Астанада ЕХРО 2017 көрмесінің аясында Қайрат Сүгірбеков атындағы жас режиссерлердің І форум фестивалі өтті
Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ
Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі мен Театр қайраткерлері Ассоциациясының бастамасы өмірден ерте озған режиссердің шығармашылық мұрасына деген ізет және республикадағы жас режиссерлердің тәжірибе алмасуына алаң ретінде қарастырылса керек.Қайрат Сүгірбековтің есімі қазақ театрында жаңашылдықтың, көркемдік ізденістердің синонимі, интеллектуалдық, ақыл-ой театрының, символдық бейнелеудің синонимі. Небәрі он жыл театрдағы өмірінде ол М.Жұмабаевтың “Шолпанның күнәсі” (сахналық нұсқасы Ә.Таразидікі), Ж.Аймауытовтың “Ғашықтық дерті” (“Күнікейдің жазығы”, сахналық нұсқасы Р.Қараеванікі), Т.Әлімқұловтың “Қош бол, Қара Ой”, Ф.Кафканың “Құбылыс”, Д.Амантайдың “Қоңыр мұң”, Г.Ибсеннің “Қуыршақ үй”, Б.Мұқаидың “Өмірзая”, У.Шекспирдің “Ақсақал” (“Король Лир”), Ғ.Мүсіреповтің “Махаббат дастаны”сияқты көптеген шығармаларды сахналап, новаторлық шешімдерімен есте қалған-ды. Әрине, театрға қадам басқан әр режиссерден Сүгірбеков бола қал деп талап ете алмайсыз. Бірақ жаңа буын бұлшық еттерімен ойнай бастаған кезеңде олардың бағыт-бағдарын електен өткізетін уақыт жеткендей. Бұл міндетті режиссер А.Маемиров, театртанушы А.Еркебай, режиссер Г.Мерғалиева, актер Д.Ақмолда, театртанушы М.Әбілден жинақталған қазылар алқасы мен грузиялық театр режиссері Г.Маргинашвили мен сыншы Ә.Бөпежановадан тұратын сарапшылар алқасы мойнына алды.
Фестивальге драма және қуыршақ театрларынан он үш шығарма қатысты. Шартты түрде үш топқа біріктірсек, суреткерлік позициясы айқын, пьесаны қорытып, өз интерпретациясын ұсынған туындылар да, әлсіз драматургияның өзін тың көзқараспен әкелуге тырысқан ізденістер де, әлі де жұмыс істеуді қажет ететін, шикілеу жұмыстар да кездесті. Қара үзіп шыққан Е.Нұрсұлтанның “Қас қағымы” (Ж.Ерғалиев, М.Әуезов театры), бірінші және екінші орындарды иеленген Г.Қамысбаеваның “Мәңгүрті” (Ш.Айтматов, Атырау облыстық театры) мен Д.Құнанбайдың “Федрасы” (Ж.Расин, А.И. театры) сөзсіз, соның алғашқысына жатады.Жә, бәрін рет-ретімен баяндайық.
“Қас-қағым”
М.Әуезов театрында сахналанған Ж.Ерғалиевтің “Қас-қағым” метафизикалық трагедиясы режиссер Елік Нұрсұлтанның материалмен, актерлермен, сценографиямен жіті жұмысының нәтижесі. Қойылым бір-біріне ұқсамайтын, әр жанрда, әр стильде шешілген төрт бөлімнен тұрады. Десе де, олардың ешқайсысы бос емес. Батыстық заманауи театрда этюдтер мен мизансценалардағы жанрлық, стильдік әртүрлілік – шартты прогрессивті эстетиканың үйреншікті ұғымына айналған. Бүтіндік – қойылымның түпкі идеясында. “Қас-қағым” да түрлі, өзінше бағалы идеяларды суыртпақтап отырып, негізгі ұстанымынан айнымайды.Бірінші перде психологиялық ширығыспен басталып, романтикалық сарында шешіледі. Психиатриялық клиникадағы науқас Жазираның (З.Кәрменова) дерті – махаббатқа сенбейтіні.Сол да дерт пе екен дерсіз. Жындыханаға бармайтыны болмаса, қазір адамдардың көбі махаббатқа сенбейді. Бірақ Кәрменованың аласұрған әрекетінен “Махаббатсыз өмір сүруге болмайды!” деген жанайқайды естисіз. Жазира абдыраған науқастан қылықты қызға, Сәбит (А.Сұрапбаев) салқынқанды дәрігерден ғашық жігітке айналып, көз алдыңызда өзгеріп сала береді. А.Сұрапбаев сахнадан аянбайтын эмоционалдық жанкештілігімен, З.Кәрменова жүйкесімен ойнайтын сұңғылалығымен актерлік табыстарға жеткен. Екінші пердеде Жазираның мансапқор әкесі
(А.Боранбай) мен дәрменсіз шешесі (психологиялық дәлме-дәл рөл жасаған Д.Жүсіп) құда күтеді. Бұл көрініске қоғамдағы жағымпаздық пен мақтаншылдықты сатиралық мергендікпен әшкерелеу тән. Бас құда, лауазымды Райбек Әлімұлының (А.Бектемір) басына қызды-қыздымен картинаның жақтауын кигізе салу, бүгінгі мақтап-қолпаштап, тірі адамнан культ жасаудың айнасы. Сәл кейінірек, Жазираны сол рамкаға кіргізіп алып билететіні де қыздың лауазым тұтқыны болып бара жатқанын бейнелі түрде жеткізеді. Осы және өзге детальдар Е.Нұрсұлтанның ізденімпаздығын дәлелдейді. Үшінші бөлімде Сәбит түрмеде. Аяп тұрып аямайтын Тергеуші (Ібіліс тектес күшті образ жасаған К.Тұрғынбекқызы) мен есуастығына сеніп және сенбейтін Сәбит біраз ырғасады. Енді Сәбит не науқас, не Жазираны өлтірген қылмыскер, не осының екеуі де. Оны бұл кейіпке түсірген, ғашықтық қана емес, жалғыздық, жарлылық пен жетімдік. Ол қол созған әлемде бай байға ғана құяды, ал кедейлер құрбан болады.Спектакль, “адам деген рухани жаратылыс, сезіміне мұрсат беріңдер” және “адам деген дүниеқор, “боқтың қабы” деген екі ойдың шайқас алаңы. Ал ең соңғы пердеде (перде деген де шартты, өйткені сахна қас-қағымда өзгереді), Сәбиттен басқа кейіпкерлерді дәрігер бейнесінде қайта көресіз. Осыған дейінгінің бәрі пациент Сәбиттің қиялының жемісі екен. Осындай оқыс шешімдер, “Қас-қағымның” түпнұсқадан мүлдем бөлек, қойылым тобы мен режиссер қиялымен толықтырылған жаңа кейпін ұсынады. Қойылымның метафизикалық трагедия болатыны да содан, бүгінгі күн туралы уытты сөйлеп отырып, мәңгілік сұрақтарды қояды: Дүние деген не өзі? Мүмкін, бір есалаңның қас-қағымдағы қиялы ғана шығар? Мүмкін, бәріміз біреудің түсінде ғана жүрген шығармыз? Дәрігер деп жүргендер науқас, жынды деп жүргеніміз сау, сау деп жүргеніміз есалаң шығар? Финал ашық, көрермен өзі үшін өзі таңдайды. Қорыта келгенде, бұл – эмоционалдық шырқау мен шыңырауларға толы, үздіксіз өсу, өзгеру үстіндегі, сандырақтаған жанның кіресілі-шығасылы есі, ширыққан жүйкесі сияқты, сезім іздеген қыздың сыздаған жүрегі сияқты көпқырлы қойылым.
“Мәңгүрт”
М.Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық қазақ драма театры мен режиссер Гүлназ Қамысбаева Ш.Айтматовтың “Ғасырдан да ұзақ күн” романы бойынша “Мәңгүрт” драмасын ұсынды. Инсценировка ықшам, қойылымның сахналық шешімі ойлы, талғамды, жаңашыл. Сахналық классикаға айналған шығармаға жүрегі дауалап бару және өзгелерді қайталамай қою, өзінше жол табу үлкен суреткерлік қарымды талап етеді. Бұрыннан таныс мизансценалар басқаша шешіледі, таныс кейіпкерлер басқаша бояуларға ие болады. Бір актер бірнеше кейіпкерді ойнап жүреді. Бұл кездейсоқтық емес, ол арқылы уақыт бірлігіндегі тағдырлардың жалғастығы жеткізілген. Мәңгүрттік идеясының сахналық шешімі қызықты, мәңгүрт киген мөшекті Едіге заманында өзгелер де киіп жүргені, мәңгүрттер қазір де толып жүр деген ойды шешен жеткізеді. Сахналық кеңістік кәсібилікпен меңгерілген (суретші Т.Қоесов). Ал ұлттық сарында жазылған музыкалық партитурасы (композитор Б.Ақтаев) мен оның сол сахнада орындалуы спектакльдің айтар ойын тереңдетіп тұр. Қысқасын айтқанда, “Ғасырдан да ұзақ күн” биігінен аласармай, жаңа қырынан ашылған.
“Федра”
Режиссер Дина Құнанбай А.И.театрында қойған Ж.Расиннің “Федрасын” ұсынды. Бұл – өзінің өгей ұлына ғашық болатын патшайымның трагедиясы. Бірден байқалатыны, қойылымда театр және стиль сезінісі бар. Пьеса кесілген, бірақ негізгі идеяға нұқсан келмеген, Ө.Ахметтің аудармасы соңғы кезде сирек кездесетін сәтті тәржіма. Кейіпкерлер қысқартылған, сахнада Федраның өзі мен ол ынтық Ипполит қана бар, бірақ толыққанды драмалық линиясы сақталған, тіпті күрделене түскен. Федраның трагедиясы – өгей ұлға деген қарғыстекті құмарлық қана емес, ар мен ұят азабы, құлаған абырой. Осы қақтығысты режиссер сезімталдықпен түсініп, ширата түседі. Тесейдің өзі емес, Тесей жамылғысында Ипполит келеді. Сондықтан жаңа ғана ант-су ішіп жатқан Федра бір сәтте-ақ Ипполитті Тесейге емес, Ипполитті Ипполитке жығып бергені, оның тағы бір масқарасы. Энонаның Федрамен бірігіп кетіп, Федраның ішінен сөйлеуі кейіпкер психологиясын ширатып тұрған көркем қисын. Адам, әдетте, өзін-өзі көндіріп, өзін-өзі алдайды: жаза басқаның үшін жауапкершілікті өзгеге арта алмайсыз. Бәрі – ішіне періште де, сайтан да сыятын бір ғана адамның арпалысы. Осы арпалысты ҚР еңбек сіңірген қайраткері А.Бермұхамбетова келісті сомдап, Ә.Бөпежанова бағалағандай, трагикалық актриса ретінде “туылды”. Сезімтал, пластикасы мықты актер О.Жақыпбек те Ипполит ролінде өзін жаңа қырынан танытты. Балетмейстер Ш.Мұстафинаның орындауындағы қойылымның пластикалық шешімі де жаңашылдығымен қуантты.
Д.Құнанбай қара бояуларға, сценографиядағы минимализм мен символикалық экспрессивті, кейді натуралистік шешімдерге ыңғай беріп тұрады. Оның жиі айналып соғатын визуалдық стилі мен эстетикалық позициясы бар. Әрине, қолданылған көп әдістер бұрын да, көбінде Ресей сахнасында болғанын театралдар біліп отыр. Алайда, Адамның жаны зерттеліп, астары сөгіліп жатқанда оған басқа режиссерлерден алынған әдістерді (тауықты да, балықты да, басқаны да) кешіруге болады.
“Шапан”
Н.Гогольдің “Шинелін” қуыршақ театрынан көру оқыс болмаса да, оқиға болды. “Алақайлықтар”, режиссер Мейрам Хабиболла мен суретші Әсия Құрманалина шапан идеясының ұтымды көркемдік шешімін тапқан. Зорайып кеткен бассыз шапандар мен олардың тізесінен ғана келетін Акакий Акакиевичті (Д.Балапанов) шендестіру арқылы кішкентай адам бейнесіне акцент жасалады. Оның қоқысқа лақтырылған қалбырлардан жасалғаны да, қоғамдағы кішкентай адамдардың орнын меңзеп тұр. “Шапандағы” трагедия, жаңа шапан алғанда сол Акакий кенет өзгеріп, өзгелермен теңесіп шыға келеді. Бұл шапан, лауазым, статус – адамның өзінен анағұрлым маңызды болып кеткенін батыра айтады. Спектакльдің көп сөзі жоқ, ара-тұра аһылап-үһілеуімен және сахнадағы (кейде тым көп қайталанатын) әрекеттерімен-ақ айтары айтылды. Қазылар алқасының төрағасы А.Маемиров атап өткендей, шапандардың әрқайсысына өзіндік мінез табуға ұмтылыс қана жетіңкіремеді.
“Қасірет”
Фархад Молдағалиев С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театрында қойған Р.Отарбаевтың “Қасірет” драмасын ұсынды. Түпнұсқада “Нашақор новелласы”, қазақ театрларында жиі қойылатын шығарма Молдағалиев оқуында басқаша шешілген екен. Қарамен көмкерілген сахна, ондағы табан іздері, бір матадан ықшамдап пішілген киімдер көрермен зейінін әрекеттің өзіне емес, мағынасына бұрып тұр. Г.Мерғалиева атап өткендей, нашақорлық тәуелділік шашылып жатқан инелермен емес, саф сахналық әдістермен шешілген: қара арқан жібермейді. Әр адамның өз қасіретін көтеріп жүретіні сияқты, әркім өз құлпытасын арқалап келетіні айтары мол шешім. Осындай ауанда көбірек жұмыс істеген режиссер кейіпкерлердің қарым қатынастарындағы нәзік жіпті босаңсытып алғандай. Кейбір бейнелер тым тікелей шешілген (Шеф), кейбірі әсіре айқайға салынады (Камила), кейбірі сезімсіз, диктор үнмен сөйлейді (Тоғжан), ал кейбірінің (Көрші) кім екені мүлде түсініксіз… Соған қарамастан, жалпы алғанда, бұл тұрмыстық ыңғайда шешіліп жүрген пьесаны тұрмыстан биіктетіп, символикалық мән-мағына дарытуға, өзінше форма табуға деген талпыныс ретінде есте қалды.
“Алдамшы үміт”
Фархатбек Қанафин Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрында қойған “Алдамшы үміт” драмасын әкелді. Жас драматург Қ.Мұраттың шығармасы заманауи тақырыпта болғанымен, үйреншікті публицистикалық сарында шешілмегені қуантты. Пьесада баласынан бас тартқан әйелді жалаң айыптау емес, одан да үміт күту, оның да жанын түсіндіруге деген талпыныс бар. Режиссер жаңашыл әдістерді пайдаланғысы келеді, бірақ түпкі мақсатына жете бермейді. Мысалы, сахнадан тікелей трансляция идеясы қызық болғанымен, толық ақталып тұрған жоқ. Сол сияқты, мұнда тұрмыстық қатынастарды эпикалық театрдың әдістерімен ірілендіруге талпыныс бар. Еріксіз Й.Вайткустың М.Горький атындағы орыс театрында қойған “Язычники” (А.Яблонская) драмасы еске түседі. Вайткуста бұл отбасындағы адамдардың бір-бірінен алыстап кеткенін апат деңгейіне көтеретін режиссерлік тәсіл.“Алдамшы үмітте”сол талап етіледі, бірақ кей актерлердің ішкі қуаты да, органикасы да оған жетпей жатыр. Бір-бірін естімейтін, көрмейтін адамдардың жалған қатынастарын жанды актерден гөрі жансыз айналар шешенірек жеткізіп тұр. Үн пластикасы, мағыналы сөз аздық етті және оған тақыл-тұқыл драматургияның өзі мүмкіндік бере қоймағандай. Жас Айша мен Күйеуінің линиясы штампты шешілген: тағдыр кешкен адамдар, студенттер сияқты секеңдейді.Қысқасын айтқанда, атауы дұрыс табылған: шығармадағы жаңашылдық, ізденіс ұшқындары алдамшы үміт сияқты.
“Жер мен көктің арасы”
Астана Жастар театры мен Дәурен Серғазин М.Левидің “Жер мен көктің арасы” драмасын ұсынды. Суретші Е.Тұяқов таңдаған бояулар үйлесімі, тап-таза сахна қойылым органикасына қызмет етіп тұр, А.Бораншы қойған хореография өте дәл орындалады, грек композиторы Яннидің аспаптық музыкасы да шығарма рухына үйлесіп тұр. Достардың қарым-қатынасынан күлкілі ноталар тапқан Ж.Батай мен Д.Серғазин қойылымды жандандыра түскен. Комедиялық ситуацияның ойналып кетуіне
А.Жүсіпбекова жағдай жасаған. Бұл қойылым Серғазиннің – Нұрқанат Жақыпбайдың шәкірті ғана емес, рухани мұрагері екенін де аңғартты. Дәурен барда Жақыпбай театры жасай береді, сабақтастық үзілмейді деп үміттенуге болады. Бұл жеңілдігі қауырсындай әсем қойылым. Көзіңді аймалайды, аялайды, бірақ аһ ұрғызып, жалын жұттырмайды, қорғасындай ой да қалдырмайды. Әлбетте, мұндай қойылымдардың да өмір сүруге қақысы бар.
“Қымбатты Елена Сергеевна”
Шығыс Қазақстан облыстық Жастар театры, режиссер Айдын Салбанов Л.Разумовскаяның “Қымбатты Елена Сергеевна” драмасын әкелген екен. Қойылым мұғалімге алдымен күліп келіп, кейін баға талап ететін, гүл беріп, тас жасырған жастар туралы. Шығарманы өз деңгейінде қабылдауға уақыт кеңістігінің бұлдырлығы (кеше ме, бүгін бе?) және сахналық әрекеттің темпоритмін таба алмағаны кедергі келтіреді. Г.Маргинашвили байқағандай, актерлер сахнаға шыға сала жоғарғы ноталармен бастап, оқиғаның өсу процесінен айырылып қалып жатты. Сценографиялық шешім иллюстрациялық (ескі шкафтар мен төсек, дастархан) және символикалық (доп, құм, су, мүсін, қалғанының бәрі) мағыналарда қатар қолданылған, бірақ осы екеуі бір қазанға сыймай, тіресіп, сіресіп, сахнаны ыбырсытып тұрғандай әсер қалдырады. Кейіпкерлер суға малшынып, құмға аунап, қойылым аяғына дейін былғанады (бұл олардың рухани былғануы). Былғанғысы келмеген Елена Сергеевна батып кетеді (үмітсіздік). Балалардың қойнына бір-бір тастан көтеріп әкелуі (“Ақырзаман жастары, қойнында бір бір тастары”) немесе Елена Сергеевнаның балшықтан бала соғуы (балаларға деген сүйіспеншілігі, жақсылыққа деген сенімі, ана болуға деген құштарлығы) да әр түрлі ойларға жетелейді. Бірақ режиссерге өзін тежей білу, кей тұста керексізді сылып, керектіге акцент қоя білуді үйрену керек сияқты.
“Ылдиға жол”
Болат Абдрахманов Ж.Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық академиялық қазақ драма театрында қойған О.Богаевтың “Ылдиға жол” пәлсапалық әпсанасын әкелген екен. Көлікпен келе жатқан екеу кісі (Періште) қағады да, көмек көрсетпеуге мың себеп тауып, оны жолда қалдырады. Осы эпизод түрлі жастағы, түрлі мамандық иелерінің басынан қайталана береді. Алғашқы екі эпизодтан кейін-ақ финалды әкеліп жапсырса да, көрермен ештеңе жоғалтпайтындай. Өйткені, оқиға ғана айна қатесіз қайталанбайды, кейіпкерлер тарапынан ситуацияны бағалау, айтылатын сөздер мен әрекеттер, шешім де бірдей. Актерлердің бәрі бір ғана рөлде жүргендей: өсу жоқ. Сондықтан ба екен, қайсыбір тұсына келгенде көрермен “бұл қашан бітеді?” деп тағатсыздана бастайды. Дарақы қылық, айқайласып, шылым шегіп, бірін-бірі жұлқылап, тепкілеп, домалап жүрген кейіпкерлердің әрекеті сахна эстетикасы жайлы ойландырмай қоймайды. Соңғы эпизодтағы қос Қария мен Періштенің (М.Тауасар) сипаты бөлек. Бірақ алдыңғылары органикасымен есте қалса, соңғысы сахнаға шығудағы мақсатын айқындап алмағандай. Ал сценография, тартымды болса да оқиғаның орнын көрсетуші функциясынан аса алмаған. Режиссер Б.Абдрахмановқа көркемдік шешімдерге ұмтыла түсу керектігі анық, дәл осы күйінде шығарма театралды попса ретінде қабылданады.“Махаббат хаттары” А.Гернидің “Махаббат хаттары” шыққан ортасы, темпераменті, өмірлік мақсаты екі түрлі екі адамның, бірінің құлдырау, екіншісінің шарықтау тарихы және араларында көктей өткен махаббат хикаясы. Театртанушы А.Еркебай атап өткендей, бұл сирек кездесетін эпистолярлық жанрда жазылуымен қызық шығарма. Алайда, Ғ.Мүсірепов театры ұсынған Жұлдызбек Жұманбайдың “Хаттары” актерлік бенефис қана болып шықты. Жағымды музыка таңдалғанымен, сценография актерлерге көмектеспейді. Қазылар алқасы байқағандай, режиссердің қолы, жүрегі, ақылы мен қойылым жасауға деген ниетін мұнда менмұндалап тұрмады.
“Құлыншақ пен Бөлтірік”
Алматы Қуыршақ театры мен режиссер Р.Жаныаманов Ж.Омаровтың “Құлыншақ пен бөлтірік” ертегісін ұсынды. Қазылар алқасының мүшесі, театртанушы
А.Еркебай туындының тәрбиелік тұрғыдан кейбір орынсыздау тұстары мен заманауи қабылдау тұрғысынан кейбір орынды шешімдерін әдемі жеткізді. Жалпы алғанда, сценографияда кейбір тапқырлықтар болғанымен, музыкалық әртүрлілік: күй мен эстрада, рэп пен ауыр рок қойылымның өз ырғағын табуына септеспей тұр.
“Орындықтар”
Алмас Ахметбеков Ақмола облыстық орыс драма театрында қойылған Э.Ионесконың “Орындықтарын” ұсынды. Бұл – бір адамның зая кеткен өмірі, ол туралы айтқысы келетін мағынасыз әрекеті жайлы шығарма. Адам бұл баянсыз дүниеге мағына іздеп келіп, өзін-өзі алдаумен өтіп кетеді, көрермен де, сот та, Құдай да жоқ деген, беймаза ой қалдырса керек еді. Бірақ абсурдты диалогтар, абсурдты ситуация және одан шығатын мағына бар да, сол деңгейдегі сахналық шешім, абсурдтық сезініс тұрғысынан ойлана түсу керек сияқты.
“Синдром МНИП”
Ә.Өмірбекұлы республикалық академиялық неміс драма театрында сахналаған “Синдром MNIP” (Я.Фридрих) фантазиясын ұсынды. Оқиға Питер Пен болуды армандайтын бала, оның інісі мен дос қызы жайлы. Бұл қазақы шығарма емес, бірақ кейіпкер ұмтылыстары қазақ жастарына да жақын. Ол да үлкендердің ережелерін қабылдағысы келмейді, кейде қиял әлеміне тығылады,кейде ашық қарсылық білдіреді. Алғашқы көріністен-ақ, сахнаға шыққан жас актерлер өте дәл қойылған мизансценаларымен, өз рөлдерін сезініп, сеніп ойнауымен есте қалды. Минималистік мәнерде шешілген сахна да, мінезді костюмдер де орынды. Қойылымда нүкте жетіспегендей болса да, балалық атмосферасы бар.
Театр фестивалі ылғи да қызық. Өйткені, көбінде жанры, бағыты, көркемдік қуаты жай ғана әр түрлі емес, жер мен көктей шығармалар келіп жатады. Бұл фестиваль ерекше қызық, өйткені бірен-сараны болмаса, көп фестивальдерге бара бермейтін жұмыстар қатысты. Бірақ мұндай фестивальдер талғам қалыптастыруға, жастардың бір-бірінен үйреніп, бірін-бірі, өздерін-өздері қамшылауға түрткі болса деген ниет орындалғандай. Әлсіз драматургияның салқыны жас режиссерлерге көбірек тиеді, өйткені, тапсырысымен қойылатын дүниелер де алдымен жастарға міндеттеледі. Алайда, сол шеңбердің өзінде жаңашыл шешімдерге ұмтылыстар, тұрмыстық дүниені тұрмыстан биіктетуге деген талпыныстар бар, бірі орынды, бірі орынсыз, бірі сәтті, бірі сәтсіз. Бірақ ізденіс бар. Ұйымдастырушылардың санауынша, Қазақстанда жасы отыз беске дейінгі қырыққа жуық режиссер спектакль қойып жүр екен. Бұл – бүтін бір толқын, жапырып жібермесе де, “біз бармыз!” деп дауыстап айта алатын толқын.