Сақтансаңыз сақтайды
«Қазақ әдебиеті» газеті тек қана мәдени, әдеби кеңістікті қамтып қана қоймай, қазақ қоғамын толғандырған түйткілді мәселелер мен үміт оятар соны жобаларды да назардан тыс қалдырып көрген емес. Ел аумағында ағымдағы жылдың бірінші шілдесінен бастап іске қосыла бастаған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жай-жапсары турасында оқырман қауымға жан-жақты ақпарат беруді көздегеніміз де сондықтан. Аталмыш тақырыпты арқау еткен Шаруашылық жүргізу құқығындағы Іле аудандық орталық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Қоянқұс дәрігерлік амбулаториясының мейірбикесі Нәзира СӘТІБАЕВАМЕН арадағы әңгіме қажеттеріңізге жарар деген ойдамыз.
– Әлемде медицина саласын қаржыландырудың қандай түрлері бар. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізудің ел азаматтарына тигізер пайдасы қандай?
– Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу ең алдымен мемлекеттің, жұмыс берушілер мен жеке азаматтардың денсаулық мәселесіне жауапкершілікпен қарауын қамтамасыз ететін болады.Екіншіден, медицина ұйымдары арасындағы бәсекелестікті арттырып, медициналық қызмет сапасының артуына, әрі қолжетімді бола түсуіне септігін тигізеді.
Бүгінде әлемде денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың үш түрлі жүйесі жұмыс істейді. Олар: бюджеттік, сақтандыру арқылы және аралас қаржыландыру. Қазақстанда осының ең тиімді әдісі – аралас қаржыландыру жүйесі іске асырылмақ. Ол үшін мемлекет бұл жүйеге бірден емес, біртіндеп ену жолын таңдап отыр. Яғни биылғы жылдың бірінші шілдесінен бастап жұмыс берушілер қызметкерлері үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 1 пайыздан жарна аударып тұрады. Ал қызметкерлердің өзі тек 2019 жылдан бастап қана бұл қорға 1 пайыздан қаржы аударатын болмақ. Осылайша біртіндеп жарна мөлшері өсіп, жұмыс берушілер мен қызметкерлер бірігіп сақтандыруға 5 пайыздан аударып отыратын деңгейге жетеді деп күтілуде.
– Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры осының бәрін қаперге алып, жиналған қаражатты өзі реттеп отыратын бола ма?
– Иә, міндетті ай сайынға жарналарды шоғырландыру және медициналық қызметтерді сатып алу үшін ҚР ДСӘДМ Медициналық қызмет төлемдері комитетінің базасында коммерциялық емес акционерлік қоғамның ұйымдастыру-құқықтық формасындағы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылады. Қордың жалғыз акционері және құрылтайшысы ҚР Үкіметі болып табылады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры екі қаржыландыру ағындарын басқарады. Біріншісі – медициналық сақтандырудың кепілдік берілген көлемі. Ол сақтандыру сыйақыларының болуына қарамастан ұсынылады және Қазақстан Республикасының әрбір азаматы үшін қолжетімді болады.Оған: профилактикалық егу, жедел жәрдем, санитарлық жәрдем, шұғыл медициналық көмек, әлеуметтік маңызды ауруларға (онкология, психиатрия) стационарлық және стационарлық медициналық көмек, сондай-ақ, басқаларға қауіп төндіретін аурулар (туберкулез), т.б. жатады.
Бұл жүйе бойынша мемлекет Медициналық сақтандыру қорының негізгі төлеушісі болып қалады және халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына төлем жасайды.
– Сонда әлеуметтік қорғалмаған топқа кімдер жатады?
– Бұл топқа енетіндер:
• Ұлы Отан соғысына қатысушылар, мүгедектер;
• жұмыс істемейтін кемтарлар;
• зейнеткерлер;
• «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған немесе бұрын «Ардақты ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар;
• жұмыс істемейтін жүкті әйел, сондай-ақ бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін тұлға;
• баланы (балаларды) тууға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты, бала үш жасқа толғанға дейін оны күтіп-бағу бойынша демалыста жүрген тұлға;
• бала;
• интернат ұйымдарында білім алатын және тәрбиеленетін адам;
• техникалық және кәсіби, орта білімнен кейінгі, жоғары білім, сондай-ақ резидентура нысанындағы жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында оқитын адам;
• жұмыссыз ретінде тіркелген адам;
• соттың үкімі бойынша жазасын сот-атқарушылық жүйе мекемелерінде (пенитенциарлық) өтеп жүрген адам (ең төменгі қауіпсіздік мекемелерін қоспағанда);
• уақытша ұстау изоляторында және тергеу изоляторында ұсталатын адам.
• Әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік органдардың және құқық қорғау органдарының қызметкерлері жарналардан босатылған, бірақ олар медициналық көмек алуға құқығы бар. Егер сіз жұмыссыз болсаңыз: онда Сізге жергілікті жұмыспен қамту орталығына өтініш білдіру қажет. Олар мүмкіндігінше сізге жұмысқа орналасу жолдарын ұсынады. Егер сізге қолайлы жұмыс болмаса, онда сізді жұмыссыз ретінде тіркейді. Бұл жағдайда сіз үшін салымды мемлекет төлейді.
– Яғни құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін қаржы мемлекеттен бөліне ме?
– Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасы мүшелері мен құқық қорғау органдарының зейнеткерлері медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі. Ал медициналық қызметтер сақтандыру қоры мен медициналық АТС ұйымдарымен өзара есеп айырысу арқылы қамтамасыз етіледі.
Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасы мүшелері сақтандыру жарналарының оған қалай төленетіндігін анықтау үшін әлеуметтік сақтандыру жүйесінде (қызметкер, жеке кәсіпкер, студент, өзін-өзі жұмыспен қамтыған, зейнеткер, жұмыссыз және т.б.) өз мәртебесін анықтауы тиіс. Сондай-ақ тұрғылықты жердегі ведомстволық немесе азаматтық емханаға тіркелуі керек.
– Ал егер адам жұмыссыз болса, бірақ оны куәландыратын құжат алмаса, сақтандыру шарасы қалай жүзеге асырылады?
– Егер отбасы мүшелерінің бірі жұмыссыз болса, бірақ жұмыспен қамту органдарына жүгініп, жұмыссыздардың ресми мәртебесін алуға ниет білдірмесе, онда ол белсенді емес немесе өз бетінше өнімсіз жұмыс істейтіндер санатына кіреді. Ондай жағдайда ең төменгі жалақы көрсеткішінің бес пайыздық мөлшеріне (айына 1414 тг.) тең жарнаны коммерциялық банктер немесе «Қазпочта» АҚ филиалдары арқылы төлеп отыруға болады. Өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтамасыз ететін тұрғындар үшін 2020 жылға дейін республикалық бюджет есебінен амбулаториялық-дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете отырып, амбулаториялық-емханалық көмек көрсету қарастырылған.
– Азаматтарға ұсынылатын медициналық пакет түрлеріне тоқталсаңыз.
– Заң жобасына сәйкес азаматтарға медициналық қызмет пакеттерінің екі түрі ұсынылады. Біріншісі – базалық пакет, мұнда республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі көрсетіледі. Бұл пакет Қазақстан азаматтарының барлығына қолжетімді.
Екіншісі – бұл қайта құрылған Медициналық сақтандыру қорынан көрсетілетін сақтандыру пакеті. Оған кіретін қызметтер: амбулаториялық-емханалық көмек, стационарлық көмек (әлеуметтік маңызы бар ауруларды қоспағанда), стационардың орнын басатын көмек (әлеуметтік маңызы бар ауруларды қоспағанда), қалпына келтіру емі және медициналық оңалту, паллиативті көмек және мейіргерлік күтім, жоғары технологиялық көмек.
Бұл қызмет түрлері жарна төлейтін ҚР аумағында тұрақты түрде тұратын азаматтығы жоқ тұлғалар мен шетелдік азаматтарға көрсетіледі.
Сонымен қатар, мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін, ал жұмыс берушілер – жалданған жұмысшылар үшін жарна төлейтін болады. Жұмысшылар мен салық органдарында тіркелген әрі өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтар – өздері үшін жарна төлейді.
Осы пакеттерге қосымша, ерікті сақтандыруға қатысқан азаматтар медициналық қызметті шарт негізінде ала алады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен А.АШАН.