Дирижер
20.10.2017
4132
3

Өнер – арнасы көп сала болса, соның бір тармағы дирижерлік шеберлік. Қазақ музыка өнеріне зор еңбек сіңірген кешегі Ш.Қажығалиев, Н.Тілендиев, Б.Жаманбаев, А.Мырзабеков, Р.Салаватов, Т.Әбдірашев, А.Жайымов, Н.Жарасов, Ж.Бегендіковтердің ізін басып келе жатқан жас буыннан А.Бөрібаев, Е.Нұрымбетов, Д.Ғылымов сияқты талантты дирижерларымыздың қазақ музыка өнеріне сіңіріп жүрген еңбегі аз емес.

Кәсіби дирижер, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі – Мү­сілім Әмзе сахнаға шығып, түрлі деңгейдегі ор­кестрлерге жетекшілік жасағанына да бір­ша­ма уақыт өтіпті. Өнерімен республи­ка­мыз­дың мәдени-музыкалық өміріне қан жүгіртіп, бір­де Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар ор­кестрі, бірде «Отырар сазы», бірде сим­фо­ния­лық оркестрмен, бірде опера оркестрімен, тағы бір­де студенттік және оқушылар оркестрінің ба­сында көрінетін М.Әмзенің еңбегі бүгінде көп­шілікке танылып үлгерді. Оның қолындағы си­қырлы таяқшаның қозғалысы санамызға көп­теген көркем музыка үлгілерін сіңіріп, тың­даушылардың эстетикалық талғамын қана­ғаттандырып келеді.

Қазақстандағы оркестрлік дирижерлік мектеп екі бағытта қалыптасқан: бірі – ұлт ас­паптар оркестрі, екіншісі – симфониялық ор­кестр. Қазақ симфонизмінің қол жеткен та­быстары жоқ емес. Кезінде одақ көлеміне та­нылған Т.Мыңбаев, Т.Әбдірашевтерді айт­пасақ, төтелей симфониялық оркестрмен жұ­мыс жасаған дирижерлар саны көп емес. Оның өзіндік себептері бар. Ұлт аспаптар ор­кестріне арналған Қазақстан компози­тор­ларының шығармалары формасы, фактурасы, үндестігі жағынан қарапайым келеді. Оларда классикалық симфонизмге тән көпқабатты фактура – контрапункт кездесе бермейді. Оның есесіне ән немесе күй желісіне құрылған ме­лодизм принципі басым.

Ал, күрделі симфониялық шығармаларға ди­рижерлік жасап, мазмұны мен көркемдік ерекшеліктерін ашу үшін оның формасы мен сти­лін жақсы білу шарт. Шығарманың өлше­міне ілесіп екі қолды сермей бергенмен дири­жер­­дің міндеті орындалмайды. Әр дәуірдің шы­­ғармаларында әр түрлі үндестіктер болады, сон­дықтан классицизм, романтизм, импрес­сио­низм, экспрессионизм сияқты бағытта жа­зылған туындыларды ортақол дирижердің иге­ріп кетуі екіталай. Қарапайым тыңдармандар іздейтін әсем әуені жоқ, бірыңғай оркестр құрамындағы музыкалық аспаптар тобының өзара тартысы – фонизміне құрылған, гео­метриялық фигурацияларға негізделген шы­ғармалар болады. Қарапайым форма, қалыпты күй сарынына дағдыланып қалған дирижерлар осындай туындыларға кез болғанда абдырап, шығарманың мазмұнын аша алмай жатады.

Қарапайым тыңдаушы үшін С.Мұхамед­жа­новтың «Шаттық Отаны»,  Н.Тілендиевтің «Ма­хамбет» сияқты поэмаларының қай дири­жер­дің жетекшілігімен орындалып жатқаны шарт емес. Бірақ кәсіби мамандар үшін шы­ғарманы қай оркестр орындап, қандай дири­жердің жетекшілік жасағаны өте маңызды. Се­бе­бі, дирижердің кәсіби таланты мен дара­лығы дәл осы тұста тез-ақ танылады.

Мүсілім Әмзе – кәсіби маманға қойылатын осын­дай талаптың барлығын меңгерген, тә­жірибесі күн санап толысып келе жатқан өнер иесі. Күні бүгінге дейін оның жетекшілігімен көп­теген шығармалардың оркестрлік интер­претациясы жасалды. Өзіндік қолтаңбасы қа­лыптасып, дирижерлар легінен тиісті орнын тауып отырған өнер иесі.

Мүсілім Әмзенің жетекшілігіндегі ұлт ас­пап­тар оркестрімен ән де, күй де, авторлық му­зыкалық шығармалар да орындалып жүр. Ол дәстүрлі әндерді оркестр сүйемелімен орындау жағына көп көңіл бөлген. Бұл ретте те­леарнаға жазған, Еркін Шүкіманның орын­дауындағы «Алқоңыр», «Ақбақай», «Назқоңыр» сияқты лирикалық әндерді атауға болады. Әдетте домбырамен ән салып жүрген Еркін Шүкіманның дауысы оркестр үнінің аясында жарқын естіледі.

Әннің баяу ғана басталатын оркестрлік кі­ріс­песі бірте-бірте оның негізгі әуеніне ұласа береді:

«Еркем-ай, дәнекерсің айнадағы,

Шашақсың жалаулатқан найзадағы.

Жаратқан ақбоз аттай сылаң қағып,

Бейуақыт сейілге шық жайна-дағы…»

Бұл жерде оркестр мен жеке солистің ерек­ше үйлесімділік тауып тұрғанын айту қажет. Ор­кестрдің өте баяу әрі нәзік үні солистің дауы­сын үстемелеп басып кетпей, ілесіп қана оты­рады. Әрбір әуен жолының аяғында  есті­летін жеңіл де нәзік үнді оркестрлік сүйемелдер ән­нің шырайын аша түскен. М.Әмзенің бас­қаруымен орындалатын «Ақбақай» әнінің ор­кестрлік фактурасы да осыған жуық. Көбіне әннің негізгі әуеніне ілесіп отыратын оркестр аракідік әуелеп, шалқып барып қайта басылып жатады.

Дирижер таяқшасына бағынған кезекті «Назқоңыр» әнінде Е.Шүкіманның зор дауысы үнемі оркестрден үстем түсіп, әннің негізгі же­лісін тыңдарманға анық жеткізіп жатады.

Жалпы халық әндерін оркестрмен сүйемел­деу көптен жолға қойылған сала. Жоғарыдағы кең ауқымды созылмалы әндер тұсында М.Әмзе осы арнаға өз үлесін қосып, әннің дәс­түрлі орындалу ерекшелігіне нұқсан келмейтін ұтымды оркестрлік шешім тапқан. Дирижердің бірыңғай лирикалық әндерді сұрыптап алуы да тегін болмаса керек.

Әрине, халық әндерін оркестрге лайықтау, ән­нің шырайын шығаратын жаңа да тосын ор­кестрлік фактура іздеу – шексіз шығар­ма­шы­лық үдеріс. Жоғарыда аталған әндердің ор­кестрге арналған түрлі көркемдік нұсқалары жа­салуы мүмкін. Осы тұрғыдан М.Әмзенің бас­қаруымен шырқалған халық әндері дәстүрлі дом­быра сүйемелінің аясынан шығып, кең ты­нысты оркестрлік фактураға табан тіреген со­ны ізденістер екені даусыз.

Мүсілімнің дирижерлік шығармашы­лы­ғында ән жанрымен қатар аспаптық шығар­ма­лар да молынан кездеседі. Дәстүрлі күй өне­рі, ұлт композиторларының сирек шы­ғар­малары да баршылық.

Мүсілім бір ғана ұлт аспаптар оркестрі емес, симфониялық ұжыммен де өрісін кеңей­тіп жүрген дирижер. Өз басым М.Әмзенің ди­рижерлік басқаруымен орындалған Д.Шос­таковичтің әйгілі №7 «Ленинград» сим­фо­ния­сының бірінші бөліміндегі «басқыншылық» кө­рінісін толық тыңдадым. 1943 жылы қор­шауда жатқан Ленинградта орындалған бұл туындының көркемдік қуаты туралы талай жазылып, авторы ХХ ғасырдың ірі симфонисі ре­тінде танылды.Осындай классикалық туын­дыларды репертуарына енгізіп, симфониялық ор­кестрдің орындауында көпшілік тыңдар_манға жеткізуін дирижердің жетістігі ретінде тануға болады.

Ұрмалы аспаптардың үздіксіз дабылы не­гізінде өрбитін симфонияның экспозициясы не­гізгі партия – неміс-фашистердің бас­қын­шылық тақырыбынан тұрады. Алғашқы екі созыл­малы ырғақтың қысқа үлгіде қосарлана қайталануына құрылған серіппелі сарын – симфонияның бірінші бөлімінің арқауы. Бір­те-бірте күшейіп отыратын осы қасіретті са­рын­ның сырын дирижер дөп басып тың­­­дар­манға жеткізе білген.

Бұл ірі шығарманың бірқатар ерекшеліктері бар. Әдетте классикалық симфония үлгілерінің экс­позициясында негізгі партия мен қосалқы пар­тияның бірінен соң бірі келетіні белгілі. Ал Д.Шостакович симфонияның драматур­гия­сына орай, сол дәстүрді бұзып, басқыншылық те­ма­сына үстемдік берген. Симфонияның не­гізгі партиясы – басқыншылық, қосалқы пар­тиясы – қарсылық темасын құрайды.Қо­салқы партия – қарсылық темасы әлсіз түрде естіліп, бірте-бірте күшейіп отырады. Ортаңғы өңдеу бөлімінде басында алма кезек орын­далған осы қос музыкалық әуен өзара тартысқа түсіп, контрапунктте беріледі, яғни екі түрлі музыкалық әуен бір мезгілде естіледі. Тартыс ұзаққа созылып, ақыры серіппелі фашизм темасынан қарсылық сарыны үстем шығады. Композитордың драматургиялық шешімдерін М.Әмзе дирижерлік таяқшасымен дәл танып, көрсетіп отырды. Мұның өзі дирижердің симфониялық шығарманың мазмұнын жете ұғып, терең танығанынан хабар береді.

Жалпы шетел, орыс композиторларының клас­сикалық туындыларын оркестрмен шы­ғару­ға кез келген дирижердің жүрегі дауа­ла­майды. Ондағы дыбыстардың ерекше үндестігі, толып жатқан композиторлық техниканы түсіну өз алдына, оларды тыңдап, құлақпен ажырата білу керек. Симфония – поэма емес, аса ірі драматургиялық шығарма. Ондағы ішкі тартысты ашып, түрлі драматургиялық иірім­дерді көпшілікке жеткізу – дирижерлік ше­берлік көрінісі.

Дирижерлік өнер – ерекше мамандық. Өзін­дік келбеті қалыптасқан дирижер оркестр­ге лайықталып жазылған шығармаларды жаңаша интерпретациялап, өзіндік түсінік-тал­ғамымен жеткізуге тиіс. Дирижердің мін­деті – әр аспаптың оркестрге қосылатын кезін уа­қытында көрсетіп тұру ғана емес, шы­ғар­маның тұтас үндестігін қадағалау, түрлі нюанс, орындау техникаларымен жұмыс істеп, шы­ғарманың көркем мазмұнын тыңдарманға барынша анық әрі түсінікті етіп жеткізу. Ол үшін оркестрде бір мезгілде естілетін дыбыс­тардың өзара гармониялық үндестігін қада­ғалайтын елгезек құлақ керек. Демек, дири­жердің даралығы оның есіту қабілетімен ай­қындалады. Дирижер бір мезгілде естілетін толып жатқан дыбыс үйлесімін есту қабілеті арқылы, яғни, мұқият тыңдай отырып қада­ғалайды. Шығарманы дұрыс түсініп, еркін игер­ген дирижер ғана өлшем шеңберінде қа­лып қоймай, қолын еркін сермейді. Шы­ғар­маның драматургиясын жете түсіну дирижерға ерек­ше серпін беріп, үлкен эмоцияға жете­лейді.

Дирижер – кез келген ән немесе күйді өзі бас­қаратын оркестрге лайықтап өңдей білетін ма­ман болуы шарт. Оркестр құрамындағы әр­бір аспаптың орындайтын өз партиясы бол­са, солардың тұтас жиынтығы – партитура. Білікті дири­жер ондаған музыкалық аспаптарды қам­ти­тын осы партитураны еркін оқып, әрбір ас­пап­тың жеке партияларына тән ерекшелік­тер­ді уақытылы көрсетіп тұрады, жалпы үн­дес­тігін қадағалайды.

Партитура жазу – үлкен өнер. Оркестрге лайық­талған шығарманың көркем де әсерлі болуы осы партитураның сауатты жазылуына бай­ланысты. Күй немесе әнді оркестрге лайық­тап өңдеп, партитура жаза алмайтын дири­жердің келешегі қай кезде де күмәнді. Қа­зірде ұлт аспаптар оркестрінің репертуары біршама толықты десек те, солардың арасында көркемдік шешімімен дараланып жатқан үлгілері айтарлықтай көп емес. Өзіндік із­деністері болмағандықтан репертуар жөнінен жер-жерлердегі оркестрлердің бір-бірін қай­талауы да шындық. Айырмасы тек оркестр мүшелерінің санында ғана.

Осы тұста дирижердің кәсіби таланты мен ше­берлігі алдыңғы орынға шығады. Ең ал­ды­мен дирижердің өзіндік дене, қол қойылымы болуы шарт. Оның кәсіби шеберлігі де, эсте­тикалық келбеті де осы бітімінен таныла­ды. Басын қайта-қайта шұлғитын, бір қолын жұл­қи сермейтін, ентелеп алға ұмтыла беретін дири­жерлар болады, екі қолы қаншама қоз­ғалыста болса да, денесін тіп-тік ұстайтын дирижерлар болады. Дирижердің дене бітіміне ерекше мән берген Ш.Қажығалиев болатын.

Осының бәрін де Мүсілімнің бойында бар қа­сиеттер. Болашағынан зор үміткерміз. Се­бебі ол базардан қайтқан емес, базарға бара жат­қан дирижерлар легінен. Дирижерлік еңбегі елге біршама танылып қалса да, болдым-болдырдым деп жүрген жоқ, әлі күн тынымсыз ізденіс үстінде келе жатқан талантты маман. Білімі мен білігін докторантурада шыңдап, қазақ дирижерлық өнері тарихын зерделеп жүрген келешек ғалым. Бірнеше оркестр ұжы­мының басы-қасында жүрген Мүсілім Әмзенің шығармашылық табыстары туралы әзірге осы­лай толғануға болар еді.

 Тынысбек ҚОҢЫРАТБАЙ, филология ғылымының докторы, профессор, өнертанушы.

ПІКІРЛЕР3
Serik 20.10.2017 | 09:51

Jaksi makala. Musilim Amze, Ras, bolashagi jarkin jigit! ALFA Musilim!

Рымбала Смаилова 24.10.2017 | 16:57

Тынысбек Қоңыраубай, филология ғылымның кандидаты ғана емес, тура бір майталман дирижер, өнер иесі, музыкатанушы, сыншы деңгейіндегі шығармашылық адамы екен! Сөз таңдауларына тəнті болдым!

Аноним 23.10.2019 | 22:25

ИЯ…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір