сәбе, Сәбе!» деп құр­меттеді. Тұрсынбек сол көптің бірі болса, кім біледі, ұмытар ма ек… Оның орны бөлек. Бөлек болатын себебі: Тұр­сынбек Сәкенге көп еңбек сіңірді. Сәбит осы Сәкенге жасаған қызметі үшін бұны жақсы көрді. Маған да ерек­ше таныстырды. «Сәкеннің жоғын жоқ­тап жүрген жігіт» деген соң­ ықы­ла­сым ауып, туыс адамдай жақын тарт­тым. Өзі де жас кезінде көрікті, сұлу жі­гіт еді. Көрген жұрт «Сәкенге ұқсай­ды екен» дейтін. Ең алғаш жақын ара­ла­сып, таныс-біліс болғаным – Сә­биттің 60 жасқа келген кезі болу керек… Оған дейін де Сәбитке келіп-кетіп жүре­тін.


Тұрсекең Алладан пешенесіне бұйырған мол дарыны мен қайтпас қай­сар мінезін, ақыл-парасаты мен білік-білімін Ұлт Намысын қорғап, Ұрпақ тәрбиелеуге арнаған, әрі осы жолда айтарын айтып, жазарын жазып өткен, Абай сөзімен айтқанда, адамның адамшылық болмысын танытар үш нәрсені: «ыстық қайратты, нұрлы ақылды, жылы жүректі» ақ қағаз бен қаламның тезіне армансыз арқау еткен, елінің сенімі мен құрметіне бөленген сиректеріміздің бірі, бірегейі болатын.
Тұрсекең табанды ғалым, тағылымды ұстаздықпен қоса, ұлт тұтастығы мен ұрпақ ойының қанаттанып бекуіне айрықша үлес қосқан жаны таза, жаратылысы бөлек қарымы кең қайраткер, текті тұлға. Ол жалған сөйлеп, жағымпаздануды білмейтін. Әсіресе, ұлт тағдыры мен ұлт руханияты сөз болған тұста тартынбай сөзге араласып, ойы мен пікірін ашық білдіретін. «Бетің бар, жүзің бар» демей айтарын тура айтатын. «Аузын ашса, жүрегі көрінетін» осы бір адал, аңғал қалып, тегеурінді тұлғаларға тән батырлық мінез аяулы аға, ардақты ұстазды көзі тірісінде ел махаббатына қалай бөленіп, абырой биігінен қалай көрінгені қаз-қалпы жадымызда.
Қай заман, қай дәуірде де халық өз сөзін айтып, өз намысына ара түсер тумысы бөлек ұлдарына ерекше ықыласпен қараған.
Зиялы қауым – қоғам ойына ықпал етер, пікір қалыптастырар қуатты күш десек, Тұрсекең осы ортадағы өз ойы мен өз сөзін Әділ, Адал айта білген ұлт зиялыларының ішіндегі шоқтығы биік өкілі болды.
Ол өмірде де, әдебиетте де, ғылымда да Еңбек дейтін киелі ұғым мен Талант дейтін қасиетті дүниені айрықша бағалайтын.
Ол ондаған ғасырлық бай тарихы бар қазақ көркем сөзінің сыни пікірінің дамуына ерекше ықпал еткен, осы жолда сандаған шәкірт тәрбиелеген үлкен жүректі ғұлама ұстаз еді.
Ол адамдар мен адамдар арасын дәнекерлеп, ел мен елдер арасына рухани байланыс орнатудың өзіндік алтын көпірін орнықтырған алаш­тұлғалы қайраткер – ұстаз, қайраткер – ғалым, қайраткер – қаламгер!
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы, ақын, драматург, қоғам қайраткері.


– Иә, апай, 1960 жылы Сәбеңнің 60 жасқа толған мерейтойында Тұр­сынбек Кәкішев пен Мырзабек Дүй­сенов екеуі Өзбекстан мен Қа­рақал­пақстаннан келген делегацияны қарсы алып, шығарып салып, тойдың басы­нан аяғына дейін қызмет көрсеткен. Біз­дің Сәбең музейінің фото-суреттер қо­рында бір әдемі сурет сақтаулы. Су­рет 1960 жылы Алматыдағы М.Төлебаев пен Қабанбай ба­тыр (бұрынғы Калинин) кө­шелерінің қиы­лысын­дағы өздеріңіз 1956–65 жыл­дар ара­лығында тұр­ған төрт қабатты сары үй­дің жанында түсіріл­ген. Суретте: әдемі, сүй­рік­тей сұлу қара ат­тың үстінде – Сәбең! Жан-жағын қоршаған топ адам. Осы топтың ішін­де сіз де тұрсыз, сол жақ шетте, алдыңғы жақ­та – Т.Кәкішев пен М.Дүй­се­нов­ті әрең таныдық. Себебі, су­ретте жап-жас жігіт­тер. Есеп­теп көрсек, сол уақытта бұл кісі­лер­дің 30-дан жаңа ғана ас­қан кездері екен.
– Бәрі де көз алдымда. Сәбиттің 60 жасы дүркіреп өтті. Келген қонақта есеп жоқ. Үлкен тойды ойдағыдай өт­кізу де оңай шаруа емес. Тұрсынбек сияқ­­­ты жана­шыр жігіттердің көмегі көп болды. Ри­зашылығымды білдіріп, той өткен соң, арнайы дастархан жайып, жұбай­ларымен қосып өздерін қо­­нақ еттім.
Айтып отырған суретіңді білемін. Му­зейге өзім тапсырғам. Сәбитке «ақал­теке» деген атты мінгізген қара­қал­пақтар еді. Біздің үйдің жанына алып келді. Тұрған орнында тыпыр­шып, ойнақшыған атқа Сәбит қарғып мін­генде, зәрем кетті. «Сырын біл­мейтін атқа отырам деп майып болар ма» деп қорықтым. Жоқ, Сәбит жүге­нін қатты ұстап, мығым отырды.


Тұрсынбек Кәкішев – халқымыздың кесек тұлғалы, аяулы перзенттерінің бірі. Ол – тарих ақтаңдақтарын сөйлеткен, тоталитарлық дәуірде көмескі тартып, көзден де, көңілден де кете бастаған ұлттық мәдениетіміздің алтын беттерін айқара ашқан зергер зерттеуші, ел тағдырын ойлаған шын мәніндегі халық перзенті, асыл Сәкенімізді күллі әлемге таныстырған тұлға.

Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі.


– Тұрсынбек ағамызды тойға шейін де көрдім дедіңіз ғой. Тура, сол 1960 жылдың үшінші ақпанында бұл кісі Қа­зақстан Ғылым академиясының Тіл жә­не әде­биет институтында «Қазақ со­вет әде­биетінің қалыптасу дәуіріндегі идея­лық-твор­чество­лық мәселелер» (1917-1929 ж.ж.) деген тақырыпта кан­дидаттық диссер­тация қорғаған. Осы қорғауда академик Сәбит Мұқанов ресми оппоненті болып, жақсы пікір білдіріп, рецензия жазған. Сірә, Сәбең мен Тұрсекеңнің етене жа­қын араласа бастауы осы тұстан бас­талса керек.Ара­да сегіз жыл өткен соң, Т. Кәкішев­тің «Қызыл сұңқар» атты С.Сейфуллин туралы әдеби-тарихи очер­кі кітап болып шықты. Сәбең осы кітапқа «Тұл­пардың тұрмысы» деген атпен ал­ғысөз жазады. Сол алғысөзінде Сәбең: «Тұрсынбек… Сәкеннің өміріне және ісіне байланысты материалдарды тінте іздеп, талмай тауып, тоқтаусыз зерттеп келе жатқан адам» депті…
– Тұрсынбектің еңбекқорлығын ке­­зінде Сәбит тап басып айтқан. Шы­нында да, бұл өзі жазбаса отыра ал­май­тын сияқты. Бір кездері Тұрсынбек кө­­зіне операция жасатты. Жағдайын бі­­лейін деп, телефон шалдым. Күләш­пен сөйлесіп, «қалай?» деп сұрамаймын ба. Сөйтсем, «Көзге күш түсірмей, бі­раз уақыт шыдау керек. Қағазға, кітап­қа қарамау керек» деген дәрігерлердің сөзі былай қалып, Күләштан тығылып алып, қағаздарына шұқшиып қарап отыр дейді. Мен өзін шақырып: «Әй, бұның не? Көзіңді сақтамайсың ба? Тәуір болғанша шыдамайсың ба?», – деп ұрсып жатсам: «Мәке, бір басқа бір көз де жетеді екен. Сәбең туралы бола­шақ кітабымның қолжазбасын қарап отыр­мын», – дейді. Міне, әлгі, жазбаса отыра алмайды деген ойға сол кезде ке­ліп едім.
Тұрсынбек Сәкеннің әйелі Гүлбаһ­рам туралы көп ізденген сияқты. Ке­зін­де мені де талай қинап, сол кісі ту­ралы сұрағаны бар. Білгенімді айттым. Алғашқы көргендегі әсерім әлі күнге дейін көз алдымда. «Сәкеннің қалың­ды­ғы келіпті» деген соң, Сәбит мені ертіп алып, көрейік, амандасайық деп бардық. Шашының ұзыны-ай! Өзі де ірі денелі, бойы биік, аққұба ару екен. Қазақтың қыздары көбіне шағын де­нелі болып келеді ғой. Мен Гүл­баһрам­ның қасында ешкінің лағындай боп, шүңкиіп қалдым. Мені қайран қалдыр­ғаны дене бітімі де емес. Ашық, кісіге тура қарап, тайсалмай сөйлейтін өжет­тігі еді. Сәкенмен де терезесі тең адам­дай сөйлеседі екен, Сәбиттің де бетіне тура қарап, қысылмай аман­дасты. Сол мінезін өмір бойы сақтап өтті. Гүл­баһрамды енемдей сыйладым. Сәбит жыл сайын соғым сойған кезде «Сәкен мен Бейімбеттің сыбағасын ұмытпа» деп ескертіп отыратын, қадірлі ғып апарып бергізетін. Гүлжамал (Б.Май­линнің жұбайы. Г.Қ.) мен Гүл­баһрамға ерекше құрмет көрсететін.
– Сәбең 1973 жылы қайтыс бо­­л-­ған­­нан кейін, көп ұзамай музей ашу
ісі­мен айналыстыңыз. Димекеңе (Д.А.Қонаев.Г.Қ.) бардыңыз. 1976 жы­лы Қазақ КСР Министрлер Кеңе­сі­нің қаулысымен Сәбит Мұқановтың му­зей-үйі ашылды. 1978 жылдан бастап келушілерді қабылдай бастады. Бұл игі шараға өзіңіз мұрындық болдыңыз. Ниетіңізді құптағандар да, қарсы бол­ғандар да болды деп едіңіз. Алғаш ес­тігенде қуанып, құттықтағандардың бірі осы Тұрсекең екен…
– Қазір ойлап отырсам, сол кезде өзім батылданып, іске қызу кірісіппін. Сә­биттің бүкіл жиған-тергенін музейге тапсырғанша асықтым. Ісімнің дұрыс­тығына енді көзім жетіп отыр. Көз майын тауысып жазған қолжаз­ба­лары, өмір бойы жинаған кітапханасы шашау шықпай, сақталса деп ойладым. Жана­шыр адамдар қызу қолдап, қолпаштап жатса, кейбіреулер «сол үйде өзің-ақ отыра бермеймісің, қайтесің соны» деп жа­бырқатты. Сондай кездерде осы Тұрсынбек маған дем беріп, «бағы­тыңыз дұрыс» деп қолдау көрсетті. Осы күнге дейін ақ ниетінен танған емес.


Өмір жолында тәлімді тәрбие көрсеткен ұстаздарым аз болған жоқ. Әсіресе, екі адамға ерекше қарыздармын. Олар белгілі әдебиетші ғалымдар Бейсенбай Кенжебаев пен Есмағамбет Ысмайылов. Бұлар мені үлкен ғылымға қолымнан жетелеп әкеп кіргізген адамдар.
Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов тағы басқа ұлылармен жанасқанда талай ақыл-кеңес алып, жүзеге асырдық. Алайда Есмағамбет Ысмайыловтың: «дұрыстығыңа көзің жетіп, сенімің бекісе, алған бағытыңнан танба, ешқайда бұрылма» дегенін әрқашан жадымда тұтып келемін.
Біз өртеңге шыққан ұрпақпыз.
Талапты жастар бүгінгі өскелең мәдениет өрісінен біз жүріп өткен жолды қайта бір сүзіп шықса, бізді теріске шығарса да өкінбес едік.

Тұрсынбек Кәкішев.


–1986 жылы алғашқы «Сәбит са­бағы» өткені есіңізде ғой. Үлкен мәдени шара ретінде аталып, қалың қауым жи­налған болатын…
– Әрине, есімде. Сол сабақты да осы Тұрсынбекпен кеңесіп, бағыт-бағ­дарын айқындап, өткізіп жүрдік. Музейде жақсы азаматтар жұмыс істеді. Қай-қайсы болса да бізден жаман болып кеткен жоқ. Сол жігіт­тердің біразы осы Тұрсынбек арқылы келді. Өзі КазГУ-де ұстаз болған соң, жақсы оқитын, қолынан іс келетін шәкірттерін музейге жіберіп отырды. Соның бірі Құлбек Ергөбеков Сәбитті көп зерттеді, еңбектенді. Қазір сол еңбегінің жемісін көріп отыр.
– Тұрсынбек Кәкішев Сәбит Мұқа­новқа да өлшеусіз еңбек етті. Сәбеңнің көзі тірісінде жарық көрген­дері өз ал­дына, ал 1980 жылдардан бас­тап Сә­бең туралы жариялаған көп­теген рецензия­лары, кітапқа алғы­сөз­дері, естеліктері, ғылыми баяндамалары жайынан өзіңіз хабардарсыз. «Сә­бең әлемі» атты кітабы 2000 жылы, 100 жылдық мерейтой қар­саңында жарық көрді. 2005 жылдың аяғына таман жарық көрген «Сәбит Мұқанов» атты әдеби-ғылыми ғұмырна­ма кітабына Сіз қалай қуандыңыз! Күләш Ахмет екеуі бірігіп жазған бұл ең­бек Сәбит Мұқанов есімінің қазақ хал­қы үшін қан­дай мәні бар, бүгін қалай, ертең қалай болмақ деген сауал­дарға толы­ғымен жауап береді деп ой­лай­мыз.
– Бұл кітапқа ерекше қуандым. Кі­таптың сыртындағы суретінің өзі Сәбиттің маған алғаш рет, 1926 жылы жолығыса келгендегі кейпін есіме түсірді. Жас күнім, бақытты шағым көз алдыма келді. Толқыдым. Кәрі көзден осы күні жас та шықпайды, сарқылған. Ал, осы кітапты қолыма алып, жыла­дым. Көзімнен кәдімгідей жас шықты. Сәбит өлмейді екен деп қуаныштан жыладым. Бұны да Күләш екеуі келіп, қолыма ұстатып, құттықтап жатыр. «Бір көзбен сығалап отырып жазғаным» деп қояды. «Көзің ауырады, неге Кү­ләш­ті тыңдамайсың» деп ұрысқаным­ды еске алып жатыр. Әділғазының осы кі­тап туралы «Егемен Қазақстанда» жа­рия­ланған бір бетке жуық мақаласын қиып алып, сақтап қойдым.
– Әңгіме барысында, байқаймын, Күләшті бірнеше рет айттыңыз…
–Күләштің жөні бөлек. Жас та болса байсалды, байыпты. Білімі жа­ғынан да кем емес. Осы Күләшқа үй­лен­гісі келетінін де ең алдымен маған айтты. Ақырын ескерттім: «Байқа, ойлан! Ағаларыңа ұқсап, артынан өкі­ніп жүрме» дедім де қойдым. Жазушы адамға әйелінің артында қалып, бала­ларына жаутаңдап отыру өте қиын шаруа. Әйелінің жылын өткізіп, бар рәсімін жасаған соң, үйленді. Содан бері де, міне, 10 жыл өтіпті. Күләш өзі­нің Тұрсынбекке сенімді серік екенін көрсетті. Екеуі жарасып-ақ жүреді. Жалпы, Тұрсынбек әйелден бақытты екен. Жазушының жазуына жағдай жасаған әйел – құрметтеуге лайық! Шынымды айтсам, Тұрсынбек екеуміздің ара-қатынасымыздың үзіл­мей, жиі араласуымызға осы Күләш көп септігін тигізді. Жас мөлшеріміз өте алшақ болса да, (менің немеремдей ғой) әңгімеміз жарасты.
– Әңгімеңізге көп рахмет!

Әңгімелескен
Гүлнәр ҚҰДАБАЕВА.
2007 жыл.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір