«Мен – Сенмін ғой, Өзіңмін ғой, қарашы!..»
15.09.2017
3524
2

Бақытжан АЛДИЯР


Біртүрлі өлең

«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін…».

        (Абай).

Мен бір өлең жазайын ермек үшін,

Өлеңді Алла ермек қып бергені шын.

Қорегімді жел сөзден бұйыртқасын,

Өлеңіңді жаза алмас мен бе кісің?!

 

Мен бір өлең жазайын ермек қылып,

Ермек қылып, жаныма шер бөктіріп.

Базбіреуше қайтемін терлеп, бұғып?!

Сезімімді жазамын жерлеп тұрып.

 

Шөңге де өлең, шөп те өлең жаза алғанға,

Жазмыш осы, жетпейміз таза арманға.

Ғазалыңды төгерсің қағазыңа,

Ажалыңның өңі кеп сазарғанда.

 

Бір басыма жиылған он сан өнер,

Он сан өнер басқаға қонса – көрер…

Мен өлеңді жазбас ем, жаздырар ем,

Құнанбайдың баласы болсам егер.

 

Әкем – болыс, біздіңше – «обл. әкім»

Болса егер де, жар таппай соғылатын,

Шалқып басып жүрер ем Оңтүстікте,

Қалың Дулат, қасымда Қоңыратым.

 

Соттамас ед… ел сонда бастық-ау деп,

Оттамас ед… салынбай тас бұғау кеп.

Дар ағашын көргендей жауым шошып,

Қара басым болар ем қасқыр әулет.

 

Жаздырар ем өлеңді, жазбас едім,

Көктемде – сал қасымда, жазда – серім.

Анам бірақ күбірлеп қояр еді:

«Сотталғаның, Бақытжан, аз ба сенің?!».

 

Әке-шешем мұғалім қатардағы,

Болыс болу – олардың жат арманы.

Қызып кетсем ғафу ет, оқырманым,

Қызыл күн де, мен де бір батардағы.

 

Қызыл күн де, мен де бір батардағы,

Бақытжанның есімі аталғалы –

Шыр-пыр болып безеді бар шенеунік

Шымкент дейтін осынау шаһардағы.

 

Мен Құнанбай бола алман, Абай да емен,

Абай құсап жазбадым арайлы өлең.

Ермек үшін жыр жазсам…  

Жұрт тыңдайды,

Соған мәз боп артыма қарай берем.

 

Осы өлеңді жазып ем ермек үшін,

Ел билеген бір ағам терледі шын.

…Біздің халық бұл да бір қызық халық,

Көрге тықпай тынбайтын Жердегісін…

 39-дағы жыр

Қырыққа келе жатырмын,

Құрықтан қашқан батырмын.

Ырыққа көнбес ақынмын,

Құдықта жатқан Ақылмын.

 

Ақынмын және жындылау,

Пақырмын және мұңдылау,

Жазғаным менің сұңғыла-ау,

Жазғыра көрме, құрбым-ау.

 

Не барын білем онда мен,

Бір ғасыр бұрын болған ем.

Қасым бар жүрген жорғамен,

Досым бар жүрген дорбамен.

 

Қырық жас – қырғын жоспарлар,

Көзімнен кейбір жас парлар –

Пұл сұрап жүрген бастар бар,

Ұл сұрап жүрген достар бар.

 

Мен көріп қойғам қырқыңды,

Келтірер жай көп күлкіңді.

Әкім бар онда шалалау,

Ақын бар және «біртүрлі».

 

Билетпес ішкі ырқыңды,

Қырықтағы көргем жұртымды.

Арақты қойған досым бар,

Һәм қойған қыз бен қырқынды.

 

Шөліңді бірге басатын,

Азырақ онда дос ақын.

Шегебай жолдас бар онда,

Шардара жақтан «қашатын».

 

Қырықтың құлаш арқаны,

Құтырсаң кері тартады.

Талғаммен ғана жазатын

Талғаттай досым бар тағы.

 

«Қарағандыдай ғаламда

қала жоқ» дейтін табанда,

Тырысқан күнде маңдайы

Руслан Нұрбай бар онда.

 

Қара өлең болған азығы,

Қағылездігі – жазығы.

Дәурені қырықта жүреді

Дәуреннің Берікқажыұлы.

 

Жазбаға келген айтыстан,

Жанарын кейде жай қысқан,

Бекжан бар онда жүретін

Шығар деп бізді қай тұстан.

 

Демеңіз мұның бәрі аға,

Қызығың қызсыз бола ма?!

Жұлдыздай жүрген жарқырап

Бір қыз бар тағы арада.

 

Татарға тартқан пішіні,

Таңдантып қояр кісіні.

Мұратхан дос та жүр сонда,

Майысып мәйін мүсіні.

 

Ұрыншақ мынау фәниде

Ұқсаймыз біздер сәбиге.

Не айтар дейсіз мен жайлы,

Мықтысы өзім, әрине…

 

Бір қауым елміз онда біз,

Ой менен қырлы жолдамыз.

Ойымда – біреу, мойында –

Қара өлең толы дорбамыз.

 

Қырыққа келген Барыстар,

Барыстарыңда намыс бар.

Намысың үшін нан ұстар,

Қазағың үшін қан ұстар.

 

Ай, мен көргенмін қырқыңды,

Қайтерміз құдық-құлқынды?!

…Елуді барып көрейік,

Қойшы, сол қырық шіркінді…

 Доминикан – Ақтау сапары

Не бар дейсіз мәңгілік?!

Мәңгілік – тек Жаратқанға тән қылық.

Жердің «шетін» көрейін деп бір күні

Кетіп қалдым Кариб жаққа қаңғырып.

 

Жырдың отын жандырып,

Теңіз маған көрсеткен-ді сан қылық.

…Жарығым-ау, жөндеп қара, сол теңіз

Жанарымда тұрады ылғи жаңғырып.

 

Қуыс көшкен туысты естен тандырып,

Атлантты да кешкем сонда мәңгіріп.

…Дүрілдеп бір жыр оқығым келген-ді,

Доминикан астанасын таң қылып.

 

Қолы құрғыр жетпегесін айтамын,

Айналаны келіп еді байқағым.

Тана көзді ертіп алып бір қызын,

Таина* деп аталатын тайпаның.

 

Олар орын бермеді ғой төрінен,

Тағзым еткен ақ жүрекпен келіп ем.

…Алып суды көріп пе екем ол кезде

Ауылдағы «Ағанайдың» көлінен?!

 

Мұхит пенен теңіз маған жақса да,

Сіңе алмадым қарауыл боп сақ сана.

Ол жерден де таба алмадым жақсы аға,

Ол жерде де қарайды екен ақшаңа.

 

Мен-ақ па екем қарап жүріп бүлінгіш?!

Мен-ақ па екем мұндай жайға ұрынғыш.

…Құсада отыр жалғыз қалған тайпадан,

Құс қанатын басқа байлап бір үндіс.

Жазған үндіс жалғыз қалған тайпадан,

Жалықпайтын, жан ұқпайтын айтады ән.

Қайыршы деп қара бақыр тастаса ел

Қайырмасын қайырады қайтадан.

 

Жері қайда болған елге соңғы ұран?!

Ері қайда жаудың жолын аңдыған?!

«Елім-айға» ұқсап кетті сол бір ән,

…Қолымда жоқ домбырам…

 

Ер еді ғой мұның ата-бабасы,

Кең еді ғой ойлы-қырлы даласы.

Зарлап отыр сол ерлердің баласы,

Цивилизация, саған оның наласы!

 

Бабасының бабасының бабасы

Басын тіккен жері қайда, қарашы?!

…Әйел құрғыр «әй» дегеннен ес жиғам,

Жылап тұрған болсам керек шамасы.

 

Іште шерді шамам жетпей сақтауға,

Мәскеу көріп, қондық келіп Ақтауға.

Мақаулану қасіретінен сақта, Алла,

Жаһандану қасіретінен сақта, Алла!

…Қара қытай қаптауда…

 Ана

Ана!

Сенің шаштарыңның әр қылы –

Жаһандағы жауһарлардың жарқылы.

Шілияға сыймай жүрсем ол – бүгін,

Дүнияға келдім өзің арқылы.

Ана!

Сенің шаштарыңның әр талы –

Алтын болса – алпыс келі тартады.

Әркім болып кетпесем де қалталы,

Ақын болдым арқалы.

 

Құрсағыңа қалай сыйдым, айт, анам?!

Жаһылым бар дүнияны шайқаған.

Сенің ғана құшағыңа сияр ем,

Бала болсам қайтадан.

 

Алты бірдей жетімекті адам ғып

Әлпештедің, әкелердей саған құт.

Кешір бізді, айналайын, Адамдық,

Кешір бізді, айналайын, Адалдық!

 

Кешір бізді жүрсек кейде сүрініп,

Сүрінсек те жатқан жоқпыз жығылып.

Кешір бізді кетсек кейде майда боп,

Айналайын, Ұлылық!

Ана!

Сені апарғам жоқ Меккеге,

Мейіріңді Меккеменен шектеме.

Мен арқалап апарайын қаласаң,

Мекке түгіл алты арсылы Көкке де.

 

Ана!

Кейде сыймай жатсам тәніме –

Тентекшалыс тектілердің қаны де.

Сен болмасаң Бақыт, Байлық түк емес,

Түкірдім мен бәріне.

 

Аналардың Анасының Анасы,

Даналардың Данасының Данасы!

Мен – Сенмін ғой, Өзіңмін ғой, қарашы,

Ей, жанымның панасы!

Мен – Сенмін ғой! Айнымаған Өзіңмін,

Сен – бастауы мендегі бар Сезімнің.

Алаш ұлы атанғаным – Сен барсың,

Қарашығы көзімнің!

 

Қайтем саған теңеп анау Күн, Айды?!

Одан да бір жыр арнайын шырайлы.

Сен бүгілме, Сен жығылма, жығылсаң –

Менің-дағы бәйтерегім құлайды.

 

Шешем де өзің, әкем де өзің, Анашым,

Сенен асқан жоқ мен үшін дара шың.

Анам бүгін өз баласы санасын

Алдиярдың баласын.

 

Ана жақта бата қоймас шал мүңға,

Шалдуырлау бір ботасы бар мұнда.

Түз тағысы болып жүрген әз-басым

Тізерлейін алдыңда –

Періштелер пәк жаратқан пейілін,

Айналайын, МЕЙІРІМ!

 Аманат

Өлім жайлы ойланам…

Ойсыз болсам күндегі өмір той маған.

Ойда-жоқта өле кетсем – аманат,

Ойпаңдағы ауылыма қой, балам.

 

Әкем жатқан, ағам жатқан кәрі қыр,

(Өлгеннен соң қыр мен ойдың мәні бір).

Сол ауылды сырттай бағып жатам мен,

Тірімін бе, өлімін бе бәрібір.

 

Мен өлгенмен өле қоймас өлеңім,

Өлеңімнен табар жұртым қорегін.

Рахаттың көп таттым мен таязын,

Лақаттың таңдағайсың тереңін.

 

Бұл өмірде мен көрмеген жоқ қызық,

Уақытымды алдым солай өткізіп.

…Талай ару мені көрсе қуанып,

Мені көрсе жым болатын көп бұзық…

Көп бұзықтың бірі мен ем тірімде,

Тірі ақындар мені жоқтар түбінде.

Батырлардың жүрегінде қалам мен,

Қаламын мен ақындардың тілінде.

 

Өлім деген – шын өмірмен қауышу,

Өлім маған бала кезден таныс у.

Өлшеп берген өмір ғой бұл, қорықпа, ұлым,

Өлім деген – басқа күйге ауысу.

 

Менің тәнім басқа күйге ауысып,

Жүрем тағы тіршілікпен қауышып.

Жердің беті қызық емес мен жоқта,

Масы сау боп жүретұғын, сауы ішіп.

 

Ішкем мен де ішірткісін беріп ел,

Ішкен адам ішкен сайын емінер.

Ал сен ішпе, ішпе, балам, ішпе, ұлым,

Ішқұса бір жанды көр де – мені көр.

 

Ұлым, саған аманат –

Ажал жетсе – еліме қой даралап.

Сонда менің басыма кеп жылайды,

Тірі кезде тұра қашқан ана Бақ.

 

Сөзім осы, осы сөзім түйінді,

Мықтап бекіт көрдегі ішкі үйімді.

Қалың болсын қабірімде үйінді,

Тұрып кетсем қайтесіңдер?!

                                               Қиын-ды…

 Менің сорым

«Кім бар оған ақын болып ту деген?!».

(Гүлнәр Салықбаева).

Титтейімнен өлең еді қуғаным,

Құйттайымнан сол жол белді буғаным.

Өкімет пен өкілетке өкпем жоқ,

Бар айыбым – ақын болып туғаным.

 

Бар айыбым – ақын болып жаралғам,

Мен ақын ем туған кезде-ақ анамнан.

…Жиырмаға жетер-жетпес осынау

Менен асқан кім бар дедім ғаламнан.

 

Шенеунік боп көріп едім аз мәні,

Жұрт жабылып соттап құрта жаздады.

Бар айыбым – ақын болып туғаным,

Мына қыртыс маңдайыма жазғаны.

 

Ат деп, бақ деп айтқан бабам нақылын,

Әкім бүгін іздемейді ақынын.

Жалаңаяқ ақыныңды қайтсін ол?!

Аллам өзі қайырлы еткей ақырын.

 

Апа, менің ақындығым – айыбым,

Алла ақын деп жасар ма екен қайырым?!

Фаризаға мұңын айтқан Мұқаңдай

Сізге келдім, түсінерсіз байыбын.

 

Мен – ақынмын, менің сорым сол ғана,

Сия алмадым рамкаға, формаға.

Көпшілікке күле алмадым зорлана,

Базбіреуге бола алмадым қолбала.

 

Ақын болып мұң шағамын Сізге мен,

Толқындарда төңкерілді жүз кемем.

Сізді көрсем алаулаймын жігіттей

Алғаш рет сүйісетін қызбенен.

 

Шығарып сап Қадағам мен Тұманды,

Тіршілікке көз сап тұрмын күмәнді.

Есенқұл мен Фариза апам жоқ енді,

Бұл Ажалға кім келесі ұнамды?!

 

Өлме, апатай, тілегім сол ең дара,

Өлеңдегі ең сүйкімді мең қара.

Маған ұқсап жазатұғын – Мен ғана,

Саған ұқсап жазатұғын – Сен ғана.

 

Арамызды шектеп жатыр он жастай,

Өзгелерден жүрем Сізді қорғаштай.

Қазағыма қадірсізбін, бір кезде

Қазақ үшін соққы көрген Олжастай.

 

Қырықтамын, жоқ қазаққа өкпем де,

Қылт етсем-ақ қырын қарар көп пенде.

Қазығұртта қаза болды демесең,

Туыс түгіл туған ауыл жоқ менде.

 

Туыс болса іздемей ме жат ұлын,

Ауыл болса іздемей ме ақынын?!

Оңтүстікте мұң шағар жан қалмады.

(…Алматы осы бізден неше шақырым?!)

 

Қия алмаймын, сия алмаймын үйге түк,

Сол мінезге үйді де алғам үйретіп.

Алматыңа мен де кетіп қалар ем,

Қайда барам «шылбырымды» сүйретіп?!

 

Гүлнәр апам, Гүлнәр ақын, Гүлнәр қыз,

Біз екеуміз жыр жолында құрбанбыз.

Алдымызда күтер бізді сырдаң күз,

Мұң шағайық бір жалғызға бір жалғыз.

Жан-жүрегің жылайды ма сыңарсыз,

Бәлкім, апа, жалғыз емес шығарсыз?!

Ақын болып мұң шақтым кеп Сізге мен,

Өзіңіз де ақынсыз ғой, ұғарсыз…

 Сот залынан репортаж

Менде де жау бар екенін кім білген?!

Сот залында сотқар ұл боп тұрдым мен.

Өз шешімін оқып жатты Сот мырза,

Мантиясы күле қарап күлгін рең.

 

Әншейінде көлеңкемдей расында

Еріп жүрген…

Дос қалмады қасымда.

Айыптаушы жиырма үштегі жас бала,

Қарасынан ағы көптеу шашында.

 

Асау атқа тіршілікте тізгін қас,

Жем болам деп ойлап па едім құзғынға аш?!

Соғыстан да сау қалып ем, енді кеп…

Сотты болған біздің бас…

 

Күллі Қазақ қауымының күнәсін

Мен арқалап жүрген екем… Расым!

Ол аз десең жемқор екем, жөйт екем…

Сенбегендер Сот ағайдан сұрасын…

 

Менің өзім көп емеспін, азақпын,

Шешімді де тез шығарды ғажап тым…

Сот ағатай дәл сол мезет мені емес,

Соттап тұрды Қара Өлеңін Қазақтың…

 

Күллі Қазақ сол шешімге күлді-ай бір,

Көрмеппіз деп көрсеткенін мұндай қыр…

Сот ағамыз сонша әурелеп біздерді,

Сондағысы жаман-жәутік мінді айғыр…

 

Біреу күлді, бәлкім біреу жылады…

Көкейінде қалды көптің сұрағы.

…Осы күні форма киген жан көрсем

Өзімнің де күлкім келіп тұрады.

 

Бастан солай біраз дәурен өтті ырза,

Одан бері жардан ұшты көп құлжа.

…Сіздерге де бір сот болар, сол кезде

Айыптаушы мен боламын, Сот мырза!

 Менің құлагеріме

«Әркімнің өз Құлагері болады…».

                                           (Сәкен сері Жүнісов).

Өмірім өмір емес, сұрақ белгі,

Көңілім көп кещеден жырақта өлді.

Уақыттың бәйгесінен Құлагерім

Құдай-ай, құлап келмей жылап келді.

 

Құлагер құламады, жылады кеп,

Құдайдың қандай қиын сынағы деп.

Тұнжырап көз алдымда тұрады көп,

Тым құрыса, жұбатсамшы бір-ақ рет.

 

Тұрады тұлпар Құла тұралаған,

Туатын жан едік-ау бір анадан.

Жануар, сен – жылқы едің, мен – жалқы едім,

Көп кеще жүйріксің деп кінәлаған.

 

Жануар, сен де жүйрік, мен де жүйрік,

Жүрекке мұң да жидық, шер де жидық.

Қазаққа болсын деп ек қаз-қаз басқан,

Малшынған маңдайымыз терге жидіп.

 

Сен жоқта жабылардың жел сорды іші,

Ер жоқта кеще шешен – ең сорлысы.

Ішінде жүйріктердің – сен соңғысы,

Ішінде ақындардың – мен соңғысы.

 

Қанатты саған бермей құсқа берген

Құдайдан айналайын ұста келген.

Балтасын Батыраш бар ұстап өлген,

Батырда Бақытжан бар дұшпаны өрген.

 

Жануар, кетейікші осы арадан,

Жан ұғар аттайықшы босағадан –

Қотыраш қан қыстамас құтты іргеден,

Батыраш балта ұстамас Қособадан.

 

Көп кеще мен Бөріні жылатты Айға,

Сені де мазақ етті шұнақ тайға.

Қазаққа жүйрік осы тұрақтай ма?!

Жануар, кетейікші…

                                   Бірақ қайда?!

 


*Таина тайпасы – ежелден Доминикан Республикасын мекендеген, қазір жат жұртқа «жұтылып» кеткен тайпалардың бірі.

ПІКІРЛЕР2
Аноним 07.03.2021 | 17:30

Керемет!

Аноним 07.03.2021 | 17:32

Өлеңдеріңіз жан дүниеңді тербетеді! Сүйіп оқимын, көзге еріксіз жас келеді… Рахмет сізге..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір