Біржан сал ма, Біржан шал ма?
13.10.2017
3137
2

Ұлттық өнерді сақтау үшін ымырасыз күрес жүріп жатқан осы бір кезеңдерде әр ғажайып туындыны – көркемдік шешімі жоғары кітапты, көркем киноны, бала санасына шақ әсерлі мультфильмді, құдіретті күйді, ғажайып әнді жарыққа шығару (оның қаржылық-техникалық өтеуі, көзге көріне бермейтін идеялық қайшылықтар, бюррократиялық барьерлер, жүрек-санаға түсетін салмақтың бәрін санамалап жатпайық) сұрапыл шаруа. «Біржан сал» киносы қандай қиямет-қайым жолдардан өткен айтулы жоба екенін ел біледі. Экранымызды жаулап бара жатқан әтүрлі әңгүдік, жолбикелерге қарсы жасалған айла, тарихи тұлғаны ұрпақ жадында қайыра бір жаңғырту үшін атқарылған іс болатын. Ал «біткен іске – сыншы көп» дегенді қазақ айтқан. Сынның да түр-түрі бар. Жанашырлықпен жаны күйгендіктен айтатын дара сын немесе «жақтым жала, жаптым күйе» қара сын. Төменде сол тарихи киноға қатысты сыншы талдауын адал көңілмен ұсынып отырмыз.


Әмина ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ,
сыншы


Көркемөнердің қай саласын алсақ та – сөз, саз, сәулет, мүсін, ки­но – әрқайсысының атқаратын өз міндеті, адамзатқа беретін өз әсе­рі, қуанышы, қайғысы, рахаты, ба­қыты бар. Соның ішінде адамның жан дүниесіне тікелей әсер етіп, се­зімін сел, көз жасын көл етіп, бор­дай үгітетіні кино. Киноның ға­жаптығы, сиқырлы құдіреті сон­ша – ол бір сәт жадыңнан жаңыл­ды­­рады, жаныңнан түңілтеді. Қа­ра­пайым пенделік күйкіліктен сіл­кі­ніп шығып, жарқыраған нұрлы бір әлемге қанат қағасың. Зеңгір көк­те қуана қалқисың, күміс қанат Тәңір құстарының сыбдырын ес­тисің. Әлденеге зарыға қол созасың. «Дүние-ай, сен де сондай керемет пе ең» деп, сонау бейуаз, бейкүнә ша­ғыңмен, «бақытсыз-ақ бақытты» күн­деріңмен қауышасың. Не дү­ние­ден түңіліп, қатігездене түр­ші­гіп, тіршілік деп малданып жүрген бес күндік жалғанның баянсыз­ды­ғы­нан баз кешіп, безіп кетесің. Әл­декімге тіс қайрап, әлдекімнен өш алғың келеді. Кейде тіпті адам атау­лыны жек көріп, осы күнге дейін аяулы, ардақты деп жүрген құн­­дылығың, ұстанымың бес-ақ тиын боп қалады. Бүкіл дүние, бү­кіл қоғам екіжүзді сияқты боп көрі­не­ді-ау. Өнер құдіреті деген осы да… Өтпелі жастағы жасөспірімдердің бір кезде кино әсерінен апиын шек­кендей елтігенін өз көзімізбен кө­ріп едік. Жақсы-жаман істерге ұрын­ғанын көрдік. Ауылда талай-та­лай «Робин Гудтар, Зорролар, Фан­томастар, Ұстатпайтын кек­шіл­дер, Чингачкуктер, Бекежан, Тө­ле­ген, Қожалар, одан бертінде Өр­мекші адамдар, Сеньор Амери­ка­нолар» қаптады. Қазірдің өзінде та­лай мектептерде «Ғ-4» топтары бар көрінеді. Көркемөнердің тәрбие құ­ралы екеніне дау жоқ. Әлем ки­носын қоя қояйық. Бүгінгі таңдағы қа­зақ киноларының міндеті қан­дай?
Біріншіден, эстетикалық тәр­бие. Көрерменнің эстетикалық тал­ғамын, сұлулық сезімін, әсемдік әле­мін тәрбиелеу.
Екіншіден, адамгершілік тәр­бие. Адамды ізгілікке, адалдыққа, мейірімділікке тәрбиелеу.
Үшіншіден, ұлттық тәрбие. Әсі­ресе қазіргі қазақ киносы осы мін­детті ұмытпау керек. Қандай ки­но­ны түсірсе де «Мен осы кинода өз ұлтымды, оның ұлттық кодын, қа­дір-қасиетін қаншалықты көрсете ал­дым, ұлттық намысына тиетін, оны қорлайтын іс-әрекет жасап, бас­қа елдің алдында өз ұлтымды күл­кі-мазақ етіп тұрғам жоқ па?» – дегенді бір сәт естен шығармау ке­рек. Әсіресе, тарихи кино түсір­гіштер осыны ойлау керек. Тарихи кино түсіру деген – тарихи шын­дықты сол қалпында көрсет деген сөз емес. Бүкіл елге танымал, сүйік­ті, жағымды адамды түсірмек бол­саң, ол бүкір болса бүкір, соқыр бол­са соқыр, содыр болса содыр етіп көрсет деген сөз емес. Әсіресе, ха­лық көкейінде, халық жадында ұнамды болып сақталып, халық өз көкірегінде алтын тұғырға орнатып, ешуақыт шаң жуытпай, әлпештеп, ардақтап келген кейіпкерлердің бірін арақшы, бірін қарақшы, бірін қатынқұмар етіп көрсеткеннен қазақ не ұтады? Ол халыққа қиянат деген сөз. Халық өзінің жадындағы, қиялындағы кейіпкерін өз елестетуі бойынша көрсем дейді. Рестав­рация­ға ұшыраған жаңа кейіпкерді ол қабылдамайды. Бұл жерде неше жерден тарихи шындық болса да, халық нанымына қайшы болса, еш құны жоқ. Егер тек нақтылықты, дө­рекі натураны сол қалпында көр­сете берсек, көркемөнер не үшін қажет? Көркемөнер өз міндетін ұмытпасын.
Соңғы кезде киногерлердің та­рихи тақырыпқа махаб­баттарының күш­тілігі сондай – тарихи кинолар жыл­дап емес, айлап-ақ дүниеге ке­ле салатын болды. «Болғанынан бо­­ла­дысы қызық» сондай кино­лар­дың бірі – «Біржан сал». Мақсатсыз кино түсірілмейді. Бұл киноны тү­сірушіде екі мақсат болуға тиісті. Бірін­ші – өз кезінде барша қазаққа ар­қалы асқақ өнерімен танылып, ел ер­кесіне айналған, аспандағы аққу­мен әнін қосқан Біржан салдың бар­лық қасиетін жарқырата ашып, ха­лық жүрегінде, ұрпақ есінде мәңгі қалатын асқақ, арда, дара бейнесін жа­сау. Екінші – қазақтың ұлт ре­тін­дегі ерекше елдік сипатын, қадір-қа­сиетін, салт-дәстүрін, этногра­фия­сы мен географиясын, ұс­та­­­­ны­мын, еш елде жоқ ерекше құндылықтарын, ерлік-серілік мінездерін көрсету ар­қылы қазақты әспеттеу, әлемге тағы бір таныту, мәртебесін көр­сету.
Ең әуелі осы киноның өзіне дейінгі кинолардан ерекше бір жет­кен жетістігі бар ма, өзгенің көр­сете алмағанын көрсете алды ма? – дегенге келсек, ол – мыналар:
1. Мысалы, «Қыз Жібекте» кей­бір материалдық тапшылық-же­тіс­пеу­шілік байқалған. Қыз Жібектің бөр­кінің шетіндегі құндыз көне, түсі оңып сарғыштанып кеткен жә­не құрақ тігісі көрініп тұрған. Нөкер қыз­дардың киімдері тұрмыстық киім­дер емес, сахналық киімдер-тін. Ал «Біржан салда» қазақтың киім сәнінің небір түрі мол көрінген. Ұлт­тық әшекейлер, ақ үйлердің ою-өр­нек әшекейі, ат әбзелдері, ыдыс-аяқ­тар, табиғат, өзен, көл, тау, ор­ман – Көкше табиғаты жақсы көр­­­сетілген. Сол кездегі қазақ тұр­мы­сына кимелеп ене бастаған отар­лаудың алғашқы аяздай лебі, жәр­мең­­ке, сауда, ағаш, тас үйлер кө­­рі­­неді.
2. Бұрын еш жерде көрсетіл­ме­ген салт-дәстүрлер көрсетіледі. Сал­дар салтанаты, төрттік өлең, та­зыны бөлеу, қансонар, қобызбен көңіл айту, жорғамен табақ тарту, жәр­меңке, мешкейлік, бәдіктік, сай­қымазақ, жеңгетайлық деген сияқ­ты.
Өкінішке қарай, осы ғана. Кино­ның бүкіл өнебойында бір атүстілік, асы­ғыстық бар. «Не де болса қам­тып қалайын» деген бір қомағай өзім­шілдіктің иісі аңқиды. Осы асы­ғыстық пен немкеттілік, өзі біл­меу, білгеннен сұрамау қанша­лықты кем­шілікке ұрындырғанына қазір көзіңіз жетеді.
Қандай кемшіліктер? Ең әуелі басты кейіпкер – тұлға Біржан бей­несі қаншалықты ашылды? Біржан – эпицентрдегі кейіпкер. Қалған күллі сюжет пен композицияның ди­намикасы соның айналасында өрбу керек. Соған қатысты туып, өр­біп, дамып, шиленісіп және ше­шімін табу керек. Әр әрекет, әр көрі­ніс, әр диалог, монолог, полилог, әр деталь соның бір қырын ашуға қыз­мет етуі керек. Біржан кім? Ол – ақын, әнші, сазгер, суырыпсалма, аспапта ойнаушы. Бұлар – табиғи да­рындық сипаты. Ал салдық – адами-мінездік сипаты. Осы си­пат­тардың ішінен ең негізгісі, яғни ән­шілігі, басты назарда ұсталып, қал­ған қасиеттері жанама саналып, уақиға барысында өз-өзінен ашыла беруге тиіс. Басты сипаты, Біржанды Біржан еткен қасиеті – оның әнші­лігі. Сондықтан да кинода Біржан әндерінің (көп те емес қой) көбірек шыр­қалып, көрермен «Паһ, шіркін, Біржан десе дегендей-ақ екен-ау» деп таңдай қаға тамсанатындай дә­режеге жеткізетін оқиға желісі ойлап табылып, шебер қиюластыру керек еді. Қысқасы Біржан әнші ретінде ашыла алмады. Режиссер оның әншілігінен гөрі салдығына баса назар аударып кетті. Жалпы, қазақ Біржанды сал болғаны үшін емес, әнші болғаны үшін ардақтаған. Егер Біржан әнші болмай, тек сал бол­са, ел оған тек жынды деп қара­ған болар еді. Ал енді осы әншілік сипатын терең ашып көрсететіндей мүмкіндік те бар еді. Мысалы, ән­шіні соншалықты зор қошаметпен зарығып күткен Көлбай-Жанбай ауы­лында ол кем дегенде 2-3 әнді төк­пелетіп жіберу керек еді. Сю­жет­ке қажеті шамалы бір-екі кө­рініс­тің есебінен әнге уақыт кө­бірек берілу керек еді. Жәрмеңкеде де солай шырқалуы керек. Біржанның ең асқақ, ең шерлі, ең арманды және ең соңғы әндерінің бірі – «Ай­бозым». Осы ән туралы тірі түгілі өліні тыныш жатқызбайтын дәлел­сіз жала, өсек айтылған. Режиссерге рахмет, осы жерде дұрыс шешім тауып, Әпіш қазасына үлгермей қал­ған Біржан бұл әнді зират ба­сында қолма-қол шығарады. Әттең, тағы да шырқатып айтпады, тек ыңыл­дады… Біржанды қайдам, кө­рермен шері тарқамады.
3. Сал. Біржанға халықтың өзі бер­­ген мәңгілік есімі. «Біржан» де­ген сөздің егізі, эпитеті. Халық айт­са, қалт айта ма? Демек, бір біл­гені бар да… Әйтпесе неге әнші біт­кеннің бәрін сал демеген? Неге Ақанды сері, Біржанды сал деген. Ән­ші, сері көп, бірақ сал аз. Өйткені сері басқа, сал басқа сипат. Сері – ол да өнерлі, әнші, күйші, әйтеу өнерімен ел еркесіне айналған. Оның үстіне елден ерек қырымпоз, сәнқой, аттың тұлпарын мініп, құс­тың сұңқарын тұтып, қыздың сұлуын сүйіп, киімді сәндеп киген. Сол заманның өзінде қалтасынан кү­міс шақшасы, қалампыры, қағаз шайы түспеген адам. Бірақ сері өмір­ден баз кешпейді. Мысалы, Ақан сері оқу да оқыған, мал да жиған, ел-өміріне де араласқан. Ал Сал деген кім? Сал – сөзінің өзі қи­мылсыз, қозғалыссыз, әрекетсіз де­ген сөз. Сал – өмірге, дүние-малға, шешімтал әрекетке жоқ. Қан­дай да бір соққыны терең қа­был­дап, үнемі өзгелерден мейірім, кө­мек, махаббат, еркелету күтеді. Жас баладай әрі қорғансыз, әрі шалдуар. Салдың тағы бір сипаты бақ­сы-құшнаштау, дуаналау, ар­қасы, киесі болады. Сондықтан қа­зақта сал аз. Біржан сол аздың бірі, тіпті біреудің өзі. Салдар то­бын­да кімдер және қалай көрінуі ке­рек? Кілең ақбоз мініп, аттың ке­кі­ліне үкі тағып, үкілі-сылдыр­мақты домбыра ұстап, ат-әбзелдері қарала кавказдатқан күміспен өрнектелген. Киімдері де торғын, атлас, патсайы, құндыз бөрік, құ­лын ішік дегендей. Ең алдымен қо­сылып хормен өлең айтуды осы сал­дар шығарған. Жас мөлшері 18 бен 25 жас аралығында, ал үлкен жас­тағы салдар бірер ғана болып, олар ақылшы «аға салдар» деп аталды. Құрамында: әнші, күйші, дом­бырашы, термеші, айтыскер ақын, атбегі, құсбегі, балуан, меш­кей, суайт-бәдік, күлдіргі-сай­қы­мазақ, атқосшы-шабарман, күтуші, әңгімеші-шежіреші, қисса-дастан­шы да болған. Мұның бәрін көрсету мүмкіндігі кинода жоқ екенін бі­леміз. Біздікі біле жүрсін дегендік. Ал «Біржан салдағы» салдар қалай? Анадайдан көрінгеннің өзінде ерек­ше сипатымен жарқырап, құлпырып көрінбейді. Ылғи бір қоңыр, күлгін көңіл ашпайтын түстер. Көрнексіз бө­рік­тер, ала-құла аттар. Оны қой­шы, салдардың дені елуді еңсерген, қозы қарны томпайған, көз асты күлтеленген кеспірсіз еркектер. Қа­зақтан басқа бір елде жоқ, өнер мен сұлулықты паш етіп тұрған осы бір әдемі дәстүрге бүкіл қазақтан жиыр­ма шақты сайдың тасындай келісті жігіт табылмады ма?
Салдарға байланысты өрескел қа­телік. Салдар ауылға тақағанда ат­тың екі жағына кезек құлап, жо­сыла шабады. Ал, есі дұрыс еш қа­з­ақ ауылға қарай шаппайды. Ол сұм­дық жаман ырым саналады. Тек кісі өлгенде ғана еркектер қазалы ауыл­ға таяғанда, аттың екі жағына ке­зек құлап, «Ой, бауырымдап» жо­сыла шабады. Бұл салт қазақта «ат қою» деп аталады. Осыны айтар бір­де-бір кеңесші, ақылшы болма­ғаны ма.
Тағы бір ұнамсыз жері – қатын емес, қыз емес, ылғи еркек-сал­дар­дың жөн-жосықсыз ха-ха-халап күле беретіндері. «Қатынның қары кү­ле­геш, еркектің қоры күлегеш» деу­ші еді қазақ.
Салдар ауылға таяғанда аттан тү­сіп құлап жататыны рас, бірақ бә­рі бірдей орған қамыстай сұла­маса керек.
4. Қазақ салтындағы отбасы, қыз бала тәрбиесінің, заңының өрескел бұрмаланған жері. Қазақ ерекше ха­лық. Оның ежелден бұ­зыл­майтын заңы, керек болса соты бар. Қазақта ұл әкенің, қыз шешенің бетіне ажы­райып қарамаған. Әсі­ресе, он үштен асқан қыз баласын үкідей үлбіретіп, тамақтың дәмдісін, киімнің сән­ді­сін, соның аузына тосқан. Қызына ай­тар ескерту, талабын әке мен аға тек анасы арқылы ғана жеткізген. Қыз бөтен еркектің аяқ-қолын ұста­мақ түгілі, бетіне тура қарамай, қар­сы келсе өтіп кеткенше төмен қа­рап тұрған. Қазақ қызы адыраңдап сөй­лемеген, адымдап жүрмеген, са­қылдап күлмеген. Жылжып қана жү­ріп, жымиып қана күліп, сабыр­мен, сыбырмен ғана сөйлеген. Қыз қа­зақта бір үйдің ғана емес, ауыл­дың, қала берді бір рудың ар-ұяты, намысы. Жеті атасынан сыпыртса қыңқ демейтін қазақ жігіттері қы­зына, қарындасына, анасына тіл ти­гіз­се, өлісуге баратын. Қазіргі же­тесіздер ғой «Шешеңді» шеміш­ке­ше шағатын… Осыған қарамай, әдеп­тен аттаған қызды не әйелді қа­зақ заңы аяусыз жазалаған. Жеті атаға толмаған туыс жігітті сүйгені үшін ғана өз әкесі Мамырды атып өлтір­ді емес пе. Ал «Біржан салда» қа­зақ­тың осы құндылығы бұрма­ла­нып көрсетіледі. Мысалы, ки­ноның әлденеше жерінде бойжеткен қыз­дар сәйгел тиген сиырдай шу-шу етіп жосылады да жүреді. Бұл ғана ма?
– Салдар ауылға таяғанда, аул­дың ақ сақалды шалы, кемпірі, бой­жеткен қыздары, бала-шаға ит-құ­сы қалмай, ұлардай шулап жосы­лады. Не ішіп алған, не шегіп алған ессіз тобыр сияқты. Оу, ағайын-ау, сал­дарға қарай бүкіл ауыл жосыл­майды. Тек келіншектер ғана (қыз­дар емес) барып, екі жағынан қол­тық­тап әкеледі. Керісінше, ауыл ие­сі ақсақалдарға, кейуаналарға сал­дар кіріп амандасып шығады.
Әлқисса, ары қарай мұнан да со­­рақы. Қарындары бұлтиып, ба­лақтары түріліп, башпайлары тар­­биып жатқан әлгі салсымақт­ар­дың аяғын ауылдың ылғи жас қыздары уқалап отыр. Атам қазақта оң жақ­та­ғы қыз бөтен еркектің жалаңаш денесін көрмейді. Оған тыйым. Еркектің жалаңаш аяғын не басқа денесін тек некелі әйелі ғана көреді. Аяқ уқалауға келсек, бай болса күңі, не тоқалы ғана уқалайды. Тіпті бәй­біше де уқаламайды. Ұлжан Құ­нан­байдың, Ұлпан Есенейдің аяғын уқалап отыр дегенді естідіңіз бе?
– Көлбай-Жанбай аталы бол­ма­са да, өз еңбектерімен, өз талап-беделімен Көкше дуанына атағы жеткен азуын айға білеген қасқыр жі­гіттер. Ондай қос бөрідей жігіттің оң жақта үлбіреген әрі әнші, әрі сұлу жалғыз қарындасы – Ләйлі. Аша жастығына қарамай рөлді біршама жақсы ойнады. Тек эфирде үнемі жымиып күлуге үйренген ол кинода да қажетсіз жерде де жымия береді. Әттең, дүрдиген астыңғы ерін қазақы сұлулыққа жатпайды. 19-ғасырдағы қазақтың сұлулыққа талғамы ескерілмеген. Сол Ләйлі Бір­жанға тек екі себеппен ғана ға­шық болу керек. Бірінші – асқан әншілігіне, өнеріне. Екіншісі – бар­лық қыздар секілді сыртқы көр­кі мен әсемдігіне, азаматтық си­патына, еркектік ірілігіне. Екі се­беп те кинода нанымды берілмеген. Бірінші себеп десек, онда Біржан Ләйлі ауылына келгенде, Біржан тымғұрыса екі-үш әнін асқақтата шыр­қап, Ләйлі есі кете тыңдап, бар­лық сезімі, сүйініші, әнге, ән­шіге деген табынуы періште жүзіне ойнап шығып, мөлдіреген жанары­мен-ақ «сен үшін жаным құрбан» дегенді білдіруі керек еді. Жоқ, мұн­дай психологиялық арпалыс, эмоциялық толғаныстың бірі де жоқ. Ләйлі қайтті? Әй жоқ, шәй жоқ, есіктен кіріп келді де, шырқата жөнелді. Осы жерде қазақтың тағы бір әдемі дәстүрі ашылмай қалды. Қонақтар «Қонақ кәде» жасады. Ән айтылды, күй тартылды. Енді олар «Қолқа» айтуы керек. «Біз қонақ кә­де жасадық, енді еруліге – қарулы де­гендей ауылдың «алты ауызы» бол­май ма? Оның үстіне Ләйлі қа­рындасымыздың әншілігінен де ха­бардармыз» дегендей. Сонда ғана Ләйлі қысылып, қызарып, көптің қолқалауымен айту керек еді. Жоқ, ол ешкім сұрамай-ақ шырқап кетті және өлеңін айтып болғаннан соң ғана «армысыздар, ағалар» деді саңқ етіп. Бұл сөздің бұл жерде керегі жоқ. Қыз тек әдеппен иілсе жеткілікті. Сонан соң Ләйлі неге босағада тұрады? Ол не, күтуші ме, күң бе? Қазақ қызының орны ежел­ден анасынан жоғары, ағасынан тө­менгі аралық. Егер әншілігі бол­мағанда, жағы қушиған, қарны т­е­гештей томпиған, көз асты күлте-күлте, елуді еңсерген қырма сақалға Ләй­лідей қыз ғашық болар ма еді? На­нымсыз. Кешке «ақсүйек» емес алтыбақан көрсетілсе, осы на­ным­сыздық көзге ұрмас еді. Әдемі әзіл­дер айтылып, әсем ән шырқалса, қа­зақтың айтыс өнері, салты, киімі та­ғы ашыла түсер еді. Біржан мен Ләй­лінің бір-біріне ынтызар көз­қарасы ма, «ғашықтың тілі – тілсіз тіл­мен» ұғынысуы ма, шешен ай­тыл­ған жұмбақ сөздері ме, әйтеу бір бір детальдар Ләйлі ғашықтығын дә­лелдеп аша түсер еді. Ал кинода қа­лай? Қозы қарны томпиып, қо­лына дәрет құман ұстаған Біржан­ның жанына «Сері, мен мұнда» деп, сумаң етіп қыз өзі жетіп келеді. О за­ман да, бұ заман дәрет алуға шық­қан еркектің қасына жас қыз жетіп келуші ме еді? Мұндайда қазақтың салты, әдеп-ибасы түгілі қарапайым логика мен психологиясы көмекке келмей ме?..
Келесі. Атқа шауып бара жатқан қыздың көйлегі түріліп, ақ саны ай­парадай ашылып барады. Қазақ қы­зы өмірі ұзын балақ тізе киім ки­ген. Әлде сол кезде копрон кол­гот­­ки болып па еді? Сондай-ақ мас­сов­кадағы бір кемпірдің алтын тіс­тері жарқырап отыр.
Келесі. Азынабайдың әлде Көл­бай-Жанбайдың ақ торғынға ма­лынған сұлу тоқалы тура есік кө­зінде түйе сауып тұр. Айналайын-ау, осы қалай ақылғы сияды? Бірін­ші­ден, бай ауылы сауын малын есік кө­зінде ұстамайды. Ауылдан жырақ­та қараша үйлер тігіліп, онда мал­шы-жалшылар, түйеші-сауын­шылар, қойшы-қолаңдар тұрады. Оларды қараша немесе қоңсылар деп атайды. Мал сол жақта ұсталады. Өйткені бай ауылының шалғыны жа­пырылмау керек, иіс-қоңыс, ма­са-шыбын болмау керек. Екіншіден, сонша малшы-жалшысы бар кербез тоқал түйе сауып не көрініпті…
Келесі. Жесір келіншек Мақ­пал­ға Біржан көңілі шапқан уақытта келіп-кетіп көңілдес болып жүреді-мыс. Қазақ тарихында болмаған мас­қара іс. Әлі күйеуінің жылы өтпеген жас жесірді ауыл шетіне оңа­ша отау тігіп ойнап-күлдіріп отыр­ғызып қояды екен ғой тегі. Қа­зақтың жесір жөніндегі заңы өте қа­тал. Ол енесі, қайны, қайын ата­сы, тіпті бүкіл ауылдың аңдуында бо­лады. Аяғын шалыс басып, аз­ғындыққа барса, аямай жазалаған. Тіпті, өлім жазасына бұйырған.
Біржанның сыртқы сипаты. Ежелден ел көкейінде жағымды, сүй­кімді болып орнап қалған Бір­жан­ның сыртқы кескін-келбеті де сұлу болмаса да сүйкімді болуы керек еді. Тіпті Біржан шын өмірде кейіпсіз, кеспірсіз болған күннің өзін­де де кинода ол алты қырлы ал­мастай жарқылдаған, көрген көздің алмасын суыратын көрікті, арғымақтай әсем тұлғалы сері, сұлу жі­­гіт ағасы болу керек. Мәңгілік тұл­ға солай қалуы керек. Халық күт­кен Біржан бейнесі жарқ етіп кө­ріне алды ма? «Біржан десе Бір­жан екен» деп, көрермен таңдай қақ­ты ма? Ой, құдай-ай!-деп қалған жоқ па? Мейлі Біржан өмірінің соң­ғы жылдарын көрсеткісі келсе де көзге толымды бір азаматты табуға болар еді. Сонан соң Біржан за­ма­нында еркектер сақалсыз болмаған. Жарасымды дөңгелек сақалы болса, екі жағы қушиып тұрмас еді. Тағы бір қателік – Ләйлі үйінде шешініп отыр­ғандағы Біржанға қарайық. Ол бұл жерде барша серілік, салдық си­патымен жарқырап, жайнап кө­рінуі керек қой. Ал ол қалай көрінді? Енді-енді төсекке жатайын деп шешініп жатын көйлекпен отырған се­кілді. Жағасыз көйлегі жайлауына кетіп, кеңірдегі сорайып отыр. Қа­зақтың ата салтында жағасыз көй­лек кимеген. Тік жаға көйлек киген. «Сері жаға ақ көйлек киген» деп суреттеледі Біржан Абай жолында. Ал жағасыз көйлекті қазақ бір ғана жағдайда – өлгенде ғана киеді (ке­бін) деп ырымдап, жағасыз көйлек киюден сақтасын деп тілейді екен. Бұхар баба не деп еді:
– Үшінші тілек тілеңіз, Үшкілсіз көй­лек кимеске, – деген. Осындағы үшкіл – жаға деген сөз. Яғни қазақ сал­тында жағасыз көйлек кию – жа­ман ырым.
Мінез-құлқы. Біржанның адами си­паттары да өте солғын берілген. Еш нәрсеге тереңдеп ой жібер­мей­тін, тұрақсыз, жауапсыз, салғырт, ән­шейін бір шалдуар жан. Тың­даңыз, қай тарихты, қай әдебиетті оқымаңыз – әнші, ақын, сері, сал, күйші, жыршы болмасын бәрі ел мұңынан, ел қайғысынан шет қал­маған. Әрқайсысы күйі келгенше ел жоғын жоқтаған. Ел мұңын жырлап өткен. Біржан заманы орыс отар­шы­ларының қазақ жеріне анық ден­деп кіре бастаған кезі болатын. Бү­кіл қазақтың жүрегі күпті еді. Ақан сері өлеңімен болса да қара шек­пендерге қарсылығын білдірді. Ма­хамбет, Мәди, Балуан шолақ, Иман­жүсіп, Сегіз сері, Сары, Дулат – бәрінде күрескерлік сипат бар еді. Ал Біржан ше? Анау көк мұздай қару­ланған казактар алдындағы ол­жа­сын атып кеткенде, ол сәл тік­сі­ніп қалды. Осы жерде қазақтың бо­лашағы қатты алаңдататынын біл­діріп, қасындағыларға бір тебі­реністі, аталы сөз айтса не етер еді. «Жігіттер, осының түбі қалай болар екен?..» деп қиналса, қасындағы­лар­ға ой салса нетті? Жоқ, сәл тік­сінуден әрі бармаған Біржан-екең қатынға тартты да кетті. Ал қасын­дағылар қарқылдап күлкіге басады. Ешбір мақсатсыз, ессіз, есірек күл­кі. Мәнсіз, мағынасыз күлкі. Орыс­тар­дың «где умному горе, там дура­ку смех» дегені еріксіз еске түседі. Тіпті, өзі сүйіп жолдан тайдырған әйел­дер алдында да бір еркектік мі­незі жоқ. «Мен не айтайыннан» бас­қа сөзі жоқ. Мақпал кінәлады – мен не айтайын деді. Әпіш рен­жіді – оған да мен не айтайын деді. Ләйлі жылады – оған да мен не ай­тайын деп сүмірейді. Әншейін бір бейшара. Біржанда бір шешімтал әрекет жоқ. Әйелге ұрланып барған­нан басқа білері жоқ. Тым болмаса сол әйелдер алдында бір ірілік көр­сете алмады-ау…
Басқаны былай қойып, Ләйлі әні­не таңданған кезіндегі эмоция­лық мимиканың өзін дұрыс көрсете ал­мады. Ұртына малта тығып алған адам­дай аузын бұлтаңдата береді. Сонда не, ерекше таңдануды ауыз­бен білдіре ме? Қызға қараған кө­зін­де, жүзінде таңдану, сүйсіну, та­быну, сүю сезімдері кезек шар­­пысып, атой беріп тұруы керек еді ғой. Ал бұл жердегі Біржанның Ләйліге қа­расы мысықтың тышқанға қара­ға­нындай құрғақ қызығу, құмарлық көзқ­арас қана. Тура осы жерде беті жы­быр-жыбыр етіп, кеудесі сыр-сыр етеді. Біржан арқалы, киелі адам. Оның шабыт келгендегі, ға­рыш­тан құйылатын тылсым үн келгендегі толғанысы, құбылысы, күй­зелісі ерекше берілу керек. Ал кинода Біржан жүзіндегі осы тол­ғаныс бір жері ауырып отырған адам секілді ғана беріледі. Әуезов дәл осы шақты қалай суреттеп еді:
– Іштен лықсып келген шабыт тол­қыны ақсары өңін тоңазыта діріл қақтырып, мақпал мұрттың арасынан шып-шып тер білінді. Кө­теріңкі қырлы мұрны мен дөңес маң­дайында болар-болмас нұр ой­нап, кең кеудесін сілкіп қалып азы­най шырқап жөнелді, — деген. Тым құрыса Әуезовке жүгінсе нет­ті?
– Кинода Біржанның баласы бір-екі ғана сөйлем айтады. Соның өзін орыс екпінімен айтады. Бір та­за қазақ тілді бала табылмады ма?
– Би аға, ақсақалды әулиенің дауы­сы жасына сай емес. Жас жігіт­тің жас дауысы.
Түрінде бір әжім жоқ, ерні қып-қызыл.
– Біржан асты ұрмау керек еді.
– Жорғамен табақ тартуды ақыр көр­сеткен екенсің, неге аша түспес­ке?
Тайпалып кетіп бара жатқан он­шақты қыпша бел, қобы жауырын бозбалалар басына жібек орамал тар­тып, қамшыларын аузына көл­денең тістеп, қос табақты шай­қалтпай, мүсіндей қатып отырса… Пах, шіркін, бұл қазақтан басқа қай ел­де бар? Әрі өнер, әрі сұлулық…
– Сонау Көкшетау жәрмең­ке­сін­де басы жарылған Біржан сол қан­ы сорғалаған күйінде өз үйінде отырады. Ұшып жетті ме?
– Күллі аңыз-әңгімеде аян бе­ре­тін әулие ақсақалды қарт не кей­уа­на болушы еді. Мұнда жас келіншек аян береді. Сол келіншек-әулиеңіз ежелден ел аузындағы «өлең аласың ба, көген аласың ба» – деген тіркесті бұзып, «көген ала­сың ба, домбыра аласың ба» деп айтады. Біржан ақын, әнші ол өлең алам деуі керек еді. Домбыра – күй­шілік символы.
– Сонан соң бақаша тарбиып, екі аяғы көсеудей болып, көзі су­ла­нып «қобызшы сал» үнемі есеңгіреп, шалықтап жатады. Есін жия берсе, қасындағы біреу аузына бірдеңені тыға салады. Анау ары қарай мәңгі­ріп жата береді. Осы көрініс не мақ­сатпен алынды? Біздің қазақта апиын атқан дегенді мақтан көр­діңдер ме? Осыны көрген бүгінгі ұр­пақ «Е, құдай-ай, апиынды ата-ба­бамыз да иіскеген екен ғой» де­мей ме? Осыны көрген шетелдіктер қазақты кім деп ойлайды? Есер, есі­рік, бейәдеп, апиыншы, даңғаза тобыр демей ме?
Киноның жалғыз ұтымды жері лейтмотиві өте дұрыс берілген.
– Бағлан өнердің басы босағада қа­лып, аяқ-табақ жалаған әлеміш төрге шығады-ау. Қазақ қартайып­ты, ел қартайыпты, – деп күңіренеді Бір­жан. Бүкіл киноның айтайын де­генін осы бір ғана сөйлем ашып тұр. Тамаша түйіндеу! Бұл – ре­жис­сердің шеберлігі.
Тарихи киноға абай болу керек. Бүтін бір ұлттың наным-сенімімен, на­мысымен, ұстаным-заңымен, ар-ұятымен ойнамау керек. Біздің ки­ногерлер артыңда қалың қазақ тұр­ғанын ұмытпаса екен…

ПІКІРЛЕР2
Абдсами 14.03.2018 | 10:49

«Біржан сал» фильмі туралы айтылған сын туп-тура. Жолжақсыновтың ол рөлді ойнайтын жөні жоқ. Ол жерде нағыз сұлулықты емес кеспедірсіздікті көрсетті. » Біржан салдың рөлінде Досқан Жолжақсыновтың ойнағанын сырттан байқастап көргеннен-ақ, ол фильмді көргім келмей кетті. Бұл жерде Жолжақсыновтың кінәсі жоқ Қазақтың жампозы жас жігіттері көп, онда апарып «шалды» ойнатқанына таң қаламын. 60 жасында жас қыздарды өзіне ғашық еткен Біржан бұл кинодан шынын да тура мағынасында сал болыпты. Мың жерден атақты әнші-жыршы болсын сырт келбеті мен сымбаты бірінші орында тұрады. Осыны түсіргіштер ұмытпау керек. Шет фильмдері осынысымен танымал болып жатады. Бұл өмір емес өнер, өнер бар уақытта сұлу болу керек.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір