Орбұлақта оянған рух
Ұлттық музей жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жобасы аясында қасиетті саналатын 100 нысанның тізімі алты түрлі ұстаным бойынша түзілгені белгілі. Сол алты ұстанымның бірі – тарихи және саяси оқиғалармен байланысты қасиетті жерлер қатарында Орбұлақ шайқасының орны да осы тізімге енген. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Туған жер» бағдарламасы аясында Алматы облысы, Панфилов ауданы аумағындағы Ордың бұлағына сапарлап бара жатқан біздер бұл сүйінші хабарды жолай естідік. Біздер дегеніміз – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Бексұлтан Нұржеке-ұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Кәдірбек Сегізбаев және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, қаламгер Қуанышбай Құрманғали, меценат, ҚР Құрметті судьясы, «Құрмет» орденінің иегері Бекет Тұрғараұлы. Бағытымыз – Жаркент тарабы. Мақсатымыз – бабалар рухына тағзым етіп, Салқам Жәңгір сұлтанның басына қойылған белгінің ресми ашылу іс-шарасына қатысу.
Орбұлақ шайқасы жайлы мәліметті алғаш айтқан – тарихшы И.Э.Фишер дейді білетіндер. Осы шайқас жайында орыс тарихшылары А.И.Левшин, И.Я.Златкин, А.П.Чулошников, қазақ ғалымдары М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, С.Асфендияров, С.Сейфуллиндер де қалам тербеген. Орбұлақ шайқасы жайлы тарихи-танымдық деректерді санамызға сіңісті болсын деп түсіндіріп жүрген Б.Нұржеке-ұлы Орбұлақ шайқасының қазіргі Панфилов ауданының Белжайлау алабында өткені жөнінде дәлелін сонау 1990 жылдары ұсынады. ҚР Үкіметі 1993 жылы арнайы қаулы қабылдап, Белжайлауда Орбұлақ шайқасының 350 жылдық тойы республикалық деңгейде атап өтілгенінен көзіқарақты оқырман хабардар. Сол жылы ұрыс болған жердің атауы – Орбұлақ, ал оқиға – Орбұлақ шайқасы деп аталып, гранит тастан белгі қойылады.
Ұлттық патриотизм сезімін күшейтуге тигізер ықпалы мол, танымдық, мәні зор іс-шарада қазақтың маңдайалды жазушысы Әбіш Кекілбайұлы баяндама жасап, ол баяндама талайлардың рухын оятқаны жайлы әңгімені Жаркентке жеткенше үш жазушы тамсана айтып берді. Тамаша баяндамасының тарихқа жүгінген өзектерін Ә.Кекілбайұлы өзіне тән саясаткерлік, көсемсөздік шеберлігімен, ұштастырып, елді, жерді қорғаудың қасиетіне тоқталыпты…
Жазушы Бексұлтан Нұржеке-ұлының айтуынша, Жоңғарияға арнайы жіберілген Ресей елшілері жорыққа кеткен қонтайшыны тосып, Батыр қонтайшының ордасында жатқан. Орыс елшілері естеліктерінде Жоңғар қолбасшысының он жарым мыңдай әскерін қазақтармен шайқаста жоғалтып, шаршап-шалдығып, суық түсе келгенін жазады. «1635 жылы Есім ханның ұлы Жәңгір сұлтан қалмақтардың қолына түсіп қалады. Шәкәрімнің жазғандары бойынша, жоңғардың «қалмақ» деген атау «қалып қалған» деген сөзден шыққан. Қалмақтар қазіргі кездегі Үржар, Мақаншы, Қорғас, Сүмбе, Нарынқол елді мекендері тұрған жерлерде қоныстанып отырған. Ханзаданың қалмаққа тұтқын болып түсуі сүйекке таңба болды.Мұны естіген қазақ батырлары қалай шыдап отырсын, бірігіп оны құтқару амалдарын қарастырады. Осы маңда тұратын Ұзын мұрт Ұзақ батыр Бұрайке деген қырғыздың қызына үйленген екен. Сол арқылы қазақ барлаушылары қырғызға хабарласады. Сөйтіп, Саты деген жерде тұтқында жатқан Жәңгірді түн қараңғылығын жамылып алып шығады. Онымен бірге қонтайшының әйелін де өңгеріп әкетеді. Кейіннен қонтайшы әйелін Сарқан жерінде қайтарып алған. Содан Батыр қонтайшы қырғыздарды шабады. Ол жақтан он мың қырғызды тұтқынға алып қайтып келе жатқанда Орбұлақта бекініп жатқан Жәңгірдің 600 жауынгерден тұратын қолына тап болған. Жоңғарлардан қауіптенген Бұхара ханы Самарқан әміршісі Жалаңтөс баһадүр бастаған әскерді алдын ала торуылға жіберген. Эрдени Батур Шу аңғарынан кері қайтып, қырғыздарға шабуыл жасайды. Сол кезеңде сусыз шөл даламен 50000 әскердің атын жем-шөппен қамтамасыз ету мүмкін болмайтындықтан, қонтайшы Ыстықкөл, Кеген ойысы, Шарын, Бурақожыр өзендері, сол кездегі керуен жолы өтетін Үйгентас асуы, Кескентерек өзенін бойлап Тарбағатайға оралмақ болады. Оның бұл жоспарын алдын-ала білген Жалаңтөс баһадүрдің қолы із тастап, еріп жүріп өзінің досы Есімханның ұлы Жәңгірге көмекке келген», – дейді Бексұлтан Нұржеке-ұлы бізге Орбұлақтың тарихын тәптіштеп.
«Осы қырғын шайқастан кейін дәл он жыл өткенде, екінші қайтара ұрыс болып, қалмақ қолының ақсүйегі, бойынан қайраты қайтпаған жас батыр, қартайыңқырап қалған Салқам Жәңгірді жекпе-жекке шақырып, сол ұрыста Жәңгір сұлтан шейіт болған, – дейді жазушы.
Белжайлау қазір де қойны-қолатын малға толтырып отырған берекелі жер. Арлы-берлі өткен малдың тұяғына тапталмасын деп, айналасын қоршап, белгі орнату бұрыннан көкейде жүргенімен, қаржы мәселесі мұндайда қолбайлау болатыны белгілі. Бекет Тұрғараұлы айналасы атшаптырым болатын үлкен қорымды қоршап, белгі қою жұмысын толығымен өз мойнына алып, осы сапарда «Туған жерге туың тік» деген баба жолымен аруақты жерге, баба рухына тағзым жасады. Осы белгілердің ресми ашылу шарасы ұйымдастырылып, шараға Шымкенттен, Алматыдан, Талдықорғаннан көптеген құрметті қонақтар келіп қатысты. Алдымен бабалар рухына бағышталып құран оқылды. Салқам Жәңгір сұлтанның белгісі басында сөз сөйлеген жазушы Бексұлтан Нұржеке-ұлы алыстан ат арытып келген қонақтарға Орбұлақ шайқасы мен оған қатысқан батырлар жайлы тарихи деректерді баяндады. Шымкенттен келген меценат, «Ұрпақтар жаңғырығы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қорының төрағасы Бекет Тұрғараұлы қалың қауымға Орбұлақ шайқасының 375 жылдық тойы қарсаңында атқарылып жатқан іс-шаралар жайлы мәлімдеді. Орбұлақ шайқасына қатысқан Жақсығұл батыр ұрпағы Дидарбек Есенәлиев Қазақ халқының теңдігі жолында ерекше жанкештілік көрсеткен ата-бабаларымыздың ерлігін ұрпаққа ұлағат етіп, белгі қойған жандарға алғысын айтты.Қонақтар сондай-ақ қорымнан 20 шақырымдай аумақта алыс жатқан Ордың бұлағына барды.
Көзіқарақты оқырманға Бекет Тұрғараұлының есімі таныс болуы тиіс. Осыған дейін де ел мен жерге қатысты іс-шаралардың бел ортасында жүретін меценат соңғы екі-үш жылдың көлемінде де бірнеше қайырымдылық шараларының басы-қасында. «Әрбiр азамат мүмкiндiгi болса ауылына көмектескiсi келедi. Облысқа Бердiбек Сапарбаев әкiм болып тұрған тұста «Туған жерге тағзым» деген акция өттi. Сол кезде ауылға мектеп салып, төрт жылдық мектептi 9 жылдыққа айналдырдық. Биыл екi қабатты мектеп салуға көмектестiк, жақында ашылады. Оның кiтапханасын кiтапқа толтырып, компьютер сыныбын аштық. 2015 жылы «Бабалар рухына тағзым» кешенiн салдық. Мұны Ұлы Жеңiстiң 70 жылдығы және Қазақ хандығының 550 жылдығына арнадық. Бiздiң ауылда 384 адам соғысқа кетiп, қайтпай қалыпты. Биiктiгi 21 метрлiк монумент тұрғыздық. Әлгi 384 адамның атын жазғанбыз алғашқыда, кейiннен соғыстан қайтып келгендердiң де атын жаздырдық. Оңтүстік Қазақстан облысының қазiргi әкiмi Жансейiт Түймебаев «Шатқал» бағдарламасын қолға алды ғой, соған үн қатып, жотаға 1100 түп ағаш көшеттерiн отырғызып, жастар саябағын салуды бастап кеттiк», – деген еді Бекен Тұрғараұлы жолай әңгімелескенімізде.
Ал Орбұлақ шайқасы өткен Жаркент өңіріндегі Белжайлауда атқарылмақ іс-шара легі енді басталғандай. Атап айтсақ, Орбұлақ маңындағы биік төбе басына Орбұлақ шайқасының батырларына арналған «Қазақ елінің тәуелсіздігі мен еркіндігі үшін жоңғар басқыншыларымен шайқаста жеңіске жеткен айбынды Қазақ сарбаздарына ұрпақтары атынан ескерткіш» деп жазылған еңселі тас тақта орнатылыпты.
«Жазба деректер мен даланың ауызша тарихының деректеріне сәйкес жоңғар шапқыншыларына қарсы күреске шапырашты Қарасай, арғын Керней, найман Көксерек, төртқара Жиембет, қаңлы Сарбұқа, суан Елтінді батырлар қатысып, қырғыз Тиес бимен көмек туралы келісті», – дейді жазушы Бексұлтан Нұржеке-ұлы.
«Ендiгi жылы «Орбұлақ» шайқасына 375 жыл толады. Кезiнде 350 жылдыққа сол шайқаста ерлігімен көзге түскен сегіз батырдың атын мәңгiлiк есте қалдыру туралы Үкiметтiң қаулысы шыққан екен. Сол қаулыны іздетіп таптырып, сегіз батырдың атын анықтадық. Сөйтсек, бүгінгі күнге дейін ол сегіз батырдың екеуiне ғана ескерткiш қойылған екен. Қалған алты батырға да лайықты құрмет көрсету перзенттік парызымыз деп біліп, сол соғыста қолбасшылық жасаған Салқам Жәңгiр мен Жалаңтөс батырға ескерткiш қойып, қалғандарының есiмiн тақтаға жазып қалдырғымыз келеді. Оңтүстік Қазақстан аймағындағы Қазығұрт ауданында, күре жолдың бойында Орбұлақ шайқасының батырларына арналған үлкен тарихи кесене жасалуда. Оның негізгі бөлігінде Орбұлақ шайқасының бас батырлары, қолбасшылар Салқам Жәңгір сұлтан мен Жалаңтөс баһадүрге еңселі ескерткіш орнатылмақ», – дейді меценат Бекет Тұрғараұлы. Бұл енді, алдағы жылы, Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында қойылмақ ескерткіштің жай-жапсары…
Ал біз баба рухына тағзым жасап, Қызылқиядан төмен түсіп келе жатқанда, Көктен жаңбыр себелеп қоя берді. Музыка үніндей біркелкі дыбыспен жерге асыға жеткен жаңбыр тамшыларына қарап, Орбұлақтағы баба рухы бір сілкініп, оянды ғой деген ойға келдік…
Қ.Серікқызы.