Өнеріміздің жанашыры
Сәбит ОРАЗБАЙ,
Қазақстанның халық артисі,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Әшірбек маған бірде: «Сәбит аға, 18-ші кітабымды жазып бітірдім. Енді жан-жағыма қарап, табиғатты тамашалап, дос-жаранмен, ағайын-туыспен аралассам деймін», – деп еді. Денсаулығының сыр беріп жүргенін де жасырмады. Оның үстіне осыдан бірер ай бұрын Қазақстан делегациясы құрамында АҚШ-қа барып қайтты. Сапарға шығар алдында телефон шалып:
– Сәбит аға, Америкаға жол жүрейін деп жатырмын, мұныма не дейсіз? – деді.
– Не дейін, өте керемет сапар. Бірақ, денсаулығың жарай ма, жүрегің қалай? Алдымен рұқсатты жүрегіңнен сұрағын, – дедім сөзімнің аяғын әзілге бұрып.
– Дәрігерлер жүрегің дұрыс соғып тұр, барып-келуге жарайды деп отыр, – деді.
Келгесін хабарластық. Режиссер Абель Феррардың атақты «Нью-Йорк королін» («Король Нью-Йорка») тамашалағанын, Вашингтондағы концерт залында болғанын, өнер ордаларын аралағанын айтты. Алған әсерін баспасөзде жазды да.
Әшірбек атақты сыншы болумен қатар, ұлттық өнеріміздің үлкен жанашыры еді. Оны мыңдаған шақырымдық шалғайға (қазақша айтқанда, жердің түбіне), мұхиттың арғы жағына жетелеген де сол өнерге деген жанашырлық деп білемін. Ол Қазақстандағы 54 театр туралы көлемді, сол өнер ұжымдарының мұң-мұқтажын қозғаған еңбек жазды.
Қазақстан Парламентінде ұлттық өнеріміздің бүгінгі хал-ахуалын қынжыла жеткізді. Әсіресе, облыстық театрлардың жан төзгісіз жағдайын ашына айтты. Театр мен жастар арасындағы байланыстың жоғалып бара жатқанына күйінді. Облыстардағы театрларды Мәдениет министрлігіне қосу туралы ұсыныс білдірді. Міне, бұл да өнерімізге деген жанашырлық. Осындай-осындай жанайқайлар Әшірбек Сығай сияқты «елім», «халқым», «ұлтым», «өнерім» деп еміренген, тебіренген азаматтың жүрегіне салмақ салды…
Бірақ, Әшірбек 70-ке де толмаған жасында театр өнеріне қатысты көп еңбек бітіріп, көп нәрсенің жолын салып кетті. Театр өнері мен актер туралы 18 кітап жазған жазушы, оның ішінде театр сыншысы қазақта әлі болған емес.
Орайлы сөз
1971 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітіріп, сонда ұстаздық етіп жүргенде Мәдениет министрлігінің жанынан театр бөлімі ашылды. Сол мекеменің басшылық қызметіне Әшірбек Сығайды арнайы шақырдық. Сол уақыттан бастап Әшірбек бүкіл саналы ғұмырын қазақ театр өнерінің өркендеуіне арнады. Қазақ театр өнерінің саңлақтары мен кейінгі кездегі көрнекті өкілдері туралы жиырмаға жуық кітап жазды. Оның барлығы талдау мен тәжірибе арқылы дүниеге келген еді. Оның тағы бір керемет қасиеті – шыншыл, әділ, ұстанымы бар азамат болды. Сол үшін де бүкіл театр қауымы, мәдениет қайраткерлері Әшірбекті ерекше сыйлайтын. Ол театр сыншысы ретінде елімізде тұңғыш рет Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған тұлға.
Жексенбек Еркінбеков,
Мемлекет және қоғам қайраткері.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.