Жетісудың құпиясы мол, зерттелмеген пұшпағының бірі – Кісіқырылған. Алматы облысының, Кербұлақ ауданында. Алтынемелдің бір тармағы Түлкілі тауының күнгейіндегі албан, суан, теріскейіндегі жалайыр қарттары аңыз етіп айтып жүрген Кісіқырылғанды көзбен көргендер аз, тарихын жазған адам, тіпті жоқ…
Бұл жер жайлы мәліметті іздеп, тас болып қатқан тарихын таспаға түсіруге атақты «банды», 1916-32 жылдары меньшевикке де, большевикке де басын имей, азат басын ажал құрықтағанша тас жастанып, тау жамылып жүріп, бар ғұмыры күреспен Құндақбай мерген Төлендіұлының өмірбаянын зерттеуім себепкер болды. Кеңестік чекистер жазған «Ответный удар» атты деректі очерктер жинағында Түлкілі тауының басындағы бес күндік операция жайлы баяндалады:
«Комотряд отряд, снабженный подробными сведениями о расторжении главных сил бандитов, вскоре провел успешную операцию. Многие бандиты сдались. Кундакбай с наиболее верными своими приспешниками ушел к границе, но там, в районе Дубуна, был окружен заранеё предупрежденными пограничниками и разгромлен. Только нескольким бандитам удалось вырваться из окружения. Сам Кундакбай был убит».
Мұндағы ең бірінші жалған мәлімет «Құндақбай өлді» деген дерек. Анығында, Құндақбай мерген аз жігітпен құтылып кетіп, көп жылдан кейін Қытайда көз жұмған. Түлкілідегі қырғында қаза тапқандардың бәрі «бандит» дегені – ата-бабаларымызды қос өкіметтің ортасына қарауыл етіп қойып, қойдай қырған кеңес тарихының екінші өтірігі.
Бұл туралы Кербұлақ ауданы, Басши ауылының тұрғыны Жанқыдыр Қыдырбайұлы былай дейді:
«Әкем Жиенқұлтегі Қыдырбайдан естідім, 1931-32 жылдың шамасы болса керек. Құндақбайдың жігіттеріне аштықтан ыңыршағы шыққан ауылдар қосылып, Түлкіліге көп халық жинала бастайды. Барып көрген адам ол сай біраз жүрген соң үшке бөлінетінін, олар Түлкілі, Теректі, Қыздың сайы деп аталатынын біледі. Түлкілі – тұйық сай, текше жартастарға тіреледі. Ал қалған екеуімен тау арасын жарып өтіп, Қытайға қарай шығуға болады. Құндақбай елді Қыздың сайының басына, қатар жатқан Түлкілі бітер тұсқа топтастырса керек. Осы жерден қол жинайды, арып-ашып көмек сұрай келген ауылдарды топтастырып, Сатылы асуы арқылы арғы бетке өткізумен айналысады. Құндақбайдан көмек сұрағандар көп болған екен. Қашып-пысқан қазақтардың және Құндақбай жігіттерінің Түлкілінің түбіне жасырынғанын сатқындар милицияға жеткізеді. «Тау ішіне жау қайдан келсін», – деген қамсыз жұрт аз күзет қойып, ұйқыға кеткен бір түнде қызылдар операциясын бастайды. Бейқам күзетші де мызғып кетсе керек, жақын маңда қараңдап жүргендерді байқамайды. Отряд командирінің бұйрығымен солдаттар бұқпантайлап келіп жақын маңдағы жартастардың басына екі пулемет орнатады. Таң ата ел үдере тұрып, қозғала бастағанда, аузынан от шашқан қос пулемет сақылдап сала береді. Қалтарысқа тығылып үлгермеген қарт, бала-шаға, қыз-келіншектерді, жылқыларды қарша бораған оқ баудай түсіріп, көп адам өледі. Тастарды паналап үлгерген аз жігіт атыса бастайды. Пулеметтің оғы Құндақбайға да тиіп, жеңіл жаралайды. Құндақбай атысып отырып 10-15 жігітпен сытылып шығады. «Жау қаштылаған» отряд бірен-саран тарс еткен мылтықтың үнін өшірем деп екілене түскенде тауда ортекеше орғып жүретін Құндақбай айналып, ту сырттарынан шығыпты. Мерген алыстан көздеп, екі пулеметшіні бір-бір оқпен жер жастандырады. Мылтық қайдан атылғанын түсінбей орнынан көтерілген комотряд та мұрттай ұшады. Осыдан кейін мерген пулеметке ұмтылған солдаттарды жалғыз оққа жалындырып, маңына жолатпайды. Оқбүркер қарудан бір, командирден екі айырылып есі шыққан ротаны Құндақбайдың жігіттері қырып салып, қызылдардың азы ғана қашып құтылады. Ал Құндақбайлар Құдай сақтап тірі қалған, жараланған адамдарын тездетіп жинап, Қытайға қарай жүреді. Өлген адамдарды көмуге де мұрсаттары болмайды.
Түлкілі басындағы қырғынды қоғалылық қазақтар естіп, үш-төрт күннен кейін өліп жатқан марқұмдарды сол маңға таспен бастырып, жерлейді. Ал сол қанды оқиғадан кейін бұл жер «Кісіқырылған» аталып кетіпті».
Қыдырбай ақсақал марқұмдарды жерлеуге қатысқан болуы керек, тек кеңес заманындағы заһарлы саясат пен ұлтты бунаған үрейдің ырқынан шыға алмай, баласына оқиғаның қысқа-нұсқасын ғана айтып берген. Ел аузындағы мәліметтер бойынша 1932 жылы комотряд Беляев сайдың аузына екі пулемет қойып, 300-400 қаралы адамды қырып салған. Оқбүркерден бұрқыраған оқтың өтінде қалған жалайырдың андас руы адамдары мен албан ауылдары екен. Большевиктер өлген қазақты жерлеуге тыйым салып, тау баурайындағы ауылдардың қарттары екі-үштен жасырынып барып, шамалары жеткенше біраз мәйітті таспен бастырыпты. Қыздың сайында адам сүйегі 1980 жылдарға дейін шашылып жатқанын ел айтады…
«Жетісу жұмбақтары» экспедициялық тобы жергілікті азаматтармен ақылдаса отырып Кісіқырылғанға теріскейден, Қоғалы жақтан шыққанды жөн көрдік, Түлкілі сайының күнгей жағы тастақ, тіктеу екен. 22 тамыздың таңында Үшбұлақ тауында отырған Ардақ Күлгінбаевтың қонысына жетіп, Бақытжан деген азаматты жолбасшылыққа алып, атқа қондық. Үшбұлақ – Түлкілі тауының бір сілемі, үш шатқалында сарқырап үш өзен ағып жатқандықтан солай аталған. Ортабұлақпен жүріп отырып, Шорылдақ сарқырамасынан асып, екі сағат дегенде Үшбұлақ тауының басына шықтық. Үшбұлақтың Түлкілі тауына жапсарласар тұсы Түлкілі асуы деп аталады екен, Басшиден бері созылып жатқан аттас сайдың тұйықталар тұсы. Асуда аздап ат тынықтырып, төбемізден төніп тұрған тауға өрлемекке ниеттендік.
– Мына биіктің басы Кісіқырылған, – деді Бақытжан. – Сәл шыдаңыздар, аз қалды…
Жергілікті жігіттер талайдан бері атқа мінбеген бізден күй кете бастағанын байқаса керек.
– Шыдаймыз, – дедік таспагерім Айдос екеуміз еріксіз күліп. Тағалы аттың өзін шатқаяқтатып, зәреңді ұшыратын тағы бір тауға қиялай шығуға жүрек дауаламай тұрғаны рас еді. Тек қол созымда тұрған Кісіқырылғанды көрмей, марқұмдарға құран оқып, бет сипамай кетуге дәтіміз бармады. Аттардың айыл-тартпасын тартып, «Тәуекел» – деп, тағы жолға шығып, бір сағаттан аса өрледік. Тау басына шыққанда аттан ауып түсіп, жата кетпек едім көз алдымдағы ғажап сурет арбап, ұстап қалды. Тау басы жазық екен, Қоғалы, Басши, Ынталы секілді үш тараптағы ауылдар алақандағыдай көрініп тұр. Таутеке ойнақ салатын құзар жартастар, қарсыдағы қарағайлы, аршалы сілем, жыңғылды шатқал…
– Сіз іздеген Қыздың сайы осы, – деді Бақытжан сол шатты меңзеп.
Тау жаңағы сұлулығынан жұрдай болып, түнеріп сала бергендей… Сайдың бергі аузы жайдақтанып, аттыға да, жаяуға да жүріске қолайлы екен. Қыздың сайын бойлай жүрген қазақ ауылдары осы тұстан тау басына шығып, түн қата жүріп, Сатылы асуы арқылы Қытай асып отырған.
– Кісіқырылған?
– Біз Кісіқырылғанда тұрмыз…
Түсіне қойдым, шамасы Беляев әскері Құндақбай бастаған босқан қазақты дәл осы жерден тосып, басып қалған. Пулемет орнатқанға да, сарыауыз мылтықпен жусатып салғанға да өте қолайлы жер. Құндақбай мерген мен ГПУ арасында болған Шайтансай, Қараңғысай, Қотырсай деген жерлердегі қақтығыстар туралы ел аузында біраз әңгіме бар, ал Кісіқырылған оқиғасы турасында тарих тоңы әлі жібімей тұр…
«На стороне бандитов большие преимущества. Их главарь Кундакбай, в прошлом участвовавший в чекистских операциях, хитер и осторожен: на сопках Алтын-Эмельских предгорий выставляет посты и, как только замечает приближение отряда, не принимая боя, уходит в глубь гор», – деп чекистер жазған әккі Құндақбайдың қалайша арандап қалғаны түсініксіз. Опасыз өз ортасынан шыққаны рас болды-ау, – деді ішкі ойым. Сол жол көрсеткен сатқынның кесірінен қызыл қыспақ пен ашаршылықтан қашқан екі-үш ауыл аңар ішінде қан-жоса болып шашылып қалған…
Бақытжанның айтуынша сайдан бергі жайдақ беткей мен тау басындағы ат шаптырым жазықта адам сүйегінен аяқ алып жүру мүмкін болмапты. Жолбасшымыз әріректе қарайып тұрған қорым тастарға қарай бастады. Жанына барғанда адам қолымен үйілгеніне көзіміз жетті. Бұл 1970-80 жылдары Тастыөзек пен Қоғалының оқушылары көмген марқұмдардың қорымы екен. Ақсөңкеленген сүйектерді үйіп, таспен бастыра берген. Құндақбай жігіттерінің оғына ұшқан милиция жасағының сарбаздарын да ешкім іздеп келіп, арулап көмбепті. Олардың да сүйегі құрбан болған қазақтың арасында жатса керек. Большевиксің бе, «бандымысың» ажал алдында бәрі тең, мола да ортақ…
– Сүйек теруге көмектескен бір ағамыз осы күні Тастыөзекте тұрады.
Осы бетпен жүре берсек осындай тағы төрт-бес мола бар, – деді Бақытжан.
Осы кезде сұлбасы әзер көрініп жатқан шағын төмпешікті байқадым. Тасы дөп-дөңгелек етіп қаланыпты. Әріректе тағы бірі жатыр.
– Бұл баяғы ақсақалдардың көмгендері ғой…
1930-40 жылдары ауыл қарттары шағындап үйген қорымдар көмескіленіп барады екен. Кісіқырылғанның азынаған желі тастарды топырақпен бастырып, көзден тасалапты. Құдды бір адам айуандығының іздерін тезірек жойып жібергісі келгендей…
Тасмолалар арасына тізе бүгіп, бет сипадық. Көкейде мың сауал: қанша адам өлді, есім-сой кімдер?.. Кісіқырылғанның сұп-сұр сұсты тастарындай мелшиген бұл сұрақтарға әлі күнге жауап жоқ. Жалпы, большевиктер дәуіріндегі қазақ қасіретінің біз білмейтін, зерттеуі кемшін тұстары көп.
Ұлтты жою үшін Сталиннен лимит сұраған Мирзоян, Қоқан автономиясының құлауына ықпал еткен қаншеңгел Фурмановтардың әлі күнге дәріптеліп жатқанына қарап сол қызыл саясаттың қарғыбауынан толық құтылмағаныңды сезесің. Әйтпесе мына беті Малайсары шоқысынан бастап, оңтүстік-шығыстағы, аспанмен таласқан Тәңіртауға дейінгі аралықтағы әр тастың қынасы бекерге қызыл түске боялмаған. Жетісудың аштықтан бұралған қазағын құтқаруға көп күш жұмсаған Құндақбай Төлендіұлы, Омар төре Мұртазин, Омарбек Еркінбекұлы секілді «бандылардың» есімін естігенде жиырыла қалатын қарттардың бары да қоғам санасының сауықпағанын байқатады. Өлкетанумен шұғылданып жүрген аз жетісулықтардың бірі Азамат Ақылбеков ағамыз 80 жылдары сол азаматтарға сарбаз болған Бектас Қарабеков (1910-1989) деген қариямен кездесіп, біраз әңгімесін жазып алған екен. Соның бірінде Омар төренің қызылдардың атқорасына шабуыл жасап, біраз жылқыны айдап әкеткені баяндалады. Төре сарбаздары жаңағы жылқыларды ашыққан қазаққа сойып бермек болады. Жолда телім-телімі шыққан топқа жолығып, бір бестіні шалып жібергенде, аналар жерге аққан бауыздауқанды уыстап ұрттап… бірі қалмай аш өзегіне түсіп өледі. Міне, қазағы үшін осындай тәуекелге барған Омар төренің де сүйегі Қоянкөз жақтағы бір шатқалда қалыпты. Құндақбай мергеннің де әзіз басы қай таудың, қай тастың түбінде қалғаны белгісіз. Бектас атадан «Құндақбайды банды, ұры дейді ғой, рас па?», – деп сұрағанда: – Оттамасын! Бір адамның тышқақ лағын нақақ алған адам емес! – деп ашуланыпты.
2013 жылы «Күреңбел қасіреті» деген кітап шығарып, мергенді Кіндікбай деген есіммен бас кейіпкерлердің бірі етіп енгізген Құрманбай Еспенбетов ағамыз ел аузынан Құндақбай жайлы көп дерек жинапты. Айтуынша, 1918-19 жылдары Черкасск қорғанын талқандап, сол аймақты қан сасытқан атаман Анненковтан қашып, босқын болған найман ауылдарын дәл осы Құндақбай мерген Көксу, Сатылы асулары арқылы Қытайға қарай өткізіп жіберген екен. 1916 жылы «солдатқа бармаймын» деп қашып, жандармерия қырына іліккен мерген ақты түре қуған қызылдардың билігі келгенде де маңдайға қызыл жұлдыз тағып, шекеден қарағандардың қазақтың шекесін қыздырмасын бірден түсініпті. Сөйтіп, өзі де арғы бетке көшіп кеткен. Өзіне ғана мәлім тау соқпақтары арқылы туған жерге жиі келіп, елден хабар алып тұрады. Большевиктердің қазаққа жасаған қиянатын көріп, көптеген ауылдарды көшіріп әкетеді. Ел ашыққанда кедеймен қолындағысын бөліспеген байлардың малын айдап, жұртқа үлестіріп берген. Кәмпескеге ұшыраған талай түлікті бір өңірден екінші өңірге қиқулай қуып, ашөзегіне түсе бастаған қазағына азық еткен. Міне, Құндақбайдың «ұрлығы», «баукеспелігі» осы. «Құлжада жата бермей, неге жортып жүрсің?» – дегендерге айтқан: «Келсем біреудің ақысын жегендерді тезге салуға, не құдайын ұмытқандарды жөнге салуға келемін», – деген батыр сертін Құрманбай аға кітабына енгізіпті. 1917-31 жылдар аралығында Күреңбел, Қапал маңынан көшіп, қызылдар қиянатынан құтылған көп қазақтың арашашысы – Құндақбай. Құндақбайдың қызыл қақпаннан аман кеткені жайлы бір мәліметті осы Құрманбай ағадан естідім. Ол кісі: «Құндақбай Құлжаға аман-есен жеткен, 40 жылдардағы Қытайдағы ұлт-азаттық соғысына қатысқан. Сол жақта қайтыс болған. Мұны арғы беттен оралған азамат, «Күреңбел қасіреті» кейіпкерлерінің бірі қарақалпақ Ермұраттың баласы Ақатайдың аузынан естіген адамдар бар. Ақатай арғы бетте батырдың сенімді серігі болған», – дейді.
– Секе, қозғаламыз ба? – ойымды бұзған Ардақ екен. – Караңғы болмай таудан түсіп алайық… Таспагерге қарап едім, «мен болдым» дегендей басын изеді.
Қайтар жолда «Даладағы қуғын» фильмі ойымнан шықпай қойды.
С.Сейфуллиннің шығармасындағы Кудряков деген жалғыз кулакты Абдолла Қарсақбаев ағамыздың дала батыры Құдіреге айналдыруында бір сыр бар-ау… Тау шатқалы арқылы Қытайға өтіп қайтып оралу, сақылдаған екі пулемет, қырылған қазақ, биік жартастар, тау сілемдері секілді детальдар Жетісуды меңзейтіндей… Әлгі қызыл әскерлерді «мұрнынан тесіп жетектейтін» Құдіре осы Құндақбайдың прототипі емес пе екен?.. Не де болса мұның сырын сценарий жазған Амангелді Тәжібаев ағамыз білер, Құдай қаласа тілдесерміз…
Біз етекке түскенде көз байлана бастаған. Киіз үйдің алдында осы маңдағы ауылдардың он-он бес жігіті тосып тұр екен.
– Есімім Дәулет, – деп қол созды ақсары жігіт ағасы. – Сіздерді түстен бері тосып отырмыз, Кісіқырылғанды, Құндақбайды зерттеп жүргендеріңіз үшін рақмет айтсақ па деп едік…
– Сіздер барып түсірген жерден бала кезімде адамның бас сүйегін тауып алғанмын, келетіндеріңізді білгенде бірге баратын едім, – деп қосып қойды Берік деген жігіт.
– Құндақбай, Кісіқырылған жайлы не білесіңдер? – деген сұрағымның жауабы ұзын-сонар әңгімеге ұласты. Әр азаматтың аузынан Құндақбай жайлы бір хикая естіп, атсоқты болып шаршаған жайды тез ұмыттық. Батыр туралы, осы өлке қазағына қызылдар жасаған қиянат туралы қызына айтып, арасында бұл мәселе жайлы «жақ ашпайтын» журналистерге өкпесін білдіріп қоятын азаматтардан түнгі екіде мұрсат сұрап, тынықтық. Таңнан Жаркентке аттану керек. Қорғаста пулеметші болған, кейіннен 72 жасында КСРО хатшысы болған, жәй хатшы емес, генсек болған Константин Устинович Черненконың қанды ізі сайрап жатқанын тасқа жазылған тарих айтады…
Жә, бұл бөлек әңгіме.
Серік ӘБІКЕНҰЛЫ.
Талдықорған – Үшбұлақ – Түлкілі – Алтынемел – Жаркент – Талдықорған.