Өнер ордасында
Жуырда Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясында Қазақстан Республикасының еңбек Ері, КСРО және ҚР Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор Асанәлі Әшімовтің 80 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-практикалық конференция мен шығармашылық кездесу өтті.
Кездесу барысында Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, белгілі драматург Дулат Исабеков, жазушы Смағұл Елубаев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Есмұхан Обаев сынды көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ, жиында танымал тұлғаның өмірі мен шығармашылығы жайлы мәнді естеліктер айтылды.
Сонымен қоса, белгілі журналист Қали Сәрсенбай танымал тұлғаның шығармашылығы, суреткерлік болмыс-бітімі, қарапайым адами қалпы туралы әр жылдардағы ой-толғамдар, эсселер, сұхбаттардан құралған «Абыз-аңыз» атты еңбегін жиналған қауымға тарту етті.
Аталмыш оқу ордасында А.Әшімовтің оқу-шығармашылық лабораториясының тұсауы кесіліп, шара соңында мерейтой иесінің жетекшілігімен «Актер өнері» мамандығы студенттерінің дипломдық қойылымы «Король Лев» атты спектакль кеш қонақтарының назарына ұсынылды.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.