Шөлден өлу мен ұяттан өлу
«Бізде шындықтар адам өлген соң ғана айтылады», – деген таптаурын болған бір сөз бар. «Шындықтар». Бірақ сол жарықтықтың адам өлген соң да айтылып жарытатынына күмәнім бар. Шындық деп, тым биік өлшемге ұрынбай, жай ғана мақтау десе сәл де болса көкейге қонымды болар ма еді. Бірақ біздің мақтауымыздың да сиқы оңып тұр дей аларсыз ба?! Біздің мақтау пыш-пыш өсек-аяңның айналасы. елдің жалпақ аузына жаппай ілінген тұлға көп емес қой қазақта. Соларға қатысты «деректерге» көз салсаңыз, қазақ деген көңілшек халықтың трагедиялы тағдыр ойлап табудың рекордтық шебері екені бәс тіккізердей. Тек, трагедиялы тағдырдың қатып қалған бірнеше ғана «версиясы» аздап күмән тудыратыны болмаса…
Алмас НҮСІП
Санаулы нұсқалар көп жағдайда алдымен әйелінің қандай болғанынан басталады. Одан соң мінезінің турашыл, ақиқатты бетке айтқыш – батыр болғаны («сонысымен бастығына жақпай, жұмыстан қуыла беріпті, жарықтық»). Батырлықтың заманы өткенде, жолы бір оңғарылмай қойған адам не істейді? Әрине, ішеді. Тоқтаусыз ішеді. Алқаш боп кете қоймаса да, «серілік» жолға түседі. Мұндай тікмінез, шыншыл адамды ішіп жүрсе де тыныш қоя ма, екі күннің бірінде айықтырғышқа салып тағы қорлайды. Үйі жоқ, күйі жоқ адам, бейшара болмай қайтеді, «іш қазандай қайнайды, күресуге жоқ дәрмен» – өлең жазады топырлатып. Күйініп жүрген адам, отыра қалса болды құйылып түседі. Бұл – кім-кімді де аһ ұрғызатын ең сәтті нұсқа. Қалған нұсқасы да осы төңіректен ұзамайды. Өмір сүруге икемсіз, бар білері – жазу ғана, сондықтан да, өзіне қарамаған, отбасына көңіл бөлмеген, денсаулығын күтпеген – жаза берген, жаза берген… Сосын не? Өлген. Жасына жетпей өлген де қалған! Соның өзінде, қысқа ғана ғұмырында (қанша жасаса да – қысқа) ұрпақ үшін мәңгілік мәнін жоймас, қаншама шығарма қалдырып кеткен! Қысқасы, ондай адамның өмірі кіл қиындықтардан ғана тұратыны анықталып қойған. Осы бір қатып қалған стереотиптерден тұратын трагедиялы биографиялардың ауыздан-ауызға көшіп жүріп, «нақтыланған» түрлі нұсқалары түзіледі.
Кейпімізге қараңызшы, күні тек қана әлдебір арзан серияларды көрумен өтіп жатқан әйелдер сияқтымыз. Әлгі өмірбаянның иелерінің басынан өткен трагедиялы өмірінің түрлі нұсқасын ойлап тауып, «осындай болған екен-міс» әңгімелермен өміріміз өтіп жатыр…
Нағыз трагедиялы өмір деп «жұмасына екі ғана обед еткен» Сұлтанмахмұдты айтса болады. Нағыз жалындар шағында атылып кеткен Мағжандарды айтса болады. Ең болмаса, берідегілер сияқты «ішіп» те үлгермепті. Трагедия жасауда Мағжандарға жанашырлық танытқан болғанымызбен, аса толқи қоймаймыз. Қазақ деген сөз түсінбейтін қараңғы елге сөзін өткізе алмай, «мыңмен жалғыз алысып» өткен өкпелі Абайға мұңдас болуға тырысқан боламыз. Ал Абайдан арыға бара бермейміз. Мықтаса, жан досы басын кесіп алған Махамбетке бір соғып қайтамыз. Ең жақсысы, соңғыларын әкелеріміз көріп қалған күні кеше ғана өткендер. Сондықтан ғой, біздің әдебиетшілердің шерлі биографиясының басым көпшілігі «ішуден» тұратыны.
Қарапайым ел тіпті гу-гу. Олардың ләміне бақсаң, Мұқағалимен бірге ішу үшін қара нөпір ұзын-сонар кезекте тұрады екен (соңғы күндері бір ағамнан естіген әңгіме). Толстойдың бір ауыз сөзін есту үшін, өмірінің жалқы сәтін бірге өткізу үшін кезекте сарылып тұратын орыстар туралы аңыз бар ғой? Тура сондай картина келеді көз алдыңызға. Мұқағали төрде (әлдебір кафенің) ішіп отырады екен. Қолыңызға екі саптыаяқ сыраңызды (немесе бір жартылық) ұстап, қарама-қарсы барып отырасыз. Мұқағали сізді сыраңызбен бірге қабылдайды. Ал кіреберісте Мұқаңның оққағарлары іспеттес күзетшілер тұрады. Былайша айтқанда ақынның менеджерлері. Сізге 5 минут уақыт берілген. Сіздің өміріңіздің жұлдызды бір сәті. Қарсы алдыңызда ұлы Ақын! Сосын, өзіңізден кейінгіге орын босатасыз. «Мұқағалиды көрдім», – деп мақтанатындардың басымы осы сияқты естелік айтады. Күлкілі иә? Мұқағали – ақын емес, ішкіштер қоғамының төрағасы сияқты.
Әмірхан Балқыбек «Бізде гений де, талант та жоқ… Бізде бәрі періштелер…» деген мақаласында Қадырдың «Иіріміне» қатысты: «Егер «Иірім» болмаса, менің Жұмекен мен Мұқағали секілді екі ұлы ақынның Талдықорған жақта кәдімгідей «шекісіп» қалғанын өмір бойы білмей кетуім мүмкін-ді. «Япыр-ау, – деймін ішімнен, – егер екі талант «мен мықтымын, мен мықтымын» деп тіресіп қалған болса, онда тұрған не кінәрат бар екен? Қайта бұл олардың ақындық темпераменттерін, өздеріне деген, өздерінің шығармашылығына деген ішкі сенімдерін аңғартатын арғы-бергі әдебиетте бола бермейтін сирек оқиға емес пе!» Иә, кәдуілгі Есенин мен Маяковскийдің текетіресі секілді. Әлде тек орыс ақындарына біріншілікке таласуына болады да, қазақ ақындары олардан сорлы ма? …Адам жанының білгірі атанған Достоевскийдің өзі: «Менің творчеством өзімді күнәһар сезінген сәттен бастау алған» деген. Ал біз қаламгер қауымның бәрін діни, адами уағыз айтатын шіркеу не мешіт төңірегіндегілерге айналдырғымыз келеді», – дейді.
Рас, орыстардың тұлғатануы кісі қызығарлық. Оларда бәрі жарасымды, бәрі мақұл. Есенин ішіпті, «жүріпті», тіпті, жынданыпты да. Достоевский құмарпаз болған. Тургенев екеуі араз болған. Бір-бірін иттей жек көрген. Қараңызшы, орыс ағайындар соның өзін сүйкімді жеткізеді ғой. Және ешкім таңданбайды. Себебі, оларда тұлғалар– ортақ. Әркім өз шамасы келгенше ешбір саясатсыз, жай ғана зерттейді. Ал біздің жан-жақты жағымды кейіптегі идеал тұлғалардың қаптап кетуінің себебі өзіңіз де бағамдап отырсыз, ақынды бөлшектеу, ақын атына таласу. Әркім өз топырағынан шыққан тұлғаны ғана толықтай тануға құқылы. Бөтеннің бақшасына байқап-байқап қана көз салуыңызға рұқсат. Әйтпесе, шатақ болады. Ара-тұра айтылып қалатын кейбір томпақтау шындықтардың өзінен руластық саясат іздеп отырамыз. Және… Бір тұлға туралы сөз қозғалу керек болса қатып қалған санаулы адамдардың тізіміне ғана жүгінеміз. Басқа зерттеушілердің ол туралы айтуға хақысы жоқ! Ақын – мүлік. Біз – сол мүліктің иесі іспеттіміз. Алматы мен Астанада жыл сайын дәстүрлі түрде Шәмші әндерінің кеші өтеді, баяғы бір ағам – бас ұйымдастырушы. Баяғы бір ағам ұйымдастырған соң, баяғы бір адамдарын тықпалайды. Баяғы бір жерде баяғы бір ғажап кеш «болып өтеді». Тұлғаларды тану мен насихаттау жыл сайын еске алумен ғана шектеле берсе, оның жаңа қырын ашып, жан-жақты зерттемек түгілі, барын сақтап қалудың өзі қиындау. Осыдан келіп ешкім де, ештеңе де өзгермей жатыр. Басқаның бір мәні болар, біз үшін ауылдастың тайы озса – мұрат сол. Сөйтіп, «біздің киелі топырақтан батыр да, ақын да шыққан ұлы жұрт» болсақ дейміз. Ақынсыз ел, батырсыз ауыл болушы ма еді? Ал біз осы «титулды» бір өзіміз ғана иемденуге құмармыз. Күлкілі жағдай.
Түгеншекеңнен батыр, ұлы тұлға жасап шығу үшін бір басына соншама лақапты үйіп-төгу бізге не үшін керек екенін енді түсіндіңіз бе? «Қазақтың өлісінің жаманы жоқ». Бұл ескірген өлшем бе деп қаласың кейде. Елдің көзінше мақтаған адамды, оңаша бір «сырласу» отырыстарында сыбырлап қана «орнына қоямыз». Мұндайды сірә өсек дейтін болса керек. Сол сыбырлап айтылатын естеліктерді қиюын келістіріп, ақынның (тұлғаның) пенде ретіндегі жан-жақты болмысын ашуға жаратсақ қой. Бірақ біз қорқамыз. Ақынның даңқына көлеңке түседі деп. Бәлкім, аруағын сыйлап. Бәлкім, артындағы жоқтаушыларынан… Білмеймін, әйтеуір қорқамыз. Өз ауылдасымыздың «іздеуші-сұраушысы жоқ екен демесін», деп несие көңілмен тойын өткізген боламыз. Ел екенімізді солай білдіреміз.
Мұхтар Әуезов өлгенде Ғабит Мүсіреповтың қалай тебіренгенін білеміз. Бірақ арада біраз жылдар жылжыған соң, Қадыр Мырза-Әлі кенеттен бір әңгіменің шетін шығарды. Бір сапарда Ғабит Мүсірепов: «Мұхаң іші тар, қызғаншақ адам еді», – деген көрінеді.Ақтық сапарға шығарып сап тұрғандағы сөзін есіне салғанда: «Ол кезде басқа не айтуым керек еді?» – депті. Әлгі атақты сөзін Мүсіреповтың басқа айтар ештеңе таппаған соң айта салғанына сенгің келмейді. Көңілің түседі. Осыдан кейін ірілердің өзі айналып өте алмаған осы бір әлсіз мінез үшін қай қазаққа мін тағарсың…
Бір кездері Қонаевты жоқтаусыз, атаусыз қалды деп аһ ұрушы едік. Бүгіндері айтылып жүрген кейбір естеліктерге қарап сол атаусыз қалған күніне зар болғандайсың. Рас, халыққа тегіс жаққан басшы бар ма, өкпелілер қашан да болары сөзсіз. Бірақ дәл біздегідей іске алғысыз қылып тастаған жайт сирек ұшырасса керек. «Күзетшісіз жүретін, дүние-мүлікке қызықпаған әулие кейіпті (қазақтың өз берген бағасы) адамның әлдекімдердің аузымен бір-ақ сәтте аунап түсіп, екі жүзді біреуге айналып шыға келгенін көргенде – қандай да бір тұлғаға қатысты пікіріміздің тұрлаусыздығына налисың.
«Қазақстан басшысын ұлттық кадрлар сапынан бекітеміз деген мәселе көтерілген уақытта Қонаев өз паспортын бір-ақ түнде жойып жіберіп, ұлты қазақ деп көрсетілген жаңасын алған болатын. Оның сол қулығын мен жақсы білетінмін. Бірақ ол деректі ашық айтатын уақыт ол кезде әлі келмеген еді», – дейді біреу. Жау кеткеннен соңғы батырлық-ақ діңкелетіп келеді бізді. «Ашық айтатын уақыт ол кезде әлі келмеген еді», «Онда заман басқа еді» дегенмен егіздес сөздер бүгінгіміз туралы ертең мүлде басқалай сөйлейтінімізге сілтеме болғаны ғой…
Бізде екі-ақ түрлі адам бар: Жақсы адам, жаман адам. Және, екеуінің арасы екі-ақ елі. Жаңа ғана аяғы жерге тимей тұрған ардақтыңды түкірігі жерге түспей тұрған әлдекім ібілістің ағайындарының қатарына өткізіп жібереді. Ал содан бастап гу-гу етісіп, бір жасап қаламыз. «Оказывается Қонаев татар екен!» «Қазақпын деп алдап, елді бәлен жыл басқарған нағыз алаяқ екен!»
«Қазақтың ұлы Ғабиті,
Тас жолға сүйеп иегін,
Күзетіп жатыр Кеңсайда,
Саудагер татар сүйегін», –
деген өлең кеше ғана Қонаевты әулиедей қадір тұтқан қазақтың аузынан шыққанына сенгің келмейді. Қонаевқа қатысты ғана емес, біреуді көтеру үшін екінші біреуді жығып беру – біздің тұлғатанудағы жетістігіміз. Ғабит Мүсірепов төменірекке жатып қалды деп, Қонаевты мансұқтау… Төрде отыру, босағада қалу деген дүниауи өлшемімізді өлілерге де таңыппыз-ау. Анығында, өлілер үшін емес, өзіміз үшін, өзіміздің арзан мүддеміз үшін аттан саламыз. Сосын, «па, шіркін, қалай айтқан, қалай шендестірген!» – дегізбек үшін, елді елең еткізбек үшін.
Біреуді мақтауға бейім ауыздар жамандауға да шебер. Әлгі бір сөз бар еді ғой: «Саған біреуді жамандап келген адам, сені де өзгеге жамандап барады». Зерттеуші дегеніңіз шығармашылығында адал болу үшін бейтарап аймақта тұруға міндетті. Бір тұлғаға деген көзсіз махаббат та, шексіз жеккөрініш те ақиқат пікір айтуға жол бермейді. Мұндай жағдайда алдымен дерек емес, эмоция сөйлейді. Сондықтан да тұлғатануымыз ешкімді таныта алмай жатыр.
Ендігі бір мәселе – адамның өз құнын білу-білмеуіне қатысты. Мәселен, менің атағы дардай, бірақ, болымсыз бір ұсақ-түйек шаруалардың ортасында жүретін ағаларым бар. Керісінше тағы бір санаулы ағалар бар. Үндемейді. Жалынып сөйлете алмайсың. Десе де, бұл мәселе адамның өз құнын білуінің өлшемі бола алмайды. Өзін ешбір жерге жариялай алмаған жазушы да өзін Джек Лондонмен салыстыруы мүмкін. «Әзірге ешкім мені түсініп жатқан жоқ, бірақ күндердің күні бір шығамын жарыққа» дегенді малданып… Бұл жазу үшін ойлап табылатын сылтаулар. Өзінің көп жазатынын іштей де болса білетін жанның ішкі қарсылығын тұншықтыру жолындағы әрекеті. Ал жазбау үшін қандай сылтау айтылады? Бәлкім, ерінетін шығар. Немесе белгілі бір мүдделерге байланысты жазғысы келмейді. Бірақ мұндай себептер бізді қанағаттандыра алмақ емес. Заманнан, қоғамнан безініп, билікке, дарынын бағалай алмаған, қадірін білмеген қазағына әбден көңілі қалғаны соншалық, ешкімнің сөзіне құлақ аспайтын болыпты десе, – бұл басқа әңгіме. Осындай ағалардың бізді өзіне ынтық қылып қоятынының себебі де сонда. Бірақ өз құнын білу – өзін қоғамнан, көлденең өтініштер мен сұраныстардың бәрінен тыс, биік қойып алып, иілмей, «жұмбақ» ғұмыр кешу ғана ма? Мұхтар Мағауин бір әңгімесінде суға батып бара жатқан әлдебір келіншекті құтқарам деп, өзі де суға батып кететін кейіпкерін күнәһар санайтын. Себебі, ол кейіпкері – үлкен болашақ күтіп тұрған, дарынды адам болатын. Құдай қарызға берген дарынды орнымен пайдаланбау, мүмкіндігінің шегінде еңбек етпеу де – сатқындықтың бір түрі. Бұл әрине дарының, құлашың жетер дүниені қайтсең де туғызып кет, сонда ғана қарызға алған жаныңның өтеуін қайтара аласың дегенге саятын үлкен өлшем. Бірақ қарапайым өлшемдерді де естен шығарып алуға болмайды. Өз бағасын білу ғана емес, өзгенің құнын түсірмеу де осы мәселеге кіреді. Кейбір болымсыз естеліктердің ішінде мықты-мықты тұлғалар жүреді. Сіз әлсіз санап жүрген бір ақынның шығармашылығын жоғары бағалапты-мыс. Келешегінен зор үміт күтіпті-міс. Қанатының астына алыпты, т.б. Рас, үлкен дарын иесі екінші бір ірі дарынға атқосшы бола алмайды. Ірілердің төңірегіне өзімен бой таластыратындар емес, әлдеқайда төмен деңгейдегілер жиылады. Олардың көбі – көп жағдайда кейінгі толқын өкілдері, дәмелі інілері. Олардың өзі мәңгі бақи мықтының көлеңкесінде қалып қоюдан қорқады. Өз жолын, бағасын білетін мықтылары ғана. Ал ондай әлеуеті жоқтар, әлгі мықтының атымен күн көруге көшеді. Бұл – заңды құбылыс. Көзі кеткен соң-ақ даңққа бөленген ақынның «Қасында жүріп едім, ол осылай деуші еді, Түгеншені жек көруші еді, Бәленшенің өлеңдерін ұнатпайтын… Ал мені жақсы көретін», – деген сияқты дәйегі жоқ оңды-солды сөзбен төңірегін улап, өзін әдебиетте жүрмін, Мықтының мұрагерімін, шырақшысымын деп ойлайды.
Елге белгілі бір жақсы өмірден өткен күні қайғыдан қан жұтып, күңіреніп қана қоймай, өзгенің де өзіміздей күңіренуін қалап тұрамыз. Керек болса, талап етеміз. Өлгенді жоқтамасын деген сөз емес, бірақ біз жоқтауымызды ешкім қолыңнан қақпайтын әлеуметтік желі арқылы таратамыз ғой. Қысқа күнде қырық мәрте қайғымызды, қайғырып отырғанымызды жалпақ әлемге жариялаумен боламыз. Ең жақын рухани сырласыңнан айрылғаның рас-ақ шығар, бірақ шын қайғырған адамның әлеуметтік желіде несі бар? Абылай хан ұлы өлгенде ешкімнің бетіне қарамай, жан адамға тіс жармай, теріс қарап жатып алушы еді ғой. Қайғысы сейілер шақ жетсе де, бас көтермей қойған ханға Бұқар жырау ашулы толғауын айтып, бетін бері бұрғызбайтын ба еді. Ал біздің ішкі қайғымыз да жария. Аясын, жаны ашысын, қалай қиналғанымды көрсін дейтіндей. Мүмкін, мұңымызды бөліскеніміз… Қалай болғанда да жасандылықтан ада дей алмайсыз. Арада уақыт өтеді, әлгі дос-бауыры дүниеден өткен Ақын туралы үлкен бір нәрсе жазар деп күтесің. Өкініштісі, әлгі қайғылы жанның келбеті Ақын өлімімен бірге көмескілене береді. Ақыры бәрі ұмыт болады. Тіпті, кейде соншалық еңірер-ау деп күтпеген біреулер шашын жұлардай болғанда таң қаласың. Осының бәрінің бір-ақ себебі бар ма деп ойлаймын – жарыс. Жоқтау жарысы. Сосын, негізгісі де осы – өлгеннің бағасын өзгелерден гөрі дәл беру. Яғни мақтау жарыс. Мақтану жарысы. Ақын туралы өзгеден гөрі көп білетініне, өзгеден гөрі жақындау екеніне, өзгеден гөрі тереңдеу түсінетініне – мақтан.
«Тіріде сыйласпаған ағайын,
Құм құйылсын көзіңе,
Өлгенде бекер жылама!» –
деген Махамбет сөзі есіңе еріксіз оралады. Көпе-көрінеу жасанды жоқтау да азаматтың құнын түсіреді. «Жылай білсең – шын жыла, жасыма тек» – қазақтың осынау көлгірлігін білгендіктен де айтылған шығар.
Тіріде сыйласпасақ сыйласпай-ақ қояйық, өлген соң тыныштық берейікші соларға!
Бір аңызда айтылатын: Сырым батыр елсізде жол жүріп, шаршап, қаталап келе жатып, өлдім-талдым дегенде бір үйге кез болыпты. Әлбетте, алдымен сусын сұрайды. Бойжеткен қыз сусын ұсынады. Сіміріп салған соң Сырым: «Апырай, бір аяқ сусын бір адамның құны екен-ау», – депті тостағанды қызға қайыра ұсынып жатып. Сонда бойжеткен: «Қателесесіз. Бір аяқ сусын бір емес, екі адамның құны», – депті. Аңтарылып, себебін сұраған батырға: «Сіз сусын сұрағанда тауып бере алмасам, шөлден сіз өлер едіңіз, ұяттан мен өлер едім», – деген екен дейді.
Адамның құнын немен де болса өлшеуге болады. Тек, қара басымыздың қамы – өткенге топырақ шашпаса екен. Адамның құнын таразыға тартқанда ар-ұятымызды да қоса салып беретінімізді естен шығармасақ…