Зиялылықтың үлгісіндей еді
Сейіт ҚАСҚАБАСОВ,
ҚР ҰҒА академигі
Аспирантураны бітіріп, Әдебиет институтында кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеуге кіріскен кезім. Бір күні Сағатбек Омарбаев екеуіміз қазіргі Абылайхан даңғылымен өрлеп келе жатқанбыз. Консерваторияның тұсына жеткенде аласа бойлы, жауырыны кең бір сары жігіт бізге қарай жүріп, Сағатбекпен қол алысып, амандасты. Сағатбек бізді бір-бірімізге таныстырып жатыр. Аты – Әшірбек екен. Екеуі шүйіркелесіп, әңгімеге кірісіп кетті. Сөздері өнер, әдебиет туралы. Әлгі жігіт көсіліп сөйлейді, ойларын ашық айтып, бір спектакль туралы, онда ойнаған артистер жайында қызықты жәйттерді айтып, күлдіріп қояды. Байқаймын, өте білімді әрі шешен. Сол жерде біраз тұрып, көп мәселенің басын қайырдық та, қоштасып, жолымызды жалғастырдық. Сағатбек – өнерге өте жақын, ақындығы бар, домбырашы жігіт еді, Әшірбектің театр туралы сын мақалалар жазып жүргенін айтып, маған біраз мәлімет берді. Жиі араласпасақ та сол таныстығымыз бізді жақындастырып жіберді. Анда-санда кездескенде ағымыздан жарылып, мәдениет пен әдебиет хақында пікірлесіп жүрдік және көп жағдайда ойымыз бір жерден шығатын. Өстіп жүріп, бірте-бірте ағалы-інілі сыйластық дәрежеге жеттік. Мен оның үлкен азаматтығына, жан-жақты біліміне, шешендігі мен алғырлығына тәнті едім. Біз қызмет бабымен де жиі кездесіп жүрдік. Ол ЦК-да істеді, театр институтының ректоры, министрдің орынбасары сияқты биік лауазымдарда істеді, бірақ «төрешілдік» мінез танытқан жоқ. Сол кішіпейілділігі, сол ашықтығы, сол турашылдығы өзгерген емес. Мансап қуған жоқ, әділет_сіздікке тап болса да оғаш мінез көрсеткен жоқ.
Ол тек сыншы ғана емес, зерделі ғалым, қаламы жүйрік журналист, тамаша ән салатын өнерпаз болатын. Оның ұшан-теңіз білімін, театрдың тарихы мен сынына арналған мақалалары мен зерттеулерін, мол эрудициясын жоғары бағалап, Қазақстанның Жоғарғы Аттестациялық Комиссиясының Төралқасы Әшірбекке алғашқылардың бірі қатарында «Өнертану профессоры» ғылыми атағын бірауыздан қолдап, берген еді. Әшірбек мектебінен өткен шәкірттер қазір байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірінде, әр алуан салада жұмыс істеп, еліміздің рухани мәдениетін дамытуға өз үлестерін қосып жүр.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жарыққа шығарған 10 томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты іргелі еңбектің жазылуына қатысып, Әшірбек Сығай ұлттық драматургия туралы жеке бір тарауды жазды. Бұл тарау тәуелсіздік алғаннан кейінгі 14 жылда туған драмалық шығармаларды талдауға арналған. Әшірбек әлі толық қалыптасып болмаған процесті анық айқындап, оның даму бағыттарын дәл көрсеткен. Тарау ғылыми тұрғыдан сапалы болып шықты және мамандар тарапынан жоғары бағаланды.
Шашылып түскен тіркестер
…Драма жолы нәзік. Оның негізі тартысқа, күреске құрылып жатса да, осынау музаның спецификалық, синтездік, синкреттік болмысын өзінің табиғи деңгейінде сезінбеу – көрсоқырлық…
… Драматургия – таусылмас әңгіме. Оның бір басқы сыры құрылымның қиындығында, көлемінің өлшемділігінде, жанрлық тұрғыда әдебиеттің бір «перзенті» болғанымен, театр сахнасымен, яғни актерлер, режиссерлер, тіпті суретші, сазгерлер әулетімен тығыз байланыстылығында. Проза мен поэзия жазылған заматта, авторынан арылған бетте, оқырмандар қолына іліксе, драматургия туындысы театр арқылы көрерменіне жетеді. Қай қалыпта жетеді? Тағы қалай жетеді? Басқы гәп те осында…
Әшірбек Сығай. «Көне жанр күрмеуі».