Ұзақбай ҚАРАМАНОВ
Қазақстан жұртшылығы ауыр қайғыға ұшырады. 81 жасқа қараған шағында Қазақстан Республикасының белгілі саяси және мемлекет қайраткері Ұзақбай Қараманов дүние салды. Ұзақбай Қараманов 1937 жылы 29 тамызда Қызылорда облысындағы Арал ауданының Ұялы ауылында туған. 1959 жылы А.И.Микоян атындағы Куйбышев инженерлік құрылыс институтын тәмамдап, 1961 жылы КСРО Сәулет және құрылыс академиясы жанындағы Жоғары инженерлік курстың тыңдаушысы болды. Еңбек жолын 1959 жылы Ақтөбе облавтотресінің Шұбарқұдық автобазасында прораб ретінде бастап, 1961-1964 жылдары «Қызылордақұрылыс» тресінің өндірістік-техникалық бөлімінің аға инженері, Арал қаласында құрылыс басқармасының бастығы болып еңбек етті. 1965-1980 жылдары «Алматыөнеркәсіпқұрылыс» мекемесінде, «БасАлматыҚұрылыс» Қазақ КСР Ауыр индустрия кәсіпорындары құрылысы министрлігінің Бас басқармасында басшылық қызметтер атқарды. 1980-1986 жылдары Қазақ КСР жеңіл өнеркәсіп министрінің орынбасары, Қазақ КСР құрылыс министрінің бірінші орынбасары лауазымдарын атқарды. 1987 жылғы сәуірде Қазақ КСР материалдық-техникалық жабдықтау мемлекеттік комитетінің төрағасы болды. 1989 жылғы шілдеде Ұзақбай Қараманов Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы, 1990 жылғы қарашада Қазақ КСР-інің Премьер-Министрі болып тағайындалды. Ұзақбай Қараманов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің XII, XIII шақырылымдарының, екінші шақырылымдағы (1999-2004 жылдар) және үшінші шақырылымдағы (2004-2007 жылдар) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Ұзақбай Қараманов ІІ дәрежелі «Барыс», Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және көптеген медальдармен, құрметті атақтармен марапатталған. Ұзақбай Қараманов қазіргі Қазақстанның қалыптасуына, республиканың құрылыс саласының дамуына елеулі үлес қосты. Ол өз елінің шынайы патриоты, білікті басшы және жоғары деңгейдегі кәсіби маман болды. Ұзақбай Қарамановтың жарқын бейнесі біздің жүрегімізде әрдайым сақталады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі.