Шерағаң – 85 жаста
Бүгін Халық жазушысы, қазақтың аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, көсем сөзде де, шешен сөзде де алдына қара салмаған қайталанбас кесек тұлғалы, қайсар мінезді қаламгер – Шерxан Мұртаза
85 жасқа толып отыр. Кезінде «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Қазақстан» телерадиокорпорациясы сынды іргелі ұжымдарды басқарған, ұлттық ақпарат кеңістігінде бүтін бір мектеп қалыптастырған Шерағаңның шекпенінен шығып, ұлт әдебиеті мен руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Әбіш Кекілбай, Фариза Оңғарсынова, Ақселеу Сейдімбек, Оралхан Бөкей сынды біртуарлар аз емес.
Ұлт әдебиетінде, қоғамдық-саяси өмірде өзінің абырой-беделіне кір жұқтырмаған Шерағаңның мерейлі жасқа толуына орай Қазақстан Жазушылар одағының басшылары, Жамбыл облысы әкімінің арнайы делегациясы, «Егемен Қазақстан» газетінің ұжымы, белгілі қаламдас әріптестері мен ел-жұрты қаламгердің Алматы қаласы «Самал» ықшамауданындағы мекен-жайына арнайы барып құттықтап, құрмет көрсетіп, сый-сияпатын тапсырды.