Жаңақазақтың жанайқайы
Асхат ҚЫЛЫШБЕК
Ей, богу! Түсінбеймін!.. Осылар неге мені түрткілей береді, а?! Қит етсе, салт-дәстүріңді ұмытқансың, қазақи өнерден жұрдайсың, ана тіліңнен адасқансың, сондықтан да қазақ емессің деп күйдіретінін айтсаңшы!
Айналайындар-ау, мен Қазақпын! Естимісіңдер, мен қазақ болғанда – жаңа қазақпын! Өй, өңшең бассыздар. Түкті түсінбей жатып, маған жала жапқандары несі-ей?! Ата дәстүрімді жоғалтып емес, қайта соңғы үлгімен жаңартып алып келе жатқанымды айтпай ма?! Қай өнерді, қай дәстүрді ұмытты деп жүр бұлар?.. Айтысты ма? Айтысқа қолайлы сахна ретінде әлеуметтік желілерді пайдаланып, қара тобырды қырық пышақ қып қырқыстырып қойып, айтыстың көкесін жасап жүргенімді көре тұра, неге мойындағылары келмейді?! Тағы не, теңге ілу ойынын білмейді дей ме екен? Мәссаған! Несібемнен қағылатын мені жынды деп пе?! Мұндай таптырмайтын өнерді өркендеткенім соншалық, атқа мініп алып, иіліп, жерден теңге алуды мен креслоға мініп алып, теңгені қолдан алатын дәрежеге жеткізгем. Бұл дегеніңіз, онша-мұнша ептілердің қолынан келе бермейтін іс. Кейде қызметте қиындық туып жатса, аздап ісімді жеңілдету үшін немесе біраз көтеріліп қалуды ойласам, басшылардың алақанына тиын салмақ ойнауға тура келеді. Бұлардың бәрін мен еріккеннен айтып отырғам жоқ. Ескірген ұлттық ойындарымызға жаңаша сипат беріп жатқанымды білсін мына жұрт. Тағы нені ұмытты дейді екен? Бәйгені ме?.. Оған үлкен ұлым күнде қатысып жүрген жоқ па? Бәленбай мың долларға өзім шетелден алдырып берген темір тұлпарына мініп алып, қала көшелерінде ережеге бағынбай, жарысқа түскенде, жай адам түгіл МАИ ағаң да қуып жете алмайды оған. Ха-ха-ха, тұлпардың аты тұлпар ғой, ондай кезде алдынан не шықса да, қағып кете береді!
Күрес десеңіз, ол да бар! Анда-санда қару қолданатыны болмаса, оққағарларым қазақи күрес тәсілдерін пайдаланып, талайды шекесінен түсірген жоқ па?! «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» депті бабаларымыз. Осындай-осындайларды айту керек қой.
Бәле жапқыштар мүмкін, арқан тартуды білмейді дейтін шығар… Билік пен байлықтың жағына өзім шығып ап, қарсы беттегі туыстарымды арқансыз-ақ тартып алып жатқанымды көре тұра, не беттерімен көкіп жүр екен?! Кейбір ойын шартын білетіндер менің керемет тәсіл қолданып жатқанымды көріп, жеңісімді мойындап, төңірегіне таратып, ел-жұрқа түсіндіріп жүреді. Оларға рахмет! Ал мынау түкке түсінбейтін шуылдақтарға не деуге болады?! Келінім жаңа қазақи мәдениетті ағылшын тілінде шетелдіктерге насихаттап жатса, бойжеткен қызым да қарап жүрген жоқ. Бір өзі бірнеше рет байға тиіп, құда түсу, беташар секілді түрлі рәсімдер мен шашу, құйрық-бауыр асату сияқты ырым-сырымдардың бірнеше рет орындалуына септігін тигізді. Қазір кезекті төркіндеп келу рәсімін атқарып жүр. Ортаншы ұлым ертелі-кеш клубта қыз қуу ойнап, осы бір ұмытылудың аз-ақ алдында тұрған дәстүрімізді сақтап қалуға бар күшін салуда. Қызға жете алмаса өзін сабай ма ойын шарты бойынша? Әй, бірақ қамшы орнына қолыңа доллар алып қусаң, қыз да қатты қашпайды екен! Өзім де талай ойнап көргем… Түш-ш-ш, әйелім естіп қоймасын. Әйелім демекші, ол да жүн сабау, текемет тебу дәстүрінің дамуына ерекше қолдау жасағысы кеп жүр, байқаймын. Әзірге үйде жүннің болмауына байланысты, үй қызметшісін сабап, көшеде қайыр тілеп қол созғандарды теуіп тәжірибе жинақтау үстінде. Кенже ұлым жігіт те болса, қазақ қыздарына өнеге көрсетейін деп сырға тағып, шашын сәнге сай бояп жүр!
Мақтанғаным емес, дәл біздей ата дәстүрін ардақтап жүрген ешкім жоқ! Ал енді ана тілімді біліп тұрсам да білмейді дейтіндерін қайтерсің?! Тап-таза өз тілімде сөйлеп тұрған жоқпын ба? Рас, басқа жерде пәленбай жыл алпауыт орыс тілімен арпалысып, титықтаған ана тілімді тынықтырып қоямын. Оның өзі де жанымның ашығандығынан. Жақында еліміз латын әліпбиіне көшетін болса, орыс тілі Ресейіне кетеді деген сыбыс бар. «Кететін қызды керіп қал» депті ғой бұрынғылар. Орыс тілін кеткенінше пайдаланып қалайын деп отырмын. Сол да миларына кірмейді-ау бұл шіркіндердің! Әй, қойшы, осыларды!..
Альбомыма алғысөз
Бұл альбом толған менің суреттерім,
Бір беттерін жыртпағын, кірлетпегін.
Мұндағы суретімнің көбі нашар,
Сонда да көңіл үшін құрметтегін!
Менің сұлу, сымбатты мүсінім… көр!
Ал мұнда сәтсіз шыққан түсірулер.
Қисық аяқ, безеу бет мұның бәрі
Аппараттың кінәсі… түсініңдер!
Бірде арық түсіппін, бірде толық,
Бірде күліп түсіппін, бірде тоңып.
Шаш ұйысқан, бірінде ауыз ашық,
Ұяламын өзім де күнде көріп.
Мен өзімді тұрғам жоқ текке бұлдап,
Жақсы деп мойындай сал еппен ымдап.
Шынайы болмысымды баяндайтын
Көп суретті сендейлер кеткен ұрлап.
Альбом саған ашылды айқаралы,
Түсінген жан ішінен ой табады.
Мені қалай сыйларың бұл жинақты,
Қалайша көргеніңнен байқалады!
«Гламурный» қызға
«Ақын тағдыры қиын трюк қой,
Үй жағдайында қайталамаңдар!».
Б.Әшірбаев.
Жапырақ байлап жүретін заман,
Бүгінгіден сәл тәуірлеу ме еді?..
Кіндік пен етек түретін жаман
Әдет бар туған дәуірлеудегі.
Қарындас тоқта, сөзіңді бөлем,
Бастасаң жаман әлден үйтуді.
Ашық та шашық өзіңнің денең,
Киіндіріпсің қанден итіңді.
Батысқа ауып іңкәрің еркем,
Алыпты жаулап Голливуд деген.
Сен бұлай етсең ұрпағың ертең
Жүретін шығар «голый» бұтпенен.
Ескертсе біреу шақ етесің-ау,
Шайпауыз, шаһар тоқалдан әрмен.
Ұятың қайда, а көкешім-ау,
Қазақ қыз сұлу атанған армен?!
Тыртитпай тәнді киіндіріп қой,
Бұзып кетеді сайтан адамдар.
Қатын тағдыры қиын трюк қой,
Қыз жағдайында қайталамаңдар!
Теледидар
Отбасымен телміретін түн болса,
Көрсеткеннен көп болатын әлегі.
Түзелмейтін төбесінен ұрмаса
Үйде ескі теледидар бар еді.
Сол жәшіктен жаңалықтар тыңдаса,
Қам көңлінің кіретіндей жан емі.
Төсек тартып жатып қалған жылға аса,
Атам марқұм өте зерек шал еді.
Бір арнадан аудармаса жалығар,
Қайдан болсын онда қолға түсер пульт.
Суырмадан кемпірауыз табылар,
Ол болмаса қолдан соққан кісен кілт.
Бір немере кісен кілтті сұғатын,
Бір немере сыртқы антенді бұратын.
Бір немере белгі беріп тұратын,
Бірі төпеп көк жәшікті ұратын.
Жаңасынан сатып алу бір уайым,
Қиын шақта түсіп берер кім атын.
«Рекорд» деген сол көк жәшік күн сайын,
Соққы алудан рекорд жасап шығатын.
Экраны болды күйіп, қара шыт,
Бақи жаққа бет бұрарда көрермен.
Атам біздің жайымызға жаны ашып,
Құдай ұрсын десе керек төбеңнен!
Жаңылтпаштар
Баспасөздің басындағылар бас-басы «қоспасөз» бен босқа кезген қашпасөзден басқа сөзді баспасөз бетіне баспаса несі баспасөз?
***
Қалың қауым сақ, қарақты
Жер сатуды жақтамапты.
Жердің дауы нақ талапты
Премьерді «тақтан» атты.
Ақпаратты БАҚ таратты.
***
Көрші үйдің тойға кеткенін айтып,
Баласы Қайқаңкүлге ым қылды.
Қайқаңкүл төңірекке білдірмей жүріп,
Көршісінің құртын, ағын қымқырды.
Үйдегі кішкентайларын алдап соғып,
Матасымен жылтырағын жымқырды.
Алғаш жүрегі дүрсілдеп еді,
Артынан ажары құлпырды.
Бірақ көршісі тойдан келгенде,
Екі жақ та бір-біріне жұлқынды.
Тамақтары қарлыққанша қылқынды.
Әйелдерінің беті тырналып.
Күйеулерінің жағасы жыртылды!
Екі сағаттан соң шу тынды.
Екі менттің қалталарында,
Екі жылқылық пұл тұрды…
…Бір-бірінен қарпып қалатын,
Біздің қоғам біртүрлі!