Анадолыдағы ағайынның сәлемі…
01.09.2017
1816
0

Жуырда Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі мен Avrasya Yazarlar birligi Еуразия Жазушылар одағы қауымдастығының мұрындық болуымен түбі бір түркі тілдес елдерінің жас қаламгерлері бұрнағы Константинополь – қазіргі Ыстамбұлда бас қосты. Осынау бір сапардың басы-қасында жүрген ұйымдастыру­шыларға зор алғысымызды айта отыра, көрген-түйгенімізді хатқа түсіргіміз келді. Жебірей жұрты үшін Иерусалим – әл-Құдыс қаншалықты маңызды болса, селжұқтар үшін кезіндегі алып империя – Османлы патшалығының рухани һәм мәдени орталығы – Ыстамбұл да соншалықты бағалы. Әзірбайжан, Башқұртстан, Татарстан, Гагаузия, Құмық, Чувашия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қарашай-малқар, Хақасия, Косово, Қырым, Ирак, Иран, Кипрдан келген жас қаламгерлерді көріп, олармен жақын танысқан соң бауырмашылдықтың ып-ыстық лебі есіп қоя бергені. Аталмыш қаладағы кісі бір кірсе адасатын алып «Ататүрік» әуежайына түскен бетте-ақ бір ерекше сезім бойды билей жөнелді. Қазақстан атынан барған Ұларбек Нұрғалым, Бауыржан Қарағызұлы, Абдулжан Азнабақиев, Бағашар Тұрсынбайұлы және мен жат елге емес, өзімізбен ниеттес, тілектес ортаға кеп орныққандай күй кешкеніміз рас. Ұшақтары такси ұқсап заулайды екен. Алматының алақандай ғана аэропортынан кейін «Ататүрікке» енгенде өзіңді тайқазанға тасталған тарыдай сезінетінің бар. Қазақ елінен келген Біз үшін бұл да алғашында таңданыс тудырмай қоймады. Әсершілдік орнын әдептілік басты ма қалай, әйтеуір сыртқа ұстамды көрінгіміз келді. Кей сәтте «арық сөйлеп, семіз шығудың» да қамын ойлағанымызды жасырмаймыз. Жалпақ жаһаннан осында ағылатын адамдар алыстан қарасаң құмырсқаның илеуіне ұқсайтындай. Ыстамбұл – мықты шәр-кент, ал Түркия кезіндегі «тізеліні бүктірген, бастыны идірген» Көк Түріктер ұрпағын қанатының астына алып, «Аға» болғысы келетін амбициясы барын аңғарғандай болдық.

Түрік бауырларда «комплекс» жоққа тән. Өте асқақ сөйлейді. Көп­шілік алдында қымсынбай-қымтырылмай еркін сөйлейді екен. Бұны өз жерінде, өз елінде тұрғанын және сол мекеннің иесі екенін терең сезінуден туған психология деп білдік. Ешкімге бас име­ген, ешкімді мойындай қой­ма­ған халық кімнен именсін?! Гректер, парсылар, венециялықтармен, аустриялықтар, поляктар, мажарлар, француздар, сербтар, болгарлар мен орыстармен шайқасқан түріктер ұрпақ алдында ұялмай, өт­кен-кеткенін түк қалдырмай түген­дейтіні қызықтырды. Келіп-ке­тіп жүрген туристерге әбден үй­ренген жергілікті жұртты дәл қа­зір бір нәрсемен таң қалдыру қиын­дау. Задында, оның сырын со­нау бай тарихи бастаудан іздеген жөн. Кезіндегі діни, қаржылық, ғы­лыми, әдеби-мәдени байла­ныс­тардың қайнаған ордасына ай­нал­ған Түркия бүгіндері ешкімнен сес­кенбейді. Қайта, өзіне тым се­німді. Және бір ұнағаны – сол се­німділігі «бөрі арықтығын біл­дір­­мес, сыртына жүнін қампайтар» де­гендей жасанды емес…
«Барлық жол Римге бастайды», «Парижді көрген адамда арман жоқ» немесе «Сөйлей-сөйлей Киев­ке дейін жетерсің» деген тәм­сіл­дер­дің арасынан Ыстамбұлға қатысты да қанатты сөздер іздей бастап ек, Доспамбет бабамның: «Азаулының Ыстам­бұлдан несі кемін?!» – жады­ма алып ем, бірден серги түстім. Алай­да, қарбалас тіршілік пен маң­ғаздық ғажап үйлескен қалаға кір­ген бетте-ақ іште жиналған сан сауалға санаң жауап іздеп әуре-сар­саңға түспейді. Өйткені, көз ал­дыңда көбелекше көлбеңдеген көп көріністен көңілің жайлана түседі. Әр тасы – тарих, әр қамал-қорғаны – ескерткіш. Содан-ақ, түрік kardeşler – бауырлар Әлемнен өз ен­шісін алғанын байқау қиын емес. Ертұғрыл, Алып-Арслан, Мә­лік шах I, Сұлтан Осман Ғази, Мұ­рат Сұлтан I, Мехмет I, Баязит II, Селім Хан II, Ахмет Хан I, Ибрахим Хан, Сұлтан Сүлеймен секілді пат­шалар басқаны айтпағанда ар­ты­на еркіндікті мұра етіп қал­дыр­ды…
Еуразия Жазушылар одағы қауым­дастығының төрағасы Якуб бей Өміроғлыны Алматыда бір-екі рет көргендіктен бе, бірден жа­қын тұттым. Қонақтардың бәрі жай­ғасып, амандық-саулық сұра­сып, шаршағанын басқан соң делегаттар ашық аспан астында ас ішіп, мәні зор, мазмұнға бай бас­қосудың шымылдығын ашысты. Ұйымдас­тырушылар шараны ресми форматтан гөрі экскурс, демалыс тү­рінде өткізгенді құп көргені көптің көңілінен шықты. Қас қа­райған соң әр елден келген қо­нақ­тар құттықтау сөз сөйлеп, жиын­ның мән-маңызын арттыра түсті. Түрік қаламгерлері Ә.Акбаш, Хү­сейн Озбай, Кәміл Акарсу, әзір­байжан әдебиетінің ірі өкілі Анар, Кипр романисі И.Бозкурт, косоволық әдебиетші Т.Гө­шлөтүріктер жас қаламгерлерге сәттілік тілеп, батасын берді. Екі-үш күн бойы жас ақын-жазушылар ро­ман, әңгіме және поэзия секция­ларына бө­лі­ніп, шеберлік са­бақ­тарына қа­тысып, ортаға ой тастады. Үш ақын поэзияны, ал Бағашар екеуміз романды таңдадық. Бүгін­дері роман түсінігінің өзгере бастауы, романға қойылар талап-ті­лек, романның жазылуы, ро­ман­дағы образдар жүйесі, қазіргі әлемдік ро­­манның жаңа үлгісі сияқты ұс­тын­ды та­қырыптар тал­қы­лан­ғанда мұқият тыңдап, қажетке жаратам-ау деген тұстарын түртіп отырдық. Кейін қалаға келіп, қара сөмкені ақта­рыстырып жатып әлгі жазбаларды қайта оқығанда, құнды дү­ние­лер жазылған дәптерді жоғал­тып алмау мақсатында қол созым жерге қойдым. Анкарадан арнайы келген профессор М.Курт мырза ро­ман және постмодернизм тақы­ры­бында сөйледі. Романшыда «эпи­калық тыныс» болуымен қа­тар, өмір заңдылықтарын танып, біліп, зерттеуге міндетті. Ғалым осы жөнінде де айтып өтті. Ал Әли Ак­баш пен Исмаил Бозкурт жастармен сұхбат құрып, әрқай­сы­сымен танысып шықты. Бір бай­қағаным, қазақ әдебиетінде бар кі­таптың оқылмауы, оқырманның азаюы, жастардың жаңашылдыққа бет бұруы, ескі мен жаңаның «шай­қасы», ірі шығарманың тумай жатуы, кесек образдардың шықпауы, әдеби потенциалдың әлсіреуі секілді мәселелер Анадолы жеріне жи­налған барлық ұлтта бар боп шық­ты. «Дөңгелек үстел» үшінші кү­ні бізше тәмамдалды, оларша та­там болды. Одан кейін Ыстам­бұлды арлы-берлі андыздап, Босфор бұғазын да көрдік. Түнде, тағы. Су деген «тілсіз жау» ғой, қорқады екен­сің. Жұтылып кетем бе деп қор­­қасың. Себебі, кеме тұмсығына шықсаң ағысқа қарсы жүзіп келе жатқанын көресіз де тұла-бойыңыз қалтырап кетеді. Бірақ кеменің екінші қабатына көтерілген соң әлгі қорқыныштан белгі де қал­майды. Себебі, ән айтылып, би би­леніп, өлең оқылған соң-ақ әде­би атмосфераға еніп кетесің. Қа­ланың қақ ортасында – «Kiz-Kulesi» деген жер бар екен. Аңызды естігенде жаныңда елес жүргендей әсерде болады екенсің. Әлгі аңыз­дың сюжеті Қорқыттікіне келің­кірейді. Бірақ ажалдан қашып құтылу – утопия емес пе?! Сұлтан Ах­мет, Аясофия, Топқапы жеңіс пен ерліктің ескерткішіндей дү­ние­лер екен. Көз түскен әрбір ғима­рат, табаның тиген әрбір тө­бешік, көңіл атты көкдөнен сүрін­бей барып жеткен әрбір биік өзінше бір тарих, өзінше бір естелік. Ор­тағасырлық рухы, порым-пошымы – мұсылман, бірақ түп-тегі – еуро­палық құрылыс нысандарын көр­дік те ойға қалдық. Қазақстанда да небір әдемі орындар бар ғой. Ин­-
ф­рақұрылым, сервис пен мі­не­зі­міздегі кей керек емес тұстарын өз­гертуге талпыныс жасап көрсек жан-жақтан туристер ағылатыны даусыз. Жиырма миллионнан аса тұр­ғыны бар қала бір қарағанда тір­шілігі баяу, адамдары бейқам көрінуі бек мүмкін. Бірақ кептеліс­ке кеп тірелгенде шаһар Әлемнің бір маңызды нүктесі екеніне көзіңіз жетеді. «Ұйыққа» түссең болды екен, шығу қиындай түсетінге ұқ­сайды. Басқаға қалай, бірақ маған Түркия, оның ішінде Біз сапарлап барған қала туы көп секілді әсер қал­дырды. Әр төбеде – бір-бір қып-қызыл ту. Әлгі тулар қай елде жүр­геніңді есіңе салумен болады. Бұны да идеологияның бір бөлшегі деп ұқтық. Әрбір қақтығыс орын алатын жерде «мылтықсыз майдан» – ақпараттық соғыстың да қа­тар жүретін әдеті. Онда жеңілсең еліңді сыртқа жағымсыз түрде көр­сетеді, ал ұтсаң ар-ожданыңды сақ­­тап қаласың. Түркияға барар ал­­дында өтірік-шыны аралас алып-қашпа әңгімелерден іштей сес­­кенгеніміз рас. Бірақ түрік то­пырағына табан тіреген сәтте-ақ б­әрімізді мазалаған көп сұрақ ар­ты­мыздан ілеспеді, сол жерде қал­ды…
Ыстамбұл үлкен кент емес пе, түс кезінде сапырылысқан халық­тың арасына сіңіп кетесің. Қалада да мінез бар. Ол – көңілді, жылы қала! Көңілді дейтініміз, кафе, рес­торан, қонақүй, бистро мен ме­шіт көп. Әр аулада бір-бір бассейн, жаттығатын орын бар. Кеңдеуді кере дем алсаң ауасынан теңіздің иісі сезіледі. Түріктер жарға, тауға үй салуға қорықпайды екен. Бұл да құрылыс саласының мықтылығын дәлелдесе керек. Қалаға алғаш кел­ген күні боқырау бұлттар аспанға аяғымен ілінгендей күнұзаққа тарқамай қойды. Екінші күні дегенде барып көз жасын төгіп-төгіп алып барып бірақ жеңілдеді. Содан барып қаланың құрыс-тұрысы жазылып, Бізге жылы қабақ білдіре бастады. Содан ба, Біз де өз үйімізде жүргендей шешіле сөйлеп, еркін жүріп-тұрдық, әйтеуір. Қаланы ара­лағанда Р.Т.Ердоғанның суреті бар плакаттарды әр-әр жерден кө­ресіз. Ердоған деген фамилия ата­лынса болды екен Фетхуллаһ Гүленнің де қатарласа кететін әдеті. Бірақ жалпы жұрт әр дүние­ден саяси астар іздегісі жоқ. Әркім­нің өз тіршілігі, әркімнің өз көз­қарасы бар. Жазушы, драматург Назым Хикмет коммунист болғаны үшін, ал Нобель сыйлығының ие­гері Орхан Памук түріктердің ар­мяндарға қарсы жасалған геноциды үшін өкпелі екені байқалады. Біледі, мойындайды, бірақ көп ай­та бермейтін сияқты. Ұшақ көте­рілгендегі сонау биіктен тауың жер­ге шалыған тасқа, ал бұлтың лез­­де-ақ мақтаға айналып шыға ке­леді. Шыны керек, самолет Қара теңiз үстiнен өтіп бара жатқанда өмір туралы қатты толғанғаның­мен, сыртқа сыр білдірмейсің. Иллюминатордан асқан шеберлікпен ті­гілген аппақ көрпе ғана көрінеді. Зер салсаң, әлгі бұлттар жан-жа­нуар­­­ға, кісі сұлбасына келің­кі­рей­тінін байқап, Құдайдың құді­ретіне таң-тамаша қаласыз. Түр­кияда кө­лік­тің, тасымал құра­лының барлық түрі бар екен. Әсіресе, қалаға жа­қын­дай түскенде артына ақкөбік қалдырып бара жатқан кемелерді көргенде, Алматыдан алыста еке­ніңді түсінесің. Мазасыз тiршiлiк фонындағы теңізге қараған адам­ның бірден шаршағаны басылады екен. Жалпы алғанда, түріктер ау­қатты тұрады. Оның жанында біз­дің тіршілігіміз қазақ теңгесін тү­рік лирасына ауыстырғандай ма­­ғынасыздау көріне ме, қалай?! Ба­сында бәрін қазақтың қаратақыс қисынына саласың. Аз-маз уақыт­тан соң, сенде мына Жер-жүзінің бір маңызды бөлшегіне айналсам деген дәу дәме пайда болатынын өзің де байқамай қаласың. Алматы мен Ыстамбұлды салыстырғың келеді, кейін райыңнан қайтасың. Түріктердің тағы бір ұнаған жері – рахметті көп айтатындығы. Рах­метті айтқанда аяқ-қолы, беті, көзі, қас-кірпігі, мұрны мен мұр­ты­на дейін қимылдайды. Соған қарап Сөз жүректен шыққан-ау ша­масы деген болжамың да алысқа шаппай болдыратыны бар. Қайтар күні адам айтып түсіндіре алмайтын бір қуаныш сезімі бойды биледі. Елді, жерді сағыну деген осы болса керек. Түркияға бой үй­реткендер: «Қалғымыз-ақ кеп тұр, бірақ қайту керек», – дегенді көңіл­сіздеу айтты, білем. Даланы да, қа­ланы да баяу ғана тербетiп тұрған түрiк әуенiнде бір сыңсыған сиқыр бар. Не мұң емес, не сағыныш емес, әйтеуір бір әуелеген әуен. Әлгі әуен біразға дейін құлағымнан кетпеді. Траптан түскен соң ана бір әсерден ақырындап арыла бастағандай болдым. Алайда, бұл да ұмытылмас сапар болды!..

Әлібек БАЙБОЛ.

Алматы – Ыстамбұл – Алматы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір