ШЫҢДАҒЫ ШЕРАҒАҢ
15.09.2017
4814
1

«Дүниеде не жаман? Бүлінген жаман. Іргеңді сөгіп, қабырғаңды қақыратып, шаңырағыңды ортаңа түсіретін сол. Ауызбірлік кеткенде солай болады. Бүтінделе аласың ба, содан кейін. Жағаласқан қол, жыртылған жаға, қалған көңіл қашан келеді орнына. Ұмытылмас азабы мен шері бар ғой оның. Бір-бірімізге кекті көзбен қарап, сумаңдатып сұқ саусақты кезесек, қараулық жасап, қарадай қауып тастасақ өзіміз өксіп, артымызда келе жатқан ұрпақ опынбай ма, күні ертең. Қасіретін әдебиет шегеді. Осыны ойламаудан емес пе, Жүсіпбек, Мағжан, Ілияс, Бейімбет, Сәкендердің опат болғаны. Олардың обалы кімде? Жалғыз Қызыл өкіметтің қанды қолы ма? Қанды қол қазақ ақын-жазушыларының қайсысы қандай екенін қайдан білетін еді, егер қазақ ақын-жазушылары қатар жүрген қандасына қалың етіп қара күйе жағып, қаздай тізіп бермесе. Сол арыстар ең құрығанда 60 жасқа аман жетсе қазақ әдебиетінің қазынасына қанша шығарма қалдырар еді».

 Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан МҰРТАЗА.


2012 жылғы қыркүйектің соңын­да Таразда және Жуалыда Шерхан Мұртазаның сексен жасқа толуы дүрілдеп-ақ өткен. Тараздағы кон­фе­ренцияның соңында саңлақ су­рет­керіңіз сәл біртүрлілеу сөйлеген. Біраздан бері сырқаттанып жүрген. Алашына алғыс айтып алып, күлімсірей күрсінген. «Мені Шолпан жұлдыз, таңғажайып Таңшолпан шақыратындай кейде. А, бәлкім, Шолпан Кебіске мініп кете барар­мын…» деп, жұртшылыққа шүйіле қарап, шамырқана аяқтаған. Ше­рағаң…

Биылғы 28 қыркүйекте халық жазушысы, ұлтының сүйікті су­рет­кері Шерхан Мұртаза 85 жасқа то­лады. Соңғы үш жылдай уақытта Шерағаң көрінбей кеткен. Әттең, тонның келтесі-ай. Денсаулығына байланысты қоғамымыздан да, адамыңыздан да, заманыңыздан да шеттеп қалған.

Жұрт жиі-жиі сұрайды. Іздейді. Аңсайды. «Уа, Шерхан қайда?!» Дейді. Шіркін, Шерағаң шаңқ етіп бір көрінсе!» Дейді. «Қатты сырқат екен ғой». Деседі. Бәзбір басылым беттерінде кітапқа қарап, түнеріп отырған суреті жарияланады. «Қай­ран, Шерхан…» деп шыр-пыры шыға­тындар бар. Табалайтындар да табылар. Пендеміз ғой. «Шерханға барып тұратындар бар ма екен өзі?» Дейді. «Неге болмасын, көп шығар». «Шерағаңның шығармаларын, кітаптарын қайта-қайта баса бермей ме осы? Сағындық қой!» Деседі.

Үш күз бұрын демеушілер тауып, «Манкент» шипажайында демалдырғанбыз. Екі күз бұрын қы­зы Алмамен бірге Сарыағашта емделген. Екі-үш кісімен арнайы бар­ғанбыз. Инсульттің ауыр түрінен мұқым-мүлде өзгерген екен. Оқта-текте «Кімсің-ей?!» деп қояды. Айтасың. «Аһ! Бәсе!» дейді. Жеңіл ғана жымиып.

Биыл бұрынғыдан да нашарлаған сияқты. Сезіледі. Алайда, арыстың аты – АРЫС! Барыстың аты – Барыс! Барысхан – Шерхан Мұртаза өлім мен өмірдің арасындағы арасатта да қыңқ етпес қылығын танытатындай. Ұлт ұстынының миында, жүрегінде, жанында былайғыларға білінбей-ақ алапат арпалыстар жүріп жатыр-ау. А, бәлкім, ол әуе қайығы сынды Шол­­пан Кебістемін деп ойлайтын болар. Ақиқатын Алла біледі.

Хабарласқан сайын қызы Алма: «Бірқалыпты. Кейде тысқа шығып серуендейді. Сәлеміңізді жеткізе­мін», – дейді.

Әттең-ай, әттең! «Қазақ көркем­сөзі­­нің көшбасшысы, қазақ көсем­сөзінің қолбасшысы» атанған Алаш асылының ерендігі «Еңбек Ері» атағына әбден-ақ лайық еді-ау. Дей­сің-ай… Кемеңгер суреткеріңіз Әбіш Кекілбаев айтқандай-ақ, «қоғамдық сананы серпілткен», «қазақтың қауым­дық түлеуін» қамтамасыз еткен, «ұлттың жаппай оянуына, жаппай сергуіне, жаппай сілкінуіне» «әлеуметтік мергендігімен» тең­дес­сіз еңбек сіңірген Мұртаза ғой ол!

Шерхан Мұртаза!

Ол – ұлт ұстазы. Ұлт ұстыны. Ондай жазушы сирек. Ондай жур­на­лист аз. Ондай газет редакторы, журнал басшысы жоқ. Ондай Пар­ла­мент депутаты болды ма? Әй, қайдам… Әулие жанр әңгімедегі Шерхан – шың-құз. Хикаяттар әле­міндегі, романдар дүниесіндегі Мұртазаның мұнаралары мұнтаздай мұзарттар мәнзелдес. Парасатты пу­блицистикасының мәнді өткір­лігіне, эсселерінің мәністі көр­кем­дігіне жете алғандар да жоқ-ау… Де-е-еп жазармыз-ай. Күндердің кү­нінде Шерағаңның Шолпан Кебісі төңкеріліп түссе. Теңбіл торғайы шырылдай құласа…

Шерағаң өмір бойы өрге жүзіп, ұлт мүддесі үшін, қазақ қамы үшін, алаш абыройы жолында жан күйдіре жұмыс істеді. Мұртазаның ұл-қызын тәрбиелеуге титтей де уақыты болмады. Шерағаң – ұлт тәрбиешісі. Шығармалары да.

Иә, Шерағаң шыңда жүр. Барыс биікте өмір сүреді. Ауырғанда аяу­шылық күтпестен, жарасын жалап қана, үн-түнсіз жатады. Шыңда! Сонда қалады. Солай, ағайын!

***

«Парижде болдым – Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым – Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Ир­ан бардым – олар да түсіме кір­ме­ді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқы­дым – оны да түсімде көрме­дім…

Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді. Түсімде ылғи Ақсу-Жаба­ғылыны көремін», – деп жазады Шерхан Мұртазаңыз.

Осыдан біраз жылдар бұрын «Егемен Қазақстанда» «Сайрам-Өгем дегенде, Сайрам-Өгем…» де­ген дүниеміз жарияланды. Мем­лекеттік ұлттық парк қой. «Сайрам-Өгем дегенде, Сайрам-Өгем: Қайғы-уайым шектің бе, қайран Өгем?! Садақ қадап Сайрамға шапса жауың; Қашанғыдай құйылар қайдан өлең…» дейтұғын ән шумағы сақ­талған. Ел жадында. Мақалада соны келтіргем. Шерағаң оқыпты. Алғаш Астанада, сонсоң Таразда ұшырасып қалғанбыз. Оң жақ қасын құс қана­тын­дай қайқита қарап: «А-а-ал, Ақсу-Жабағылыны қашан жазасың?» – деген. Кейінірек Кенен тойында кездескенде үшінші мәрте қабақ шытыңқырап: «Ақсу-Жа­ба­ғылы қайда-а-а?» – деді. Сол жақ қасын қайқыласа, қаһары қатая түседі. «Ойпырай, осы кісі Ақсу-Жаба­ғы­лыны түсінде көбірек көріп жүр екен-ау», деп түйгенбіз. Келесі көктемде «Егемен Қазақстанның» тұтас бетіне «Ақсуым – арымдай, Жа­бағылым – жанымдай» деген жаз­бамыз шықты. Жазға салым Тараздағы «Баласағұн» сарайына кіреберісте кездестік. Тістерін түгел көрсете күліп, қолымды қатты қы­сып, тіпті алысып ойнағысы келген­дей кейіп танытты. «Оқыған екен ғой, оқыпты ғой» деп ойладым. Сұрамаққа ұмтылып-ұмтылып, батпадым. Шынымен-ақ Шерағаң­ның күреске түскісі бар. Айнала- төңіректегілер аңтарыла қарайды.

«Кейде менің бала болып кеткім келеді. Өзім құралпы, өзімнен кіші, көңілі жақын жандармен алысып-жұлысып, күресіп-белдесіп ойнағым келеді. Кейде тіпті ауылға барғанда, кішкентай балалармен кәдімгідей асыққа таласқым кеп кетеді. Жатып алып ойласам: мұның бәрі өмір заңының бұзылуынан екен. Егер балалық дәуренің шала болса, сол жетіспей қалған сыбағаңды кейін есейгенде аңсап тұрасың. Ал жалпы қай жаста болсаң да кей-кейде бала болып, балалық шаққа оралғанның ерсілігі жоқ па деймін. Сәби шағын мүлде ұмытып кеткендер, артына бұрылып бір қарамағандар – тегін білмес топастар ма деп қаламын. Олар туған анасын да, Отанын да тез ұмытып кететін опасыздар сияқ­та­нады да тұрады», деп жазбаушы ма еді Шерағаң?!

«Баласағұн» сарайына балалар­ша қол күрестіріп, алақан айқас­тырып, «алыс-жұлыспен» рахатта­нып кіргенбіз.

Өзімше, іштей масаттана мазат­танып: «Ақсуым – арымдай, Жа­ба­ғы­лым – жанымдай» деген тақыры­бым ұнаған екен-ау, ұнапты-ау. Деп қоям. Соншама сұсты, сон­шама сесті сезілетін сұрапыл сөз иесінің қасында қатарласып, қалың жұрт­шы­лықтың көз алдында бабаң атындағы бас ғимаратқа ерекшелене енесің-ай. «Ақсу-Жабағылы қалай екен қазір?» дейді әлден уақта.
Ше­рағаң. Шекесі терши түсіп.
Шәй ішіп отырғандай жіпсіп.

Ақсу-Жабағылы деген сөзді айтқанда ше, Шерхан Мұртазаңыз­дың мұқым-мүлде мейірленіп, мерейленіп, жұмсарып, жібіп сала беретінін байқамауыңыз мүмкін емес.

Шерхан Мұртаза. Шерағаң. Ақсу-Жабағылы. Тәңіртау.

«Біз Шерханмен бір жерде туып-өстік. Біз өзімізді бір іске – әдебиетке арнадық. Мен ешуақытта жалғызсы­ра­ған емеспін, менің бауырым Шерхан әдебиетте әрқашан менімен бірге келеді, оны мен айрықша жо­ғары бағалаймын. Тәңірім, оны жаңа табыстарға жеткізе гөр!» дейді Шың­ғыс шоңыңыз. Адамзатыңыз­дың Айтматовы. «Оның туған жерін биік-биік таулар қоршап алған. Кішкентай Шекер айылының төбесінен Манас шыңы төніп тұра­ды… Адамның бойы таудан аса алмас. Ал сол асқарлардан асып көрініп, бүкіл әлем таныған, талан­тына таңырқаған адам бар. Ол – Шыңғыс Айтматов», дейді Шерхан Мұртаза.

Шерхан Мұртаза! Атынан ат үркеді. Жақсы мағынасында. Ел елең ете қалады. Есімінен. Ұлтыңыз үшін ұранға айналған. Аты. Шын мәніндегі, шынайы мәнісіндегі халық жазушысы. «41-ші жылғы ке­ліншек», «Бір нәзік сәуле», «Сол бір күз», «Алтын тікен», «Ақсай мен Көксай», «Интернат наны», «Шек­шек шырылдайды», «Жаңбырлы той», «Сусамыр», «Соғыстың соңғы жесірі», «Тарпаң», тағысын-тағы әлемиеттік әдіптегі әңгімелерімен-ақ көркем әдебиетіңіздің кенеркөгін кеңейткен көркемсөз иесі.

«Табылған теңіз», «Белгісіз сол­даттың баласы», «Бұлтсыз найзағай», «Мылтықсыз майдан» сынды хикаяттары повесть жанрының па­расат параметрлерін толайым-тұтас толықтырып, төрт құбыласын тү­гендеп тұрыпты. Бір-біріне ұласып, біріне-бірі ұнасып, бірінен-бірі биіктеп, Ақсу-Жабағылының шың­дарындай шеберлік шебін құрайды. «Қара маржан» романы «кеңестік кестелемек» кеселіне шалдықпай, шалығына шалынып қалмай, тақы­рыптық шылауға шырмалмай, өндіріс проблемаларын қуып кетпей, кісілікті, «адамгершілікті алға шығара алғандығымен айрық­ша­ланады» (Тахауи Ахтан).

Мінекиіңіз. Ақсу-Жаба­ғы­лыңыз­дың бастауларындай, тап-таза, тұнық тұмаларындай әңгімелерімен-ақ, бұлқынған бұлақтарындай повестерімен-ақ, қасиетті Қаратауы­ңыздың қайнарлы-қазыналы өзен-суларындай «Қара маржан» романымен-ақ Шерхан Мұртазаңыз – жалы күдірейген жоталы жазу­шыңыз, сұңғыла суреткеріңіз, аса көрнекті прозашыңыз.

Ал енді Шерағаңыздың «Қызыл Жебе» роман-эпопеясын алыңыз. Бірінші кітабы «Рысқұл» – 1978 жылы, екінші кітабы – «Тұрар»1980 жылы, үшінші кітабы – «Жұлдыз көпір» 1984 жылы, төртінші кітабы – «Қыл көпір» 1991 жылы, бесінші кітабы – «Тамұқ» 1994 жылы жарық көрді. Қай кезде, қандай кезеңдерде зерттелгенін зерделеңіз. Қай кездер­де, қандай кезеңде бәдізделгенін байыптаңыз. Қарағайдың қарсы бұтағы атанған, сын симфониясының дарынды дирижері болған, арамыз­дан тым ертерек кеткен сыншы Сай­лау­бек Жұмабек өзінің «Жұлдызы нұрлы суреткер» атты монография­сында: «Қызыл Жебе», сөз жоқ, ро­ман-эпопея! Суреткердің лирикалық-философиялық прозасы осы ро­ман-эпопеяда барлық бітім-бол­мысымен мейлінше жарқырап көрінген демеске шараңыз жоқ. Қазақ халқының ұлы перзенті Тұрар Рысқұловтың теңдессіз трагедияға толы өмір жолы әрқашан халық трагедиясымен бірлікте қарасты­рыла­ды. Қырық жылға жуық уақыт ішінде қазақ халқының басынан кешкен зобалаңдары, аштық қырғыны, репрессия зардаптары талай-талай романдарға, роман-эпопеяларға жетіп-артылатыны белгілі… Сонымен, қырық жылға жуық шығармашылық бейнетінің нәтижесінде дүниеге «Қызыл Жебе» роман-эпопеясы келді», – дейді.

Ойпырай, Орағаңның, Оралхан Бөкейдің қуанғанын-ай! Десеңізші. Әлде «Жұлдыз көпірдің», әлде «Қыл көпірдің» қиын-қыстау қыспақтардан өтіп, әзер дегенде «Жұлдыз» жур­налында жарияланып жатқан кезі еді-ау. Анық есте жоқ. Ап-анық сақ­талғаны – Оралханның баладан бетер қуанғаны. «Қаламгер» кафе­сінде шәй-пәй ішіп отырғанбыз. Көрші үстелге, үш жазушының жанына жайғасқан Орағаң иығына төгілер бұйра шашын бір сілкіп, бар ындын-ықыласымен төгіле күліп, айқайлай сөйледі. «Ай, жігіттер, мына мені неге кешікті дейсіңдер ме?! Айтайын ба? Шерағаңның журналға шығып жатқан дүниесін оқып… Басымды ала алмай. Қуа­ныңдаршы, жігіттер! Тұрар Рыс­құлов Сталинмен әлі қайтпай қасарысып, айтысып отыр. Демек, «Қызыл Жебе» аяқталған жоқ! Жал­ғасса екен деп тілеулес болайықшы!» – деді-ау Орағаң сонда. Айқай салып. Шат-шадыман, ақжарылқап пейілмен.

Орағаңның Шерағасына шат­танғаны көз алдымнан кетпейді. Осыдан жеті жыл уақыт бұрын «Егеменнің» тапсырмасымен Шығыс Қазақстанға, Алтайға, Қа­тон­қарағайға, Шыңғыстайға бар­ғанда ше, қарауытыңқырап, қаба­рыңқырап, қараусыздау қап қойған музей-үйін көріп мұңайдық. Алайда, Орағаң Мұзтау жақтан, ақ бұлттар­дың арасынан жарқылдай күліп қарады-ай. Сонда. Шерағасына шат-шадыман, пәк пейіл танытқан­д­а­ғыдай. Орағаң Шерағаңа арнаған екі ауыз сөзін «…төменге қараңызшы, Аға, мен көрінем бе екем?» деп аяқ­таушы еді ғой. Осы сөздерді оқыған­да деміңіз булығып, көзіңізге жас келер. Ал Шерағаң Орағаң туралы бүй дейді: «Сонда… Қатонқарағайға, Шыңғыстайға барғанда, алқаракөк аспанда бір қыран биіктен төменге қарап, баяу қалықтап жүрді де қойды. Енді биіктеп кеткен Оралхан шығар…».

Бірін-бірі биіктеткен, биіктете білген біртуарлар-ай. Десеңізші.

«Қызыл Жебе» – «Рысқұл», «Тұ­рар», «Жұлдыз көпір», «Қыл көпір», «Тамұқ» туралы сөзгер зергеріңіз, академик жазушы Ғабит Мүсірепов, текті талант иесі, проза шебері Тахауи Ахтан, академик әдебиетші Рахманқұл Бердібай, Мұртазаңыздың мұғалімі болған академик сыншы Мұхаметжан Қаратаев, Қазақтың Қалтайы атанған Мұхамеджанов, поэзия дүлдүлдері Хамит Ерғалиев пен Ғафу Қайыр­беков, тағысын-тағылар ағыл-тегіл ақтарылып, терең тебіреніп жазған. Жоғары бағалар берген.

Осылардың барлығы, аталың­қы­рамай қалған тағы да талай-талайлар отыз жылдан астам уақыт бойы Тұрарды зерттеп-зерделеймін деп, жазамын деп, Шерағаңның өзі де сол Рысқұловқа бүкіл болмыс-бітімімен ұқсап кеткенін айрықшалап атап көрсетеді. Жазушы, сыншы Тұрлыбек Мәмесейітов «Ғибраты мол ғұмыр» сериясымен шыққан «Шерхан Мұртаза» атты моно­гра­фиясында «Қызыл Жебені» қаншама қырларынан талдай келе: «Енді Рысқұлов халықтікі. Оны бір кездері адасып қалған халқымен қайта қауыштырып, енді айырылмастай етіп табыстырған Шерхан Мұртаза. Халқы енді оны құшағынан шығар­майды. Зерделі ұрпақ Рысқұловты төбесіне көтерер. Ал зердесіз, же­тесіздер болса, ненің бағасын ненің парқын білер дейсің… Тегінен безген ондайлардың өз обалдары өздеріне», – депті.

«Қош, Тұрар бауырым, көкем менің! Мен сізге дәл қазір алпыстан жаңа асқан жасымның жартысын арнадым. Отыз жыл бойы сізбенен қол ұстасып бірге жүріп, бірге тұр­дым. Отыз жыл бойы жан-дүниемді, ой-санамды билеп, ұзақ сапарға жол бастадыңыз. Ол аса қиын жол еді… Мен торыққан кезде сіздің рухыңыз әл-қуат берді,Тұрар көке» дейді роман-эпопеяның соңғы кітабы «Тамұқтың» соңында Шерағаң.

Әңгімелері мен повестері ар­қы­лы-ақ ардакүрең, аймүйіз суреткер. Деушілер көп. «Қызыл Жебе» роман-эпопеясының өзі Мұртазаның мұнарасы, қазақ көркем әдебие­тіндегі Шерағаң шыңы, ерен ерлігі, өшпес өнегесі. Деп бағалаушылар жетіп-артылады. Аштық, ашаршы­лық турасындағы «Сталинге хаты», «Бесеудің хаты» бастаған драмалық дүниелері – өз алдына бір төбе… Емес-емес. Тау жотасы десек жара­сар. Шыңғыс Айтматовтың дүр дүниелерін аударған текті тәржі­ман­дығының өзі бір адамды қабырғалы қаламгер демекке татиды. Деп тәптіштейтіндер аз емес.

Осылардың бәрін былайырақ қоя тұрып, теңдесі жоқ ойшылыңыз, заңғар суреткеріңіз Әбіш Кекілбаевқа құлақ қойыңызшы. Шерағаң шығармалары «бүгінгі жаппай оя­нуы­­мызға, жаппай сергуімізге, жаппай сілкінумізге» қалай әсер еткенін Әбекеңнен артық айтатын адам табылмас, сірә. «Қауымдық түлеуімізге» тап Мұртаза туынды­ларындай әсер еткен, ықпал жасаған шығармалардың түсін түстемектің қиын екеніне тоқталады. Мұртазаның мергендігі әлеуметтік мергендік екенін, ол дегеніңіз суреткерлік таныммен қоса азаматтық серпінді талап етерін таразылап береді. «Шерхан Мұртаза тек қаламгер ретінде ғана емес, мәдениет қайрат­кері, баспасөз жетекшісі, редактор ретінде де қазақтың осы заманғы қоғамдық ойын қалыптастыруға орасан зор үлес қосты», – дейді Кекіл­баев.

Әбекең осылайша ой нығайтып, алпысыншы жылдар басындағы серпіліс тұсында суырылып ілгері шыққан «Лениншіл жасты» және оның редакторын; жетпісінші жылдары рухани мәңгүрттік меңдей бастағанда ұлттық рух ұстындарын­дай жарқыраған «Жалын» мен «Жұлдыз» болғанын және оның редакторын; сексенінші жылдар сергелдеңі саналарды сансыратқан, сеңдей соғыстырған, мәңгүрттігіңіз­дің дерті дендеген кезеңде «Қазақ әдебиетінің» қырандайын құзарларға қанат қағып, халқын құлдыраудан құтқармаққа септескенін және оның редакторын қалай да қалай дәйектей­ді?! Десеңізші. «Көптен күткен аңсар­лы дәурен жетіп, қорқақ көңіл қорғалап, ел екіталай, пікір әрқалай жүрген шақта жұрттан бұрын батылдыққа барып», «Социалистік Қазақстанды» мансұқ еткен «Егемен Қазақстан» еді. Редакторы – Шерхан Мұртаза. Бұл – тек бір қаламгердің өнер жолы емес, күллі ұлттық санамыздың сергу-серпілу жолы», – дейді Әбіш Кекілбаев.

Қазақтағы БАҚ-тың бағын ашқандығымен-ақ, басшылық жаса­ған басылымдардың бәрінде тара­лым көрсеткішін шырқау шыңдарға шығаратын құдіретімен-ақ қайсар да қайталанбас қаламгер екендігін қызғанышсыз, қайраткерлікпен мойындап, мақтаныш тұтатын тұлғалардың қатарында Мырзатай Жолдасбековіңіз, Қуаныш Сұлтан­-
о­выңыз, Сейдахмет Бердіқұловыңыз, Тұманбай Молдағалиевіңіз, Қалдар­бек Найманбаевыңыз, Нұрмахан Оразбегіңіз, Бексұлтан Нұржеке-ұлы­ңыз, Дулат Исабековіңіз, Оразбек Сәрсенбаевыңыз, Нұрлан Оразали­ніңіз, тағы басқаларыңыз бар­шы­лық.

«Шерағаңның шекпенінен шықтық» дейтұғын мық­ты­ларыңыз­ды оқып отырсаңыз ше, одан сайын ризаланасыз. Поэзия патшайымы атанған Фариза әпкеміз: «Қызыл Жебе» романы жазылып жатқанда, алғашқы шағын үзінділері газет бетінен көрінген жылдары «Мұрта­з­аев халық жауын дәріптеп жатыр» деп біраз жазушы ағайындарымыз­дың алаөкпе болып жүгіріп, Орталық Комитетке арыздан жаңбыр жауғы­зып, мінбе тисе, «Қызыл Жебенің» бас кейіпкерін де, авторын да, қазақ атаулының қас дұшпаны деп дәлел­демек болғандары біздің жадымызда шежіредей жатталып қалыпты», – дейді.

Ақселеу ағатайыңыз Шерағаң­ның ұстаздық қамқорлықта, өнердегі өнегесінде жолынан жаңылып, жорғасынан танбағанын тәптіштей келе «аға деген сөзге іштей тоқтап, онсыз да аяулы ұғымға ең бір киелі мағына дарыта қайталайсың» десе; Ахат Жақсыбаевтай кішіпейіл, қарапайым қаламгеріңіз «көрген жерде не жақсылық бар деп сұ­рай­сыз, мұны мен «кімге не жақсылық жасап жүрсің?» дегеніңіз деп ұғамын» десе; қунақы Қуаныш­байы­ңыз (Құрманғалиев) «тәуел­сіз­дік­тің таза, баянды болмағы жо­лында жанпидалықпен кү­­ре­се­тіндердің алғы санында» десе; Кәрібай, Кәдірбек, Серік көкелеріңіз «кездескен жерде малақайымызды алып, именіп тұратынымыз жасырын емес» десе; әйгілі шайыр Шаханұлы Мұх­тарыңыз «Шерхан Мұртаза – менің алаулы жастық өмірімдегі санаулы тұлғалардың бірі, басынан бақай­шығына дейін ұлттық мүддемен тыныстаған» десе; Мұзтауыңыздың мұзбалағы Оралхан Бөкейіңіз «туған айымыз бен күніміздің де (28 қыркүйек) дәл келуін ырымдап, жақ­сылықтың нышанына балаймын… төменге қараңызшы, Аға, мен көрі­нем бе екем», десе, қалайынша те­бі­рен­бейсіз?! Қалай толқы­май­сыз?!

Бұлардың бәрі дерлік – Шерағаң шекпенінен шыққан мықтылар. Көпшілігін кезінде ұлттық ой-са­наны ұлықтаған «Лениншіл жа­сыңыз­ға» тартқан, тәлімдеген Шерхан Мұртазаңыз. Өкінішке қарай, біз бұл талантты топтан жа­сырақ едік. Үш-төрт, тіпті бес-алты жаста тұрған не бар, біз пақырыңыз қалам қуаты жағынан олармен таласа алмас аласа едік. Алайда Ме­детбекпен, Түркістанда туып, Маң­ғыс­тауда жетілген жүрдек «жүгер­мегіңіз» Темірханмен және Әу­лиеа­тада әлдеқандай боп жүретін (әзіл ғой) Елен Әлімжанмен түйдей құрдас едік. «Ілгерідегілермен таласа алмасақ та, Темірханмен һәм Еленіңізбен жарасар едік. Тілшілікке тартпады-ау», деп іштей ғана күбір-күпсің күйттегеніміз рас-дүр. Пендеміз ғой, әрине.

Шерағаң, әйтеуір шекпеніне тартпаған. Бізге сенім артпаған. Тартыңқырағанда, артыңқырағанда, мықты боп кетпесек те, мықтылардың маңайынан табылып қалар ма едік, кім білсін-ай, кім білсін. Дейміз де, баяғы. Өзімізге де обал жоқ. Кісі­киік­піз. Сыртақтаймыз. Сыртба­қаймыз. Әлімізге қарамай. Шерағаң­ның сұсы мен сесінен сескеніп, жо­ла­майтынбыз. 1982 жылы «Жал­быздының жағасында» және «Доланай шахтасы» деген әңгі­ме­лерім үшін «Қазақ әдебиеті» газе­тінің сыйлығы беріліп, лауреат атандым. Ол кезде бұл сыйлықтың да, лауреаттықтың да беделі бар­тұғын. Алматыға жолым түсіп, басылымның жаухатшысы Қажы­ғали Мұ­хамбетқалиевке жолығып қал­дым. «Жұрт сияқты емессің, қасқа. Жоламайсың. Жуымайсың да, жумайсың да, – деді ол әзілдеп. – Шер­а­ғаңа кіріп, сәлемдесіп шық­паймысың?».

Жүрексіне кірдім-ау сонда. «Ас­салаумағалейкүм!» дедім. Ол кісі «Уағалейкүмассалам!» деп, әжеп­теуір ықылас танытқандай еді. Артынша түксиіп, темекісінің күлін түнеріңкіреп түсірді. Жөткірінді. Алдындағы қағазға қарап, қателерді түзеуге кірісті. Біраздан соң ғана: «И-и-ә-ә, ке-е-ел», деді. «Әңгімеле­ріме бәйге беріпсіздер, алғысымды білдіргелі кеп ем, аға». Көзәйнегінің үстінен қарады-ау сонда. «Алғы­сың­ды бізге емес, бәйге әперген әңгі­мелеріңе айт», деді. Қабағын түйе түсті. Қағазына қайта үңілді. «Жақсы онда», дедім. «Жақсы», деді ол кісі. «Шерағаң жақтырмады. Бекер кірген екем», дедім Қажы­ға­лиға. Ол қалай болғанын сұрады. Сықылықтап тұрып күлді. Ештеңе демеді.

Арада талай жыл жылжыған. Бір жолы Қазжазодақ басқармасының басқосуынан шығып келе жатсақ, Шерағаң екінші қабаттағы көне диванда отырыпты. Жанында Сайлаубек Жұмабек бар. «Сұраған балаңыз мынау келе жатыр ғой», деді Сайлаубек төгіліп күлетін әдетімен. «Шерағаң да бізді сұрайды екен-ау», деп таңырқай жақындадық. Сәлемдестік. «Ақсу-Жабағылы қа­лай? – деді Шерағаң күрсініп. Сон­соң әндетті. – Көп болды бар­мағалы Ақсуыма-а-а. Көп болды көр­мегелі. Жабағылымды-ы-ы-ей…».

Оңтүстікте, Шымкентте жүр­геніміз болмаса, Ақсу-Жабағылы­ңызға, Түлкібас дейтұғын ауданға бармағалы қаншама жылдар өтті. Тіршілік-тынысы, пейіл-психология­сы жат жұрттанып кеткен ғой. Іштартпайды. Дей алмадық. Бас­шы­ла­рының бәрі дерлік орекеңдерден немесе орекеңденген қазекеңдерден. Дегіміз келген. Бірақ Шерағаңның өзі де шет жағасын біледі ғой. Сезеді ғой. Дегендейміз. Ішімізден.

«Қысқасы, Ақсу-Жабағылыны аңсап жүрмін. Сағындым. Араласам деймін. Жүдә биыл болмаса, ендігі жылы», – деді Шерағаң. Сонда. Жел­кемізді қасыдық. Күмілжідік. «Аға, аралауға болады ғой. Бірақ сіздерге жағдай керек қой, – дедік. – Бас­шылары…».

Шерағаң Сайлаубектің қолын қысып, бұрап, ойнай бастады. Балалығы ұстаса сөйтетінін ол кезде онша білмейміз. «Бізге басшылардың да, жағдайдың да керегі шамалы. Төрт бөлке нан болса, Ақсу-Жа­ба­ғылының балбастауларына баты­рып жеп жүре береміз», – деді Шерағаң. Сайлаубек Қазжазодағыңызды ба­сына көтере қарқылдап күлді. Екеуі қолдарын күрестірмекке кі­рісті. «Бопты онда, – дедік біз. – Келесі жазда күтеміз. Ақсу-Жаба­ғы­лыда». Шерағаң үндемеді. Сай­лаубек: «Төрт бөлке дегенге сенбеңіз, Түл­кібастың тандыр нанына не жетеді?» – деді жеңін түріп отырып. Қол күреске даярланып.

Келесі жылыңыз Тәуелсіз­дігі­ңіздің лебі сезіле бастаған тоқсан біріңіз-тұғын. Сонда-дағы аудан әйдіктеріне әл-дірмәніміз жетпей, Тұтқабай Иманбеков ағамызды алға салғанбыз. Жаз ортасында Шерхан Мұртаза мен Қаратай Тұрысов екеуі Ақсу-Жабағылы қорығына кіре­берістегі тепсеңге тігілген киіз үйде керемет кештер өткізген. Ауданды аралап, оқырмандармен кездескен. Тұқаң да тізгін ұстап бірге жүрген.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Шер­хан Мұртазаңыздың қаламгерлік һәм қайраткерлік тың тынысы ашылғаны аян. «Империяның улы жемістері», «Тәуелсіздік ешқашан сатылмайды», «Қажыгелдиннің қай сасқаны?», «Қазақстанның туы қандай болуы керек?», «Намыс пен рухты іздеу», «Сайлаудан соңғы ойлар», «Уыз бен көк шалап» деп жалғаса берді. «Тілдің кілті – Пар­ламентте», «Депутаттық сауал» деп, ең белсенді, аса өткір, ұлт мүддесін қызғыштай қорғайтын халық қалаулысы бола білді. «Егемен Қазақстандайын» бас басылы­мыңыздың бетінде парасат биігіндегі публицист, қайраткер құрдасы Камал Смайыловпен жазысқан әңгіме-хаттарының өзі бүкіл қоғамыңызға, күллі қауымыңызға қалайша әсер еткені белгілі. «Елім, саған айтам. Елбасы, сен де тыңда!» деген кітап туды осылай. «Алтын сандықтың кілті кімде?», «Тәуелсіздік біреу», «Кім қорқынышты?», «Әкімдер ойланар ма екен?», «Жемқорлық, ұрлық-қарлық, парақорлық», «Са­тылмаған не қалды?!», «Адам құны» деп, ақырып теңдік сұрады. Шерхан Мұртазаңыз.

Ай, енді көркем дүниелер жаза алмайтын шығар, жазбайтын шығар дейтіндердің миықтарын мысқыл түрте бастағанда ше, Шерағаң «Ай мен Айшаны» ұсынған. Заманауи зау-заңғар әңгімелерін жариялады. Бірінен соң бірін. Күндердің күнінде «Бір кем дүние» деп тағы да таңырқатты. Күллі оқырманын сүйсіндірді. Сүйіндірді. Орағаңдай қуанғандар көбейген.

…Тоқсан сегізінші жылыңыз­тұғын. Облыс әкімінің орынбасары Дархан Мыңбай: «Шерағаңды Түлкібас ауданының әкімшілігі арнайы, Ақсу-Жабағылыға шақы­рып­ты. Демалыс күндері барып қайтқаныңыз жөн болар», – деді. Қатты-қатты қуандық. Шүкіршілік. Тәубе. Дедік. Түлкібас-Түркібасыңыз жазушыны, Шерағаңды шақыра бастапты-ай. Шаттандық. Шаба жөнелдік. Туған ауданға. Оқыр­ман­дармен жүздесуінде ол кісі: «Түркі қағанаты да алауыздықтан, дүниеге таластан тоз-тозы шыққан. Сыртқы жауларға сыр алдырғандықтан сөйт­кен. Түркі қағанаты тарамағанда, мынау айдаһар да, анау аю да басынбас еді. Көкбөрі бәрінен биік тұрар еді. Түлкібас – Түлкібас емес, Түркібасы күйінде қалар еді», – деген.

Ақсу-Жабағылының Жасыл жазық алқабында аппақ үй тігілген. Арша мен шырша өрнектеген үшкір төбелердің тепсеңдерінде өсетін гүлдер мен шүпір-шүпір шөптердің бәрі Шерхан Мұртазаңыздың шы­ғармаларында тұнып тұр. Шіліңгір шілде. Отызшақты студент жетекші апайларымен бірге өндірістік тә­жіри­беден өтіп жүріпті. Студент жастар да, апайлары да ақ қалпақ киіп, ақбоз аттың үстінде Алатаудай боп отырған Шерағаңды көріп, шалқаларынан түсердей таңыр­қайды-ай. «Қараңдаршы! Шынымен-ақ Шерхан ағай!» деседі. «Шерхан Мұртаза! Өзі-өзі! Дәл өзі!» деседі. «Міне, ертегі!» деседі. «Ай мен Ай­шаны» оқып жатырмыз. Аға! Қол­таң­ба қойып беріңізші», деседі.

Кешке қарай Жасыл жазық тепсеңіндегі аппақ үйде Шерхан Мұртазаны қоршап, бір қауым жұрт шүйіркелеседі. Арасында оқырман студенттер де, апайлары да бар. Ымырт үйіріледі. Ұлпа бұлттар қызем­шек төбелердің үстін үкідейін сипалап барып ұшады-ай. Жұл­дыз­дар үлкен-үлкен, жап-жақын. Алты қанат ақ үйдегілердің бәрі шетінен ақын, шетінен әнші боп кетті. Ше­рағаңа да қолқа салынды. Қазақша шырқады. Қырғызшаға көшті. Кенет татар әні кетті сай-сайды қуалап: «Санду-ға-а-аш…Санду-ға-а-аш! Китмә-китмә, Санду-у-у-ға-а-аш!»

Таңертеңгілік. Күн шықпаған шақ. Жасыл жазық алқабы. Ақсу-Жабағылыңыз. Тұрар Рысқұлов­тайын тұлғаңыздың тікелей ықпалымен, сонау жиырмасыншы жылдарыңыздың басында құрылған қорық. Тәңіртау. Шілде. Шераға…

«Мен торыққан кезде сіздің рухыңыз әл-қуат береді, Тұрар көке. Мен сізді түсімде көретін болдым… Тұрар көке, сіз сонда сол Шолпан Кебісті аймалап көп тұрдыңыз. Таң құланиектене, найза шыңдар сұл­басы сұстана көрінгенде сол шың­дардың үстінен шаншыла жарқырап Шолпан жұлдыз туған еді… Кім біледі, Шолпан Кебісті алып, Шол­пан жұлдызға жол тартқан шығарсыз. Жол бастаушыңыз Теңбіл Торғай болған шығар. Сіз өз жоғыңыздан гөрі өзгенің жоғын көп іздеп, сол мінезіңізден бұл жалған дүниеден ерте кеткен жансыз ғой. Сол мінез о дүниеде де қалмай, Шолпан жұлдыз­дың жоғалған Кебісін апарып бермек болып, мені жалғыз тастап кеттіңіз білем…» Дейді. «Тамұқ» кітабының соңында.

Шерағаң тү-ү-у биікте тұр екен. Жуалы жаққа, бәлкім Манас шыңына қарап. Кенет күн шықты. Күн шығар сәтте жылдам көтеріліп, айналасын алмас жарқылды, жіп-жіңішке жалын шашқан Жебе-сызық жиектей орап өтеді екен. Алғаш мәрте аңғардық-ау сонда.

Шерағаң Шолпан жұлдызыңыз туардан әлдеқайда бұрын тұрып, шығандап кеткен екен. Кейін білдік. «Шерағаң шыңда тұрғандай-ә?!» деп таңданысты. Жұртыңыз.

Мархабат БАЙҒҰТ.

Шымкент.

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір