Бұл «жынды» қай жынды?
20.10.2017
2470
0

Көркем творчествоның әлеу­меттік беделінің өзі де сол кез келген кісі назар аудара бермейтін құбылысқа назар аударатын ерекше елгезектігінде еді.

Әбіш КЕКІЛБАЕВ.

Гоголь әйгілі «Өлі жандарын» жазар алдында: «Мұнда бүкіл Ресей көрініс табады», – депті. Өз заманын аяусыз әжуалаған суреткер келешекте сол ұлттың әдебиет тарихына классиктердің бірі болып енерін сезді ме екен? Ол жанындай жақсы көрген ұлтының кемшілігін айтуды парыз санапты: әуелі – азамат, содан кейін жазушы болғандығынан. Оның «Ревизоры» мен «Өлі жандары» орыс әдебиетіндегі реализмнің алтын жауһары саналатыны да, бәлкім, содан шығар…

Жазушы Тұрсын Жұртбай бір сұх­батында: «Қазір Диккенстер шығатын кез», – деген еді. Санаға салмақ салар қаламгер сөзінің байы­бына барғың-ақ келеді. Жер бетіндегі күллі жаратылыс иесінен ақыл-парасаты арқылы ерекшелене­тін жеке адам болмысының қатпар-қыр­тысын түйсігі арқылы танып-бі­лер жазушы тіршілігі қазір қай дең­­гейде екеніне тереңірек көз жі­бе­ріп қарайтын уақыт жеткендей. Көкірек көзі ашық ойлы жанның бірауық өзді-өзіне есеп берер сәті де келген­дей.

XXI ғасырға кінә артып, техника дамығандықтан адам баласының кітапқа деген ынта-ықыласы азайды деумен ғана ішкі сұранысымызды қанағаттандыра алмайтындығымыз анық. «Адам оқуды тоқтатқан кезден бастап, ойлауды да тоқтатады», – деген философ Дидро тәмсіліндегі шындықтың салмағы қанша екенін кім біліпті?.. Екі сөзінің бірінде: «Жаз­ған кітабымыз оқылмайды», – деп, әңгіме өзегін жеке бас мәселе­сіне тірей беретін қаламгерлер қа­та­рының артып келе жатқаны адамды түрлі ойға жетелейді. Әсілінде, жара­тылғаннан бері ылғи да бір нәрсеге қанағаттанбаушылық сезімі – адамзат пайда болғаннан бірге жаса­сып келе жатқан құбылыс. Ол әр­кімде әрқалай көрініс табады: кей­­біреулерде материалдық қажет­ті­лік болса, енді бірінде рухани тазалыққа шөліркеу. Адам баласы­ның екі нәрседен: жан мен тәннен тұратындығын айтқан Абай сөзінің салмағын қазіргі заман өлшемімен сіңіру қаншалықты мүм­кін? Осы тұр­ғадан алғанда, жазушы Тұрысбек Сәукетаевтың «Мен – жындымын!» романы көңіл аудар­тады. Аталмыш роман 2016 жылы «Алтын қалам» бәйгесінде бас жүлде алып, «Жылдың үздік романы» атағын иеленіпті. Әри­не, қаламгер шығармасында тек кісі бойындағы материалдық, не рухани қажеттілікті баяндауға ты­рыс­пайды. Сонымен бірге, бұл ро­ман­да жоғарыда қоз­ғал­ған мәселе­лер­ге байланысты себептер де бар…

***

Көркем әдебиеттің өзегі жеке адам тағдыры екенін суреткер шы­ғар­масын оқып болған соң барып аңғара түсесің. Тіпті, роман, не хикаят оқығанда бас кейіпкерге айналғың келетін кездердің де бола­ты­ны жасырын емес. Осылайша, оқыған сайын қиялыңды көкке көтеретін көркем туындының ішіне еніп кетіп, өз тәртібіңді орнатқың келеді. Бірақ сен ғана емес, жаның­дағы құрбың, көрші апай, кейде көшеде кездесе қалатын дүкенші аға мен жұмысқа барар жолдағы қол жайған қайыршы кемпір де дәл сол орынды иемденуге лайықтай көрі­неді. Әйтсе де, бас кейіпкерді таңдап алатын да, оның әдебиеттегі тағды­рын айшықтайтын да – қалам­гер. Олай болса, жазушысын тапқан кейіпкер, кейіпкерін тапқан жазушы бақытты деп айтуға әбден бола­тындай.

***

Әдетте, табалдырығын аттаған бойда менмұндалап тұратын, қазақ тіліне қарағанда, орыс тіліндегі ең­бек­­терге бай «Меломан» кітап дү­ке­ніне бас сұққанда жарық көрген жаңа шығармалар арасынан қолға ілінген жұмсақ мұқабалы көк кі­тап­тың атауы бірден көзге ұрды: «Мен – жындымын!». Көшірушінің ал­ғы­сөзі мен соңғысөзін есепке алма­ған­да, ұзын-ырғасы қырық тақырып­ша­ға бөлінген әңгімелерден құ­рал­ған роман жылдам оқылады. Автор оқыр­манды көп әуреге түсірмей, оңай оқылсын деген мақсатпен туындыны жеке-жеке тақырып­ша­лар­ға бөлуді жөн санаған секілді. Көшірушінің алғысөзінде-ақ бай­қа­тып қоятын мұңлы сарын бірінші әңгімеден кейін ұмытылады да кө­шірушінің соңғысөзіне дейін ішек-сілеңді қатырар сатиралық тілмен жалғасып келіп, соңында трагедия­мен аяқталады. Автордың «жынды» деп отырғаны, дұрысы өзін-өзі «жын­ды» атаған бас кейіпкер Тау­фих, шын мәнінде, жынды емес – саналы азамат. Саналы болғанда да, өзгелер көңіл аудара бермейтін, кей­де біле тұра үнсіз қалатын әлеуметтік мәселелерді байқап қоятын сезім­тал­дығы бар, әрі сол байқағанын бұ­ғып қалмай, көпке жеткізуге  ты­ры­сатын – жазушы. Ол басқалармен бірдей ғұмыр кешіп жүре беретін еді, егер күндердің күні салынып жатқан бес қабатты үйдің жанынан өтіп бара жатып, басына кірпіш түсіп, ес-түссіз ауруханада өткізген жеті айдан кейін ойда-жоқта жазушы болып кетпегенінде. Оның азапқа толы шым-шытырық өмірі сол кезден басталған. Ол өзінің жазушы болға­нына Қара шалды (Абай) «кі­нә­лайды». Шығарма бас кейіпкердің жазушылыққа қадам басқанынан бастап, аз мерзім ішінде бір емес, бірнеше романды аяқтауымен жал­ға­сады. Ол егер  жазушы болмағанда қоғамның қазіргі ахуалын түсінбеуі де мүмкін еді. Әйтсе де, «өмірді шылғи бір баттасқан қара бояумен жазғандықтан» кітабын дәл сол қалпында ешкім баспадан шығар­ғысы келмейді. Романдағы Қара шал – Тауфихтың музасы. Тауфихтың:
«…– Әйтпесе мына жұрт неге бей­қам, неге мәз-мейрам?» деген сауа­лына Қара шал: « – Олар – соқыр! Жү­ре­гін­де КӨЗ жоқ. Сондықтан се­нің көр­геніңді көре алмайды, сез­геніңді сезе алмайды…», – деп жауап береді. Тіпті, өз жары мен кіндігінен өрбіген балаларына жат болған бас кейіп­кердің бар айыбы – жұрт айтпағанды айтқаны. Қо­ғамда орын алған нем­құ­райлылық пен тоғышар­лыққа қарсы уәж келтіруі оны бірте-бірте өз ортасынан алыстата береді.

Романда Тауфихтың әйелі мен балаларына деген ішкі сезімі жақсы суреттелгенімен, олардың жан дү­ние­сі терең ашылмайды. Әкесінің бар-жоқтығымен ісі жоқ балалар мен күйеуін аса қадірлей бермейтін әйел бейнесін жасау арқылы автор қазіргі кездегі отбасы институтының құлдырау процесін көрсеткісі келген секілді.

Автор бұл шығармасында жазу­шының ғана емес, әдебиеттің де бү­гінгі жай-күйін жеткізуге тыры­сады. Романның ішінде бірқатар ру­хани, әлеумметтік мәселелер ара­ласып кетеді де бұл шығарманың көркемдік желі­сін көптеген өзекті жайттарға әкеліп тірейді. Бірақ роман атауымен өзін ақтап алады. Мұнда шығармаға өзек болар нақты бір түйін байқалмайды: қазіргі қазақ қоғамының рухани, әлеуметтік мә­се­лелері әр әңгімеде әрқа­лай көрі­ніс тауып отырады. Романда қазақ қо­ғамына жақсы таныс таны­мал жазу­шыларды да кездестіресіз. Мәселен, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Герольд Бельгер, Қорғанбек Аман­жо­лов, т.б. Автор өз басынан өткізген кейбір жайттарды туындыға арқау етіп алғандай. «Біздің ауыл осындай», «На­таша», «Қызжылаған» атты әңгі­ме­лердің көркемдік суреттеулері­нің басқаларына қарағанда бояуы қа­нық­тау болып көрінді. Шығарма са­тиралық тілмен жазылғанымен, оның ішінде  романтикалық сарын да аз кездеспейді. Мәселен, «Ната­ша», «Алаш қызы», «Танго», «Қыз­жы­лаған», т.б. осыны байқаймыз. Бас кейіпкер Тауфих пен Үміттің ара­сындағы махаббат «Алаш қызы» әңгімесінен басталады. Үміттің ана­сы Рафиха – белгілі әнші әрі ғалым. Кешегі Алаш арыстарының ұрпағы. Тауфихтың жазған романдарын қол­жазбадан құлшынып оқыған аз зиялының бірі – осы Рафиха. Кө­ше­де кездейсоқ кездесіп, оны үйіне ер­­тіп барады. Үш ұлдан кейін зары­ғып күткен қызы Үмітпен Тауфихты сол жерде өзі таныстырады. Үміт – талантты, жас студент қыз. Тауфих­тың шығармасын ол да оқыған. Осы арада екеуінің бір-біріне сезімі оя­нады. Тауфих – орта жасқа таяған, әйелі Жәния мен үш баласы бар үй­лі-баранды азамат. Бұл кезде ол үйі­нен «айдалып», сырт жағалап жүр­ген-ді. Бірақ Тауфих пен Үміттің махаббаты ұзаққа бармайды. Аз ғана уақыт шөп күркеде бірге тұрған олар ақыры айырылысып тынады. Кете­ріндегі: «Кешір. Өмір мен ойлағандай емес екен. Қош бол!», – деген Үміт­тің соңғы сөзі материал­дық жағ­дайды меңзесе керек. Ал, Тауфих­тың: «Дүниеде бәрі опасыз, бәрі өткінші екен. Анау болмаса, мынау болып қалар деп әлденені алданыш қылған бұлыңғыр үміт қана мәңгілік. Алдан қашқан сол сағымды қуалай-қуалай бір күні шыңыраудың шетіне қалай емпеңдеп келіп қалғаныңды білмейсің…», – деген тұжырымы ішкі жан дүниесін аша түседі. Онсыз да өз өміріне көңілі тола бермейтін оның ендігі барар жері – түңілу. Ол жазушы болмай тұрғанда да қиялшыл еді. «Министр боламын» атты әңгіме же­лі­сінен мұны анық байқауға болады. Бұл жерде Үміттің тағдыры да толған­дырады. Жаңа ғана танысқан, әрі өзінен үлкен отбасылы жанмен біраз уақыт бірге тұруы, одан кейін өз махаббатын тәрк етіп, шетелдік азаматқа тұрмыс­қа шығуы – Үміт секілді тәрбие көр­ген қазақ қызына лайық еместей көрінді. Бәлкім, автор қазіргі жас­тар­­дың махаббатқа деген тұрақ­сыз­дығын осылайша көрсеткісі келген шығар.

Сатиралық тілмен жазылған әж­уа аралас мұңды романның  біраз бөлігі жазушы қиялынан туындаған дүниелер. Мәселен, бас кейіпкер Тауфихтың басына кірпіш түсіп, жазушы болып кетуі, сондай-ақ Қазақс­тандағы оппозициямен бірге Американың Лос-Анджелес қал­а­сында өтетін жындылардың Дүние­жүзілік бәйгесіне қатысып, онда джунглиді мекендейтін папуастармен сайысқа түсуі – қаламгер қиялының жемісі. Автор осындай сатиралық желі арқылы қоғамның кемшілігін әжуалап, әшкерелеуге тырысады.

***

Кімнің не жазғанын пайымдау үшін де бұрынғылардың шығарма­сына қайта үңілесің. Осылайша, бір ғасырды артқа тастап, заты орыс болғанымен, адамзатқа ортақ Чехов­тың «Алтыншы палатасына» барып қайттық. Араны ғасырдан аса уақыт бөліп тұр демесеңіз, мұндағы кейіп­кер Иван Дмитрич Громовпен Тау­фих­тың талғамындағы кейбір ұқ­састықтарды байқар едіңіз. Екеуі де – интеллигент, екеуі де – шындық іздеуші. Мұндағы тағы бір көңіл аудартатын негізгі кейіпкер – дәрігер Андрей Ефимыч Рагин. Замандас­тары­нан білімі мен мәдениеті ар­қы­лы ерекшеленетін ол да үнемі бір нәр­сені іздеумен болады. Оның із­де­гені – адам бойындағы биік пара­сат. Ол өз ортасынан «зиялы» деп айтуға тұрарлық жан  таппай әлек бо­лады. Кітап оқуды айнымас әде­тіне айналдырған ол ақыл-пара­сатқа қаншалық құштар болғанымен, оны өз ортасынан іздеуге тырыс­пай­ды, тек кітапқа үңіле береді. Ал Иван Дмитрич болса Тауфих секілді қоғам кемшілігін айтып, айналасын­да­ғыларға да оны түсіндіруге тыры­сады. Бірақ осылай жүргенінде «әй­­теуір бір күні абақтыға түсіп қала­мын» деген тұманды ойы оның «жындануына» себеп болады. Бұл жердегі бас дәрігер мен «жынды» екеуі де, негізінен, интеллигент адамдар. Алайда, екеуінің өмірге көзқарасы екі түрлі. Мәселен, мұн­дағы «Алтыншы палатаның» бас дә­рігері Андрей Ефимыч үшін қоғамдағы орын алған оқиғалардың негізгі себепшісі уақыт, жағдаят жә­не сәйкестік болғандықтан – оған бәрібір. Сондықтан да ол ешнәрсені өзгертуге тырыспайды. Тіпті, шені мен ақшасы үшін өтірік дос болып жүрген Михаил Аверьянычқа да, бас дәрігердің жылы орнын көз астына алып қойған Евгений Хоботовқа да, күнде пациенттерді соққыға жығып, зәбір көрсететін аурухана қызметкері Никитаның зұлымдық әрекетіне де көзжұмбайлықпен қарайды. Ал, «пациент» Иван Дмитрич түсінігінде – бәрінің негізінде Адамның өзі тұр және ол жасаған әрбір ісіне жауап беруі керек. Бас дәрігер Андрей Ефи­мыч пайымында  өзі басшылық ететін жындыхана ішіндегі тіршілік пен сыртқы өмірдің арасында еш­қан­дай айырмашылық жоқ еді. Сон­дықтан да жиырма жылға жуық бас дәрігер болып істеген мекеменің ая­нышты халін көре тұра ешқандай әрекет жасамады. Дәрігердің нем­құрайлылығы соңында өзін де «Ал­тыншы палатадан» бір-ақ шығарды. Сол кезде ғана ол осы күнге дейінгі ұстанымының дұрыс емес екенін сезініп, қинала көз жұмады. Шын мә­нінде оған мұны ұқтырған – өз па­циенті «жынды» Иван Дмитрич еді.

Бір қарағанда бұл екі шығармада ешқандай байланыс жоқтай. Әйтсе де, мұндағы адамдар мен қоғам арасындағы ұқсастық байқалады. Бұл екі шығармада да сау адамның оп-оңай «жындыға» айналатынын көресіз. Чехов өз шығармасында адам бойындағы немкеттілік салда­рын бір ғана Андрей Ефимычты мысалға ала отырып түсіндіріп бер­се, «Мен – жындымын!» ро­ма­нын­дағы дәл сол немқұрайлы­лық­тың өзегі – қазіргі қазақ қоғамы екенін байқайсыз. Бұл жердегі ерекшелік – Иван Дмитрич бәрінің негізінде Адамның өзі тұрғанын және ол жасаған әр әрекетіне есеп беріп, наразылығын іс жүзінде көрсетуі керектігін айтады. Сол үшін зиялы­ның өн бойындағы қадір-қасиетті науқасынан тапқан Андрей Ефимыч­тың өзіне деген достық сезімін қабылдай алмайды. Жындыханада жатса да, келер күнге сенімін еш­қа­шан жоғалтпайды. Ол «қоғам өз-өзіне сырттай қарағанда шошынып, кемшілігін мойындауы үшін интел­лектуалды күштер бірігіп, мектептер, жергілікті газеттер мен театрлар шынайы жұмыс істеуі керек» деген ұран тастайды. Ал, Тауфих болса барлық нәрсенің өзгергенін, әділет­тілік орнағанын қалайды да, бірақ соны қалай жүзеге асырудың жолын білмейді. Ол – өз қоғамына наразы. Наразылығын романдары арқылы білдіремін деген еді, ол да жарыққа шықпай қалды. Қоғамның шынды­ғын айтамын деп жүргенде өзіне ең қымбат отбасынан қалай айырыл­ғанын байқаған жоқ. Алдында ел­пең­деп жүретін Тәукебайдың досты­ғына да күмәнмен қарады. Осының бәрі жиналып келгенде оның өз- өзіне қол салуына дейін жеткізді. Бұл жердегі кейіпкер Тәукебай да қара­ма-қайшылыққа толы жан. Ол өз досының еңбегін пайдаланды. Әйтсе де, оның Тауфих­қа деген шы­найы жанашырлық сезімі романның соңғы жағында жақсы суреттелген. Автор бұл туын­дысы арқылы «тура сөйлеп туғанына жақпайтындықты», қақ жарылған қазақ қоғамының бүгінгі бет-бейне­сін көрсеткісі кел­ген­дей. Шығарма­дағы ең қорқыныш­тысы – жеке адам өмірінің сонша­лықты құнсыздануы. Тауфихтың ақырғы сәтіне дейін бірге болған тө­бет Геляның иесінің артынан мәңгілікке аттанып кете барғанына, соңында оның қолжаз­басын құ­шақтап, көшіруші жолдасы Тәукебай ғана қалғанына ашы­насың.

 Нұрлайым БАТЫР.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір