Ақырып атақ сұрамай
18.08.2015
1417
0

6Қуалай берсең ой бітпейді. Құдды бір аспандағы Ай сияқты қанша ұмтылсаң да арақашықтығың өзгермейтін. Кейде өзіме-өзім тұтас бір драма театрын жұтып қойған жалмауыз көрінем… Неге дейсіз ғой? Бетін тілсең қан шықпайтын цинизміңіз де, миықтан күліп, мұрынын шүйірген нигилизміңіз де, жәудіркөз гуманизміңіз де бәрі… бәрі мына менің кеудемде жатыр екен о, тоба! Тұтас бір мінездердің галереясына кіріп алып, темпераменттердің тартысын тамашалаймын да жүрем. Бір қызығы қозғап жіберсең, шоқтай қозданып кез келген идеяға жан бітеді де, ол әуелі өршіп, өзіңмен-өзің қызылкеңірдек болады екенсің. Шошып қалмаңыздар, оллаһи жынды емеспін. Жынды емеспін деп айта салу да жеңіл. Альберт Эйнштейн ғұмыр бойы «мен жындымын да – ел сау ма, әлде, мен саумын да – ел жынды ма?!» деген сұраққа бас қатырып өткен көрінеді.

Жынды адамның «жындымын» дей қоймайтынын Төлен ағамыздың хикаятынан да білеміз бәріміз. Сонымен қойшы, Мұқағали күнделігінде: «Маған өлең деген ермек бергеніңе шүкір Құдай» дейтіні бар еді ғой, сол сияқты біз де жаман-жақсы ойларымызды ермек қылып, соған тәуба етіп жүрген жайымыз бар. Сіздердің назарларыңызға қысыла-қымсына сондай бір жазбаларды ұсынбақпын. Бірден айтайын, ақыл айту ойымда жоқ. Ондай өре қайдан болсын?! Және де былдырлаған бөпесінен – міңгірлеген көкесіне дейін өзім білем деп өзеуреп тұрған заманда біреуге жөн үйретіп, жон етімнен таспа тілдіргім келмейді. Сонымен «Әдебиеттегі жастар туралы»! Пах! Әр жерде талқыланып –ақ жүрген тақырып, дегенмен ортақол оқырман деңгейінде болса да жалпылама шолу жасап көрейік.
Жас қаламгерлер, хал қалай?!
Осы бір «жас» деген қосымшаның өзі адамды едәуір жауапкершіліктен босатып, жүгін жеңілдетіп жіберетін сияқты болып тұрады маған. «Әдебиет – сезім суаты мен ақыл қуаты» (Мұзафар Әлімбай). Ендеше сезім мен ақыл жас пен кәріге бөлінуші ме еді? Жалпы, жас категориясы – адам санасы тудырған көп шеңбердің бірі. Ақыл –кемелденеді, сезім – көзін ашады. Бәрін қойғанда ел жас деп жүрген менің құрдастарымның аналары тәуелсіздікпен қалжалас емес пе? Яғни олардың алды жалаң қылыш жиырма бесте! Ескендір жарты әлемді жаулап алған жиырма бес десек ше? Осы бір күш-қуат шалқып-тасып жатқан кезеңге «жас» деп мөр басып, өрісін тарылтқанда не шықпақ? Не шығушы еді, тау төңкерер алапат энергия «өнімсіз іске шеп-шебер» етіп жібереріне дауым жоқ. Оларға кезек жиі тисе екен. Көре келе көсем ғой… Махатма Ганди «қателесуге мүмкіндік бермейтін еркіндіктің түкке қажеті жоқ» деген екен. Жастық шақ албырт максимализмнің, адасудың уақыты ғой. Енді әрине, жатқан адаспайды, жүрмеген – құламайды. Сондықтан «жас» деген жапсырманы қойып, жауапкершіліктің үлкенін артқан дұрыс болатын шығар?!
«Адам не оқыса – соның өзі», «адам неге қараса – рухы соған тең» деген сияқты көптеген тұжырымдарға жиі-жиі кездесіп тұратынымыз анық. Адам баласын өзге мақұлықтардан ерекшелеп тұрған да осы сезім мүшелерінен, түйсіктен алған ақпаратты қорыта алатын санасы екені жұмбақ емес. Демек, адамдағы «негізгі адамды» құрайтын «ингредиенттер» оқылған кітап, тыңдалған ән мен күй, қоршаған орта, т.б. болса керек. Нені оқу керек дегенде біздің халіміз: бір мая шөптен ине мен түйме іздеген адам әліптес. Ғалымдардың айтуынша қазіргі бір күнде таралып жатқан ақпарат – ХІХ ғасырға дейін таралған бүкіл ақпаратқа жетеқабыл. Ал керек болса! Жақсы-жаманы, қан-жыны аралас қаншама ақпарат алдымыздан көлденең шыққанда кейінгісін оқып, алдыңғысын ұмытып, қақалып-шашалып жүресің де қоясың. Дегенмен, көркем әдебиеттің аз да болса оқырманы қашан да болған, бола да беретін шығар деп үміттенеміз. Қазір не оқу керек дегенде моншақтай тізіп шетел жазушыларын айтып жатамыз. Оның ішінде Жапон, Франция, Ағылшын, Орыс, Испан, Италиян, Латын Америкасының, Немістің, т.б қаламгерлерін айтқанда аузымыз көпіріп, «сен білмейсіңге» салып, қоқиланып қалатынымыз бар. Әрине, шетел жазушыларына дауым жоқ! Жеті жұрттың ділін білгенге не жетсін?! Дегенмен… Бізге тарих қойнауында сан сұрапылдар жауып кеткен ата әдебиетімізді іздеп, «археологиялық» жұмыстар жүргізген артық емес-ті. Қарасаң көзің тоятын «Бабалар сөзінің» 100 томы шықты емес пе кітап болып? Соны бір аударып-қопарып көрсек ата-бабамыздың қалдырған бір ауыз сөзі жоқ па екен? Поэзия тілінің «көңіл, сезім, жүрек, өмір, тағдыр» деген сияқты сөздердің аясында қалуына мүмкін фольклорды жете білмеуіміз айыпты шығар? Топырағымызға тамыр жаймасақ кімбіз? Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янь өз лекциясында ауылдағы әңгімешілдер арасында көп болғанын, төл әдебиеттің уызын қанып емгендіктен шығармаларын халықтық сипатта жазғанын айтады. Бізге неге сөйтпеске – батыс қайтеді? Шығыс қайтеді дегенше? «Кітапты өртеуден де жаман қиянат – оны оқымау» дегенді естігенім бар еді. Шынын айтсақ, сол обал біздің мойында жүр қазір… Әмірхан Балқыбек айтқандай: Мұқағалидан басқа ақынды танымайтын, оның өзінің дақпыртын ғана естіген «тағдырлы», келешектен баға күткен мықтыларымыз бар ғой әлі. Бар емес… оның болатын себебі – бізде уақыт жоқ! Рас, рас… Әлеуметтік желілерде жылтыңдайтынымыз бар, мүшайраға барып ағаларға қылтыңдайтынымыз бар, қойшы әйтеуір, жұмыс көп. Кітапқа қол тимейді.
Иосиф Бродский бір сұхбатында ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы орыс поэзиясындағы «инфляция» турасында айтқаны бар. Таланттысы бар басқасы бар, елдің бәрі өлең жаза берген кез, жаза берген кез…Қазір сол жағдай жылыс­тап бізге жеткен-ау шамасы. Интернет деген бәлені қоса қалсаң «су жаңа ақынға» тап боласың. Өлеңі… Өлеңін енді онша ұқпайсың… Бәлкім заумь болар? Ондай да стиль бар ғой? Бір сөзбен айтқанда кері бәремет! Таңқалмаңыз!
Дақпырты дүниені сілкінтіп тұрған Пауло Коэльо деген жазушы бар. Айтпақшы оны да жерден алып жерге салып жатыр ғой, мейлі. Енді өзі өте іске алғысыз жазушы емес, қайта бізде тоқсаныншы жылдардағы Венесуэла телехикаяларының сценариіне ұқсаған кітап жазған жазармандар бар… Не айтып отыр едік? Е… сол Коэльо «Заһир» дейтін кітабында «Лифт жіберу» деген жазушылардың арасындағы қулық туралы айтады. Баяғы, бір ақын немесе жазушы екінші бір ақын не жазушыны жер-көкке сыйғызбай мақтайды, ол «көтеріліп» алған соң, әлгі одашысын мақтап-мақтап қатарына қосады. Міне, түк қиындығы жоқ, құдыққа қауға салғандай қаңғырлатып көтеріп аласың. Ал ұнамай қалса? Онда жата берсін құдықта, құлағында құрбақа ойнайды. Ондай амал бізге таңсық емес… ол үшін бізде орта деген ұғым бар. Әсілі, орта деген шыңдалуға керек деуші еді, жооооқ ол мақтануға, мақтауға керек бүгін. Әрине, өз қатарымды айтам… Шіркін, қазақы бір көңілжықпастық бар бізде. Меніңше досым жаман өлең жаза алмайды, «дұшпаным» жақсы өлең жазуға шамасы жетпейді. Ал керек болса!
Өлеңшілердің көптігі аса жанымызға батпайды. «Әйтеуір жақсылыққа қылған ниеттің арамдығы жоқ та» дейміз Абай атам айтқандай. Бірақ әдебиет пысықтардың ойыншығы болып кетсе қалай болмақ? Бейшара таланттардың аузынан жырып жүлдесін алса, құрметін алса… «Батырға да жан керек, ақынға да нан керек!» Оны да қойшы жүлде, атақ та алданыш қой. Баяғы Кеңес тұсында қазақтың лауазымын шопан, бақташы деңгейіне қойып, жылына бір арқадан қағып темір-терсек медальдар мен ордендер табыстайтын заманда, бір қойшы тау ішінде қой бағып жүрсе де кеудесіне жарқыратып медальдарын тағып алады екен, ата мұныңыз не десе: «газеттен кісі кеп қалар» дейтін көрінеді. Сол сияқты өз-өзіңді алдамасаң марапат та әдебиетке анықтауыш емес. Бір жағынан әдебиетке бірдеңе бермей жатып, ақырып атақ сұрау – арсыздық. Несіпбек ағамыз бір сөзінде отыз жасына дейін алты поэма жазғанын айтып еді. Міне, еңбек! Қазір поэма жазылып жүр ме осы? Сол алысқа шабар арғымақ жанр бірен-саран болмаса мүлде көрінбей кетті десе болады. Сонда бүгінгінің ақындары «пыш» етіп, басыла қоятын бір қап желге ұқсас, алғашқы қарқынмен ғана қарғалақтап барып тоқтайды деген сөз бе, әлде ағалары сияқты ізденбей ме? Ақындық қуаттың кемдігі ме, жоқ талант ұшан-теңіз, тек, кежегесі кейін тарта ма? Әдебиеттің бейнеті – әрі қатты, әрі тәтті.
Әлде тақырыптан таршылық көріп жүрміз бе? Оқымағаннан соң ол міндетті түрде ұшырайтын ауру. Өлеңіміздің сықпыты: «Мен ішіп жүрмін…», «Тағдырым қатыгез…» деп келетін өлез өлеңдер, одан қалса: «Атқа мініп шауып едік», «қырып едік» дейтін ұраншыл жалған тақпақтар. Бетімізге басса – жек көреміз, кектенеміз, әйтеуір ұялмаймыз, болды! Сын естуден суқанымыз қалмай қашатынымыз қалай? Ньютон тартылыс заңын ашқанға дейін де ол заң жұмыс істеп тұрды емес пе?! Бар нәрсені айтқаны үшін сынаушы кінәлі емес болса керек. Ұяла білсек қой, шіркін… Вознесенскийдің:
«Нақ соқырішек сияқты
Сылыдық біз ұятты…» деп келіп:
«Өлең мәні – ұяттың
Өзі болу сияқты» – деп аяқталатын өлеңі бар болатын.

***

…Осы іспеттес ойлар санама тым үйірсек. Артық-кемі болса айып етпессіздер. Құрдастарыма айтарым: ертең-ақ алдымыздағы ағаларымыз арындай қастерлеген әдебиетті бізге аманаттайтын күн жетер, сол кезде басуға балтыр, көтеруге бел жараса жақсы еді… Ең бастысы көшеміз қисық болса да – жүрісіміз түзу болса екен деймін!

Бауыржан ИГІЛІК.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір