Суыт хабар
Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ
Апта соңы. Күн сенбі. Үш қабатты әсем безендірліп салынған үй, жан-жағы биік дуалмен қоршалған. Дуалдың алдындағы шағын дүңгіршекте арнайы форма киген екі сақшы отыр. Үйдің кіреберісінде қара костюм киіп, галстук таққан, түстері суық, қабақтары қату оққағарлар жүр. Түнімен жауған жаңбыр тоқтап, аспанда бір шөкім де бұлт қалмаған.
Қайдар астаналық ірі байларға лайық әсем де еңселі үйінде пештің аузында жантайып кітап оқып жатыр. Барынша ұқыптап жарылған сексеуіл ағашын айқастырып от жағылған. Дағарадай кең де еңселі «сарайында» аспазы мен үй қызметшілері ғана қарбалас шаруаларымен кіріп-шығып жүр. Отбасы мүшелері яғни, қатын, бала-шағаларының қарасы көрінбейді. Әйелі мен балаларының Лондонда тұрып жатқанына бір жарым жылдан асты. Әр апта сайын болмаса да айында екі мәрте өзі барып, қайтып тұрады.
Лондондағы үйі де мұндағыдан артық болмаса, кем түспейді. Отбасы мүшелерін кәрі Еуропаның төріне апарып, алыста ұстауының өзіндік сыры бар. Мың құбылған кезең келбетінің алда қалай өзгеріп, не боларын алдын ала болжай алмайсың. «Адамның басы – Алланың добы». Алда-жалда өзіне тіреу болып отырған ана кісі олай-бұлай болып кетсе немесе аяқ астынан көрші елдердегідей түрлі-түсті төңкерістер бұрқ етіп, «қазақ көктемі» бола қалса, жағдайдың қалай боларын кім біледі?
Сондықтан, лауазымды қызметін пайдаланып, мүлік жинап қоңданған жаңа байлардың көбі жиған-тергендерін шетелге апарып тығуды әдетке айналдырған. Өзінен жоғары тұрған әлде біреулерге жақпай қалса, істі болып, абақтыға жабылуы да әр қадам сайын төнетін ең ықтимал қауіп.
Осы себептен Қайдар қатын, бала-шағасын Лондонға апарып қоныстандырған жайы бар. Бұл оның ғана сақтық шарасы емес, байшыкештердің бәріне ортақ көкейдегі күмән мен күдік. Сондықтан да, көбі қазір Астанадағы ат шаптырым кең сарайдай «боз үйлерінде» салт бас, сабау қамшы күн кешіп жатқан жайлары бар. Қайдар қолындағы кітабын тастады да орнынан тұрды. Сағат таңғы жетіні көрсетіп тұр. Лондонға хабарласып, бала-шағаның жай-күйін білуге әлі ерте. Олар қазір шырт ұйқыда.
Кең бөлмені бойлап арлы-берлі біраз жүрді де үлкен лауазымға келгеннен бері қасынан бір елі тастамай өзі желеп-жебеп жүрген, туған інісіндей болып кеткен министр Тасбайға телефон соқты:
– Таске, қайырлы таң! Сенің мұның қай жатыс! Тез тұр, аңға
шығамыз.
– Көке, ондай жоспарыңыз болмаған секілді еді ғой.
– Жоспарсыз-ақ кете береміз.
– Жақсы. Ас-су әзірлеуге ана жолғы қыздарды алайық па?
– Жоға, олардан жастауы жоқ па?
– Сізге ана студент мисс ше?
– Болады, ала жүр.
Қайдар шомылып шыққан соң аспазы келіп таңғы асқа шақырды. Асықпай отырып, тойғанынша тамақтанды. Сәлден соң Тасбай бастаған аңшылар тобы келіп жеткенін күзет қызметі хабарлады.
Жол талғамайтын бірнеше көлікті тізгіндеген топ әне-міне дегенше, межелеген жерге жетті. Тамылжыған табиғат аясындағы еркін тірлік басталды. Жігіттер жағы шатырларын тігіп жатыр. Әртүрлі деңгейдегі «мисс» деген атаққа ие болған бірқатар шүйкебас жиналып, ас-судың қамына кірісіп жатыр. Екі жігіт бір микробустан арнайы қағаз дорбаға салынған, сексеуілдің шөлкесінен жарып дайындалған отынды түсіріп, от жағуды бастады. Қыз-жігіттерден тұратын төрт жұп кәуәп жасаудың қамына кіріскен.
Қайдар мылтығын асынып, қасына Тасбайды ертіп, айналаны шолуға шықты. Сайдың тасындай іріктелген күзет қызметінің бес жігіті ере шығып, қожайындарын қозыкөш жерден қарауылдап жүр.
Екеуі айналаны кезіп біраз жүрді. Ағаштың түбінен ытқып шыққан бір қоянды Қайдар дәлдеп тұрып атып еді, дарымады. Айналаны жаңғартқан мылтық даусын естіген құстар ағаш басынан дүр етіп ұшып, әлде бір жаққа безіп, зым-зия жоғалды.
Анандайтын жерде көл көрінді. Онша алыс та емес екен. Жағасына барып еді, суы терең болғанымен тұнық әрі балығы көп секілді көрінді. Түскі астан кейін келіп балық аулайтын болып келісіп, екі дос кері қайтты.
Олар қайта оралғанда шатырлар тігіліп болып, көл-көсір дастархан да әлде қашан жасалып қойыпты. Құстың сүтінен басқаның бәрі бар дерліктей-ақ екен. Қалай пісірілгені белгісіз, қозының етін үлбіретіп тұрып, бүп-бүтін күйінде әкеліп қойды. Шанышқымен түйіреп қалсаң болды, сүйегінен ажырап жұп-жұмсақ еті ауызға кіре сала еріп кетердей. Дәмі тіл үйіреді.
Кәуәпті де барынша дәмдеп даярлаған екен. Бәрі жапа-тармағай ауыз қимылдатуға кіріскен. Таза ауада жаяу көп жүргендіктен бе, Қайдардың ішегі шұрылдап, қарны ашып кеткен еді. Алдындағы бұйырған астан асықпай асап, тұшына қылғытып отыр.
Дастарханды Тасбай басқарып, әркімнің қалауы бойынша виски, мартини, царская водка секілді ішімдіктердің жоғары сапалысын құйдырып, барлығының алдындағы бокалдарын түгендеп алған соң былай деді:
– Жігіттер-қыздар! Барлықтарыңды бүгін таза ауаға, табиғат аясына алып шығу идеяны көтерген баршамыздың қамқоршымыз, ең жақын жанашыр сүйеушіміз Кәкең аман болсын! Алғашқы тостыны Кәкеңнің денсаулығы үшін алып қояйық!
Бәрі қол соғып, «Кәкең үшін» деп шуласып, алма-кезек сілтеп жатыр. Өзінің денсаулығы үшін серіктестерінің жан аямай ішісіп жатқанына маңғаздана бір қарап алып, Қайдар сөз алды:
– Рақмет, сендерге! Бүгін азанда ерте тұрып алып, барлығыңды таза ауаға алып шығайын деп шештім. Сендердің қолдауларыңның арқасында жұмыс-шаруамыз ретімен жүріп жатыр ғой. Арасында осылай демалуымыз да керек. «Оралыңның барында ойна да, күл» демеуші ме еді, халық әнінде. Олай болса, осылай тойлап-думандатып жүргеніміз аса құрметті анау ағамыздың арқасы. Ол кісі болмаса, мұнда отырған бәрің қайда жүрер едіңдер? Оны бір Құдай біледі. Ендеше, мына тостыны Үлкен ағамыздың амандығы үшін алып қойсақ қайтеді?
– О, әрине Кәке! Ағамыз үшін, сол кісінің амандығы үшін, денінің саулығы үшін, әлі де бізді басқара беруі үшін алайықшы! – деген жуан-жіңішке, тұнық-барылдақ, жұмсақ-қатты, баяу-зор сан қилы дауыстардан құлақ тұнып кетті.
Егер бұл дауысты алыстап естіген жан болса, оны адам баласының сөзінен гөрі үзіліссіз ыңырсыған әлде аңның қыңсылауы ма немесе ылыққан иттердің дыбысына көбірек ұқсатқан болар ма еді. Несі болса да, қатарласа шулаған дауыстарды бір-бірінен ажыратып, бірдеме ұға қоюы екіталай-ау.
Отырғандар ішіп-жеумен қатар өз дәрежелерінің ретімен сөз алып, бата-тілек айтуды да жалғастырып жатты, бейне бір мәжіліс құрғандай бәрі тым белсенді. Әңгіме ауаны Қайдардың ақыл-парасатына, адамгершілігіне мадақ айтыла келе оның барлығының қамқоршысы әрі желеп-жебеуші екендігі аталады және аман-есен жүріп, даңқы мен дәрежесінің арта беруіне тілек пен батаны аямай жаудыртады.
Олардың арасында жүзінде күлкі ойнатқанымен түсі суықтау келген бір жігіт жан-жағына алақ-жұлақ қарағыштап, әркімнің ауызын бір бағып, бәрін аңдып отыр. Біреудің аузынан түскен сөзді аш бүркітше іліп әкетуге даяр секілді көрінетін кейпі біртүрлі оғаш. Бұл үндеместер мекемесінен арнайы тағайындалған агент еді. Белгілі бір топтың ортасында не айтылып жатқанын айна-қатесіз, ешбір қоспасыз, сағат, минут, секундына шейін аса дәлдікпен үш әріптен тұратын арнайы қызметке жеткізу оның міндеті. Әсіресе, ана кісі жайында не айтылады, соны аңду оның аса мәртебелі парызы.
Егер әлде бір жағымсыз пікір айтылса, тіпті, мадақталғанның өзінде ана отырған Қайдардың аузынан бір ауыз күмәнді сөз түсе қалса, жаңағы агенттің бағы жанады. Ондай сөзді жерге түсірмей іліп алып жеткізсе, ол үшін олжаның ірісі сол болмақ.
Бірақ, Қайдар ол ойлағандай ақымақ адам емес. Осы топтың ішінде тыңшы мен жансыздың неше түрі жүргенін, олардың ештеңеден тайынбайтынын, бір ауыз сөзін бұрмалап, өңін аударып жеткізгеннің өзінде омақа асатынын жақсы біледі. Сондықтан да, абайлап сөйлеуді, ішінде бір бармағын бүгіп отыруды бұрыннан әдетке айналдырып алған.
Ішіп-жеп болған соң ұзақ отыруды Қайдар қаламады. Жарамсақтана жағымпазданып тост айтушылардың мадақ сөздерін тоқтатып былай деді:
– Болды, жігіттер! Мақтағандарыңа рақмет! Енді, мұнда азаннан кешке дейін тост айтуға келген жоқпыз ғой. Таза ауада бой жазып демалайық. Тауға шығып, жеміс теремін дегендерің болса, солай барыңдар. Менімен бірге жүріп балық аулайтындарың болса, көлге қарай жүрейік. Бастысы, адасып кетпеңдер, топтасып жүріңдер! Күзет қызметінің жігіттері бәрін бақылауда ұстаңдар! Иен жерде неше түрлі қашқын, ұры-қарылар да жүруі мүмкін.
Бәрі жапа-тармағай орындарынан тұрысып, өздеріне тиесілі шатырларға қарай кетісті. Сәлден соң Тасбай бастаған бірнешеуі Қайдарды ортаға алып көлге қарай аяңдады.
Көлдің балығы көп әрі ірі де екен. Қайдардың қанжығасы әбден майланды, бірінен соң бірін жағаға лақтырып жатыр. Көмекші жігіт балықтарды қармақтан тез ажыратып алады да, бастарын тасқа бір ұрып сеспей қатырады. Ал, көлемі бір еліге жетпейтін шабақтарды тірі күйінде көлге қайтадан лақтыра салады.
Қайдардың да қарс түйілген қабағы бір сәтке ашылып жадырап сала берді. Шефінің көңілденгені Тасбай үшін де зор қуаныш еді. Соңғы кезде бастығының көңілі пәс, қабағы тұнжырап жүр. Ешкімге сырын ашып айтпайды. Бұрынғыдай анекдот айтпайды, қарқылдап күлмейді. Себебін сұраудан Тасбай именеді, өзі айтпаса қазбалауды ол ешқашан жөн деп таппайды. Күн батардың алдында ғана олар шатыр маңына оралды. Әкелген балықтарын аспаздарға өткізіп, жартысынан сорпа дайындауға, қалғанын қуыруға тапсырма берді.
Қас қарая бере орман шетіне алау жағып, бәрі айнала дөңгеленіп отырысты. Гитара, домбыра, шаңқобыз аспаптарының сүйемелдеуімен қыз-жігіттер ән шырқады. Қайдар ән тыңдай отырып, маздап жанған оттан көзін алмай терең ойға шомып үнсіз қатып қалғандай. Сонда да қыз-жігіттердің көңілін аулау үшін ғана оқта-текте еңсесін тіктеп «ой, жарайсыңдар!» деп қояды. Бірақ, көңіл-күйі соншалықты мәз еместігі бірден аңғарылады.
Алау отының басындағы ән-думан біткен соң жұрт тарқасып, әркім әр жаққа серуендеуге кетті.
Айлы түн. Айнала тыныштық. Орман ішінде екеуден екеу оңаша қыдырып жүр. Анда-санда жігіттердің қауқылдасқан дауыстары мен қыздардың сыңғырлаған күлкілері ғана әудем жерден талып жетеді. Қайдарды қолтықтап алған студент мисс оның көңілін көтермекке түрлі әңгіменің басын шалып келеді. Ол қыздың көңілін жықпас үшін ғана «а, солай ма», «е, бопты, ендеше» деген сөздерді айтып келе жатқаны болмаса, ойы мүлдем басқа жақта.
Әрине, мына мисс өзінен көп жас кіші әрі хас сұлудың өзі. Бірақ, неге екенін білмейді, мына қасында бірге серуендеп келе жатқан жас сұлу Қайдар үшін тіпті, адам емес секілді. Бейнебір қуыршақ. Мұны кім деуге болады? Қызмет көрсетуші ме, тұтынушы ма? Алу үшін әбігерге түскен бір әуре. Өзінше қылықтанады, көңілін жаулағысы келеді. Сонда да оған ұйып, өліп-өшіп бара жатқан Қайдар жоқ. Соңғы кезде бұлармен әңгімесі де жарасуды қойған. Тіпті, оларды адам санатына қосқысы жоқ. Әлде бір жансыз сұлу мүсін қойнында жатқандай әсерде болады. Сондықтан да, ет-жүрегі елжіреуді қойған. Кейде тіпті жыны келіп, қайсыбірін түн ортасында қасынан қуып жіберген кездері де болған.
Адам баласы жасы ұлғайып, ақыл-ойы толысқан сайын тәннің көркемдігіне емес, жан сұлулығына көбірек құмарта бастай ма, қалай өзі?!
…Аң аулаймыз деген сылтаумен табиғат аясына шығып дем алған Қайдар бастаған элиталық топ жексенбі күні түн ауа қалаға оралды. Жол бойы бастығының қабағы ашылмағанына Тасбай қатты алаңдаулы. Жалпы, демалысқа шыққан тәуліктен астам уақыттың ішінде шын жадырап күлгенін көргені тым сирек.
Тасбайдың алаңдайтын себебі бар. Бұл жолғы саяхатты жүргізіп, ұйымдастырып дегендей барлық шараны мойнына алған өзі болғандықтан бастығының көңіліне қаяу түсетіндей бірдеме жасалса, оған тікелей Тасбай жауапты. Осыған дейін, Құдайға шүкір, Қайдардың көңілінен шықпайтындай бірдеме жасаған да, ештеңені бүлдірген де емес. Соның арқасында Қайдар әкім болса – орынбасары, министр болса – вице-министр болды. Енді міне тағы бір саты секіріп өрлегенде, білдей бір дөкей атанып, жалғанды жалпағынан басып жүрген жайы бар.
Ол өзінің асқан біліктілігімен немесе дара данышпандығымен жоғары лауазымға ие болып, портфель ұстап жүрмегенін жақсы біледі. Елде Тасбайды он орайтын мықты азаматтар көп. Сол мықтылардың ішінде министр боларлықтай талайы қазір жай қатардағы маман болып жүр. Тіпті, ішінара жұмыссыз жүргендері кездессе де таң қалуға болмас. Себебі, бұл қатал қоғамда биліктің биік сатыларында бір қолдаушың мен сүйеушің болмаса күнің қараң.
Неше жерден асып-тасыған білімің болса да, он саусағыңнан өнер тамған шебер, іскер болсаң да, күн көруге жетерлік азғана жалақысы бар ұсақ-түйек жұмыс табуыңның өзі мұң. Тасбайдың қатты алаңдап отырғаны, қай ісінің бастыққа жақпай қалғаны.
Орманда жүргенде студент мисс қызға да бір тиісіп алды:
– Шефтің көңіл-күйі нашар. Сен ренжіткен жоқпысың?
– Жоға, о не дегеніңіз? Мен барынша тырысып-ақ жатырмын, өзі…
– Жарайды, әлі де тырыс! Көңілін көтеріп, жадыратып жіберсеңші!
– Әрине, бар өнерімді саламын ғой.
Тасбайдың басы қатып бітті. Бастығы өзі бірдеме деп ауыз ашпаса, оның қазбалап бірдеме сұрауға еркі жоқ. Барлық істі мінсіз атқару үшін күш-жігерін жұмсау ғана оның міндеті. Әсіресе, қызметтен тыс атқарылатын көптеген шаруаларға Тасбайдың епті келетінін бастығы жақсы біледі. Сол қабілетін бағалап қана оны қасынан бір елі тастамай жүргені. Бұл жердегі екеуінің қарым-қатынасы тым өзгешелеу.
Егер Тасбай өзінің ресми қызметінде қандай бір қателік жіберсе, ол әрдайым кешірімді. Тіпті, салаға ғана емес, қоғамға орасан зиян тигізсе де. Бюджеттің ақшасын талай желге ұшырып жіберген кездері де болған. Қоғамда өршіген шу парламент пен үкімет кабинетіне дейін жетіп, Тасбайды талап жеп қоя жаздағандар көп болды.
Баспасөз құралдары да қарап қалмады, сан-саққа жүгіртті. Қабақ шытпаған жебеуші Қайдар ғана болды. Шу басталған тұста шақырып алды да, жайлап, ақыл-кеңесін беріп, болмашы ғана бірдемелер айтып, ұрысқан боп, ескертіп қоя салды.
Ең қолайлысы, Қайдар тарапынан Тасбайдың қызметтік салада жіберген қателіктері үшін ешқандай шара қолданылмайды. Керісінше, өзге лауазымдылар тарапынан сын-сөгіс айтылып жатса, ара түсіп, үнемі артын жауып отырады. Ал, ресми іске қатысы жоқ жеке шаруаларда мүлт кетсе, құрыды деген сөз. Ондай қателікті өмір бақи түзете алмайсың. Ресми лауазыммен бірге топтан да кетесің.
Мәнсаптан түсіп қалу ештеңе емес. Ең бастысы, топтан шығып қалмау керек. Бір мәнсаптан кетсе, екінші бір жерге апарып Қайдардың өзі-ақ қонжита салады. Ал, топтан кеткенің өлгенмен тең. Онда саған мәнсап тұрмақ бұл елде қия басып жүруіңнің өзі неғайбыл болады. Жазылмаған бұл заңның жазасы да тым қатал.
Бастығын үйіне жеткізіп салып, қоштасарда Тасбай үнемі Қайдардың қас-қабағын аңдумен болды. Көзқарасынан, түр-әлпетінен өзіне деген әлде бір салқындықтың ізі байқалмайды. Бірақ, жүзі сынық.
– Кәке, бәрі көңілді өтті ғой. Еш сын жоқ па?
– Жақсы, ешқандай мін жоқ. Бәрін тамаша ұйымдастырдың. Барып демала бер, алаңдама!
Тасбай үшін бастығының «алаңдама» деген соңғы көзі ерекше қанат бітіргендей болды. Егер жай «демал» деген болса, әбден берекесі қашар еді. Себебі, орыс тіліндегі баламасына сай түсінер болса, ол демалу емес «сен қой, әуіре болма» дегендей суық сөз болып шығады. Онда күнің бітті деген сөз. Ұйқыдан да, күлкіден де айырыласың, сары уайымға батасың. Бұл жерде бастығының үнін де ескеру керек. Қатқыл шықты ма, кекесін тонмен айтылды ма, әлде, астарлы жұмбақ мысқыл бар ма дегендей толып жатыр. Көңілі жайланған Тасбай үйіне қайтты.
Қайдар жатын бөлмесіне барып, демалуға кірісті. Алайда, ұйқысы құрғыр шайдай ашылған. Тұсында тұрған шамды жағып, біраз газет-журналдар қарады.
Скайпты қосып, Лондондағы қатын, бала-шағасымен хабарласты. Жиі хабарласатындықтан, оларда да айтарлықтай жаңалық шамалы. Балалары да, әйелі де Қайдарға аса бәйек болғандары шамалы. Хабарласқанына аса қуанып та тұрғандары байқалмайды. Егер хабарласпаса, оны іздеп те әуре болмайтын сыңай танытады.
Компьютерін сөндіріп, шалқасынан түсіп жатып ойға батты. «Мені керек қып жатқан біреу мына дүниеде бар ма? Бар болса, ол кім? Әй, осы ешкім жоқ-ау. Бәрі мені қарақан бастарының қамы үшін ғана керек етеді. Оның өзінде қолымда портфель, астымда кресло болған соң ғана. Егер басыма іс түсіп, ана экс-дөкей секілді сотталып кетсем, бұлар қайтер екен. Аяқ астынан мәнсабымнан түсіп қалып жай ғылыми қызметкер болып шыға келсем…
Қас-қабағымды бағып, жанұшырып жүрген ана Тасбай да пысқырып қарамайтын шығар. Аман-сәлемімді алар тірі жан табыла қоя ма? Танымайтын-білмейтін жат адамдарды қойшы, жақындарымның өзі қайтер екен десеңші. Қыл аяғы өз әйелім мен бала-шағамның өзі жатқа айналатын шығар. Олар тіпті қазірдің өзінде менен алыстап, арамыз суып бара жатқандай көріне беретіні несі? Осы менің өлер шағым жақындап қалған жоқ па екен. Жасым әлі алпысқа да жеткен жоқ. Бірақ, мына бір дерт те кейде мазаны алады.
Әй, қойшы! Ауру өлерін, сау өлерін бір Құдай білер. Ана бір әнші әйел дәл қазір не істеп жатыр екен? Қызық. Онда менің не шаруам бар? Жатқан шығар, байынын қойнында. Иә, оның байы… бақытты жігіт екен… осы жұрт сондай ақылды әрі талантты әйелді қайдан тауып ала қояды…».
Қайдар сансыз ойлармен арпалысып жатып, қор етіп ұйықтап кетті.
Айналасында қаумалаған көп нөпірдің ортасында жүрген Қайдарды жалғызсырап жүр деп біреу айтса, оны естіген адамның ішек-сілесі қатқанша күлетін шығар. Жалғызсырау дегеннің өзі індет пе, әлде, сергелдең болып, еріккен жанның ойдан шығарған әуресі ме?
Анықталуы күрделі дүние адам өмірінде сансыз көп. Соның бірі жалғыздық. Оны еңсере алған адам келешегіне сәулелі жол ашады. Тізе бүгіп әлсіздік танытсаң, болашағың күңгіртене түспек. Адам баласы әртүрлі. Жалғыздықтан зәресі ұшқандар жүрек әмірін тыңдау қабілетінен айырылып қалады. Мұндай жандардың қылмысқа ұрынулары оңай болады. Ал, жалғыздықты ақылмен қабылдап, оның не талап етіп тұрғанына мойынсынып, сабасына түсіре алған адам жеңіске жетеді. Адамдардың азғана тобы ғана жалғыздықты шебер пайдаланып, ғажайып өнер туындыларын жасайды, тарихта өз атын алтын әріппен жаздырады.
Жалғыздық – адамзаттың мәңгілік ауыртпалығы. Бүгінге дейінгі тарихи кезеңдерінде қоғам жалғыздыққа тегеурінді түрде қарсы тұрумен келді. Адам баласы әлі де жалғыздықты еңсеру үшін ғұмыр кешіп келеді. Ол үшін қауымдасып жатыр, көңіл көтеру орындарын көп ашып, жаңадан салып, ит-әуіреге түсумен келеді. Түрлі өнер туындыларын жасап, көз қуанышына айналдырмаққа, көңілін жайландырмаққа тырысып жатыр.
Көңіл көтеру орындары да бос уақыт өткізудің, адамдарды көптеп тартудың амалын іздеп, пайдаға шашетектен кенелетін болды. Себебі, адамдардың әрдайым жалғызсырайтындығында. Қылмыс жасаған бұзақыларды мұқатып жазалау үшін де олардың еркіне шек қойып, қоғамнан оқшаулайды, абақтыға қамайды.
Абақтының барлығы жалғыздықтың ең үрейлі апаны. Қылмыскердің адами ортадан неге тыс қамалғандығын жете ұғындырады, ойландырады. Бір зерттеуші айтқан екен, шылым шегетін әйелдердің бәрі жалғыздықтың салдарынан кездесетін психологиялық дағдарысты бастан кешірген. Сол ауыр дағдарысты еңсерудің ең төте жолы темекі тарту деп ойлайды. Өзгелермен бөлісе алмайтын құпия сыры мен қасіреті зіл батпан болып еңсесін басқанда жұрт темекіден бас ала алмай қалады.
Жалғыздықтың ми батпағына терең батып кеткен ер азаматтардың көбі есі ауғанша арақ ішіп, масайғанды тәуір көреді. Арақтың буымен масаттанған адамға өмірдің қиыншылықтары, жалғыздық секілді дүниелер бір сәт түкке тұрғысыз бірдемелер секілді сезіліп қалады. Сол бір «ғажайып сәт» үшін ол бәрін беруге дайын болып кетеді.
Дені сау, есі дұрыс пенде жалғыздықтан тыс тұра алмайды. Бұл адам баласына жасалатын сынақ. Жалғыздық дегеннің өзі қатал тірлікті еңсеретін психологиялық дайындықтың кілті болғандықтан одан қашамын деп әурелену барып тұрған әлсіздік. Ондайлар өмірінің мән-мазмұнын қоқыс жәшігіне бір сәтте лақтыра салудан да тайынбайды.
Жалғыздық келіп бас салса, бұлқынып тулаудың қажеті жоқ, оны жайлап қана тыңдау керек. Себебі, сол жалғыздықты әкелген адам сен өзіңсің. Жалғыздықтың жетегінде кетпе, оны өзің басқар! Қалай?
Кейбір жандар «әдейі» жалғызсырайды. Өйткені, мұны маңызды деп санайды. Өмірді жасайтындар шын мәнінде солар. Олар жалғыздықпен ашық, тіпті, емен жарқын сөйлесе алады. Қолына қалам алып шығарма жазады немесе түрлі бояуларды араластырып, сурет сала бастайды. Осылайша, өнер туындыларын жасайды. Шын жалғыздық шынайы өнер туындысын шебер жасай алады. Себебі, олар өмірден сабақ алған, көпті көрген, түрлі құбылыстарды ой елегінен өткізіп, пісіріп пайымдаған жандар.
Ал, адамдардың тағы тобы бар. Олар жалғыздықтан үнемі өлердей қорқады. Одан аулақ кеткісі келіп, құтылу үшін мейлінше есінен таныңқырап жүрсе, уақытты ұмытса, қолайлы деп ойлайды. Ондай кезде ең оңай жолды табу үшін тезірек киінеді де сыртқа шығып, көңіл көтеретін орындарды айналсоқтайды.
Енді біреулер жалғыздықты асқан ақымақтықпен жеңуге тырысып, қолына арқан алады, үйдің төбесіне қарай өрмелейді. Одан гөрі сәл ұстамдылары жалғыздығына кінәлі кім соны тауып жазалағысы келіп, аласұрады. Жұрттың бәрі өнерлі, талантты емес. Сондықтан саз аспабыңды алып, күй ойна немесе киелі қаламыңды қолыңа алып, жалғыздықтың жырын жырла дей алмайсың.
Қайдар қарқылдап тұрып күлгісі келсе де әдеп сақтайды, есесіне жай ыржияды да қояды. Кейде еңіреп тұрып ағыл-тегіл жылағысы келсе де көзінен жас шығармай тістеніп жүріп, айналасына сыр білдірмейді. Осылай жүріп, талай жылды артқа тастаған адам. Ол тек ана бір әнші әйелге ғана ішкі әлеміндегі бар сырын ақтарып айтқысы келеді. Сонда іші босап, көп жеңілдеп қалар еді.
Бірақ, ол оның ешкімі емес қой. Былай шығып алып, ел-жұртқа жайып жүрсе ше. Жұртқа жаймайтындай аузы қатты берік болса да міндетті түрде қойнындағы байына айтары анық. Ол қызметтестеріне жаңалық қып жеткізгенше асығады. Соны ойлағанда, кенет бар даусымен айғай салғысы келеді. Сөйтеді де айдалаға қаңғырып кетіп қалуға қатты құмартады. Бар даусымен айғайлап тұрып ән салғысы келеді де артынан бақырып тұрып жыласам ғой деп армандайды.
Болуға тиіс нәрсені болдырмай, істеуге тиіс дүниені істемей көп бөгеп, тосқауыл қойып келгендіктен Қайдар жалғыздықтың тұңғиық тереңіне қатты батып кеткен адам.
Ол жас кезінде әлде бір кино көріп отырып, көз жасына ерік беретін адамдардың әлсіздігіне қайран қалып күлетін. Енді ойласа, барып тұрған әлсіздің бірі өзі болып шықты. Адам баласының көз жасы мен күлкісі деген сұмдық күш-қуаты бар құдірет екен-ау. Сол алапат күшті өзіне-өзі қимаған адам жалғыздықтың қою қара тұманына өз аяғымен барып адасып жүргенмен тең.
Сондықтан, жылағың келді ме, жыла! Күлкің келді ме, еш тежеме, еркіне жібер. Адам санасы деген үнемі қозғалыс аясында бірде толып, кейде ортайып тұратын ыдыс іспетті. Олай болса, психолог пен психиатрға жиі бармасаң да жақындарыңа, дос-жарандарыңа ашылып сырыңды айтпай тұра алмайсың.
Неге адамдар бір-біріне ынтызар екенін айтқан соң оның махаббатын сүйген жаны ықыласпен қабыл алғанда шексіз қуанышқа бөленетіндігінің сырына терең үңілуге тырыспаймыз?
Кім болса да өзіне бет алған адамның сөзін тыңдауға ықылас танытқаны абзал болмақ. Оның өзінде бар ынтасымен назар аударса игі. Сонда ғана оны жалғыздықтан құтқарып, шат көңіл сыйлауға болады.
Бір отбасы ішінде де түсінбестік болып жатады. Сырттай қараған адам оларды бітіспес жауға айналған шығар деп ойлар. Сырына үңілген адам олардың ішкі әлемінде жалғыздық қат-қабат баттасып, қап-қара энергияға айналғанын сезуге болады. Ондай отбасы патша сарайындай зәулім үйде тұрса да қараңғы әрі суық сезіледі.
Ал, атылғалы тұрған қара күш-қуаттың пайда болу тетігі отбасы мүшелерінің бірінің өзін сыйламайтындығының, сенімсіздігінің көрінісі. Сондай-ақ, жалғыздықтың түйіндерін жайлап шешудің орнына шорт кесе беретіндігінің салдары болса керек.
Жалпы, жалғыздықтан туған қара ниет жойқын көрінгенімен өте әлсіз бос келеді. Бастысы, оны тас-талқан етудің қолайлы тәсілін ғана таба білу керек секілді. Түптеп келгенде, жөнге сала білген адамға жалғыздық деген соншалықты зәре-құтты қашырарлықтай үрейлі құбыжық емес. Өнер туындысын жасайтын хас зергерлер үшін өте қолайлы мүмкіндік деуге де болады.
Бірақ, дәл қазір кең сарайдай зәулім үйін басына көтеріп қорылдап жатқан мәнсап десе мәнсабы бар, қалтасы тым қалың, билік пен байлыққа қатар батқан Қайдар өзінің көңіл-күйі мен жүрек қалауының не талап етіп жатқанын түсіне алмай әуіреге түсіп жүрген адам. Көңілін көтеріп, жүрегін орнықтыратын дүниенің не екенін ақылға салып ойлауға, дұрыс шешім қабылдауға жасы алпысты алқымдауға жақын қалса да күш-жігері жетпей жүрген бір бейбақ еді.
Таң ата Тасбайға бастығының күзет қызметінен суыт хабар жетті. Бастығы тапаншасын өз шекесіне тіреп тұрып, шүріппесін басып қалған көрінеді…
ПІКІРЛЕР1