Алақандай әңгімелер
Ерғали САҒАТ
Қадірі қашқан қарттар
Аудан әкімі ауылға келген. Ауыл әкімі жылдық есебін жасайды, соған қатыспақ.
Әкімдіктің кеңсесі алдына жиналған көпшіліктің қарасы көп. Ырың-жырың әңгіме.
– Қарасы батқыр, кеткен әкім су тартқыза алмай сусылдап кетіп еді. Подрядчиктерден қанша ақша жеді, соны қайтарсын. Айтайық.
– Көшеге қойылуға тиісті жарықтың ақшасын да қайтарсын. Қыста балалар мектептен қараңғыда қайтып, шошынды болды. Қайтарсын.
– “Жасыл ел” бағдарламасы деп қалада көктем сайын ағаш отырғызып жатады, ал бізде бағдарлама жария болғалы бір тал да отырғызылмады. Есеп бергенде отырғызылған көшетті ешкі жеп қойды дейді. Ешкі емес, өзі жеген ақшаны қайтарсын. Айтайық.
– Енді одан не пайда ол құрыды. Мына жаңа сайланған баладан қайыр болсын.
– Иә, осы балаға айтайық былғанба, қолыңды былғама деп. Айтайық.
Айтайық… Айтайық…
Ауыл ақсақалдары айтайықпен тұрғанда аудан әкімі Құлекенің баласы қызметтік көлікпен ызғытып жеткен.
Жаңа ғана батырсынып жырғап тұрған қариялар орнынан атып-атып тұрып, әкімге қарай қол соза тұра жүгірді. Таласа-тармаса қос қолын ұсынып, амандасып әлек. Әкім болса кекірейгенін білдіргісі келмесе де, кербезденіп тұрғаны байқалады. Халыққа қызмет етеді деген аудандағы бірінші адамның сұры, сыйқы осы.
Мен теріс айналып кеттім…
…Онда біз шапқылап жүрген ойын баласы едік. Бәрі көз алдымда. Біздің кішкентай “Көктөбеге” райком келді деп жатты. Ауылдың артына тары, картоп егілген. Ақсақалдардың айтуына қарағанда соны көруге келіпті. Қарияларға сәлем бере амандасып қайтуды да ұмытпапты. Жиналған жерге жедел жеткен райком хатшысы қос қолын созып, жағдайын сұрап, әр қарияға күлімсірей амандасып жатты. Жеке-жеке жағдайын сұрады. Ол кездің басшылары сондай еді. Көппен қоян-қолтық араласып жүретін. Қарттары да кеменгер еді.
…Төралқаға жайғасқан әкім аздап басын изегені болмаса, халықпен амандасқан жоқ. Ауылдың әкіміне сөз берді. Ол кеше ғана өзге қызметке ауысып кеткен әкімнің істеген жұмыстарын аздап айтты. Өзі де аз еді. Істелмеген жұмыстарды, әлгі қариялардың ойындағы бұған да мәлім екен, содан хабар беріп кетті. Аудан әкім ызаланып қалды. Жемдесі ғой.
– Жақсысын көбірек айтпайсың ба, жаманын тізбелей бермей.
Мен қариялар енді көмекке келер деп едім, бірақ бәрі аудан әкіміне қарап басын шұлғып әлек.
Мен теріс айналып кеттім.
Арын сатқандар, Алласын сатудан тайынбас деп осындайда үрейленген…
Жол астындағы тіршілік
Күнделікті жұмысқа баратын жолым.
Тротуар жиегінде көне терек өсіп тұрады.
Жанында кәрі жуан қара ағаш бар.
Сірә, олар тым ертеден келе жатқан болар. Екеуі де.
Бәлкім, астана Ақмешіттен осында қоныс аударғанда отырғызылған, сол жылғы көшеттер шығар. Әйтеуір көпті көрген ағаштар.
Талай бекзат кісілер, сал серілер, танымал тұлғалар саясында саялаған болар-ау. Солай ойладым. Өйткені, бұл жерден жазушылардың үйі, суретшілердің үйі, сазгерлердің үйі, бұрынғы үкімет үйі… тіпті тұңғыш университет ғимараты да алыс емес. Сол есіме түсіп.
Бірақ әңгіме онда емес.
Сұмдығы, жылда көктем шыға салысымен әлгі қара ағаштың тамыры Жаратқанның күшімен бойында тіршілік нәрі жүгірген бойы тротуардың жұқа асфальтін мысқалдап болса да қозғап, көтеріп жатады. Ал тамыр бойынан өткен тіршілікке қажетті заттар, қажетті құнарлар бұтақтарға барар, одан жапырақтарға жетер… Рахатын сен көресің, мен де.
Дөңестеніп жатқан тамырлы жерді баспай, айналып өтетінім содан. Басқалар да баспаса екен дейді ішкі үнім. Бірақ шаһардың екі миллион халқына үнің жете ме…
Дөңестеніп жатқан жер астында, байқашы, тіршілік демі бар, бүлкілдейді.
Байқашы, баспа, баспа…
Әкем тірі болғанда…
Аурухананың екі кісілік палатасы.
Екінші төсекке соғыс ардагері келіп жайғасқан.
Байқаймын, жанын күтетін кісі. Бой-пішініне қарағанда, кезінде тәуір қызметте болған. Қызметтік жеңілдіктерді қалт жібермей, тиімді пайдаланған да шығар.
Уақтылы дем алып.
Уақтылы дәрігерге қаралып дегендей.
Уақтылы шипажайларда бойына қуат алғаны да анық. Қазірде жәй, тексерілуге, дәрігер қажет деп тапса жатып, жанын баптап шығуға келіпті. Оны Пайғамбар жасынан асқан қызы айтты. Аты – Әлия. Ертеректе Жандосов бойындағы екі қабатты қамыс үйде аздап көрші тұрғанбыз. Онда қариямен жүздесуге жолымыз түспеген екен. Ол кезде кісілер Алматыға қазіргідей емес, сирек қатынайтын еді ғой.
Енді қарияның жасын болжай беріңіз. Тоқсаннан асқан.
Қазақтың бәрі осылай күтінсе, ұлттың да орташа өмір жасы ұзақ болар еді. Болар еді деген ой келді.
Әке-шешемнің осындай тәртіпті әдет қылмағанына өкіндім. Әлі де жанымызда жадырап жүрер ме еді…
Әңгіме онда емес. Десе де…
Бір әдеттері қатты ұқсас екен.
Жатарда төсегін тап-тұйнақтай етіп салады. Жатарға өзін дайындайды. Біздер секілді көрпені ысырып жіберіп, төсекке құлай кетпейді.
Жарықтық соғыс өртін кешкен менің әкем де сөйтетін еді.
Соны көргендей болып отырмын.
Көрпесінің төгілген жиегін матрастың астына тығып, жан-жағын ұқыппен қайта қымтады. Ашық қалса жел гулейтіндей болу керек. Содан сақтанғаны. Кеудешесін жастығының астына қойып биіктетті. Сосын шешініп көрпенің ішіне баяулап енді. Мойнынан төмен, екі иығынан да ашық жер қалдырмай қымтанды. Оның алдында “Катахром” көз тамшысынан екі көзіне кезек-кезек тамшы тамызған. Сосын екі қолын ішіне алып ұйықтамаққа көзін жұмды.
Жарықтық соғыс кешкен менің әкем де сөйтетін еді.
Бірақ “Катахром” дегенді білмей кетті.
Бұл кісі секілді жатар алдында мандариннің бір жұмырын аршып жеген де жоқ. Оны ол тұрмақ, баласы біздің өзіміз, оның атын мұнда, Алматыға келгенде қанықтық. Онда да Жаңа жыл күніне екі-үш күн қалғанда саудаға түсетін. Кейде кезекте сағаттап тұрғанда уақытың зая кетіп, жетпей де қалатын кездері болған.
Ұқсастықты қойсаңшы.
Көзін жұмғанынан да әкемді көргендей болып отырмын.
Ол да дәл осы кісі секілді ұйқыға кететін.
Дәл осылай баптанатын.
Дәл осылай өзін дайындайтын. Бірақ бір ғана айырмашылығы бар екен. Менің әкем кей күндері екі табанын көрпеден жалтыратып шығарып жататын. Қалай жатты, таңертеңгілік солай қаз-қалпынан аумай, тырп етпей оянатын.
Көршім де солай оянды.
Менде таңданыс бар.
– Қалай жаттыңыз, солай ояндыңыз, – дедім таңданысымды жасырмай.
– Әдет қой, – деді қария.
– Бала күннен қалған әдет пе?
– Жоқ, соғыстан қалған әдет.
Мен оның мәнін кезінде әкемнен тәптіштеп сұрамағаныма өкіндім.
Ақсақал ұрыс-ұрыстың ара-арасында жауынгерлер осылай қымтанып жатып, көз ілдіріп алатын еді дейді.
Тоңып қалмаңдар деп солай қымтатып үйрететін дейді. “Онда бала едік, бала кезден әдетке айналған нәрсе, қартайғанда да қалмайды екен”, – деп күлді сосын майдангер қария.
Әкем тірі болғанда, сөйтер ме еді…
Жаратқан, жадымызда жүрген жақсы естеліктерге, шүкір. Онда сағыныш бар, шынайы өмір бар. Соны жүрекпен сезіну, қандай бақыт!
Өкініш
Зейнетақы төлеу орталығына келді. Зейнетке шықпақ. Мерзімі жетіпті. Қандай қағаздар дайындау қажеттігін, ол дайын болған жағдайда оны қашан өткізу қеректігін білмек.
Өткенде келген.
Бәрін ұғып алған секілді еді сонда. Оның үстіне жас бала бір құжат көшірмесі жөнінде айтпаған екен. Әлде ұмытқан шығар.
Соның жайын сұрамақ. Ұқса, тағы соның жолына түседі. Оның қашан әзір боларын және болжап білмейді.
Туғанда құжат аласың. Оны ата-анаң алады жүгіріп жүріп. Деп ойлады қария.
Мектепке барғанда құжат жинайсың. Оны да жүгіріп жүріп ата-анаң бітіреді. Деп ойлады қария.
Жоғары оқу орнына түскенде, жұмысқа тұрғанда, үйленгенде, пәтер алғанда… құжатты өзің жинайсың. Қуанып жүріп. Қария болмашы ғана жымиды.
Балалы болғанда оның құжаттарын жүгіріп жүріп өзің теріп аласың. Қуанып жүріп. Қария басын изегендей болып, тағы жұмсақ жымиды.
Енді зейнетке шығу үшін құжаттарын өзі жинап жүр.
Қуанады, әрине.
Шүкір! Бірақ бұған жетпегендер қаншама. Бала күннен бірге өскен: Әбиір, Мейірхан, Лес, Қазтай, Әшімхан, Көбентай, Әмірбай, Қуандар… жетпей кетті ғой.
Дәм-тұздары ерте таусылды. Жатқан жерлерің жәннатта болсын.
Көзі қызарып, жасаурады.
Әупірімдеп жүріп тиісті құжатты түгел өткізген.
Кеше соған қуанғанын айтсаңшы…
“Бұдан соңғысын енді бала жинайды. Жылап жүріп…”.
Жаратқанның заңдылығы солай.
“Тек!” Өзінің сөзінен өзі селк етті.
«Бірақ бірақ оның аулы алыс болғай».
Ақын мен әкім
Бір әкім жұмысынан кетіп еді.
Бірте-бірте атына айтылып келген үйреншікті “мырза” сөзі азайып кетті.
Кейбіреулер ескі әдетпен біраз “Батеке” деп жүрді. Кейін тіпті атын турасынан атап атайтынды шығарды.
Ол жүрегіне тікенектей қадалатын. Алғашқыда. Қарсы дау айтпады, айта алмады, не десін, үндеген жоқ. “Әділетсіздігім өтіп кеткен болар”, – деп ойлаған. Кейін оған да үйренді. Пендешіліктерін мойындағаны шығар.
Бірақ үш күннен соң емес, үш жылдан соң.
Уақыт емдеген.
Уақыт сабасына түсірген.
Бірақ қарғыс жаман.
Бір-ақ күнде отбасы қайғы кешті. Бірақ марқұм ананың жазығы жоқ еді…
***
Бір ақын қызметінен кетіп еді.
Бәрібір ақын болып қалды. Мәдениет саласын басқарып жүргенде білетіндер оны “Наршеке” дейтін.
Қызметтен кеткен соң да “Наршакесі” сол күйінде қалды.
Қандайғы жиында да, ағайын-туыстың отырыстарында да сол баяғы құрметті есімін атады “Наршеке” деп.
Қайта халқы құрмет тұтып, бірте-бірте бұрынғы әкімнен оздырып төрге отырғызатын болды. “Қойыңыздар, аз да болса ел ағасы болды ғой” деп тартыншақтап, ол бар жерде одан озбады. Ақын ақылды кісі еді. Әдептен озбады.
Ақын елдің арманын айтып шырылдайтын.
Ақын елдің ардағын айтып жырлайтын.
Ақынның артынан ғайбат сөз айтылмады.
Сөйтіп, әкімге қызметтен түскен күні құрмет азайды.
Бірақ бәріне бірдей емес шығар…
Ақынға құрмет күшейді…
Ілуде біреуіне болмаса, бәріне бірдей. Жаратқан жақсылық жасағанды жатырқамайды деген сол.
Аят
Қытайдың Қашқар, әлде Үрімші қаласы баспаларының бірінен басылып шыққан болар. “Құран” деп аталатын екі аяттан тұратын екі беттік қалталық кішкене кітапша. 1991 жылы басылыпты. Марқұм әкесінің қойын кітапшасының арасынан шыққан.
Қазақ жұрты тәуелсіздік алып, мемлекет аты әлемдік ақпарат жүйесінде сан айтылып жатқан кез. Сол жылы немесе кейінгі бір-екі жылда қолына түскен болар.
Қытайдағы қазақтар біртіндеп атажұртқа қатынай бастаған уақ еді ол.
Кешегі қызыл империя тұсында шоқынбаса да орыстанған атажұрттағы қазақтарға қажет шығар деп, әлде сатып тиын-тебен тапқысы келіп пысықайлар жеткізген бе, ол жағы белгісіз. Бірақ сапасы сын көтермейді. Бояуы ала-құла. Қағазының да қатып тұрғаны шамалы, түктеніп кеткен…
Әкесі ауыр науқастан қайтқанына жыл толған.
Асына келгенде әкесінің қобдишасын реттеген. Сонда оған көзі түскен-ді.
Онда соғыс жылдары, бертінде алған наградалары жататын. Соның ішінен қойын кітапшасы шыққан. Бір бетіне ақын Сырбай Мәуленовтің:
Кетерімде жыламадым,
Қатарым көп болғасын.
Келгенімде шыдамадым,
Қатарым жоқ болғасын, –
деген төрт жол өлеңі түсіпті.
Соғыстан қайтпаған қатарлары қанша екенін білмеймін, ал Қалдарбек атамыздан тараған өз бауырлары Уәш, Әбдуәлі, ағасы Еркебек сол соғыстан оралмады.
“Құран” сол қойын дәптерінің арасынан табылды. Соларға арнап дұға бағыштап жүріпті.
Ұл қолына алып қысып ұстады. Әкенің мүлкі. Қолының табы бар.
Енді оны өзінің төс қалтасындағы қойын кітапшасының арасына салды. Сөйтіп, екі аяттан тұратын құран кітапша әкеден баланың қойнына түсті. Енді әкеге, анаға дұғаны бұл бағыштайды.
Жаратқанның жаратқаннан бергі үзілдірмей келе жатқан көп сабақтастығының бір жалғасы – осы.
Кешірілмейтін қателік
Олардың дүниеден өткеніне біріне он бес, екіншісіне он алты жыл болды.
Бірінші әкесі, артынша араға жыл салып шешесі дүниеден озды.
“Жазымыштан озымыш жоқ” десе де… Ажалға сеп болған құйтақандай, арпаның дәніндей ғана тамағындағы түйін еді.
Қара суығы қысқан қарашаның бір күнінде әкесі үлкен шаһарға келген. Баласына.
Алқымының сол бұрышындағы арпаның дәніндей ғана болмашы түйінді қолымен басып тұрып, қатты шаншып ауыратынын айтқан.
Ұлда не тұрыс. Өзі білетін бас дәрігердің ауруханасына жеделдетіп алып келді. Қарап шыққан дәрігер: «елге қайта берсін, бал қосып шай ішсін, қайтып кетеді» деген.
Әке де бұл сөзге қуанып, елде мал-жан бар дегендей, артынша ауылға асығыс қайтып кеткен.
Арада біршама күндер өткенде таныс хирург жолыққан. Орайы келіп тұрған соң әкейдің жайын айтқан. Ол бесінші ауруханада София атты профессор барын айтып, сол кісімен кеңес, осы саланың мықты маманы деп өтініш етті.
Әкеге шұғыл хабар берді.
«Өзім де жүргелі отыр едім, бал мен шайдан қайтпады, түйнек үлкейіп барады». Қарлығыңқы даусымен ақырын сөйлеп еді.
Ұлға әкенің даусы ұнаған жоқ.
Біртүрлі үрей келді.
Бір дәрігердің кеңесіне сүйеніп, ары қаратпай қайтарып жібергені үшін өкінді, өкініш өзегін өртеді, үрей әкелді.
София апай жылы қарсы алды.
– Бұрын мұндай түйнек болды ма?
– Болды. Білектің сағат байлар тұсында болған. Оны алдырып тастағанбыз, – деп әкей үшін ұлы жауап берді.
– Әттегене-ай, – деді София апай өкінішін жасыра алмай. – Одан бері қанша жыл өтті?
– Оншақты…
– Өткенде келгенінде алдырғандарыңда, әкең тағы оншақты жыл түйнек түйді деп алаң болмайтын еді.
– Енді не істеуге болады?
– Ісік аурулары институтына барыңыздар. Даусы солғын шықты.
…Алқым безді өңешпен қосып сылып тастаған.
– Алты айдан соң бір келіңіздер.
Келді.
Бірақ әкенің ғұмыры келесі алты айға жетпеді.
Арулап аттандырды. Үрейленген ананың қанты шығып, басқа да дерттері қозды да, араға жыл толмай шалының жанына барып жайғасты.
Дәрігер сонда құйтақандай түйнектен күдіктенбепті. Қателікке ұрынды. Сенген бұлар да. София апайына ертерек барғанда ғой. Екеуі де тірі жүрер ме еді…
Бүгінде әке-шешені ойлағанда, осы қателік есіне түседі.
Солардың алдындағы сұмдық қателік.
Жуырда дәл сондай түйнекті АҚШ-тың экс-президентінен үшінші рет сылып тастағанын оқыды.
Тағы да ыршып көзінен жас шыққан.
Адамды өмір бойы көзіне жас алдыратын осындай кешірілмейтін сұмдық қателіктер болады…
«Қойыңдаршы, кино ғой»
Теледидардан осы аттас түрік киносының жүріп жатқанына біраз болған. Әжесі мен мамасы кино қалай басталады, солай, жүгіріп келіп теледидардың алдына жайғасып отырады. Әбден әдетіне айналдырып алды. Қызығушылықтарының күннен-күнге артқаны соншалық, үй тірлігінің жайына бұл уақытта еш көңіл бөлмейді, назар да аудармайды.
Оларға қабаттасып төртке жаңа таяған кішкентай Әсия да кейде жандарына жақын жатып, оқта-текте көз қиығын салып қарап қояды. Көбіне өзінің ойыншықтарының көңілін аулап әлек, соларға тіл қатып, қойған сұрағына өзі жауап жауап беріп жүргені.
Атасы алып берген сүйкімді Пандасы бар, сонымен көбірек ойнайды. Бірдемелерді айтып тілдеседі. Және бір шағын ойын арбасы, Вини деген тағы бір балапаны бар. Соны арбасына салып тербетеді. Әлдилейді. Ұйықтатады. Кішкене бөпесіне мамасының істегенін бұл да айнытпай қайталайды. Өзінің ойынша Вини балапаны ұйықтады дегенде қаттырақ сөйлесең жақпай қаласың.
– Қандай адамсыңдар өзі, Вини оянып кетеді ғой, – деп кәдімгідей шатынап әлек салады. «Қандай адамсыңдар өзі» дегені өзіне ғана тән сөз. Қапаланса осы сөзді жиі қолданады. Анасының сөзі. Кейде тілін алмай қайқаңдаса, қандай адамсың өзі дейтін-ді.
Кино қызу, тартысты жүріп жатты. Әжесі айтты:
– Бізде осындай шығармалар жоқ емес, бар ғой, бірақ неге кино түсіре алмайды, – деп назданды.
– Соған қарамай кейбіреулер қандастарды менсінбей сөйлейді, – деді Әсияның мамасы.
– Қойыңдаршы енді, кино көрейік те, – деді өзімен-өзі ойнап отыр деген Әсия.
Біраздан кейін Фериха мен Әмірдің арасы тіптен шиыршық атып ушығып кеткен. Әмір оның және бір өтірігін бетіне басқан-ды. Ғашықтардың жолы қашан да ауыр. Фериха оның себебін айтып, ақталып әлек. Өтірігінің мәні бұлар секілді өзін де дәулетті, интеллекті ортадан шыққандай етіп көрсету, соған сендіру. Бірақ өтіріктің құйрығы бір тұтам деген емес пе, әрбір қисынсыз әрекетінің арты ашылып қала береді. Содан соң екеуінің арасында түсінбестік туындап, бет қарай алмайтын дәрежеге жетеді.
Сол қылықтары Әсияның әжесі мен мамасына ұнап отырған жоқ. Содан да қызбаланып екеуі Фериханы жарыса даттайды, сөгеді келіп.
– Өзінде ұят жоқ.
– Әбден өтірікші болып бітті.
– Айтса қайтеді енді.
– Топас. Топастың не ойлағаны бар.
Ойынға бар ынтасымен берілді деген Әсия әжесі мен мамасының қапалы сөздерін естіп отырған болып шықты. Диванда отырған екеуіне кенет шалт бұрылды да:
– Қойыңдаршы енді, ол кино ғой, – дегені.
Екеуі не айтарын білмей, бір- біріне жалтақтап қарап қалған.
Жұмабай бригадир
Бұл ертеректе, соғыстан кейінгі жылдары болған.
Мұндай бригадирлер қазақ ауылдарының қай-қайсында да болды.
Ол кезде техникумды бітіріп ауылға келген жас маман екен. Трактор-егіс бригадасында механик.
Ұйқысын қандырып, жұмысқа ертелеп келеді. Бұл кезде бригадир Жұмабай жұмыста болады.
Ертесіне жас маман ерте тұрады. Жуынып шайынады. Асықпай апасы қайнатқан шайды қанып ішеді. Ерте келген шығармын деп ойлаған. Жоқ. Бригадир Жұмабай жүр, әдеттегідей ерте келіпті. Жас маман ұялыңқырап қалған. Оған Жұмабай бригадирдің мән беріп тұрмағаны анық.
Келесі күні…
Келесі күні… Жұмабай бригадир әдеттегідей тағы алдынан шығады. Жұмабай бригадир жұмыста.
– Аға, – деген сонда. – Сіз, сірә, ұйықтамайсыз ба? – деп таңданысын жасыра алмайды.
Сонда шым қораның аласа жерінде отырған Жұмабай қонышынан қамшысын суырып алып, керзі етігінің өкшесін тықылдатып:
– Ұйқымды соғыс ұрлаған, – деп бір нүктеге тесіліп отырып қалыпты.
Ақыл мен төзім Алланың сыйы.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.