Медициналық сақтандыру – әркімнің жауапкершілігін арттырады
15.09.2017
1194
0

Мөлдір ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ,
Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналды кәсіпорны, «Қалалық ревматология орталығы», Ақылы бөлімшесінің аға мейірбикесі.


Алғаш Қазақстан Республикасында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу қажеттілігі «Институттық реформаларды жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» жоспары мен Елбасының 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында анықталған еді. Ал 2015 жылдың қараша айында елімізде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заң қабылданған болатын.

Үстіміздегі жылдың 31 қаңтарында Елбасы Н.Назарбаев халыққа «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын арнағаны белгілі. Сол Жолдауда биыл 1 шілдеден бастап мемлекет пен жұмыс берушінің және азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу туралы тапсырма берілді.
Анығында медициналық сақтандыру – халық пен жұмыс берушілер үшін денсаулық сақтау жүйесінің тиімді модельдерінің бірі болып табылады. Ол азаматтардың медициналық көмекті кеңінен алуына мүмкіндік береді. Сондықтан дамыған елдер бұл жүйені кеңінен қолданып келеді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі негізінде мемлекеттің барлық азаматтарына медициналық көмектің негізгі ең төменгі жиынтығы немесе тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі ұсынылады.
Қазіргі жаһандану кезеңінде әр сала мамандарының тек қана бәсекеге қабілеттілігі мен білім-білігі емес, денінің саулығы мен салауатты өмір салтын ұстануы өте маңызды. Сондықтан бұдан былайғы уақытта азаматтардың денсаулығына тек мемлекет қана алаңдап қоймай, жұмыс берушілер де қызығушылық танытуы тиіс. Себебі, өнімді еңбек, табысты кәсіп үшін қызметкерлердің тек жаны ғана емес, тәні де сау болуы басты мәселе. Барлық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қолданылатын елдерде жұмыс берушілер еңбекақы төлеу қорынан 3%-дан 15%-ға дейінгі мөлшерде жарна төлейді.
Нақты бір кәсіпорнында жұмыс істейтін немесе жеке бір кәсіппен айналысатын азамат жарнаны өзінің табысынан аударатын болады. Әлемдік тәжірибеде егер азамат жалдамалы жұмыскер болса, онда оның аударым көлемі еңбекақыдан 1%-дан 8,2%-ға дейінгі аралықты құрайды. Ал егер жеке кәсіпкер болса, онда өзі көрсеткен кірістен (ең төменгі еңбекақыдан төмен болмауға тиіс) 7%-дан 15,5%-ға дейінгі аралықта жарна төлейді деп күтілуде.
Елімізде енді ғана қолға алынып жатқандықтан көп адамды медициналық сақтандырудың жаңа жүйесі халыққа несімен тиімді деген сауал мазалауы заңды.
Бұл ең алдымен еліміздің кез келген азаматына емделуді қолжетімді етеді. Яғни сіз кез келген мемлекеттік және мемлекеттік емес клиникаларда медициналық көмек ала аласыз. Бұл жерде сізге медициналық көмектің барлық түрлері көрсетіледі. Мұнда кеткен шығындарды Қор төлейді.
Қор медициналық ұйымдарды іріктеуді өзі қадағалайды. Сондықтан әр клиника сізге жоғары білікті медициналық көмек көрсетуге өзі-ақ мүдделі болады. Себебі, ауруханалар мен емханаларға көрсеткен сапалы медициналық қызмет үшін қаражатты Қор аударып отырады. Яғни олардың дұрыс қызмет көрсетуін қатаң бақылауға алады деген сөз.
Бұл жүйенің тағы бір тиімді тұсы – дәрі-дәрмектердің кей түрінің тегін, ал кей түрінің қолжетімді бағада болатыны. Сіздің мемлекет белгілеген ауру түрлері бойынша дәрілік заттарды тегін алуға құқығыңыз бар. Сіз бұл дәрілік заттарды еліміздің кез келген дәріханаларынан ала аласыз және олар бұл дәрілердің сапасы мен қауіпсіздігіне жауапты болады. Ал дәріхана қызметтеріне ақы төлеуді Қор өз міндетіне алады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – сіздің құқығыңыз бен мүддеңіздің дұрыс қорғалуын қамтамасыз ететін бірден-бір жүйе. Егер Сіз емделген кезде қызмет сапасы төмен болса немесе сізді емдеуден бас тартып жатса, бірден Қорға жүгіне аласыз. Қор Сіздің құқығыңыз бен мүддеңізді қорғайды. Сіздің өтінішіңіз бойынша тексерулер жүргізіп, шаралар қолданылады.
Осы жүйе елімізде жаппай енгізіліп, дұрыс жолға қойылғаннан кейін, кез келген азамат өз денсаулығы жайында толық мәлімет ала алатын болады. Себебі, енді жаңа электронды денсаулық сақтау жүйесі ұйымдастырылмақ. Соның шеңберінде әркімнің жеке кабинеті болады. Бұл жерде сіздің емханаға келгеніңіз, стационарда емделгеніңіз, зерттеулер қорытындысы, анализдеріңіз, дәрігерлердің қорытындысы мен ұсыныстары туралы барлық ақпараттар болады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір