Қарашаңырақ
06.10.2017
1500
0

Бұл күнде кез келген қазақтың шаңырағына бас сұқсаңыз, «елім» деп еңіреген, «Алашым» деп аттандаған, «Қазағым» деп қам жеген азаматтарды көресіз. Сөз жүзінде қазақ баласының барлығы – ұлт үшін жан беруге дайын, қолына дүниенің тұтқасы түссе, отан үшін тау қопарайын деп тұрған патриот, не істеп, не қою керек екенін өзгелерден артық білетін данышпан. Алайда, мемлекетіне мейірленіп, жалпыға шынайы жаны ашитын, елжандылығын көпірме көп сөз емес, нақты амалымен дәлелдейтін тұлғалар қаншалық? Ондай қайраткерлер бар ма? Бар. Тек олардың ізгі амалдары лайықты түрде насихатталмайды. Жамандықты жаны қалмай жариялап, дем арасынша дәріптейтіндердің жақсылықтың жанына жақын баруға жарамай жататыны – бүгінгі қоғамның дендеген дерті емес пе?

Дегенмен, күдеріміз үзіліп, дүние құрып бара жатқан ештеңе жоқ. Аллаға шүкір, қазақ баласының қамсыз тіршілігі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимейтін жанашыр тұлғалар да баршылық. Соның бірі – әйгілі меценат, кәсіпкер, мемлекет жанашыры – Болат Назарбаев. Міне, сол Болат Әбішұлы демеушілік жасап, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған ауылындағы көмекке зәру 18 отбасыға түгел жағдайы жасалған, су жаңа үй сыйлап, 75 үйге ауыз су тарттырып берді. Баспаналы болған бақытты жанұялар қатарында көп балалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жарымжан кісілер, әлеуметтік жағдайы төмен адамдар бар. 30 қыркүйек күні салынған зәулім үйлердің кілтін табыстау рәсімі өтті. Алматы облысының әкімі Батталов Амандық Ғаббасұлының алғысөзімен басталған шараның соңы мерекелік кешке ұласты. Игілікті шараға куә болғандар арасында Шамалған ауылының тұрғындарымен қатар, көпшілікке танымал тұлғалар, ел ағалары болды. Бір ғана қайраткердің жомарттығы есебінен өмірлік мәселесі шешілген қандастарымыз қуанышы қойнына сыймай, ерекше сезімге бөленді. Қамқор ағаның аялы алақанының жылуын сезініп, жүректері елжіреген баспана иелерінің көзіне жас келіп, Болат Әбішұлына шынайы алғысын жаудырып жатты. Бұл Болат Әбішұлының мұқтаж кісілерге тұрақты түрде жасап келе жатқан қамқорлық шараларының көзге көрініп тұрған бір бөлшегі ғана… Ал ел білмейтіні қаншама?
Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласында «Туған жер» жобасын жолға қою туралы айтты. Бұл жобаның мақсаты – экономикалық әлеуеті жоғары кәсіпкерлердің өз туған жерлеріне қол ұшын созып, көмек беруін ұйымдастыру.Тамыры терең, ғұмырлы жобаның алғашқы жемістерінің өзі Елбасымыздың өз ауылында көрініс тауып жатқаны да көз қуантады. Бұл сауапты амал көпшілікке көмек, мұқтаждарға үміт, өзгелерге өнеге болары анық. Ендеше, ұлы істерді үндемей тындырып, елден ештеңесін аямайтын шынайы ұлтжандылар көбейіп, көмекке мұқтаждар азайсын деп тілейміз! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз мәңгі болғай!

Айнара АШАН.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір