Сиань симпозиумы
29.09.2017
1384
0

Қуаныш ЖИЕНБАЙ


Қазақстан мен Қытай жазушыларының қыркүйек айының орта шенінде Шэньси провинциясының Сиань қаласында «Жібек жолы» ІV халықаралық мәдени фестивалінің аясында болып өткен тұңғыш симпозиумы шығармашылық ахуал төңірегіндегі талай мәселенің түйінін тарқатты.

Ежелгі Қытай мәдениетіне қызығушылық танытпайтын пенде сирек. Сонау ықылым заманнан көрші қоныстанған елдің кешегісін былай қойғанда, «бүгіні мен келешегін, әлем жұртшылығын таңғалдырумен келе жатқан ауқымды жоспарларын білсем, ең болмаса біршама хабарым болса» дейтін зәрулік әркімді Қытай топырағына қарай жетелей­тін­дігі түсінікті. Арадағы мемлекетаралық сауда-саттық миллиардтаған «көк қағазбен» өлшенеді және бұл алыс-берістің екі жаққа да орасан пайда әкелгені айға таңба басқан­дай аксиома. «Саясатта нем бар, менің шар­уам – шығармашылық, турасын айтқанда, екі ел қаламгерлері арасындағы әлі толық­қан­ды жолға қойылып үлгермеген қарым-қатынас турасында болуға тиіс қой» деген­мен, «Ұлы Жібек жолының» бүгінгі күнге ұласқан жан жадыратарлық жаңалықтары осы тақырыптарға мойын бұрмасыңа шама келтірмейді екен бәрібір. Жә, мұнай-газ са­ла­сындағы біріккен кәсіпорындар арасын­дағы алынған асуларға тоқталмай-ақ қоялық; экономика төңірегіндегі келісімшарттар негізінде жүзеге асып жатқан шараларды сөз етпей-ақ қоялық; дәл осы кезде кең-байтақ Қазақ жерінің шығысынан батысына дейін созылып, созылып қана қоймай ел дәулетін арттыруға, ауыл мен ауылды, аудан мен ауданды, облыс пен облыс арасындағы қа­шық­­тықты жақындатып, жергілікті халық­тың әл-ауқатын жақсартуға да үлес қосқан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне «аялдама» жасамағаныңмен, ауыз толтырып айтарлық – ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің «Ұлы Жібек жолын» да­мыту тұрғысындағы «Бір белдеу, бір жол» идеясының қазақ жерінде өмірге келгендігіне қайтіп тоқталмай өтерсің?! Бұл стратегиялық бастама Президент Н.Назарбаевтың қол­дауы­на ие болды. «Нұрлы жол» мен «Жібек жолы» іркіліссіз, бар қуат-күшімен ұлы мақсаттарға бастап барады.
Осы тұстан «кіріспені» шиырайық. Қы­тай тарапының шақыртуымен Астана мен Алматыдан жасақталған шағын шығарма­шы­лық топ жазған-сызғандарын жинақтап, егер қытайлық қаламгерлер ілкімділік таны­тып, қытайша аударымыз деп жатса, қапы қал­майық деген дәмемен «ең таңдаулыларын» жамбастарына басып, бес-алты сағат аспанда қалықтап, күн еңкейе ежелгі Қытай аста­на­сы, Жібек жолының бастау алар арнасы ретінде әлемге танылған Сиань қаласына келіп жеттік. Сиань баяғыда Чаньан деп аталған, әр сүйем жері тұнып тұрған тарих. Ұлы Цинь, Хань, Тан тәрізді 13 әулет осы қалада өмір сүріп, осы қаланың өркендеуіне өз тараптарынан өлшеусіз үлестерін қосқан. Қала жайнап тұр, тарихи жәдігерлер осы заманғы архитектуралық ансамбльдермен үндесіп, көз жауын алады. Ұлы Қытай қорға­нына еліктеп тұрғызылған Қала қорғаны, провинцияның тарихи музейі, опера театры, орталық кітапханасы, мұсылман мешіті… қойшы, қайсыбірін айтарсың, атақты Цинь Шихуанди мавзолейі мен оған қоса жерлен­ген Терракота әскерлері де осы қала іргесін­де. Өзінің ерекше бітім-болмысының ар­қасында Сиань Афины, Рим және Каирмен бірге әлемнің төртінші қаласының тізіміне кіреді. Қазіргі Сиань – Шэньси провинциясы­ның әкімшілік орталығы, Гуаньчжун жазығында Ханкэ өзенінің бойына қоныс­танған. 10 мың шаршы шақырым аумақты алып жатқан әдемі қалада 8 миллионға жуық адам өмір сүреді… Әлқисса, мұны да осымен тұйықтайық. Әрине, таңғалмасыңа қоймай­тын және бұрын-соңды біз көрмеген құн­дылықтарды бастан-аяқ баяндауға тіл жет­кенімен, негізгі әңгіме өзегінен ажырап қал­мас үшін осы «қысқа шолуға» да іштей ризашылығымызды білдіреміз.
Екі ел жазушыларының түсіністік жағ­дай­да пікірлесуіне, тәжірибе алмасуларына, шығар­машылықтың әлемдік деңгейде ортақ тақы­рып­қа айналуына Қытайдағы ең көне оқу орындарының бірі боп саналатын Солтүстік-Батыс университетінің басшылығы толықтай жағдай жасапты. Симпозиумның алғашқы күні табысты өтті, бұл шараға екі жақтан 130-дан астам түрлі жанрларда қалам тартып жүрген белгілі қаламгерлер қатысты. Қазақ­-
с­тан делегациясын белгілі жазушы, Мемле­кеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР Ұлттық Кітап палатасының директоры Әлібек Асқаров бастап барды. Қытай тарапынан Жазушылар одағының вице-президенті, Шэньси Жазушы­лар қоғамының төрағасы Хан Кэ, Жазушылар одағына қарасты «Әлем әдебиеті» журналының бас редакторы Му Дао, Солтүстік-Батыс университетінің ректоры Гон Лихун, «Жібек жолы» институтының жетекшісі Лу Шаньбин, оқу орнының профессорлары мен оқытушы­лары, Қытайдың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Яо Чанцзюнь және сол елдің абырой-беделін асқақтатып жүрген Ван Сяоюй, Ван Фэньлин, Ду Вэньцзюань, Хун Кэ, Ма Юйчэ­нь, Ян Чанцзюнь, Сянь Лэмоу секілді атақты жазушылары, Литен Шаудай тарлан тарих­шы­ла­ры қатысты. Шэньси провинциясы білім басқармасы бастығының орынбасары Ван Цзыгуй мырза Қытай мен Қазақстан арасындағы экономикалық, әріптестік, мә­дени байластарға кеңірек тоқтала келіп, Қазақ жазушыларының Қытай топырағына табан­дары тиген бұл сапарларын екі ел арасындағы рухани қарым-қатынастың одан әрі жандана түсуіне басты себеп болатындығын, жазушы деген халықтың нәзік жандылығын, олардың ұлтқа, жерге бөлінбейтіндігін, қалың оқырман мойындаған озық туындының дүйім ел игілі­гіне айналатындығын қарапайым да жатық тілмен баяндап шықты. Аудармашы ханым орыс тіліне кідіріссіз аударып отырды.
Алғашқылардың бірі болып сөз алған Әлі­бек Асқаров екі ел жазушыларының осынша құрамда бас қосуларына жағдай жасаған және ұйымдастыру шараларын жоғары деңгейде өткізе білген Солтүстік-Батыс университетінің басшыларына жүрекжарды ыстық ықыласын білдірді, еларалық қаламгерлер бас қосуының сәтті өтуіне тілектестігін білдірген Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалиннің құттықтауын табыс етті. Шэньси провинциясының орталық кітапхана залы лық толы. Шетел елшіліктерінің қызмет-кер­лері, осы елде өмір сүріп, жергілікті басы­лым­дарға ой-пікірін жазып, жазушы болсам деп жүрген түрлі ұлттан құралған жастар жағы да қомақты көрінді.
Симпозиумның алғашқы күні-ақ қазіргі таңдағы әлем әдебиетінде қалыптасып отыр­ған жағдайлар отырыстың өзекті тақырыбына айналды, оның ішінде қазақ-қытай әдебиеті дүниежүзі оқырмандарының биік талғам деңгейінен көріне ала ма, даму үрдісі қандай­лық дәрежеде? Сұрақ көп еді, оған берілген жауаптардың ауқымы да аса қомақты болатын. Делегация басшысы Әлібек Асқаров қазақ әдебиеті мен қытай әдебиеті арасындағы байланыс пен ықпалдастық дәрежесіне тоқ­тал­мас бұрын, жалпы төрткүл дүниеде әдеби шығармаларға деген сұраныстың бұрынғыдан сәл бәсеңдей түскеніне, компьютерленген қоғам өзінің ала-құйын «даму» дәрежесімен қалың елді өз иіріміне баурап алып, бұл «тұт­қын­нан» әзірге ешкімді оңай құтқара қоймай­тын­дығын аңғартып, қалың мұқабалы кітап­тарды еріксіз «екінші планға» ысыра бас­­­та­­ғандығын, бірақ рухани жұтаңдық, әсі­ресе, келер ұрпақтың жан-дүниесін батпаққа батыратындығын… тағы да толып жатқан аргументтерді сөз арасында орынды тұздықтай отырып, жиналғандарды бір елең еткізді. Кітап оқымайтын адамды Абай айтқандай, «толық адам» деуге ауыз бармайды. Ерте ме, кеш пе, түптің түбінде қағазға түскен әдеби шығарманың «иығы» көтеріледі, сан түрлі сайт­тар мен веб-сайттардың жүгіртпе жолд­а­рында «айқұлақтанған» жарнамадан айырмасы шамалы, шолақ сөйлемдердің тынысы тарылады да, жазушының «домна пештің мың градустық ыстығында қайнап піскен» жауһар сөз иірімдері қайтадан қолданысқа түседі, шынайы әдебиет ілкіден келе жатқан дәстүрлі жолын жалғастырады. Қазақ әдебиеті мен қытай әдебиеті арасындағы шығармашылық байланыс өткен ғасырдың қырқыншы жыл­дарынан бастау алады. Ван Миннің «Қытай халқының жапон агрессорына қарсы күресі» дейтін еңбегі 1938 жылы Алматыда жарық көрген екен. Содан бері бұл бастама бір сәт те толастаған емес. Лу-Синь, Лю Бай-Юй, Дин Лин, Шао Цзы-Нань, Хуан-Ай, Оцян Шань, Ян Шо, Юань Чжан-Цзин, Лао Шэ… болып жуңголық авторлардың тізімі жалғаса береді. Айта жүретіндей тағы бір жаңалық, таяуда Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен Қытайда тұратын қандас қаламгерлердің шығармалары «Сексеуілдің шоғы» атты жинақ болып жарияланды. Сәл өкініштісі, қазақ жазушыларының қытай тіліне аударылғандары санаулы-ақ. Абайдың қара сөздері, М.Әуезов­тің «Абай жолы» мен С.Мұқановтың «Ботагөз» романдары ертеректе аударылған. Кейін
М.Ма­­қатаевтың өлең-жырлары, Р.Отарбаев­тың әңгіме-повестері, Н.Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» шығармасы, Ш.Айтматов пен М.Шахановтың «Құз басындағы аңшының зары» сұхбат кітаптары ғана аударылған. Бұл аздық етеді. «Жібек жолы» бойына, екі ел шекарасына қатар қоныстанған халықтардың «ауылы аралас, қойы қоралас…» Сондықтан біздің осы сапарымыз сол олқылықтардың орнын толтырады деген ниеттеміз…
Симпозиум бірнеше күнге созылды. Нәти­жесінде екі ел жазушыларының арасында жаңа мәдени байланыстар орнады, кітаптар алмасты, пікірлер алысты, Сианьдағы жоғарғы оқу орындарында оқитын қазақ студенттері­мен кездесулер ұйымдастырылды, БАҚ өкілдеріне сұхбаттар берілді. Шығармашылық байланыс дегеннен шығады, біз барғанша қытайлықтар симпозиумға қатысатын қазақ-қытай жазушыларының қазақ, орыс, қытай тіліндегі дүниелерінің басын қосып, көгілдір түсті альманах шығарып үлгеріпті. Жақсы ырымға баладық.
Көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты Бексұлтан Нұржекеев ағамыз шекаралас елдер халықтары арасындағы тарихқа қатысты бұрын айналысқа түспеген тың деректер төңірегінде әңгіме өрбітті. «Айқын» газетінің бас редакторы, қаламгер Нұртөре Жүсіп жазушыларға қойылатын бүгінгі таңдағы талап пен талғам дәрежесі туралы тұшымды ой сабақтады, аударма мәселесінің ақсап жатқанын, оны дереу жол­ға қою қажеттігін айтты, қытай тілін жетік білетін жастардың өсіп келе жатқанды­ғын, ендігі жерде шығарманы орыс тілі арқылы емес, түпнұсқадан – қазақшадан қытайшаға, қытай тілінен қазақшаға тікелей аударатын азаматтарды осы іске жұмылдыру керектігін де ұмыт қалдырмады. Осы жолдар авторы әлемдік қауымдастықтың назарына іліккен Арал теңізінің проблемаларын, теңіздің қазіргі жай-күйін, шығармалары осы тақы­рыпқа шоғырланғандығын тілге тиек етті. Суретші-жазушы Еркін Нұразханов шығар­ма­шылық жолдың аса қиындығы мен жауап­кер­шілігін, Халық Қаһарманы Қ.Қайсенов туралы тұшымды дүние тудырғанын, қытай тіліне аударуға сұранып тұрғандығын жеткізді. Белгілі ақын, «Алаш» сыйлығының лауреаты, Еуразия университетінің про­фес­соры Жанар Әскербекқызы жиналғандарға «Қазіргі қазақ әдебиетіндегі интеграциялық процесс» туралы арнайы лекция оқыды. Баспагер, жас қаламгер марқұм Дидахмет Әшімхановтың ұлы Дәулет Әшімханов қытайлық авторлардың өтімді деген шығар­мала­рын басып шығаруға әзір екендігін біл­дірді. Қытайға жиі барып-келіп жүрген бауырларымыз Мейрам Бектімбаев, Әнуар Балтабаев, Аида Шайковалар қызмет салала­рына байланысты Қытаймен арақатынасты жандандыруға орай өз ойларын ортаға салды. Орыс тілінде жазып одақтық басылымдарда жиі көрініп жүрген ақын-прозашы Фархат Тамендаров Терракот әскерлері павильонына бармай жатып-ақ түс көріп, табан астынан жыр тудырып, көпшіліктің қошеметіне бөленді…
Бір күн тұтасымен ХХ ғасырдағы ең үлкен археологиялық жаңалықтардың бірі, ежелгі Қытай мүсін өнерінің ғажайып үлгісі боп саналатын Терракот (Сары саз сарбаздары) алаңдарын аралауға арналды. Бұл жер астынан андыздап шыға-шыға келгендей кішігірім армия. Жер астында шынымен де 8 мың сарбаз, 520 жылқы, 150 атты әскер, жыл­қы­сы жегілген 130 күйме тұр! Ұлы император Цин Шихуанди өзімен бірге осынша әскерді жерге көміп, балшықтан адам жасау арқылы келер ұрпаққа баға жетпес асыл мұра қалдыр­сам деп те армандауы мүмкін-ау… Сары саз балшық әскерилерінің мүсіндері әлі толықтай қазылып біткен жоқ, ашылмаған құпиясы бастан асады. Аса сабырлы, ұстамды, аспай­тын да саспайтын қытайлықтардың бұл жөнінде қашан толық шешім шығаратын­дығын кім білсін. Бексұлтан ағамыз айтқан­дай, «Қытайға келіп тұрып, Терракот әскер­лерін өз көзімен көрмеу – нағыз қылмыс». Жер астындағы әскерлердің жанында тұрып, ақшасын төлеп, суретке түскен тұңғыш қазақ жазушысы да бәлкім, Бекең болар.
Симпозиумге жиналғандар бір ауыздан болашақта екі ел қаламгерлері қоян-қолтық әріптестік жағдайда жұмыс істейді деген берік шешімге келді. ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы мен Солтүстік-Батыс универ­ситеті өзара меморандумға қол қойды. Қазақ жазушылары мен Қытай жазушыларының қытай тіліндегі шығармалары қазақшаға, қазақ тіліндегі шығармалары қытайшаға аударуға келісім жасасқандары нәтижелі қорытындының бірі болды. Екі ел жазушыла­ры­ның әдеби шығармалары жарық көріп тұратын веб-сайт ашу, жинақ шығару, барыс-келісті жалғастыру – «Жібек жолын» қайта жаң­ғыртып жатқан екі ел арасындағы рухани алтын көпір болады деген сеніммен, біз бес-ал­ты тәуліктен соң Сианьнан туған жерге ат­тандық.

Арнайы «Қазақ әдебиеті» үшін

Астана-Үрімжі-Сиань-Үрімжі-Астана.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір